Қоғамдық құбылыстарды санасына сіңіріп, жүрегінен өткізіп, сосын оны жұртына жеткізіп, ақ-қарасын, дұрыс-бұрысын талдаудан жалықпайтын бір мамандық иесі бар болса, ол – журналист. Қоғамдық ақпараттық саланың жауынгері «өз майданында» тынымсыз табанды «ұрыс» жүргізеді.
Біздің елімізде мамандықтардың мемлекеттік жіктелісі (классификатор) деген бар. Ол – заңдық күші бар құжат. Осы құжатта қазір бір ғана «журналистика» деген мамандықтың шифры көрсетілген. Сол шифр бойынша баспасөз, теле-радиожурналистика және жаңа медиа мамандарын біріктіріп, бір-ақ даярлауға міндеттіміз. Мәселенің ең үлкені осында. Өздеріңіз білесіздер, баспасөз бен теле-радиожурналистиканың жер мен көктей айырмашылығы бар. Екеуінің ақпарат тарату технологиясы бірі-бірімен сәйкес келмейді. Айталық, баспасөз студенттердің жазу машығын қалыптастыруды талап етсе, теле-радиожурналистика олардың сөйлеу мәдениетін, орфоэфия ережелерін жетік меңгеруін қажет етеді.
Ал жаңа медиа өз алдына жатқан бір әлем. Біз қазір осылардың барлығын бір шифрмен бекітілген жалғыз мамандық шеңберінде оқытып жүрміз. Қиындық та содан туындайды. Тығырықтан шығар жол қайсы? Шетелдердегідей баспасөз мамандарын бөлек, теле-радиожурналистер мен жаңа медиа тізгінін ұстайтындарды жеке-жеке даярлауға көшу керек. Ол үшін көп созбай еліміздегі мамандықтардың мемлекеттік жіктелісіне өзгеріс енгізіп, жоғарыда аталғандай журналистиканың үш бағыты бойынша жеке-жеке шифрмен маман әзірлеуге мүмкіндік жасалынуы – уақыт талабы. Ол енді Білім және ғылым министрлігінің құзырындағы шаруа.
Журналистік білім беретін жоғары оқу орындары алдында шешуді қажет етіп отырған келесі мәселе – әр сала бойынша кәсіби журналистер даярлау жайы. Бұл үшін қазіргі БАҚ редакцияларының штаты, біздіңше, кемінде екі есе өсуі керек. Себебі, қазір олар әмбебап журналистер ұстап отыр, сол арқылы теле-радио бағдарламасын, газет-журнал шығарып жатыр. Ертең салалық маман даярланған кезде олардың әр сала бойынша маман ұстауына тура келеді. Яғни, қазіргі штаттары екі есе көбейеді деген сөз. Ал соны бұқаралық ақпарат құралдарының бюджеті көтере ме, қаржымен қамтамасыз ете ала ма деген мәселені тереңірек зерттегеніміз жөн.
Осы мәселені бес-алты жыл бұрын отандық БАҚ редакторларымен талқылағанымызда олар: «Біз оған әзірге дайын емеспіз», – деген тұжырымға тоқтаған болатын. Кезінде солай дегендер қазір салалық журналистер қажет деген қоғамдық пікір қалыптастырып жатыр. Соны ескеріп, біз де бейімделу үстіндеміз. «Журналистика» мамандығының модульдік білім бағдарламасы бізде алты бағыт бойынша өрілді. Оның біріншісі – баспасөз журналистикасы, екіншісі – радиожурналистика, үшіншісі – тележурналистика, төртіншісі – спорт журналистикасы, бесіншісі – фотожурналистика, алтыншысы – интернет журналистика.
Бірінші курстан төртінші курсқа дейін осы алты бағыттың пәндері жүйелі жалғасын тауып оқылатын болады. Бұл – біздің университеттің журналистика және саясаттану факультетінде ғана қолданысқа енген жаңалық. Бұл жүйе сапалы мамандар даярлауға мүмкіндік береді деп үміттенеміз. Кез келген бастаманың орындалуы оңай болмайтыны бесенеден белгілі. Алғаш енгізіп отырғандықтан біз мынадай қиындықтарға тап болдық. Біріншіден, аталған бағыттар бойынша мықты, сапалы білім беретін мамандар тапшылығын сезінудеміз. Екіншіден, кейбір бағыттар бойынша оқулықтар мен оқу құралдары кемшін, әсіресе, мемлекеттік тілде жетіспейді. Қазір білім ордамызда осы мәселелерді шешу бағытында жүйелі жұмыстар қолға алынуда.
Болашақ журналистердің шеберлігін қалыптастыру өндірістік тәжірибе арқылы жүзеге асатыны белгілі. Біз бірінші курстан бастап студенттеріміздің теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыруларына аса мән береміз. Бірінші, екінші курстарда олар оқу тәжірибесінен өту үшін негізінен жергілікті газет-журнал редакцияларына жіберілсе, үшінші, төртінші курстарда республикалық БАҚ-та міндетті өндірістік тәжірибеден өтеді.
