24 Маусым, 2016

Жаңаша пішімге ие ұйым

326 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Ерік ӨТЕМБАЕВБүгін Өзбекстан астанасы – Ташкент қаласында Шан­хай ын­тымақтастық ұйы­мына мүше мемлекеттер басшыларының сам­миті өтеді. Оған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан На­зарбаев қатысады. Жетекші ұйымның ха­лық­аралық сипатқа ие жиыны қарсаңында бізге Қазақ­станның Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ерік ӨТЕМБАЕВПЕН аз-кем сұхбаттасудың сәті түсті. – Ерік Мылтықбайұлы, биылғы жыл – ШЫҰ үшін мерейтойлы жыл. Себебі, ол өзінің 15 жылдық белесінен өтті. Бүгінде бұл ұйымға кіруге басқа да мемлекеттердің ниет­тес танытуы байқалып отыр. Сіз ұйымның болашағы тура­лы не айтасыз? ШЫҰ кеңіс­тігінің кеңеюі оның құзыретіне қаншалықты тиімді әсер етуі мүмкін? – Иә, биыл ұйым өзінің 15 жылдық белесін бағындырды. ШЫҰ аясында атқарылған жұмыс­тардың маңызды нәтиже­лерінің бірі – бүгін қабылданатын Ташкент декларациясы, онда біз ұйымның одан әрі қарайғы даму жолдарын айқындауға тырыстық. Бұл, ең алдымен, ұйымға мүше елдердің өзара ықпалдастығына жаңа мүмкіндіктер ашады деп санаймыз. ШЫҰ үлкен эволюциялық жолдан өтті. Біз «Шанхай бестігі» пішімінен  үлкен өңірлік ұйым пішіміне қарай көшіп отырмыз. Өздеріңіз білетіндей, биыл ұйымға Пәкістан мен Үндістанның қосылу үдерісі жүріп жатыр. Жалпы алғанда, бұл – дүниежүзі халқының шамамен 45%-ы осынау белді де беделді әрі жетекші халықаралық ұйымның мүшесіне айналып келеді деген сөз. Яғни, мұндай эволюциялық жол осындай интеграциялық үдерістің өңірде аса қажеттілік туындатып отырғанын байқатты. Қазақстан Президенті әрдайым терроризмге қарсы кең ауқымды коалиция құру туралы бастама көтеріп келгені белгілі. Елбасының БҰҰ аясында терроризмге қарсы коалиция құру ту­ралы жақында көтерген бастамасы біздің Шанхай ынтымақтастық ұйымы үнқа­тысу алаңында әлемді алаңдатып отыр­ған «күрделі құбылыстардың» алдын алуға және шешуге қауқары бар мықты ұйым құра алғандығымызды көрсетті. Біз өңірлік қауіпсіздікке қатысты тетіктерден бөлек, экономикалық ынты­мақтастық мәселелерін де талқы таразысына салып отырамыз. Мәселен, сауда-экономикалық бағытта ықпалдастық орнатуда арнайы жоба-жоспарлар әзірленіп, оның аясында жаңа нарықтар құруға барынша көп мән берілуде. Әлем халқының 45 пайызы – өте кең ауқымды алып жатқан нарық. Осы орайда, жаңа көлік дәліздерін дамыту және жандандыру бағытында үлкен мүмкіндіктер жасалып жатыр. Мәселен, қабылданатын Ташкент декларациясында бір жағынан көліктік әлеуетті, екінші жағынан жаңа көліктік-коммуникациялық жүйелерді дамытуға қатысты аспектілер қарастырылған. Бұдан бөлек, экстремизмге және терроризмге қарсы тұру, есірт­кі бизнесіне қарсы күрес жүр­­гізу бағыты бойынша өңірлік ықпал­­дастыққа айрықша назар ауда­ры­­лып отыр. Осы ретте, алдағы