Елорда қалы кілемдей құлпырып тұр. Жайқалған желек, айналадағы қызыл-жасыл гүлдер ел мерейін өсіреді. Досты қуантып, тілеулес жандардың жүрегіне жылылық ұялатады. Кезінде: «Аязы – қатты, жері –сортаң, топырағы – құнарсыз», дегендер, гүл өсірудің нағыз технологиясы Астанада қалыптасқанына куә болды.
Бас қалада гүл отырғызу жұмыстары мамыр айында басталып, әлі күнге дейін жалғасып келеді. Қаланың жасыл желегіне жауапты «Астана көгалдандыру» АҚ мекемесі биыл 162 288 шаршы метр жерге гүл отырғызу жоспарланғанын айтады. Оның ішінде біржылдық және көпжылдық өсімдіктер, 25 мыңға жуық раушан гүлінің көшеті бар. Ал, қала гүлбақтары мен көше гүлзарларын әрлеу үшін 7 млн. 700 мыңнан астам гүл егілген.
Кез келген жоба идеядан бастау алатыны белгілі. Сол секілді елордалық гүл өсірушілер қаланы сәндеуде адам мен табиғат, технология мен дәстүр, зат пен түр арасындағы үйлесімдікке баса назар аударады. Нәтижесінде ашық алаңдарды жобалаудағы тәжірибе жыл өткен сайын жетіліп келеді.
– Мына гүлдердің бәрі өзіміздің жылыжайда өсірілген. Көздің жауын алатын гүлтөсемнің жасалуы оңай шаруа емес. Отырғызылған гүлдердің түр-түсінің өзінен мерекелік салтанат сезілуі тиіс. Ол үшін түстерді тиімді қолданып, гүл кілемдердің оюын айқындаймыз. Ажарын ашу үшін ақ мәрмәрдің қиыршық тастарын төсейміз. Ұлттық бояуымызды көрсететін оюларды білікті де білімді дизайнерлеріміз жасайды, – дейді саябақты безендіруге жауапты қызметкер Гүлнәр Сыздықова.
Айта кету керек, әлем елдері астаналарының әрқайсысының өздеріне тән сипаты бар. Бірі көне ғимараттарымен танылса, бірі тарихи нысандарымен, енді бірі қайталанбас ескерткіштерімен ерекшеленеді. Ал, біздің елорда алуан-алуан гүлдерімен көрген жанның жанарында ұзақ сақталады.
Мамандардың пікірінше, елорданы көркейтуге көбіне біржылдық өсімдіктер қолданылады. Сол гүлдердің тамыры жайқалғанға дейінгі күтімі бірнеше кезеңдерді қамтиды, аса төзімділікті қажет етеді. Гүлзарларды сапалы екпе гүл көшеттерімен қамтамасыз ету үшін қалада 2 жылыжай кешені жұмыс істейді. Онда 3 174 700 біржылдық және 800 000 кілем тәрізді гүл көшеттері өсіріледі. Жылыжайда шырайгүлдің 16, барқытгүлдің 3, алиссиумның 2, арыстан ауыздың 5, виоланың 11, нарқайсардың 5 түсі бар. Жалпы, 85 түрлі гүлдің тұқымы егіледі екен.
Әрине, гүл өсірудің машақаты көп. Жерді өңдеу, тұқымды егу, суару, желдету, қопсыту, отау, тыңайту, таңбалау секілді жұмыстарға 1800 адам тартылған. 253 арнаулы техника жұмылдырылады.
Елордалықтарға, әсіресе түрлі пішіндегі жержамылғы гүлдері ұнайды. Қалемшелеу әдісімен өсірілетін алуан гүлдердің жиынтық саны 800 000-нан асатын көрінеді. Олардың қатарында альтернантера, седум, цинерария, эхеверия, қамыс, сенеция, бозот және тағы басқа гүлдердің түр-түрлері бар. Қаланың сәнін келтіріп тұрған піл, керік, тасбақа, хоккей ойыншысы, «Табиғатты аяла» композициясы, жер шары, түйелер, құмыра, футбол добы және басқа да жасыл мүсіндердің сырты осы гүлдермен безендіріледі.
«Мұндай жасыл сұлбаларды жасаудың өзіндік тәсілі бар. Алдымен темір сымнан қаңқасын жасаймыз. Оның ішін топырақпен толтырамыз. Сырты тормен қымталып, гүл отырғызатын қалың материалмен көмкеріледі. Суретшілер сызып берген жобамен гүлдерді рет-ретімен отырғызамыз. Гүлдер тығыз орналасқандықтан, сұлбамыз әдемі көрінеді. Көбіне альтернантера, цинерария, сантолина секілді гүл түрлерін қолданамыз. Мәселен, бір ғана піл бейнесін жасау үшін 160 мың дана гүл егіледі», – дейді жылыжай агрономы Мария Царева.
Оның айтуынша, тік көгалдандырудағы гүлзарлармен бірге 19 сәндік фигураға 643 мыңға жуық төселмелі кілем тәріздес өсімдік өсірілген.
