21 Маусым, 2016

Допинг дүрбелеңі қандай ұйғарымға тоқтайды

336 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Допинг дүрбелеңіӨткен жылдың күзінде басталған допинг дүрбелеңі қазір бұрын-соңды болмаған дәрежеде шарықтау шегіне жетті. Бүгін, 21 маусым күні Лозаннада өтетін Халықаралық олимпиялық комитеттің (ХОК) отырысында бүкіл Ресей құрамасын алдағы тамыз айында Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиялық ойындарға жіберу-жібермеу мәселесі түбегейлі шешіледі. Халықаралық олимпиялық комитеттің (ХОК) президенті Томас Бах сейсенбі күні өтетін отырыста негізінен таза спортшыларды Риоға жіберу мәселесінің талқыланатынын алға тартты. Ол сондай-ақ, Халықаралық жеңіл атлетика ассоциациясы федерациясының (IAAF) ресейліктерге қатысты шешіміне бұл отырыстың ықпалы болмайтынын да ашып айтты. Ал ол халықаралық ұйым жұма күні Венада кеңесін өткізіп, Ресей жеңіл атлеттеріне қатысты санкцияның уақытын ұзартуға шешім қабылдап қойды. Осыған байланысты көрші елдің тыйым салынған препараттарды қолданған 47 атлеті спортпен қоштасып, тағы 57 спортшының жазаға тартылатыны белгілі болып отыр. Енді допинг дауына ұшырап қалған Қазақстан ауыр атлеттерінің жайына келсек, ол ХОК-тің 27 маусым күні мәселе қозғайтын тәртіптік кеңесінде шешіледі. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлімдегендей, Илья Ильиннің, Зүлфия Чиншанлоның, Майя Манеза мен Светлана Подобедованың Риоға бару жөніндегі үміттері әлі үзіле қойған жоқ. Спортшылар қазіргі күндері тынымсыз жаттығу үстінде. Қазақстан сарапшыларының халықаралық ұйымдар­мен бірлесе жүргізіп жатқан қосымша допин­гілік тексеру жұмыстары біздің көңілімізді қуантатындай жақсы нәтиже беруге тиіс. Ал ресейлік атлеттердің Халықаралық жеңіл атлетика ассоциациясы федерациясы тарапынан жаза алулары 2015 жылдың 13 қарашасынан басталды. Аталған ұйым сол күні антидопингілік заңнама талаптарын бұзды деген қорытындымен Бүкілресейлік жеңіл атлетика федерациясын (ВФЛА) уақытша жұмыстан аластату жөнінде ұйғарым жасады. Халық­аралық федерация сонымен бірге, ВФЛА-ның дағдарыстан шығу жөніндегі іс-әрекеттеріне қадағалау жүргізу үшін норвег Руне Андерсен басқаратын инспекциялық комиссия құрды. Комиссия осы кезге дейін бірнеше рет Ресейде болып қайтты. Жұма күні  оның тұжырымы бойынша Ресей жеңіл атлеттеріне қатысты нақтылы шешім қабылданды. Әдетте «жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды». 2015 жылдың қараша айында Халықаралық антидопингілік агенттік (WADA) Мәскеудің антидопингі­лік зертханасы аумағында жасалып келген айла-шарғылар турасындағы баяндамасын жариялады. Онда Ресей спортында тыйым салынған преператтарды қолдану «мемлекет қолдау көрсетіп отырған шара» ретінде атап көрсетілді. Бұған 2015 жылдың қарашасында Канадаға қашып кеткен Мәскеу антидопингілік зертханасының бұрынғы басшысы Григорий Родченковтың The New York газетіне берген сұхбатында 2014 жылғы Сочи қысқы Олимпиадасы кезінде Ресейдің медаль алған 15 спортшысымен қоса, көптеген атлеттері биліктің қолдауымен допинг пайдаланды деп мәлімдеуі негізгі себеп болған сияқты. Айтуына қарағанда, тыйым салынған үш препараттан тұратын сондай бір қоймалжыңды оның өзі жасап берген екен. Спортшылар