уақыт­­та Шанхай ынтымақтастық ұйы­­мына Қазақстанның төрағалық етуі ұйымның қызмет ету тетік­тері­­нің күшеюіне өзгеше серпін бере­­ді деп ойлаймыз. Біз, бұл орайда, жа­ңа қауіп-қатерлердің алдын алуға ық­пал ететін жаңа әдіс-тәсіл­дер­ді жүзеге асыратын боламыз. Бір ай­та кетерлік жайт, ол біздің өзара әріп­­тестігіміз үшін жаңа үнқа­тысу алаң­­­дарын орнатуға күш салып отыр­­­ғандығымыз. Себебі, мұн­дай қа­дам тек ШЫҰ-ға мүше елдер­ді ға­на емес, басқа да көптеген халық­ара­­лық өңірлік ұйымды біріктірері сөзсіз. Өздеріңіз білетіндей, АСЕАН, ҰҚШҰ, АӨСШК ұйымдары ШЫҰ-ға байқаушылар ретінде қатысады. Бұл орайда, ШЫҰ үнқатысу алаңының басым интеграциялық сипатқа ие екендігін айтуға болады. Сондықтан, келесі жолы Астанада болатын саммит кезінде тек осы ұйым шеңберінде ғана емес, басқа да халықаралық ұйымдар аясындағы ын­тымақтастыққа ықпал ететіндей құнды құжаттар қабылданады деп ойлаймыз.  – Сіз ШЫҰ тек қана терроризм мен экстремизмге қарсы күш-жігер бі­рік­тіретін ұйым емес екендігін, оның экономикалық ынтымақтастыққа ай­рық­ша ықпал ете алатын тетігі бар екен­дігін айттыңыз. Демек, бұл бола­шақта мемлекеттер арасындағы та­уар айналымы өседі дегенді білдіре ме? Экономикалық ынты­мақтастықтың жаңа кезеңі қандай мүмкіндіктерге жол ашпақ? – Сауда-экономикалық ын­ты­мақ­­тас­тық жоба-жоспары бір­неше тетікті қам­тиды. Олар тек өза­ра сауда айналымын ғана күшей­тпейді, сонымен қатар, ин­вести­циялық ынтымақтастыққа тиімді негіз қалайды. Сол себепті де, Ас­тана бірқатар маңызды бастаманы көтеріп отыр. Бұл бастамалар бізге банк секторы саласында ғана емес, инвестициялық ықпалдастық шеңберінде де өзара әрекеттесуге мүмкіндік беретін болады. Міне, осы орайда, Астана 2017 жылы ЭКСПО көрмесін өткізіп қана қоймай, «Астана» қаржы орталығын құруды ұсынып отыр. Демек, ШЫҰ үнқатысу алаңы арқылы біз мемлекеттердің эко­но­микалық, инвестициялық бастамаларын қолдап, қуаттауға мүмкіндік алатын боламыз. Біз үлкен бірлескен инфра­құрылымдық жобаларға жағдай жасап отырмыз. Бұл жобалар Ұлы Жібек жолын дамытуға да жол ашады. Қазақстан, бұл ретте, инвесторларға көп мүмкіндік жасау­да. «Астана» қаржы орталығы тек ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер үшін ғана емес, басқа да халықаралық ұйымдар үшін де маңызды үнқатысу алаңы болады деп ойлаймыз. – Жалпы, инвестициялық әріп­­тес­тікті жандандыру бағы­тындағы жұ­мыстар туралы не айтар едіңіз? – Жақында Шанхай ынты­мақ­тастық ұйымына мүше мемле­кеттердің іскерлік қауымдастығы өкілдерінің жиыны болып өтті. Осы жиын шеңберінде банк секторы саласы өкілдерінің жеке кез­десуі ұйымдастырылды. Кездесу ая­сында инвестициялық бағыттағы мә­­селелер талқыланып, бірлескен ин­фра­құ­рылымдық жобалар пы­сықталды. ШЫҰ-ны қамтитын өңір өте үлкен. Себебі, жаңа бір сөзімде айт­қа­ным­дай, әлем