24 Маусым, 2016

Стандарттарға сай төлемдер

213 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Нұрлан Нығ­ма­тулинКеше Парламент Мәжілісі жаңа Спикер Нұрлан Нығ­ма­тулиннің төрағалығымен кезекті жалпы отырысын өткізді. Отырыста бірінші кезекте «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» заң жобасы және оған ілеспе заң жобасы екінші оқылымда қаралып, талқыланған соң мақұлданды. Заң жобасын Ұлттық банк әзірлеген. Оның мақсаты қазіргі қолданыстағы «Ақша төлемі және аударымы туралы» Заңның күшін жойып, жетілдірілген жаңа заңды қолданысқа енгізу. Заң жобасы негізінен төлем жүйелерінің жұмысын регламенттейді, төлем қызметтерінің нарығын реттейді және төлемдер мен ақша аудару тәртіптерін айқындайды. Оны әзірлеуде көптеген шетелдердің озық тәжірибелері ескерілген. Заң жобасы бойынша баяндама жасаған Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Дания Еспаеваның айтуынша, жаңа заң жобасы бойынша төлемдер мен ақша аударымдары қазіргі заманғы инновациялық технологияларды пайдалана отырып, жаңа әдістер арқылы жүзеге асатын болады. Мем­лекеттік бюджеттен және мемлекеттік әлеу­меттік сақтандыру қорынан төленетін жәр­демақы­лар мен әлеуметтік төлемдердің, тұрғын үй төлемдерінің, азаматтардың нотариус депозитіне аударылатын ақшасының есе­бінен банк есепшоты иесінің міндеттемелері бойынша берешекті өндіріп алуға шектеу белгілеу және тыйым салу көзделіп отыр. Сонымен қатар, заң жобасы «төлем ұйымы» делінетін жаңа ұғым енгізіп, оларда Ұлттық банкте есептік тіркеу режімін, Қазақстанның төлем нарығында өз қызметін жүзеге асыратын жеке банктік емес төлем ұйымдарының қызметіне мемлекеттік бақылау енгізу, төлем агенттері мен қосалқы агенттерді тарту арқылы төлем қызметтерінің белгілі бір түрін көрсету мүмкіндігі қарастырылған. Құжат қабылданған жағдайда төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыру кезінде ғана туындайтын құқықтық қатынастарды реттейтін қолданыстағы «Ақша төлемі мен аударымы туралы» Заңның күші жойылды деп танылады. Заң жобасын қарау барысында депутаттар төлем жүйесі қағидаларын нақтылауға және оларды оператордың интернет-ресурсында жариялау мерзімдеріне, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің төлем және төлем жүйелері саласындағы өкілеттіктерін нақтылауға қатысты түзетулер енгізді. Бұдан басқа, білім беру жинақтау жүйесі туралы шартқа сәйкес банктік шоттардағы ақшаға өндіріп алуды қолдануға жол бермеуді, жүйелік маңызы бар және маңызды төлем жүйесінің операторлары үшін ең төмен талаптарды нақтылауды енгізді. Ал ілеспе заң жобасында негізгі заң жобасында белгіленетін талаптарды бұзғаны үшін төлем қызметтерін берушілердің әкімшілік жауапкершілігін бекіту көзделіп отыр. Жұмыс тобына 70-тен астам ұсыныстар келіп түсіп, олар мүдделі министрліктер мен ведомстволар, сондай-ақ, бірқатар үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобының он отырысында және салалық комитеттің кеңейтілген екі отырысында қаралған. Талқылау аяқталған соң заң жобалары мақұлданып, Сенаттың қарауына жіберілді. Күн тәртібіне сәйкес осы күні депутаттар Ауғанстан Ислам Республикасымен Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдай­лардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімді ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады. Келісімге сәйкес тараптар төтенше жағдайларды жою кезінде оның сипаты, қажетті көмек түрлері мен көлемі туралы барлық ақпараттармен алмасу негізінде бір-біріне көмек көрсетеді. Алайда, сұрау салуды алған тараптың келісімде көзделген себептерге орай өтінішті орындаудан бас тартуға құқығы бар. Сұрау салушы тарап көмек көрсету жөніндегі топтарды орналастыру жә­не та­мақ­тану бағытындағы барлық шығыстарын көтереді, сондай-ақ, оларға меди­циналық қызмет көрсетілуін қамтамасыз етеді. Жалпы отырыста, сондай-ақ, Тәжікстанмен Стратегиялық әріптестік туралы шартты ратификациялау туралы заң жобасы жұмысқа қабылданып, Қазақстан мен Сербия үкіметтері арасындағы табыс пен капиталға салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияны және оған хаттаманы ратификациялауға қатысты заң жобасы бойынша бейінді комитеттерге қорытынды әзірлеу мерзімі белгіленді. Сондай-ақ, жалпы отырыста депутат Бақтықожа Ізмұхамбетов Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің құрамына сайланды. Күн тәртібіндегі мәселелер аяқталған соң депутаттар орталық мемлекеттік атқару органдарына арнаған өздерінің депу­таттық сауалдарын жолдады. Солар­дың біреуіне тоқтала кетер болсақ, мәселен, Мәжіліске Қазақстан халқы Ассам­блеясынан сайланған депутаттардың атынан Сауытбек Абдрахманов жария еткен депутаттық сауал еліміздегі еңбектің қадір-қасиетіне, жұмысшы мамандықтарының мәртебесіне алаңдаудан туған екен. «Бізде еңбек адамының абырой-беделі төмендеп барады. Еңбек етуден, әсіресе, қол еңбегінен бойын аулақ салатын, қарапайым мамандықты намыс көретін психология көптеген жастарымыздың санасына әбден сіңіп алғанын жасырып-жабудың еш жөні жоқ. Оның үстіне, жұмыс істеуге кәсіби дайындықтың деңгейі де төмен. Сапасыздықтың себебі тек қана жауапсыздық емес. Оның негізгі себебі – біліксіздік. Арнаулы мамандықтың жоқтығы. Ендігі жерде кәсіби-техникалық білім беру жүйесін жаңа заман талабына сай етіп жетілдірмей болмайтыны анық. Жұмысшы мамандықтарын жаппай меңгеру – ел ертеңі қалай қалыптасатынын айқындайтын аса маңызды мәселе. Осы аса маңызды мәселе ойдағыдай шешілгенде ғана Елбасымыздың стратегиялық мақсатына – Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын құруға қол жеткізілетін болады», деген С.Абдрахманов Президенттің тапсырмасы бойынша 2017 жылдан «Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім» бағдарламасы басталатынына, оған дейін небәрі бір жыл, екі ай ғана уақыт қалғанына назар аудартып, Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің жастардың жұмысшы мамандықтарын жаппай және тегін алуына жағдай жасауға байланысты әлі күнге шешімін толық таба қоймаған бірқатар сұрақтарға жауап қайтаруын сұрады. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»
Соңғы жаңалықтар

Терраса тақтасы

Ғылым • Кеше