Елімізде 2004 жылдан бастап енгізілген Ұлттық бірыңғай тестілеудің ережесі бойынша бір мезгілде біріктірілген екі сынақ өткізілетін, яғни мұнда бір жағынан мектеп бітірушілер аттестацияға, ал екіншіден, ЖОО-на түсу үшін сынақ тапсыратын. Соған орай Білім және ғылым министрлігі «Ұлттық тестілеу орталығы» РМҚК директоры Қали ӘБДИЕВ келесі оқу жылынан бастап бұл салада болатын өзгерістер туралы айтып берді.
– Қали Сейілбекұлы, жалпы биыл елімізде қанша тест тапсыру пункті жұмыс істеді?
– Бұл білім саласындағы бір жылғы жұмыстың жемісі емес, мұны үш кезеңге бөліп қарауға болады. Мысалы, 1992-1999-жылдар, одан кейін 1999-дан 2004 жылға дейінгі кезең, соңғысы 2004 жылдан күні бүгінге дейін қолданыста болған ереже, енді міне, әрі қарай тағы да өзгерістер болады деп жоспарланып отыр. Ал, біздің тест орталығының атқаратын жұмысы шараға орай технология әзірлеу, қажетті тест тапсырмаларын қалыптастыру болып табылады, мұнымен қабат тест қабылдайтын өкілдердің барлығы бізден арнайы дайындықтан өтеді. Қазіргі ҰБТ өткізу пункттері біздің филиалдарымыз болып есептеледі, мұның әрқайсысында екі адам жұмыс істейді. Бүгінде 154 филиал бар десек, олар республикалық бюджеттен қаржыландырылады. Одан басқа және жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын тағы да 11 пункт бар, бәрін қосқанда, биыл 165 пунктте ҰБТ өткізілді. Олардың көпшілігі аудан орталықтарында орналасқан, мектептердің базасында, атап айтқанда 106-сы мектепте, ал қалғандары Алматы, Астана қалаларында және облыс орталықтарында орналасқан ЖОО-да.
– Тестің қорытындыларын шығарумен кімдер айналысады?
– Республикалық комиссияның отырысы әдетте тамыз айында болады. Сол кезде ҰБТ-дан өткен түлектердің нәтижелері, тапсырған құжатына байланысты мамандықтың ведомостары, яғни балы бойынша орындары көрсетілген тізімдер бізде дайындалады. Сөйтіп барып, комиссияға түседі. Бірінші кезең – тест тапсыру, екінші кезең – республикалық конкурсқа қатысу үшін өтініш тапсыру, мамандық таңдау, сол мамандыққа грант үшін бәсекеге түсу, одан кейінгі үшінші кезең – ЖОО-ға барып құжаттар тапсыру. Осының бәрі қазіргі кезде мектеп түлектеріне ыңғайлы түрде қалыптастырылған. Биылға дейін осындай әдіспен жүргізіліп келді.
– Ұйымдастыру жұмыстарының ерекшеліктері туралы айтып берсеңіз?
– Бізде білім сапасын бағалаудың ұлттық жүйесі деген жалпы атпен біріктірілген жүйе бар. Біз сол ұлттық жүйенің құрамдас бір бөлігіміз. Өткізетін сынақтарымыз бен мониторингтеріміз көп, бір ғана Ұлттық бірыңғай тестілеуден осы 13 жылдың ішінде 1 миллион 588 мың адам өтіпті, басқалардан да қатысушылар көп, мысалы, жылына магистратураға түсу емтиханына 30 мыңнан астам адам қатысады. Өткен жылы мектеп бітіргендер мен колледж түлектері ішінен емтиханға қатысушылар аз болған жоқ. Соңғы жылдары орта есеппен, 82-84 мыңдай адам қатысып жүр. Бұл да үлкен бір сынақ. Мемлекеттік аттестация кезінде де жұмыс істейміз. Мектептерде, ЖОО-да мемлекеттік аттестациядан өтуге міндеттейтін заң бар. Әрбір оқу орны бес жылда бір рет өтеді. Осындай кезде аттестациялық комиссияның ішіне біздің де тестіміз енгізілген. Одан жоғары курс студенттері, мектеп оқушылары өтеді.