халқының 45 пайызы осы өңірде қоныстанған. Демек, үлкен ин­вестициялық мүм­кіндіктерге жол ашатын ауқымды үнқатысу алаңын құруда ШЫҰ-ның рөлі орасан дер едім. – Елбасының XXI ғасырдың бірыңғай интеграциялық жобасына Еуразиялық экономикалық одақты, Жібек жолы эконо­мика­лық белдеуін және Еуропалық одақты біріктіруге бағытталған «Үлкен Еуразия» идеясы туралы ойыңыз қандай? Оның ШЫҰ-мен, Еуразиялық экономикалық ынтымақтастық тетіктерімен қандай да бір байланысы бар ма? – Өңірлік ынтымақтастық барлық пішімдегі әріптестікті қамтиды. «Үлкен Еуразия» пішімі – өте өзекті. Себебі, біз жа­ңа көлік дәліздерін құруды қол­ға ала бастадық. Ең бастысы, біз инвес­тиция­лық, инфрақұрылымдық жобаларға көп көңіл бөліп келеміз. Сондықтан, Ұлы Жібек жолы идеясы, бірыңғай эко­но­микалық белдеу құру идеясы біз­ге мә­селеге басқаша қырынан келуге, сондай-ақ, біздің өңірімізде қолға алынатын жаңа жобаларға негіз болады деп санаймын. Қазақстан «Нұрлы Жол» бағ­дарламасы тетігін іске қосу арқылы біздің дұрыс жолда екендігімізді өз тәжірибесімен көрсетіп берді. Бұл мәселеде біз көптеген елге жақсы негіз қалап бердік деп ой­лаймыз. Аталған бағдарламаның инвес­тициялық тартымдылығын ескеріп, көп­теген мемлекет оның аясында жүзеге асы­рылатын жобаларға инвестиция құюға мүдделі болып отыр. Олардың ара­сында тек ШЫҰ елдері ғана емес, сондай-ақ, Еуропалық одақ мемлекеттері, Азияның инфрақұрылымдық-қаржылық институттары бар. Біз ШЫҰ-ның алдағы уақытта Ас­та­нада өтетін саммитінде сауда-эконо­ми­калық бағыттағы даму жобаларына қатысты нақты тетіктерді қарап, талқы­лай­тын боламыз. Бұл өңіріміздің жандануына жаңаша серпін береді деп ойлаймыз. – Қазіргі таңда ШЫҰ тетігінің кү­шейіп келе жатқандығы жөнінде жиі айтылады. Оған бүгінге дейін Пәкіс­тан мен Үндістан секілді елдердің мүше болуға айрықша талпыныс таныт­қанын қосыңыз. Бүгінде ол талпы­ныстың нәтижесі де жоқ емес. Мұ­ның бұған дейінгі «Шанхай бестігі» піші­мінің сапалық тұрғыда кеңеюіне қаншалықты оң ықпал етуі мүмкін? – Қазақстан Президенті үлкен ин­теграциялық бастамаларды көтерді. Мә­селен, Еуразиялық экономикалық одақ – еуразиялық тұғырнамада көптеген елдің басын біріктіретін үлкен алаң. Қазақстан өзге елдерге саяси тұрақтылықты насихаттап, интеграциялық үдерістердің қалай дамуы кажеттігін көрсетіп берді. Ал Пәкістан мен Үндістанның ШЫҰ-ға мүше болуға мүдделілік танытуы дамуға жақсы негіз қалаған «Шанхай бестігі» жолының эволюциялық сипатқа ие болып отырғанын көрсетеді. Қорыта айтқанда, алдағы уақытта Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалығы кезінде біз ықпалдастықтың жаңа пішімін көрсететін боламыз. Мұның мемлекеттер арасындағы өзара әріптестікке жаңаша серпін беретіні күмәнсіз. Әңгімелескен Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» Өзбекстан Республикасы, Ташкент қаласы