Елордадағы Президенттік мәдениет орталығында мемлекет және қоғам қайраткері Қаратай Тұрысовқа арналған әдемі кеш өтті. Оған қоса марқұмның 75 жасқа толуына орай шығарылған «Азамат» атты кітаптың тұсауы кесілді. Онда Қаратай Тұрысов жайлы елімізге танымал қайраткерлердің, қаламгерлердің тағылымды ой-толғаныстары, әлемдік экономикалық ойдың көрнекті өкілдерінің берген бағалары, азаматтың көзі тірісінде мерзімді басылымдарда жарияланған мақалалары мен сұхбаттары жинақталған.
Еске алу кешінде алдымен ел ағасының жарқын бейнесі сақталған фильм көрсетілді. Фильм авторы тележурналист Мақат Садық қайраткердің тұлғасын аша түсу үшін Кеңес Одағы тұсында оның КСРО Жоғарғы Кеңесіне екі дүркін депутат болып сайланғанын, Бүкілодақтық кәсіподақтар Орталық комитетінің хатшысы қызметін абыроймен атқарғанын, тәуелсіздің тұсында Министрлер Кеңесі Төрағасының орынбасары, Парламент Мәжілісінің депутаты болғанын тілге тиек ете келіп, оның сол кезеңдердегі бейнесін жасапты. Фильмде ресейлік және қазақстандық әріптестерін, замандастарын сөйлеткен кадрлар да бар. Кезінде Қиыр Шығыстағы бүлікшілікке басу айтып, адамдарды райынан қайтарған, БҰҰ-ның кезекті жиынында Кеңес Одағы атынан сөз алып, ең алдымен, ядролық қарусыз әлемді насихаттап, полигон мәселелеріне алқалы көпшіліктің назарын бұрғызған қазақтың азаматы мәскеулік әріптестерінің де жадында екен. 10 минуттық қысқаша фильм ол кісінің әр жылдардағы бейнесін көрермендерге қауыштырды.
Кешті жүргізген Президенттік мәдениет орталығының директоры Мырзатай Жолдасбеков ел ағасы атанған қайраткер туралы айта келіп, сахна төріне сенатор Қуаныш Сұлтановты шақырды. Алайда, сенатор естелік айтуды тай-құлындай шұрқырасып өскен достарына қалдырып, кешті ұйымдастырған азаматтарға, сондай-ақ шашпай-төкпей, аса кәсібилікпен, жан жылуын төге отырып азаматқа арналған кітапты құрастырған белгілі қаламгер Сауытбек Абдрахмановқа ризашылық сезіммен алғыс айтты. «Бұл Тұрысовтар әулетінің сөресінде ғана тұратын емес, бүкіл қазақ қызығушылықпен оқитын, қазақ баласының ой өресіне әсер ететін бай кітап болыпты», – деді.
Мәжіліс депутаты Кенжеғали Сағадиев те әңгімені әріден бастады. Сонау 70-ші жылдары Торғай облысы алғаш ашылған тұста жоғары партия мектебін бітірген 26 жас жігіт өңірге келіп еді, соның ішінде Қаратай Тұрысов та бар болатын-деген ол одан әрі тапқанын, соның бірқатары «Мәскеу біздің Қаракеңді БҰҰ-ның жиынына жәй жібере салған жоқ. Депутаттардың арасынан таңдап, осы батыл сөйлей алады ғой деп жіберген. Біз сонда Алматыда отырып БҰҰ-ның жиынында қазақ азаматының батыл ойлар айтқанына, именбей сұрақ қоя білгеніне мақтанып едік. Кейіннен Қиыр Шығыстағы көтерілісті орыстар өзі баса алмай, араағайындыққа Қаратайды жіберіп, ол өзінің дипломаттық тамаша қасиетін танытып, көтерілісті басып қайтқаны туралы жаңалық та ел ішінде дүр ете қалды. Бұл да бізге мақтаныш сезімін туғызған. Ол шын мәнісінде тұлға болатын. Кеңестік кезеңде де, тәуелсіздік жылдарында да барын салып еңбек еткен азамат. Әсіресе, Қазақстан тәуелсіздігін алған алғашқы жылдарда Елбасының шақыруымен елге оралып, елдің әлеуметтік-экономикалық концепциясын жасады. Оған дейін мұндай тұжырымдама болған емес. Әлеуметтік саланың ғылыми негізін салды. Парламентте екі шақырымда да бюджет саласын басқарды. Ол кезде қазіргідей ақша көп емес-тін. Сондықтан қаржының орны-орнымен бөлінуіне ықпал ете білді. Бұл аса қиын шаруа. Қаратайдың ел тарихындағы орны бөлек», – деді.
Кеш барысында ақын Кәкімбек Салықов та сөз кезегін алып, өмір жолында сапарлас, дәмдес-тұздас болған азамат жайлы әңгіме айтқанда, алдымен тәуелсіздікке, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа тоқталмау мүмкін еместігін, өйткені олар тәуелсіздік алған тұста ең елеулі еңбектерді атқарған тұлғалар екенін баяндады. «Қаратайдың мамандығы геолог. Бізді сол кезде Мәскеуге жетелеген күш – Қаныш Сәтбаевтай геолог болсам деген арман еді. Содан екеуміз де осы салада оқу бітірдік. Мәскеуде де, елде де жолымыз түйіскен кездер аз болған жоқ. Екеуміз әңгімелесе қалсақ, түсті металлургия тақырыбын, соны елдің мүддесіне қалай пайдалану жайын айтатынбыз. Қаратай жаны дарқан, ақкөңіл, еңбекқор жігіт еді. Адамсүйгіштігі бір бөлек әңгіме. Нұрсұлтан «ең алдымен экономика» деді. Соны теориялық жағынан негіздеген осы Қаратай. Ол үлкен ғалым. Ғылымға теориялық тұрғыдан емес, тәжірибе арқылы келген. Бұны зерттеу жас ұрпақтың еншісінде», – деді ақын ағамыз.
Бұдан кейін қазақтың талантты ақын қыздары Фариза Оңғарсынова мен Ақұштап Бақтыгереева да ел ағасының жомарт мінезін, азаматтығын, руға, жүзге бөлмейтін дархан пейілін еске алып, көрермен ықыласын аударды.
Ал «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ басшысы Сауытбек Абдрахманов кітапты құрастыру барысында ол кісінің аса мұқияттығына, мақала, сұхбаттардан бөлек, басшылық қызметте жүргенде жазған баяндамаларының да сақталғанына тәнті болғанын әңгімеледі. Оның азаматтығын, ел арасында сыйлы болғанын көрсететін оқиғалардан да көпшілікті хабардар еткен қаламгер: «Кітаптың алғысөзінде «Тұрысовтың табиғатын танытып тұратын бір ғана түйінді сөз іздер болсақ, біз қазақтың «азамат» деген асыл ұғымын алдымен ауызға алатынымыз анық», деп Елбасы жазған жолдар бар. Біз Елбасының берген бағасын кітаптың атауы етіп алдық» – деді.
Айгүл СЕЙІЛОВА.