21 Маусым, 2016

Ғимараттар биіктеп барады

619 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін
1.фото Ералиева Т.«Жұмақты жасауға болады. Бірақ оны тамұқтағыдай азапты еңбекпен ғана жасайды», дейді екен бір данагөй. Тоқтар Ералыұлы көп жылғы тынымсыз тырбану, үздіксіз ізденуді мұрат еткен адал еңбегі арқасында есімі Қазақ КСР-інің Құрметті Алтын кітабына жазылып, кәсіби тұрғыда берілетін ең жоғарғы атақ – «КСРО-ның еңбек сіңірген сәулетшісі» атағын алып, одан тәуелсіз елінің «Парасат», ІІІ дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері атанды. Абырой-атағы АҚШ, Германия, Канада, Испания, Түркия елдеріне де танылып, халықаралық сәулетшілер конгрестеріне қатысты. Көптеген игі істердің басы-қасы­нан табылып, ізінен ілескен жас сәулет­шілердің талаптарына қанат бітіріп, дәйім шабыт сыйлап жүруі де бір ғанибет. – Кіндік тамырымыз ауылдан ғой біздің, – дейді Тоқаң қылдырықтай жіп-жіңішке, салалы саусақтарымен  темекісін тұтатып. – Ерте есейдім. Өйткені, қан май­даннан ауыр жарақат алып оралған әкем екі жасқа келгенімде көз жұмды. От­басындағы төрт баланың үшіншісі едім. Мектебімізде керемет кісілер ұстаздық етті. Әлгі мұғалімдеріміздің берген сапалы білімінің арқасында әр жылғы түлектердің 70 пайыздайы қалаған оқуларына тауы шағылмай түсетін. Мен оқуға түскен 1965 жылы Қазақ политехникалық инсти­тутының архитектура факультетіне бір орынға жеті талапкерден келді. Олай болатыны, күллі Қазақстанда бұл саладағы маман­­дыққа деген сұраныс көбейіп, оған қазақ жас­тарының да ынта-ықыласы кү­шейген кез еді. Бітіргеннен кейін бес жыл білім берген ұстаздарының таңдауы соған ауып, ар­хитектура факультетінің кафедрасына қал­дырғысы келді. Ол заманда бұл ең таң­даулының ғана маңдайына бұйыратын бақыт болатын. Бірақ Тоқаң: «Жоқ, қала алмаймын, – деді. – Кеше ғана өзіммен бірге алаңда доп қуалаған жігіттерге қа­лай ұстаздық етемін? Не білемін, неге үй­ретемін? Ешқандай тәжірибем жоқ, өн­дірістен ләм-мим, мақұрыммын». – Содан «KAZGOR»-ға келдіңіз ғой? – Иә! Бірақ, ол кезде «Казгорс­тройпроект» мемлекеттік бас жобалау институты деп аталатын. Қалтамда диплом болғанмен, тәжірибесіз жас маманмын. Институттың қасиетті табал­дырығын имене аттадым. Менің бір артықшылығым – Владимир Николаевич Ким деген тамаша маманға тап болуым. Ол бөлімде жобаның бас сәулетшісі екен. Бұрынғы В.И.Ленин атындағы, бүгінгі Республика сарайы аталатын ғимарат ав­торларының бірі. Оның құрылысы енді ғана біткен кез. Владимир Николаевич әуелгі тап­­сырмасы бойынша жасаған жұ­мысымның беталысын байқаған соң-ақ жан жадыратар сөздерімен қамшылады. Ессентукиде шипажай кешені тұр­ғы­­зылуы керек екен. Оны алдында ғана біреуге тапсырыпты. Ол жасаған нұсқаны көрсетті. Қарадым. Біреудің көз майын тауысып бітірген еңбегі. Енді соған балама нұсқа жасауым керек. Басқадай етіп қалай жасасам екен деген ойға шомдым. Айналасы таулы аймақ. Ендеше, әдемі табиғатымен үйлесетін, бір-бірін әрлендіре түсетін не қажет, нені қоссам деген сауалдар