Биылғы жылғы бірыңғай тестілеуге келсек, біз дайындықты әдетте ҰБТ біткеннен кейін бірден бастаймыз, себебі, ең негізгі мәселе тест тапсырмаларын қалыптастыру болып табылады, айтар болсақ, тест тапсырмалары қаншалықты сапалы болды, қандай кемшіліктері бар, міне, сонымен шұғылданамыз. Одан кейін оқу жылының басында біз бүкіл оқу орындарының қорын жинаймыз, онда әрбір оқу орнындағы оқушылар туралы мәліметтер алынады. Оның қаншасы орыс, қаншасы қазақ, қаншасы басқа тілде оқиды, т.с.с. басқа да түрлі мәліметтер жинаймыз. Ол мектеп, біздің пункттен қанша шақырым жерде орналасқанын білу маңызды. Егер ол 50 шақырымнан алыс орналасса, ондағы балаларды тестілеуден бір күн бұрын әкеліп, дайындау керек, 50 шақырымнан жақын болса, олар да таңертеңгі уақытта тасымалданады, бұл істер жергілікті жердегі комиссияларға жүктелген. Ал, біз оларға осы жұмысты орындау үшін мәліметтер жинаймыз.
– ҰБТ-ның биылғы көрсеткіштері көңіл көншітерлік пе?
– Оқушы өтініштері 13 наурыздан 25 сәуірге дейін өткізіледі. Себебі, анықтамаға сәйкес ҰБТ-ға барлығы бірдей қатысуы қажет деп табылмайды, тек қана биылғы жылы ЖОО-на барғысы келетіндерге міндеттеледі. Сондықтан олар өтініш жазады, міне, сол өтініштерді жинаған кезде біз тестілеуге қанша адам қатысады, оның қаншасы қай тілде деген мәліметтерді аламыз. Биылғы жылы мысалға айтар болсақ, 25 сәуірге дейін 869 99 өтініш берілді, оның ішінде 63026-сы қазақ тілінде, ал 23 973-і орыс тілінде оқығандар. Әрине, өтініш бергендердің барлығы бірдей келе бермейді, түрлі себептермен қатыспай қалатындар да кездесіп жатады. Биылғы ҰБТ-ға 84 079 адам қатысты. Бұл жалпы биылғы жылы мектеп бітірушілердің 69,5 пайызы деген сөз, оның ішінде қазақ тіліндегілер – 61739, ал орыс тілділері – 22340 адам. Міне, енді саны белгілі болғаннан кейін тест тапсырмаларының кітапшаларын дайындай бастаймыз.
Тесттің мазмұнына келсек, 125 сұрақ қамтылады, барлығы бес пән бойынша, әрқайсысында 25 сұрақтан. Оның ішінде міндетті пәндер – қазақ тілі, математика, Қазақстан тарихы, орыс тілі және де бесіншісі мамандыққа байланысты мектеп бітірушінің өзі таңдайтын пән бар. Таңдау пәндері мамандық айқындауға мүмкіндік береді. Жалпы, әр түлекке төрт мамандық таңдауға мүмкіндік жасалады.
– Оқушылар көбіне қандай мамандықтарды таңдайды?
