04 Ақпан, 2011

Қазақстанда құрастырылған көліктер қаншалықты өтімді?

400 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Қазақстандық автокөлік бизнесі Ассоциациясы (ҚАБА) таяуда өткен жылдың қорытындысын жа­са­ды. Еліміздегі ресми автодилерлер 2010 жылы 22 409 көлік өткіз­ген. Яғни, сатылым 2009 жылмен салыстыр­ғанда 14,5 пайыз­ға артық. Қалай десек те, бұл еліміздегі автокөлік делдалдары­ның 2010 жылға жасаған жоспарынан әл­деқайда жоғары. – Қазақстандық автокөлік нарығы соңғы жылдары тұрақты өсіп келеді. Бұл нарықтың дағ­да­рыстан шыққанын көрсетеді. Са­тыл­ған көліктердің басым бөлігі Қазақстанда құрастырылған маши­на­ларға тиесілі, – деді ҚАБА президенті Арсений Сидоров. 2010 жылы сатылым көлемі бойынша үш бірінші орынды Lada, Тоyоtа және Uz-DАЕWОО брендтері бөліскен. Қазақстанда және Ресейде құрастырылған Lada ав­токө­ліктері байырғыдай көшбас­шылық танытып отыр – 2009 жыл­мен салыстырғанда сатылым өсімі 28 пайыз және 5 125 машинаны құрайды. Екінші орын­ды жапондық Тоyota бренді берік ұстанды. Алайда Тоyota көліктерінің алдыңғы жылмен салыстырғанда сатылымы 5 пайызға төмендеді. Тізім бойынша келесі орында тұрған Uz-DАЕWОО сатылымы 2009 жылмен салыстырғанда 39 пайызға артты. Тізімдегі төртінші орынды сатылымдары 2009 жылмен салыстырғанда 15,7 пайызға азайып, 1 430 бірлікті құраған ресейлік УАЗ бренді иеленіп отыр. Рейтингтің ондығын 576 автокөлік сатқан, Қазақ­станда құрастырылған Сһеvrolet бренді қорытын­дылайды. 2009 жылмен салыстырғанда Сһеvrolet өзінің сатылымдарын 27 пайызға арттырған. 2010 жылы 8 364 автокөлікті сатып өткізген «БИПЭК АВТО» компаниясы дилерлер арасында Қазақстан нарығының көшбасшысы атанды. Екінші орынды ауыр және жеңіл жүк техникасын қоса есептегенде 3 804 бірлікті өткізген «Вираж» компаниясы, үшінші орынды 3183 автокөлік өткізген «МЕRCUR Auto LTD» компаниясы иеленіп отыр. Төртінші орында сатылымдары 2564 машинадан тұратын «Астана Моторс» ҚМК тұр. Бесінші орынға 2010 жылы 960 көлік сатқан «Аllur Auto» компаниясы жайғасты. ҚАБА мәлімдегендей, 2010 жыл отандық автоқұрастырушы өндірістердің пайда болуымен ерекшеленеді. Қостанай қаласында «Агромашхолдинг Қазақстан» АҚ негізінде Оңтүстік Кореялық жол талғамас SsangYong көліктерінің өндірісі іске қосылды. Оның алғашқы өнеркәсіптік топтамасы өз тұтынушыларын Қазақстаннан жылдам тапқан. Оған қоса Алматыда жапондық «Isusu» және «Itochu» компаниялары, сонымен қатар «СВС» қазақстандық топпен ұйымдастырылған Isusu жүк көліктерін құрастыру бойынша автомекеме құрылды. – Өткен жыл Қазақстанның бүкіл автобизнесі үшін жемісті болды, еліміздің қарқынды ин­дус­триалды дамуының мемлекеттік бағдарламасы шең­берінде экономиканың алуан түрлі салаларында бірқатар авто­құрастырушы өндірістер іске қосылды. Автокөліктерді Қазақстанда жасау олардың тұтынушылар үшін баға­сын төмендетуге және қосымша жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар жаңа жоғары технологиялық өндірістер отандық эконо­ми­каның индустриалды әлеуетін арттыру бағдарла­ма­сы­на елеулі үлес қосады. – деп атап көрсетті «Аllur Аutо» автокомпаниялар тобының бас директоры Андрей Лаврентьев. Автокөлік делдалдары Қазақстанда құрастырыл­ған көліктерді несиелей 4-5 пайызға жеңіл екендігін айтады. 1 шілдеден бастап Кедендік одақ күшіне енген кезде Ресейдегі белгілі брэндтер біздің рынокқа енетін болады. Дегенмен, жергілікті автокөлік дилерлеріне Қазақстан да тарлық етеді. Сондықтан олар да Ресей нарығына шығуды көздеп отыр. Баспасөз мәслихатында корпоративтік сатылым­дардың да ұлғайғаны сөз болды. – Бұл да экономикалық ахуалдың тұрақталып келе жатқанын айғақтайды. Қазақстандық компаниялар мен мекемелердің өздеріне қызмет көліктерін сатып алуға әлеуеті жетеді, – дейді автокөлік сатумен айналысатын компания өкілдері. Айнаш ЕСАЛИ. Алматы.