көкейімнен кетпеді. Жүз ойланып, мың толғанып, бар дүниені ұмытып әртүрлі көріністерді салып әлек болып отырсам, Владимир Нико­лаевич үнсіз келіп, желке тұсымнан қиғаштай қарап тұр екен. Бір кезде: «Ну, что, Тохтар? – деді. – Интересно, что-то получается у тебя. Давай, работай». Әри­не, сондай сөзден кейін ышқынған үс­тіне ыш­қынып, одан да жақсартуға барымды салдым. Тоқтар Ералыұлының сәулет­шілік қызметі осылай басталыпты. Артынша кішігірім объекті берілген. Ол бүгінгі Наурызбай мен Бөгенбай көшелерінің қиылысында тұрған ғимарат. Шекара әскерлерінің үйі. «Мынаны өзің ғана жасайсың», дейді В.Н.Ким. Әрине, тосылып қалады. Әйткенмен, іске кіріскеннен кейін бойын батылдық биледі. Көп ұзамай 28-панфиловшылар сая­бағындағы Офицерлер үйіне конкурс жарияланды. Қатысу үшін конкурстық топ құрылды. Оның құрамына бас сәулетші Лев Леонидович Ухоботов бастаған үш-төрт кісі кірді. Бәрі дерлік В.И.Ленин сарайы ғимаратына еңбек еткен тәжірибелі мамандар. Оған Кимді де шақырып еді, ол кісі: «Жа­ныма Тоқтарды қосамын», деді. Сөйтіп, әлгі құрамға жас маман Тоқаң да қосылды. Оларға төменгі қабаттан бөлек бөлме беріледі. Жұмыстары жөнінде ешкімге тіс жармау жағы қатаң ескертілді. Жобаны жасаушы Тоқаңның факультетте оқытқан ұстазы А.Л.Ухоботов бастаған топ жо­баларын бітіріп, енді макеттеуге кірісіп кетіпті. «Біз Тоқтар екеуміз бұларға қо­сылғанда не істейміз, онсыз да бітіріп қойыпты. Одан­­да біз тағы бір балама нұсқасын жа­са­сақ қайтеді?», – деді Ким бас сәулетші Ухоботовқа. «Жарайды, сөйтсеңдер сөй­тіңдер!», – деп Лев Леонидович елпең ете түсті. – Сонымен, екеуміз ертеңінде-ақ Округ­тік офицерлер үйінің жобасына білек сы­бана кірістік, – дейді Тоқаң. – Үш күн­нің ішінде идеямызды айқындадық. Ол – бүгінгі ғимараттың басымызда пісіп, жинақталған негізгі сұлбасы. Ол уақытта бізде екі-ақ макет жасаушы болатын. Еке­уі де аналардың жұмысымен әлек. Мен жобасын сызып, разрез, фасадтарын айқындап, тездетіп бітіруге асықтым. Оның сыртында бөлімдегі жұмысым бар, оны да қоса қабат атқара жүріп жоба-нұсқамызды макет жасайтын деңгейге жеткіздік. Енді ол шаруаға жегетін ешкім жоқ болған соң, ана топта жүрген екі кісінің біреуін бізге жіберуін өтіндік. Олардың атқаратыны пластмассамен байланысты жұмыс болатын. Біз макетті пластмассамен жасап күрделендірмей, ақ қағазға ауыс­тырып, тездетейік дедік. Осылай ені 1,5-те, ұзын­дығы 2,5 метрлік кергішке аппақ макет жасадық. Ол уақытта Алматы обкомының бірінші хатшысы Асанбай Асқаров, Қазақ­стан Компартиясы Орталық комитеті бюросының мүшесі. Сондай үлкен лауа­зымды тұлғаларды Алматыда соғылып жатқан іргелі құрылыс объектілеріне жауапты етіп бекітіп қоятын. Біздің кураторымыз Асекеңнің өзі екен. Қызмет орны бізге таяу жерде. Не бітірдік, қалай жасадық – ең әуелі кураторға көрсету қажет. Кабинетіне жасалған екі нұсқаны да алып бардық. Бір өзі ғана көрмей, басқалардың да ой-пікір, сарабына салу ниетімен хатшылар мен басқа да жауапты кісілерді жинады. Әуелі ана жобаны жасаушыларға