– Барлығы гранттардың санына байланысты. Мемлекетіміздің саясаты бойынша гранттар ел экономикасын дамытуға арналған ең қажетті мамандықтарға беріледі. Атап айтқанда, техникалық ғылымдар және технологиялар саласына көп бөлінеді. Одан кейін білім, ауыл шаруашылығы және денсаулық сақтау салалары бағытына басымдық берілген, гранттардың көпшілігі осыларға белгіленеді. Соған байланысты техникалық ғылымдар мен технологиялар бойынша мамандық таңдағанда оқушы негізгі пән ретінде физиканы таңдайды, сол сияқты биология пәнін таңдаушылар да өте көп, себебі, денсаулық сақтау саласы мен ауыл шаруашылығы саласындағы біраз мамандықтар биологияны қажет етеді. Одан кейін география мен шет ел тілдері де көп таңдалатын пәндерге жатады. Бұл грантқа қатысты әңгіме. Өйткені, түлектердің көпшілігі мемлекет есебінен тегін оқуды қалайды. Себебі түсінікті, бірінші, әлеуметтік жағдайға байланысты, екіншіден, түлектерге жатақхана беріледі. Мұнан кейінгі тағы бір категорияны айтсақ, ауыл балаларына арналған квота бар. Осы жоғарыдағы мамандықтарға бөлінетін орындардың отыз пайызы міндетті түрде ауыл мектептерін бітіргендерге беріледі. Енді осындай жерде бір кемшілікті айтпай кету мүмкін емес. Жаңа айтқанымыздай, бір пән төрт мамандықты таңдауға мүмкіндік береді. Осыған байланысты кейде мектеп бітірушілер мамандықты дұрыс таңдамай қалуы мүмкін. Қандай мамандыққа оқуға барасың деген сұраққа балалар онша жауап бере алмай күмілжіп қалады, ал енді қандай пәнді таңдадың десе, мүдірмей бірден жауап беріп жатады. Неге? Өйткені, пәнді таңдап алады да, одан кейін балға байланысты қай жерге баратынын шешеді. Сонда енді қараңыз, мысалы, биология пәнін таңдаған бала қай оқу орнына бара алады? Біріншіден, жалпы медицина мамандығын таңдау құқы бар. Алайда балл деңгейі бойынша өтпей қалған жағдайда, тағы қандай мамандықты таңдауға болады дегенде, енді абитуриент әйтеуір біреуін таңдауға көшеді, сөйтіп, таңдау барысында мүлде басқа жаққа кетіп қалады. Мысалы, екінші мамандық ретінде агрономияны көрсетсе, үшінші мүмкіндік – экология, төртінші мамандық биология пәнінің мұғалімі. Сонда қарап отырсаңыз, бір пән арқылы төрт түрлі бағыттағы мамандықты таңдайды. Мұндағы олардың мақсаты қалай болған жағдайда да грантпен оқуға түсу керек деп ойлайды. Осындай кемшіліктер бар. Бірақ енді шынымен де грантпен оқу отбасына ауыртпалық түсірмейді, екіншіден, гранттардың бағасы жылына 360 мыңнан бастап әрі қарай 700-800 мыңға дейін жетеді. Биыл да сол деңгейде.
– Кейде алдын ала дайындық тестілерінің көрсеткіші бойынша 100-дің үстінде балл алып жүрген оқушы негізгі сынақта одан әлдеқайда төмен баға алып шығады деген шағымдарды құлағымыз шалып қалады. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады?
– Мұндай жағдайлар өте сирек кездеседі. Олардың оқу жылының басынан бері алған балдық көрсеткіштері көпшілік жағдайда ҰБТ нәтижесімен сәйкес келеді. Әрине, ауытқулар болады, бірақ олар соншалық жер мен көктей емес.
– Сынақ кезінде жергілікті комиссиялар қандай жұмыстармен айналысады?
– Негізгі кезеңге дайындықтың тағы бір түрін айтатын болсақ, техникалық құралдарды, оның ішінде бейнебақылау, металл іздегіштер, қатысушылардың қалтасындағы ұялы телефондарды немесе басқа да рұқсат етілмеген заттарды анықтауға мүмкіндік беретін, ұялы байланысты тұншықтыратын құралдарды жергілікті комиссиялар өте қатаң бақылауда ұстайды. Біз жіберген министрлік өкілдері ішінде бір техникалық маман болады, сол барған кезде құралдардың дайындығын тексереді, бұл жүйе де соңғы кездері қалыптасқан. Мысалы, жергілікті бюджет арқылы ашылған пункттерге де сондай талап қоямыз.
– Нәтижелер қандай жолдармен жеткізіледі?
– Былтырғы жылдан бастап нәтижелерді жариялаудың әдістерін өзгерттік. Үш түрлі жолмен, біріншіден, мектептерге тізім бойынша фамилиясы көрсетілген ведомостар жіберіледі, бізде ереже бойынша тест қай күні болса, нәтиже де сол күні шығарылады, соған орай қорытынды мектепке сол күні жіберіледі. Мұнда оқушылардың аты-жөні, бағасы толық көрсетіледі. Екінші түрі, тест өткен жердегі тақтаға тізімді іліп қою арқылы хабарланады. Мұнда оқушылардың аты-жөні көрсетілмейді. Былтырдан бастап осылай істеп жүрміз.
– Нөмірлер арқылы белгілеуді айтып отырсыз ба?