Студенттеріміздің теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыра шыңдауда тағы бір айрықша айтуды қажет ететін үлкен жетістігіміз – кейбір пәннің студиялық сабақтары БАҚ редакцияларында өте бастауы. Бұл айтуға жеңіл көрінгенмен, қол жеткізуге келгенде қиын мәселе. Ол үшін белгілі бір БАҚ редакциясымен келісімшарт жасасуға тура келеді. Онда біраз жауапкершілік жүктелетіндіктен, БАҚ басшыларының келісімін алу қиын. Радиожурналистика мен тележурналистиканың аса қажетті студиялық сабақтарын студенттеріміз заманауи техникамен жабдықталған, елімізде ғана емес, ТМД-да теңдессіз саналатын Астанадағы 20 қабатты Қазмедиаорталық ғимаратында өту мүмкіндігіне ие болуда. Сонымен бірге, баспасөзбен байланысты пән сабақтары «баспасөз және баспа ісі» кафедрасының филиалы ретінде білім ордамызбен келісімшарт жасасқан «Егемен Қазақстан» газеті редакциясында өтетіндігі білім алушыларымыздың айрықша мақтаныш сезімін туғызуда. Қысқасы, факультетімізде шәкірттердің кәсіби тәжірибе жинақтауларына барынша жағдай жасалған.
Әлемдік деңгейдегі білікті мамандар тапшылығы мәселесін президенттік «Болашақ» бағдарламасымен шетелде мамандар даярлау арқылы шешуге көңіл бөле бастадық. Кейінгі 3-4 жылда факультетіміздің алты оқытушысы «Болашақ» бағдарламасы аясында шетелдің жетекші жоғары оқу орындарында білім алып, біліктіліктерін жетілдіріп келді. Оқытушыларымызды қысқа мерзімдік тәжірибе алмасу мақсатында шетелге жіберу үрдісі де білім ордамызда мықтап қалыптасып келеді. Оның нәтижесі мол боларына сеніміміз кәміл.
Кейінгі кездері журналистикамен кім болса сол айналысып кетті. Біздіңше, басқа сала мамандарының журналистикада жүруі жетістік емес, керісінше кемшілік. Себебі, кез келген сала кәсіби маманмен қамтамасыз етілмейтін болса, ол саланың жұмысы ақсайды. Әр салада өзінің кәсіби маманы болғанда ғана сапалы өнім шығарады, сонда ғана бәсекеге қабілеттілік артады. Қазір елімізде телевизиялық БАҚ-ты әртістер жаулап алды. Олар БАҚ техникасын білсек, жұмыс істеп кете береміз деп ойлайтын шығар. Бірақ журналистиканың функциясын, жауапкершілігін, жанрларын, тілі мен стилін, олардың ерекшеліктерін терең білмей, қалай журналист болып жүргеніне таңғаласың. Соның салдарынан бұқаралық ақпарат құралдарында жанр деген жойылды. Қойыртпақ дүниелер көбейіп барады. Әр жанрдың өзінің функциясы, ерекшеліктері бар. Жанрлардың көп болуы БАҚ-тың шырайын келтіреді.
Қоғамның біркелкілігіне, қоғамның тұрақтылығына қызмет ететін журналистика болуы керек. Мысалы, Ақселеу Сейдімбек ағамыз кезінде осындай ала-құлалыққа қатты күйініп жүрді. «Мына телеарна жекеменшік шығар, ал оның көрермендері жекеменшік емес қой», дейтін. Көрерменге өзінің мақсат-мүддесін, бизнестік мұратын тықпалау – олардың сана-сезімін бұзуға бағытталған әрекет екені анық. Кейбір телеарналар, тіпті, синтетикалық есірткінің қалай жасалатынына дейін көрсетіп жатады, сонда мұндағы мақсат не? Қысқасы, журналистиканы кім көрінгеннің қолжаулығына айналдырсақ, елде үлкен қайшылықтар туады. Әр журналист жауапкершілікті терең сезінуі керек, оның дұрыс сөзі миллиондарды ымыраға келтіруі, керісінше, бұрыс сөзі бүлдіруі мүмкін.
Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлы: «Алаш азаматтары, білмей жазып, елді адастырсаңыздар, алты миллион қазақтың обал-сауабы сіздің мойныңызда, сондықтан не айтсаңыз да біліп айтыңыз, не жазсаңыз да біліп жазыңыз. Сіз адассаңыз, сіздің соңыңыздан халық адасады», – деген. Сол жауапкершілік қазір де керек. Біз осыны оқытамыз. Жауапкершілікті терең түсінетін, айтып және жазып қана қоймай, сөз атты мәртебелі өнерді орынды қолданумен бірге оның талабына толық жауап беретін кәсіби мамандар даярлауға маңыз береміз.
Қайрат САҚ,
Л.Н.Гумилев атындағы
ЕҰУ журналистика және саясаттану факультетінің деканы
АСТАНА