Бүгінде «Президенттiк» бақ, «Арай», «Жерұйық» саябақтары, «Ақорда», «Қазақ елі» алаңдары мен «Шабыт» шығармашылық сарайы, «Студенттер» саябағы мен қалалық әкімдік, Абай ескерткішінің аумағы және тағы басқа жерлер ұзатылған қыздың жасауындай жайнап тұр.
Бұл ерен еңбектің, ортақ бейнеттің арқасында жазық даламыздың жасыл желекке айналып келе жатқанын айқындайды.

Елорда маңы – ен тоғай

Жерсіндіру технологиясы жетілдірілді
Аманжол КЕБЕКБАЕВ,
«Астана көгалдандыру құрылысы» АҚ бас агрономы:
Біздің басты мақсат – Астананың экологиялық жағдайын барынша жақсарту. Осы уақытқа дейін түрлі бағдарламалар қабылданды, арнаулы шаралар жүргізіліп келеді. Топырақтың құнары, ауа райының жайсыздығы ғылыми ізденісті қажет етті. Нәтижесінде климаты қатал аймақ құлпырып шыға келді.
Әсем шаһардың шырайын келтіру үшін нәзік гүлдердің бабы барынша күтімді қажет етеді. Биыл Алматы ауданында – 50 мың шаршы метр, Есіл ауданында – 90 мың шаршы метр, Сарыарқа ауданында 20 мың шаршы метр жерге гүл егіледі. Біздің мекеме елорданың жас көшеттерін отырғызып қана қоймай, оны бағып-қағумен айналысады. Сондықтан, жүктелген міндеттерді орындау үшін мекеме құрамында көгалдандыру құрылысы, күрделі құрылыс, тәлімбақ, жылыжай шаруашылығы, ландшафттық-жобалау шеберханасы, бас инженер қызметі сияқты 15 қызмет түрі іске қосылған.
Біз елорданың қатаң топырақты-климаттық жағдайларын ескере отырып, ірі ағаштарды жер кесегімен қоса жерсіндіру технологиясын қолданамыз. Яғни, ағаш арнайы контейнерлермен тасымалданып, егілу жерінің топырағы 100 пайыз ауыстырылады. Егілетін материал КЕЙС және ОПТИМАЛ арнайы маманданған техникалар көмегімен дайындалады. Көшет егу келесі тәртіппен жүзеге асырылады: жер телімін бөлу, егу орындарын қазу, жарамсыз жерді тасып әкету, дренаж төсеу, көшетті орналастыру, сүйеу қазығын қағу, құнарлы өсімдік топырағын араластыру, қазыққа байлау, су құюға арналған жиегін жасау, суару, жабындау.
Астанада ағаш пен бұта отырғызу мекемеміздің тәлімбағында дайындалатын жеке отырғызу материалы есебінен іске асатынын ерекше атап өту керек. Ол – кеңес заманынан сақталып келген, аумағы 349 гектарға тең, Орталық және Солтүстік Қазақстанда ғана емес, тұтас республика көлемінде 600 мыңға жуық түрлі ағаш көшеттерін өсіретін бірден бір ірі тәлімбақ саналады.
Сұлулығы көз суырады
Мерей МЕЙІРБЕКОВ,
қала қонағы:
– Бүгінде әлем елдері «жасыл экономиканы» дамытуды бастап кетті. Ол дегеніміз экологиялық ахуалды қалыптастыру, алып зауыттардан шыққан улы түтіндерді залалсыздандыру, қоршаған ортаны адамзат игілігіне айналдыру. Бұл ретте қаланың бастамасы жаман емес деп ойлаймын. Сәні мен сәулеті келіскен ғимараттар ғана емес, жасыл желегі де қуантады. Астана көшелері мен саябақтарында өсіп тұрған сан алуан гүлдер нағыз сұлулықтың символы. Әсіресе, «Президент» саябағы ерекше құлпырып тұр. Күйбең тірліктен шаршағанда, жанға жайлы, көңілге медеу болатын нағыз демалыс орны деп білемін.
Көкпен көмкерілген көркемдік
Әсел ЖАЙНАҚОВА,
елорда тұрғыны:
– «Бір тал кессең, он тал ек», деген бабалар аманаты бар. Осы аманат үдесінен шығып, айналамызды жасыл желекке айналдыра берсек, келешектің де бізге айтар алғысы шексіз болар еді. Қаланың тазалығына әр тұрғын жауапты болса екен деймін. Отбасымызбен жыл сайынғы сенбіліктен қалмаймыз. Айналаны тазалап, ағаш егіп, оны суарып, бір кісідей көмектесеміз.
Менің ойымша, елорданы көркейтуге әрбіріміз борыштымыз. Осыны ұғынғанда ғана бас шаһарымызды көкпен көмкеріп, гүлмен кестелей аламыз.
Бетті әзірлеген Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ, журналист