– Иә. Әр қатысушының өзінің жеке сәйкестендірілген нөмірі бар, екіншіден, тест тапсырушының жеке коды беріледі. Сол арқылы көрсетіледі. Үшінші оңай жолы, код арқылы интернеттен таба алады. Яғни, біздің сайттан тестілеудің нәтижесін көре алады.
– Газеттерде жарияланбай ма?
– Газетте конкурстың нәтижесі тамыз айында жарияланады.
– Сынақ кезінде қандай әрекеттерге қатаң тыйым салынады? Биыл сондай қанша заң бұзушылық байқалды?
– Сынақ қоймадағы сұрақ-кітапшаларын алып келуден басталады. Бұл жерде ҰҚК-нің адамдары алып келіп, тест өткізетін министрлік өкілдеріне тапсырады. Әрбір аудиториядағы бөлінген балалардың саны белгілі болғандықтан кітапшалар сол ретпен дайындалады, жалпы ҰБТ өткізуге, жауаптарын толтыруға үш жарым сағат беріледі. Жылдағы бір кемшілік: оқушылар арасында сынаққа телефон алып кіру тыйылмай отыр. Тіпті, біреу емес, бірнешеуін алып келушілер саны мүлде азаяр емес. Биылғы жылы мысалы тестілеуге кіргізу кезінде 15700 телефон алынды. Ал тест өтіп жатқан кезде 13700 телефон қолға түсірілді. Әрбір екі адамның біреуінде телефон бар деген сөз. Осы мәселе алаңдатады. Бірақ мұндай жағдайларды министрлік өкілдері жіті бақылайды. Біреуге телефонмен сырттан көмек көрсетіліп жатса, әрине, телефоны тәркіленеді, ескерту беріледі, ескертуге көнбесе, онда аудиториядан шығарылады. Биыл 38 бала сондай телефон үшін аудиториядан қуылды. Біреудің орнына біреудің кіріп кетуі былтыр көп кездескен. Алматы облысында, Ұзынағашта 13 адамның орнына арнайы дайындалған студенттер кірген, ұйымдастырушы топ жұмыс істеп, ақша жинаған, мұндай жағдайлар былтыр жария етілді. Биыл осындай бір жағдай ОҚО-да, Сарыағаш қаласында орын алды. Енді бір кемшілік, жергілікті жердегі мемлекеттік комиссия мен сынақ тапсыруға жіберілген өкілдер арасында кейде келіспеушіліктер кездесіп қалады. Ондай да жағдай болды. Бір-екі рет мемлекеттік комиссияның мүшелері, өкілдері ауыстырылды, сөйтіп, мәселелер дер кезінде шешілді. Ақтөбе қаласында 6 маусым күні біздің екі пунктте сынақ өтуі керек болатын, бірақ сондағы террорлық әрекетке байланысты кейінге қалдырылып, 7 маусымда өткіздік. Бір күн кешіккені болмаса, тестілеуге басқа әсері тиген жоқ...Апелляциялық комиссия, сондай-ақ әрбір пунктте жергілікті комиссия бар. Орталықта республикалық комиссия жұмыс істейді. Жергілікті жердегі комиссияның құрамына сол жердегі пән мұғалімдері тартылады, біз тек оларға бір адамды ғана ұйымдастыру жұмысына қосамыз. Бірінші шағым жергілікті комиссияға келіп түседі. Олар тест сұрақтарында кемшілік бар деп тапқан жағдайда орталыққа жібереді. Мұны орталықтағы республикалық комиссия бекітеді. Биыл сондай 541 шағым түсті. Бірақ соның 139-ы қанағаттандырылды. Себебі, көп ақау техникалық жағдайдан кеткен. Бір-екісінде тест тапсырмасы сұрағындағы суреттер жылжып кеткен. Дұрыс шықпай қалған, анық көрінбейді. Кей жағдайда басқа жауап белгіленген. Бұл әртүрлі оқулықтағы бір-біріне сәйкес келмей қалған жағдайдан орын алған олқылықтар.
– Бүкіл ҰБТ тапсырмаларынан қанша қате табылды?
