Қаңтар айында елордадағы №2 балалар музыка мектебінің «Жігер» ұлт аспаптар ансамблі «GRAN FIESTA -2011» байқауына қатысу үшін Испанияға аттанған болатын. Жуырда ансамбльдің көркемдік жетекшісі Мейрам Омаров редакциямызға атбасын барып, ол елден жақсы жетістікпен оралғандарын әңгімелеп берді. «GRAN FIESTA – еуропалық деңгейдегі көпжанрлық байқау. Оған әртүрлі мемлекеттерден келген өнерлі балалар қатыса алады. Ал, ұйымдастырушылар алқасы испандық Fiestalonia фестиваль комитеті. Байқау жыл сайын Барселонаның маңайындағы Ллорет де Мар қаласында өтеді екен. Біз бұл мәліметтерді интернет арқылы білдік. Сосын қалайда бағымызды сынап көруге тырысып, ұйымдастырушылармен алғашқыда интернет арқылы байланысып отырдық. Оларға ансамбльге қатысты мәліметтерді, суреттерімізді, сосын видеороликтер жібердік. Сөйтіп, байқау шақырту келді. Содан тәуекелге бас тігіп аттанып кеттік. Жетістігіміз жаман емес. 30 мемлекеттен 100 ұжым қатысқан үлкен байқауда екінші орынды иелендік», дейді Мейрам Омаров.
«Испан көрермендерінің Құрманғазының «Балбырауын», Ж.Еңсеповтың «Балбұлақ», А.Желдібаевтң «Ерке сылқым» күйлерін орындадық. Тыңдап, одан үлкен әсер алғанын байқадық. Осындай ауқымы кең, көпжанрлы байқауда (яғни виоленчел, скрипка, хореография, вокал, трио бәрі бар) екінші орын алу үлкен жетістік десек, Испанияға барып өнер көрсетіп қайтқан жеткіншектердің атын айтпай кету жарамас. Олар «Жігердің» құрамында өнер көрсететін Диляра Дүйенова, Абылай Жүсіпбеков, Сұлтан Қабдірахманов, Жансая Қайратқызы, Әмір Қамидоллинов, Айдар Қаркенов, Әлішер Мәжитов, Адақ Тайжанов, Темірлан Теміртаев, Мадина Тоқмурзина, Сәния Хусеинова секілді өнерлі балалар»-дейді көркемдік жетекші.
Айгүл СЕЙІЛОВА.