кезек бердік. Ретіне қарай біз де жасалған жұмысымыз жөнінде макеттің әр бөлігі, құры­лымы жа­йында барынша жатық, ұғынықты етіп баяндауға барымызды салдық. Асекең: «Әй, сендерге қай­сысы ұнайды, кәне, қысылмай айтсаңдаршы», – деп қояды. Алайда, бәрі келісіп алғандай, «Екеуі тамаша жасалыпты, жақсы екен» деумен шектелді. «Иә, екеуі, ерекше, дегенмен, менің жанарымды айрықша арбап тұрғаны мына нұсқасы», – деп Асекең біздің еңбегімізге көз қиығын қадады. Сол-ақ екен, әлгінде ғана бірінші басшының пікірін бағып тұрған қауым, «Осы дұрыс, осы жақсы» – деп, шу ете қалды. «Иә, жол­дастар, дұрыс-ақ дейік, ал Мочалин қайда? – деді. Ол Алматы қалалық партия ко­митетінің бірінші хатшысы. – Біз бәріміз мына жерде аса мән­­ді мәселені талқылап жатыр­мыз. Басы-қасында болуға тиісті қала бас­шы­сының өзі жоқ. Болмайды, шақы­рыңдар». Қалалық, партия комитеті қазіргі Төле би мен Абылай хан даңғылының қиылысында еді. Бес минут өтті ме, өтпеді ме, шақыртқан кісі жетіп келді. Мән-жайдан хабардар болуы керек. Асекең күлімсірей қарсы алды. «Так, начальник, вообще мы выбрали уже, – деді. – Какой тебе нравиться?». Ол жаз­ған қызараңдап, әйтеуір үнсіз қалғанды қолай көрмеді ме: «Асанбай Аскарович, вот это тоже хороший, очень интересный», – деді бірінші үлгіден көз айырмай. Енді біздің нұсқаны көргенде не дер екен деп тұрғанбыз. «И это тоже хороший», – деді. «Правильно! – деді Асекең. – Мы тоже это выбрали. Все!». Одан кейін бізге бар ықы­ласымен бұрыла қарап: «Сендерге макетін жақсылап жасауға бір ай мұрсат беремін. – Бұл менің өзім өз болып мемлекеттік деңгейдегі қабылдауға қатысқан алғашқы жұмысым еді. Сонда сәулет өнерінің құді­рет күшін тұңғыш рет шындап сезіндім, – деп еске алады Тоқаң. Осы жұмыстан соң әріптестерінің оған деген сенімі бұрынғыдан да нығайды. Енді топ жетекшілігіне көтерілді. Бұл дипломды маман атанғаны небәрі төрт-ақ жыл болған кез. Әрине, мақтанарлық жетістік... «Еліміздің ең таңдаулы сәу­летшілерінің бірі Тоқтар Ералиев сәулет өнеріне 70-жылдары кел­ді, – деп жазыпты «Егемен Қазақ­станда» жарияланған (13.06.2006 ж.) «очеркінде Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты, ҚР Ұлттық инже­нер­лік академиясының академигі Ә.Тәтіғұлов. – Алматы шағын қала­шықтан әлемнің ең әсем мегаполистерінің біріне айналды. Бұл түлеуге сол кездерде әлі өрімдей жас сәулетші Тоқтар Ералиевтің де қосқан өзіндік қолтаңбасы аз емес. Және оның жобалары тек идеяларының батылдығы, жаңашылдығымен ғана емес, сондай-ақ, көрегендігімен таңғалдыратын». – Мен өзім өз болып дербес объект ретінде Қазақстан Ком­партиясы Орталық комитетінің «Дәуір» баспасының мәжіліс за­лының жобасын жасадым, – дейді Т.Ералыұлы. – Бүкіл сызбасы тех­никумның сәулетшілер даярлайтын факультетін енді ғана бітіріп келген Лена Яковлева екеуміздің қолымыздан өтті. Бұған бір жылға жетер-жетпес уақыт кетті. Оны бітірісімен тағы бір жұмысты бастап кет­кем-ді. Ол бүгінгі Достық және Абай даңғылдарының бұрышындағы Саяси ағарту үйі еді. – Бұл ғимарат 1980 жылы іске қосылды. Сол кезде маған «КСРО-ның еңбек сіңірген сәулетшісі» атағы берілді. Сонда бар-жоғы 34 жаста едім, – дейді Тоқаң. Т.