оны тез сіңіп кетуі үшін алкоголь араластырып қолданған көрінеді. Олимпиялық ойындардың құзыретіне қатысты осындай дау пайда бола кет­кесін, оның анық-қанығын анықтауға Халықаралық олимпиялық комитет те араласты. Ол тексерісті әріден, 2008 жылғы Бейжің жазғы Олимпиялық ойындарына қатысушыларды допинг-тексеруден өткізуден бастады. Оның барысында Ресейдің 8 спортшысының тыйым салынған препараттарды қолданғандары айғақталып шыға келді. Бұдан кейін 2012 жылғы Лондон Олимпиадасына қатысқан барлық 250 спортшыны тексеру қолға алынды. Онда спорттың 3 түрі бойынша тағы ресейлік 8 саңлақтың допинг пайдаланғаны анықталды. Осы орайда бір айта кететін жайт, допингке қатысты тексеріс бүкіл әлем елдері бойынша жүріп жатқан жоқ. Мәселен, АҚШ пен Ұлыбритания мұны өздері жүргізетін болып, WADA-ның келісімін алып тоқтады. Нәтижесінде бұларда бірде-бір спортшы қазір екінің бірі ұсталып қалып жүрген мельдониймен де, басқа препараттармен де көзге түсе қоймады. Ал қазіргі таңда күллі әлемдегі құрылымы ең күшті екі медициналық-биологиялық агенттік Қытай мен Ресейде ғана бар. Олардың жұмыстарын жандандыруға бөлініп жатқан қаржы орасан зор. Ал допинг дүрбелеңіне түсіп жатқан спортшылардың кемінде 90 пайызы Ресейден болып отыр. Қисын жағынан келгенде де, тап осылай болуы мүмкін бе? Осылардың бәрін сыни көзбен қарай келгенде, мұның арғы астарында ашықтан-ашық саясат мәселесі жатқанын байқауға болатын сияқты. Мұнда Қазақ­стан спорт саңлақтарының неге ілініп кетіп жатқанын да пайымдау тым қиын емес. Ал бұл шудың басы 2014 жылдың желтоқсанында немістің ARD телеарнасынан Ресей жеңіл атлеттерінің көпшілігін допингке таңылып қалған етіп көрсететін деректі фильм берілгеннен кейін көтерілді. Осының негізінде Бүкіләлемдік антидопинг агенттігі 52 жастағы тележурналист Хайо Зеппельттің жанжалды деректерін тексеретін комиссия құрды. Ал оны басында WADA-ны өзі қолымен құрып, ұзақ жылдар басқарған 73 жастағы канадалық Дик Паунд басқарды. Басынан өзінің шектен шыққан русофоб екенін танытып келген ол бұған дейін Ресей әйелдер шаңғы жарысының түбіне жеткен адам ретінде тарихта қалған еді. Бүгінде ақ дегені – алғыс, қара дегені қарғыс болатындай дәрежеге жеткен, тірлігінің бәрі құпия, сырттан ешкімге есігін ашпайтын бұл мекемені басқарған оның кейін Галина Кулакова, Любовь Егорова, Лариса Лазутина, Ольга Данилова сынды шаңғышыларды допинг желеуімен спорттан біржола шеттетіп жібергенін қазір біреу біліп, біреу білмейді. Оның тікенекті шеңгелінен тек Елена Вяльбе ғана аман кетті... Сол Паундтың спорт әлеміне ықпалының күшті болғаны соншалық, ол тіпті Хуан Антонио Самаранч қызметінен кеткен кезде де Халықаралық олимпиялық комитет президенті болуға таласушылар қатарына да қосылды. Мұнда бірден-бір фаворит саналған Паунд бірақ ақыр соңында Жак Роггеге жол беріп қойған еді. Ал Ресей сол жолы бұлардың соңғысына дауыс берген екен.... Бізге бұл оқиғаның даму барысы әлі де талай жайтты ашып беретін шығар. Әзірге әліптің артын бағайық. Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан»  
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда қанша ер мұғалім бар?

Қазақстан • Бүгін, 10:10

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024