Кеше Парламент Мәжілісінің кезекті жалпы отырысы болып, онда екі мәселе қаралды.
Бірінші кезекте халық қалаулылары Мәжілістің бұрынғы Төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетовтің «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің төрағасы болып сайлануына байланысты өз еркімен орнынан түсуі туралы мәселені қарап, бірауыздан қолдау білдірді.
Осыдан кейін палата отырысына төрағалық етуді Мәжіліс Төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева жалғастырып, депутаттарға күн тәртібіндегі екінші мәселені жария етті. Ол – Парламент Мәжілісінің жаңа Төрағасын сайлау. Заң бойынша палата төрағалығына кандидатты Мәжіліс депутаттары ұсынады.
Сөз алған депутат Қуаныш Сұлтанов Мәжілістегі «Нұр Отан» партиясы фракциясының тапсыруымен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағалығына бір ғана депутаттың, яғни Нұрлан Нығматулиннің кандидатурасын ұсынды. Одан әрі Қ.Сұлтанов Н.Нығматулиннің өмірбаян беттеріне шолу жасап өтті.
Басқа кандидат ұсынылмағандықтан, Г.Исимбаева Н.Нығматулиннің кандидатурасын талқылауды ұсынды. Алғашқы сөз кандидатты ұсынушы Қуаныш Сұлтановқа берілді. Нұрлан Зайроллаұлы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің ең жауапты мәселелерін шешуде зор сенім көрсетіп жүрген әріптестерінің бірегейі. Ол мемлекетіміздің құрылысы мен қуаттануы бағытында Президент тапсырған аса маңызды лауазымдық қызметтерді абыроймен атқарып, қайратына бедел қосып өсумен келе жатқан тұлға. Екіншіден, біздің ұсынған кандидатымыз өңірлер мен мемлекет басқару ісінің күрделі әрі мол тәжірибелі мектебінен өтіп, ел тынысын, жағдайын біліп, шыңдалып кемелденген, елімізге танымал мемлекет қайраткері. Үшіншіден, Н.Назарбаевтың қоғамымыздың сапасын өзгертетін Бес институттық реформасы, «100 нақты қадамы» біздің барлығымыздың алдымызға, әсіресе, Үкіметке, Парламентке, сот билігіне, барлық мемлекеттік институттарға жаңа міндеттер қойып отыр. Н.Нығматулин – Елбасының осы стратегиясының жүзеге асырылуының мазмұны мен тетігін білетін адам. Ол жаңалыққа, қандай да даму мен өзгерістерге сезімтал, мүмкін болатын дағдарыстардың алдын алуға қабілетті. Парламент жұмысын ұтымды ұйымдастыруға шебер, шымыр, ширақ басшы, дей келіп, әріптестерінен оның кандидатурасын қолдауды өтінді.
Одан кейін сөзді депутат, «Ақ жол» партиясы фракциясының басшысы Азат Перуашев алды. Ол осыдан 4 жыл бұрын Н.Нығматулиннің Мәжілістің бесінші шақырылымында Төраға болғанын еске алып, оның парламентаризмге демократиялық дәстүрлер әкелгенін атап өтті. Н.Нығматулин пікірсайыстарға тікелей араласып, оң шешімдердің қабылдануына игі ықпал етіп отырды. Фракциялардың пікірлері мен ұсыныстарының айтылуына да жағдай туғызды, дей келіп, кандидатураны қолдайтынын жеткізді. Халықтық коммунистер партиясы фракциясының жетекшісі Владислав Косарев те Н.Нығматулиннің кандидатурасын қолдап сөйледі. Ол өткен шақырылымда өзін спикер ретінде тамаша қырынан көрсете білді. Заң жобасын жеткілікті дәрежеде дайындамай әкелген Үкімет мүшелерін Нұрлан Зайроллаұлы мінберден түсіріп жіберіп отырды. Осының өзі Парламентте жоғары деңгейлі іскер ахуал қалыптастырған еді, деді ол. Депутат Нұртай Сабильянов та өзінің сөзінде Н.Нығматулиннің кандидатурасы Төрағалыққа әбден лайықты екенін атап айтты.
Одан әрі Мәжіліс жасырын дауыс беруді өткізетін және оның нәтижесін анықтайтын 7 адамдық Санақ комиссиясын сайлады. Жасырын дауыс беру үдерісіне 20 минөттік үзіліс жарияланды. Санақ комиссиясының төрағалығына сайланған Асқар Базарбаев жасырын дауыс беру нәтижесінде Нұрлан Нығматулиннің Мәжіліс Төрағасы болып сайланғанын жариялады. Оның кандидатурасын жақтап сайлауға қатысқан 102 депутаттың бәрі дерлік дауыс бергені белгілі болды.
Отырыс қорытындысында жаңа Төраға Н.Нығматулин өзін бірауыздан сайлаған әріптестеріне алғысын айтты. Бұл – мен үшін үлкен мәртебе әрі үлкен жауапкершілік. Алдағы уақытта Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың және сіздердің сенімдеріңізді ақтау, Мәжілістің жұмысын одан әрі күшейту жолында барлық күш-жігерімді, тәжірибемді аямай жұмсайтыныма сендіремін, деді ол.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»