Ералыұлының бақыты – өзі сүйіп ат­қаратын қызметінде қо­лы қағылмай, алаңсыз шығар­машылықпен жұмыс жасау­ына барынша жағдай жасалды. Бұған бір дәлел «Алатау» шипажайының жобалық нұсқасын жасау міндетінің жүктелуі. Тап­­сырыс беруші – СОКП Орталық комитеті. Кураторлық ететін Қазақстан Ком­партиясы Орталық комитеті. Объект де солардікі. Кеңес Одағының ең көрікті жерлерінде салынған шипажайлар тобы құрамындағы емдеу-сауықтыру орындарының бірі болмақшы екен. 1980 жылы жобалауға тапсырыс берілді. Бар ақыл-ой, қажыр-қайраттарын сала кірісіп, жұмысты бітіргеннен кейін қастарына ОК  бөлімінің бір қызметкерін қосып Мәскеуге, СОКП ОК-нің күрделі құрылыс бөліміне барды. Ол өз істерін жетік білетін, өте білікті де білімдар мамандар жиналған бөлім екен. Жұмысты қарады, жылы сөздерін айтып біраз жерге апарды. «Бірақ», деді. Сол сөздің соңынан: «Біз бұрын шипажайлардың жобасын жасағанда әлденеше нұсқасын таразылаушы едік. Солардың іші­нен саралап біреуін бекітетінбіз. Мәселен, Ыстықкөлдегі шипажайды білетін шығарсыңдар?» – деді. «Білеміз. Авторы – Полянский, КСРО-ның халық сәулетшісі, КСРО Сәулетшілер одағының төрағасы», – деді бұлар. «Міне, сол кісі әлгі шипажай жобасының бір емес, сегіз нұсқасын жасады. Ал сендер, қа­зақстандықтар, бір нұсқамен келіп, бірден бекіте салса дейсіңдер. Бұлай болмайды, жолдастар. Алматыға қайтыңдар, екі же­тіден кейін, тым болмағанда, тағы бір нұс­қасын жасап әкеліңдер», – деді. – Бұл жұма күні еді. «Бәлкім, біз Алма­тыға барып, екі жетіге уақытымызды созбай-ақ, осында жатып, үш-төрт күн­нен ке­йін, сәрсенбіде айтқан екінші нұсқа­ларыңызды дайындап әкелсек қайтеді?» – дедік деп күле еске алады Тоқаң. – «Қай жерде жа­сай­сыңдар?» «Жатқан қонақүйімізде». «Онда, жасап көріңдер», – деді. Бас сәулетшіміз Ю.Г.Ра­тушный, ол кезде мен ше­берхананың бас сәулетшісімін. Екеуміз айтқан сөзіміздің үдесінен шығу үшін әлденеше күн қатарынан құс ұйқыға көшіп, эскиз жасадық. Әйтеуір  бітірдік-ау! Сөйтіп, келі­сілген сәрсенбі күні жаңа балама жобамызды көтеріп апардық. Бәрі жиналып көрді. Көздері шырадай жанып: «Слушай, здорово!» – деді бірі, «Всё нормально» – деді екіншісі. Істің басы қалай сәтті басталса, аяғы да дәл солай үндеседі дейді. Рас шығар. Олар 1983 жылы күллі сызбаларын бітіріп берді. Сөйтіп, айтулы алып құрылыс 1986 жы­лы іске қосылды. Өте сапалы салынды. Содан бері отыз жылдай уақыт өтсе де жай ағымдағы сылап-сипаған жөндеулері демесе, бірде-бір рет күрделі жөндеуден өткен емес! Ендігі жоба да мемлекеттік ау­қымда ойластырылып, СОКП Орталық комитеті мен КСРО Мем­лекеттік Кеңесі бірлесіп қабылдаған қаулы негізінде қолға алынған Теңіз мұнай кешенін игеруге, сол аймақты өркендетуге байланысты өте ауқымды жұмыс болды. – Біздің алдымызға тұтастай қала тұр­ғызу жобасы жүктелді, – дейді ол кісі. – Жедел­детілген, барынша қысқа