ҚР Сыртқы істер министрлігі мен Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің біріккен іс-шараларының арқасында 1-2 ақпанда Египеттегі қазақстандықтардың басым бөлігі отандарына оралды. Каир – Алматы бағыты бойынша арнайы екі рейспен 206 адам шығарылды. Олардың ішінде Тәжікстанның үш азаматы бар.
ҚР Египеттегі елшілігінің қызметкерлері отандастармен байланыс орнату, елден кетушілердің тізімін жасау, арнайы рейстердің кетуі мен келуін үйлестіру, паспорттық тексеруден өткізу мен ұшаққа отырғызу секілді маңызды жұмыстарды атқаруда.
Елшіліктің барлық дипломатиялық құрамы мен бірқатар техникалық қызметкерлері (барлығы 12 адам) Египетте белгілі бір себептермен қалған азаматтарымызды елге қайтару жұмыстарымен айналысып, қызметтік борыштарын өтеуде. Қажеттілік туған жағдайда, Қазақстан жағы тиісті көмек көрсету жөнінде достас мемлекеттермен байланыста болады.
Египетте қалыптасқан ахуалды ескере отырып еліміздің СІМ-і қазақстандықтарға жағдай реттелгенге дейін бұл елге барудан бас тарта тұру жөніндегі ұсынысын 14 ақпанға дейін ұзартады, деп хабарлады ҚР СІМ-інің баспасөз қызметі.