– Биылғы қате 0.14 пайызды құрайды. Соңғы жылдары тест тапсырмаларының сапасы жаман емес. Биылғы жылғы жетістігіміз – біраз кітапшаларды түрлі-түсті суретпен шығардық. Себебі, сурет тапсырманы құрастырған кезде көрнекілігін арттыруға мүмкіндік береді. Әр уақытта диаграммаларды, функцияның графиктерін, кестелерді көп қолданамыз. Бұлар тест тапсырмасын тез түсінуге мүмкіндік береді. Сынақ кітаптары шамамен 50-60 беттей болады, кейде мұнан да аз болуы мүмкін, бірақ соның бәрін сапалы шығаруға барынша көңіл бөлінеді. Оларды сыртқы баспаларға бермейміз, өзімізде шығарылады. Мемлекеттік құпияны сақтау талабы бойынша солай. Міндетіміз – оның сапасын жылда жақсартып отыру. Соған байланысты баспахана соңғы жылдары жаңа техникамен жабдықталып, түрлі-түсті кітапша шығаруға жағдай туғызылуда.
– Жергілікті жерлерге сынақ кітапшалары қалай жеткізіледі?
– Мемлекеттік құпияны сақтау ережелері бойынша арнайы қапқа салынып, мұқият қадағаланады.
...2011 жылы мынадай бір жағдай орын алды. Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында орамадағы кітаптар ашылып, қоймада тұрған жерінен ұрланған, сұрақтарға жауап дайындап, мұғалімдерге таратылып кеткен, кейін заң бұзғандар сотталды. Мұндай жағдайлар қайталанбас үшін бүгінде барлық шаралар қарастырылған.
– Мамандар аз уақытта қалай даярланады?
– Мамандар даярлау оңай шаруа емес, біріншіден, бұл тың сала, екіншіден, ЖОО-да арнаулы тестология туралы пән жоқ. Сондықтан мамандарды өзімізде оқытып жатырмыз. Ол үшін шетелден мамандар шақырылады. Болмаса тәжірибе жинақтап қайту үшін мамандар шетелге жіберіледі. Осы мақсатта екі Халықаралық ассоциацияға мүшеміз. Бірі Халықаралық білім саласындағы бағалау ассоциациясы деп аталады, екіншісі – Еуразиялық білім бағалау ассоциациясы. Екеуінде де өзіміз сияқты әріптестеріміз жұмыс істейді, одан тыс конференцияларға қатысамыз, басқалардың тәжірибесін үйреніп, кәсіби біліктілікті арттыруға барынша көңіл бөліп отырамыз.
– Сынақтағы сәтсіздіктерге бола жаңа өмірге аяқ басқалы тұрған жеткіншектің кейде тағдыры қиылып кете баратын қайғылы жағдайға тап болып жататынымыз өкінішті. Мұндай оқиғаның алдын-алу жағы қалай қарастырылған?
– Мұндайда әрбір мектепте баламен тікелей қоян-қолтық жұмыс істейтін психологтарға үлкен үміт артылады. Екіншіден, онымен айналысатын басқа мекемелер де өз қызметтерін ұсынады. Түсіндіру жұмыстары кезінде осыған баса назар аударамыз. Тест маңызды, бірақ бала өмірі бәрінен қымбат. Сол үшін ата-ана, мектеп тарапынан қысым болмау жағы қадағаланады. Бүкіл жұмысты балалармен жұмыс істеу ережелерін меңгерген маман педагогтар атқарады. Биылғы ҰБТ-ның ерекшелігі, бірде-бір мұндай көңілге қаяу түсіретін жағдай орын алған жоқ.
– Тест сұрақтарын кімдер дайындайды?
– Ең бірінші бұл жұмысқа мектептің мұғалімдерін қатыстырамыз. Оларға біліктілік категориясы жоғары, еңбек өтілі бар, осындай жұмысқа бұрын қатысып жүрген тәжірибелі адам болуы керек деген талаптар қойылады. Және оны облыстық білім басқармасы ұсынуы керек. Осылардан іріктейміз. Кей жағдайда ЖОО-ның оқытушылары да қатысады. Бұларға арнайы семинар өткізіледі. Содан кейін олар тест тапсырмаларын жасайды, әрі қарайғы жұмысты басқа топ жүзеге асырады. Тест сапасын тексерудің тиімді бір жолы сынақты мектептерге барып өткізу болып табылады. Яғни, апробация түрі. Мұнда балаға баға қойылмайды, керісінше тест сапасын анықтаймыз. Қарапайым қағида: тест тапсырмасын балалардың барлығы орындайтын болса, ендеше, ол жарамсыз деген сөз, өйткені, бұл қарапайым жай жеңіл жол болып шығады, мұнымен бір сыныпта отырған оқушылардың білім деңгейі бағаланбайды, екінші жағдай –ешкім жауап бере алмаса да солай, ондай сынақ тапсырмасы автоматты түрде жарамсыз болып шығады. Себебі, олай болуы тағы дұрыс емес.