мерзімде бой көтеруге тиісті, вахталық тәсілмен қатынап жұмыс істеушілерге арналған кент жобасы. Біздің сызбаларымыздың негізінде кент құрылысы жедел қолға алынып, ақшаң­қан үйлер бой көтерді. Арада 15 жылдай уақыт салып бар­ғанда аңғарғанымыз, жобамыз бойынша тұрғызылған үйлер де, әлеуметтік құрылыс нысандары да күтімсіздіктен сәл көнергені болмаса, негізінен өте жақсы сақталыпты. Әлгі кенттен кейін тұрғындары 150 мың адамға есептелген Құл­сары қаласы салынуы тиіс болатын. Тоқаңдар осындай қаланың бас жоспары мен егжей-тегжейлі жобасын жасады. Оны КСРО мемлекеттік азаматтық құрылыс комитетіне (Госгражданстрой) апарып, келісімге қол қойдыруы керек еді. Бас сәулетші Ратушный екеуі мектебі, бала-бақшасы, аурухана, мәдениет үйі бар, одан кейін өздері арнайы жобалаған тұрғын үй макеттерін КСРО Мемлекеттік құрылыс комитетінің төрағасы бас­таған мәртебелі сарапшылардың талқысына ұсынған. – Әй, әріптестер, мыналарың ғажап қой! Нағыз климаттық жоба екен, – деді олар. Үйлерді үш қабатты етіп жобалаған едік. Бірден «Бітті, бекітеміз!» – деді деп темекісін құшырлана сорды Тоқаң. Не керек, 1987 жылы өз­деріне қатысты жұ­мысты толығымен аяқтап, сызбаларды құрылысшылардың қолына тапсырды. Әттең-айы, керемет қарқынмен басталған кешенді іс «қайта құру» дүрмегінің шаңына көмілді. Сөйтіп, Құлсары қаласы бой көтермей, қағаз күйінде қалып қойды. Әйт­кенмен, бір жағы солай болғаны дұ­рыс деп те ойлайды өзі. Неге десеңіз, сол уа­қытта зауыт салу жұмысымен айна­лы­­сып жатқан канадалық, америкалық әріп­тестерімен әңгімелесті. Сонда олар: «Сендер қаланы бостан-босқа саласыңдар» деді. Әрине, білгілері келіп: «неге?» – дейді ғой. «Мұнай мәңгілік таусылмайтын бұлақ суы емес, күндердің бір күні сарқылады. Сонда тұрғызған қалаларың қаңырап бос қалады» деді. «Ал өздеріңде қалай?» «Бізде қай құ­рылыс та вахталық әдіске бейімделіп жүргізіледі. Мысалы, Канаданың солтүстік ай­мағында мұнай өндіріледі. Онда еңбек ететін кісілерді арлы-берлі ұшақпен тасиды. Бұл сендердегі секілді қала тұрғызғаннан әл­­де­­қайда арзан әрі үнемді тәсіл емес пе?» – деді. Кейін Тоқаң бүкіл саналы өмірін өткізіп келе жатқан «KAZGOR» әлгіндей көкейге қонымды ой айтқан америкалықтар үшін Атырау қаласында қос қабатты коттедж­дер қалашығын жобалады. Сонда америкалық Портленд қаласындағы «YGH» дейтін жобалау фирмасымен бірлесе жұмыс істеді. Америкалықтармен бірлескен жобаларымыз басталатын 1997 жылға  үлкен дайындықпен келдік. Алайда, біздің өзгелерді зор санап, өзімізді кем көретін осал тұсымыз бар ғой. Мәселен, америкалықтар: «Сіздерде осындай нөмірлі компьютерлік «Автокад» бағдарламасы бар ма?» – дейді. Сөйтсек, біз олардан бір жылдай алға озып кетіппіз. Содан кейін байланысымыз күшейе берді. Астана қаласы елордамызға айналған соң өзіндік ажарын айшықтайтын нысандарға арналған конкурстар халықаралық сипат алды. Солардың әуелгісі «Бәйтеректің» жанынан салынуға тиісті алты жүз мың шаршы метрлік «Нұрсая» тұрғын үй кешені болатын. Конкурсқа қатыстық, ұтып