Ойды ой қозғайды. Осыдан бес жыл бұрын Италияның Турин қаласында өткен қысқы Олимпия ойындары кезінде елдің екінші қаласында 20 градус жылылықты көрсетіп, ол шаңғышыларға көп ауыртпалық жүктеген еді. Алайда, биіктігі 3 мың метрден асатын Альпі таулары етегінде өтіп жатқан шаңғы жарыстары кезінде -2 -3 градусты көрсетіп тұрды. Бір қызым бір қызымнан сорақы дегендей, Алматыдағы ауа райы +10 градустан асып 5 және 10 шақырымдық шаңғышылар жарысы кезінде Алматының ақ жауыны толассыз сіркіреп кетті. Өкінішке орай, қыздарымыз тағы да тобықтай жапон қыздарының көлеңкесінде қалып қойды. Жапонның қос жұлдызы Ишида Масако мен Надсуми Мадока мәре сызығын бірінен кейін бірі қиып алтын мен күмісті қағып түсті. Үшінші орында Қытайдың қара қызы Ли Хонгкие, Елена Коломина мен Светлана Малахова төртінші, бесінші орындарды қанағат тұтты.
Жарыс аяқталғаннан кейін С.Малаховамен тілдесіп үлгердік.
– Шаршағанымыз рас, алтын алмасақ та жүлдегерлер қатарына ілігеміз бе деп бар күшімізді салып едік. Амал бар ма, жапонның қос қызы бізден айласын асырып кетті. Шаңғы майлауда да кемшілік болды ма деп ойлаймын, – деді ентігін баса алмай тұрған жерлесіміз.
Біздіңше, мәселе шаңғы майлауда емес сияқты. Бұл жерде мәселе бапкерлердің қателігінде шығар. Жапон мен қытай қыздары Астана мен Алматыдағы Азия ойындары басталар кезде Әлем кубогының соңғы кезеңдеріне қатысқан жоқ. Яғни, олар тактикалық жағынан ұтып, Қазақстанға тың әрі сергек келді. Оның үстіне, жасыратыны жоқ, қыздарымыз шаршап қалған сияқты. Жастарының да келіп қалғанын назардан шығармаған жөн. Демек, оларға лайық ізбасарлар әзірлесек, ұтарымыз анық.
Қыздар жарысында 8 жүйрік болса, 10 шақырымдық шаңғы жарысында 6 азаматымыз жарыс жолына шықты. Жаңбыр толастар емес. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан жанкүйерлердің айқайы Солдатсай аумағын күмбірлетіп жіберді. 5 шақырымда Алексей Полторанин 0,3 секөнтпен көш бастағанда қуанып едік. Тағы да жапонның қос жүйрігі Юшида мен Шимизу біраздан кейін Алексей мен Николай Чебатьконы шаң қаптырып кетті. Әттең! Қолда тұрған алтыннан тағы да айрылып қалдық. Нәтижесінде Николай Чебатько екінші, Алексей Полторанин үшінші болып мәре сызығын қиды.
– Ауа райының қолайсыз болғаны белгілі, бірақ та жігіттер қанша талпынғанмен шаңғы майы сай келмей кібіртіктеп қала берді. Бүгін жігіттеріміз демалады, эстафетада есемізді жібермейтін шығармыз, – деп ағынан жарылды жарыстан кейін Риддердегі дарынды балаларға арналған спорт мектебінің директоры, белгілі шаңғышы Владимир Кнауб.
Риддердегі спорт мектебінде қазір 150-ге жуық бала жаттығуда. Оның ішінде Үржардағы белгілі бапкер Қайникамал Жүсіпованың бірнеше шәкірті білімі мен біліктілігін жетілдіріп жатыр. Жасөспірімдер арасында әлем чемпионатының жүлдегерлері де көрінуде. Ендеше, берерін беріп, алғанын алған шаңғышы қыз-жігіттерге сенім арта бермей, осындай талантты жастарға көңіл аударсақ, ұпайымыз түгел болары сөзсіз. Сонда ғана қысқы спорт түрлерінен қазақ елі Олимпия ойындарында көш соңында қалып қоймайтыны сөзсіз. Бұл енді барлық жанкүйерлердің жүрегінен шыққан тілегі. Сондықтан бапкерлер мен басшыларға осы бағытта жұмыс істеп, еліміздің намысы үшін барын салатын кезі жетті деп ойлаймыз!
Оңдасын ЕЛУБАЙ.