– ҰБТ-ға көпшіліктің сенімі туралы не айтар едіңіз?
– ҰБТ-ға қоғамның көзқарасына орай 2012 жылы арнайы сауалдама жүргізілген болатын. Мұны Қазақстан социологтары мен саясаткерлері қауымдастығы жүргізді. Одан кейін 2014 жылы Мемлекеттік білімді дамыту бағдарламасының орындалу барысы бойынша тағы да басқа ұйымдар сауалдама жүргізді. Соның ішінде бір сұрақ, осы қоғамның ҰБТ-ға пікіріне қатысты. Сондағы жауаптарға қарап отырсақ, сауалдамаға қатысқан мамандардың 70 пайызы, одан сәл артығы ҰБТ қалыптасқан жүйе деп есептейді, және де ЖОО-на түсуді тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік беретін жүйе делінген. Шындығында, сырт көзбен қарайтын сарапшылар ҰБТ рөлін дұрыс түсінеді деп ойлаймын. Сонымен қатар, ол әлеуметтік міндетті атқарушы, ауыл мектептерінде оқыған балалардың ЖОО-на көп шығынсыз, алысқа ат арылтпай-ақ түсуіне мүмкіндік туғызатын жүйе ретінде маңызды. Енді әрине, ата-аналар көбіне ҰБТ туралы дәл мәліметті баласы оқу бітіріп жатқанда біле бастайды. Бұл жайт мұғалімдерге жақсы аян... Мұны дамыту керек, жетілдіре түсу керек деген пікірлер бар. Осының қорытындысы ретінде бір нәрсені айтуға болады, биыл білім туралы өзгеріс енгізілді. ҰБТ-ның анықтамасы өзгертілді. Егер 2004 жылдан бері ол біріншіден, аттестат үшін тапсырылатын сынақ болса, екіншіден, ЖОО-на түсу үшін өткізілетін, енді келесі жылдан бастап ҰБТ сынағы тек қана ЖОО-на түсуге мүмкіндік береді. Яғни тағы бір жаңа кезеңге табан тірегелі тұрмыз. Ол үшін дайындық жұмыстарын жүргізуіміз керек, әрине. Бұл жұмыстар енді ғана басталып жатыр. Анықтама заңда өзгертілгенмен, басқа құжаттар әлі дайындалған жоқ. Жоспар жасалған жоқ. Соған байланысты біз қазір үлкен бір жаңа белесті бетке алғалы тұрмыз.
– Әңгімемізді қорыта келгенде, биылғы ҰБТ-ның қорытындысы қандай?
– Биылғы сынақта 125 балды 19 оқушы алды, оның көпшілігі Алматы қаласынан және Оңтүстік Қазақстан облысынан. Сондай-ақ, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Батыс Қазақстан облыстары мен Астана түлектері жақсы нәтижелер көрсетті. Мұндай жоғары балға ие болғандар былтыр 5, одан бұрын 7 еді. Бірақ 2011 жылы олардың ұзын-ырғасы 30 оқушыға жетіпті. 100 балдан жоғары жинағандар саны да белгілі. Бұлар – 16565 қатысушы, яғни бүкіл тапсырушылардың 19 пайыздан астамын құрайды. Ал, 50 балл жинай алмай қалғандар саны –14252. Бірақ бұл жерде бір жайтты ескеруіміз керек, 50 балдық көрсеткіш кейбір мамандықтарға міндеттелмейді, өйткені, бізде 25 шығармашылық мамандық бар. Оларға түсу үшін 50 балл жинау міндетті емес, онда екі пән – Қазақстан тарихы мен қазақ тілі пәндері ескеріледі. Қалған екі пәнді ЖОО-да тапсырады. Сондықтан оларды жолы болмай қалғандар санатына қосуға ешқандай негіз жоқ.
Әңгімелескен
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»