алдық. Арада екі жыл өткенде осындай конкурс Алматыда да ұйымдастырылды. Оған алты-жеті алматылық фирма қатысты. Мерейіміз үстем болды. Жеңіп алған жобамыз қалалық әкімшілік үйінің жоғарғы жағындағы көпфункционалды «Нұрлы Тау» кешені еді. Стратегиялық зерттеу­лер институтының үйі де, Ақпараттық технология паркі де біздің жанкешті шығармашылық ізденістеріміздің жемісі. Одан кейінгі Алматы циркінің іргесіндегі «Рахат-Тауэрс» бизнес орталығының жұмыстық сызбаларын артық-кемсіз екі жылдай жасадық. 2004 жылы «KAPITAL­PARTNERS» деген ин­вес­ти­циялық фирманың өкіл­дері келді. Олар қаржы орталығын жоба­ламақшы екен. Бұрын сондай бір жұмысты дүниежүзіндегі ең танымал америкалық «SOM» фирмасы жүргізген. Тарихы өткен ғасырдың 36-шы жылынан басталатын фирма. Олардың да ұсынысы – бірге жұмыс жасау. Қуана келісіп «Есентай-Тауэрс», «Есентай-Моол» және тау жақ беттегі банк ғимараттары – міне, солардың бәрінің жобалау жұмыстарына атсалыстық. Атырау қаласы орталығында бой көтерген ғимараттар да біздің еншімізде. Биыл Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласындағы «Аттар саябағын» жобаладық. Міне, осыдан-ақ қазақстандық сәулетшілердің әлемнің қай еліндегі әріптестерімізден де кем еместігін білуге болар. Мысалы, ЭКСПО-2017 құрылысының бір жобасына шетелдіктері және біздікі бар 60-тан астам фирма қатысқан. Біз солардың арасында алғашқы ондықта жүрдік. Америкалықтар ұтып алған еді. Олар жергілікті серіктес етіп бізді таңдады. Қазір бірлесе жобалап жатырмыз, – дейді Тоқаң. Тоқтар Ералиевтің жұмысына байланысты әңгімесін өз аузынан тыңдауға қатарынан әлденеше күн әдейілеп барып жүрдім. Кеуде керіп айтатын қаншама айтулы шаруалар жасағанына, қазақ сәулет өнерінің ілгерілеп дамуына айрықша үлес қосқанына тәнті болдым. «Біз» деп сөйлейді. Сексен бес жылдық тарихы бар «KAZGOR-ды» алға ұстайды. Әрдайым кәдуілгі қарапайым қалпы мен жұмысбасты жағдайына, өзгермейтін көңіл күйіне куә болдым. Уақытты алтынға балайды екен. Өте мәдениетті. Қарапайым. Талапшыл. Әсіресе, өз-өзіне келгенде қатал. Ақиқатын айтқанда, ол кісіні ерекше тұлға деп білдім. Дәл солай екендігіне Ә.Тәтіғұловтың өзіміз жоғарыда тілге тиек еткен «Сәулетші» портреттік очеркіндегі деректерін оқыған кезде көзім тағы да жете түсті. 1988 жылы әрбір шығармашылық Одаққа он орын бөлінген нағыз демо­кратия­лық сайлауда он бес одақтас рес­публикалардың аттары әлемге әйгілі сәу­лет­шілері арасынан, Компартия мүшесі еместігіне қарамай, жабық дауыспен бесінші болып, депутаттық мандатты иеленді. Иеленіп қана қоймай, КСРО Жоғарғы Ке­ңесі Сәулет және құрылыс жөніндегі комитетінің мүшесі болады. Уақытпен бірге ел астанасы да өзгеретінін сезді ме екен, 1995 жылы Байыр Дос­мағамбетов, Қалдыбай Монтахаев, Серік Рүстембеков, Сәрсен Жүнісов сынды сәулетшілермен бірлесе кірісіп, келешек Астананың бас жоспарының концепсиясын жасайды. Бірақ Тоқтар Ералыұлы, былайғы ел онсыз да білетін шығар деді ме, бұлар туралы ауызға алмады... Талғат АЙТБАЙҰЛЫ, жазушы АЛМАТЫ