Қазіргі реформалар еліміздің жоғары білім жүйесіне түбегейлі өзгерістер енгізуде. Осы саладағы өзекті мәселелердің бірі – сапаның сыртқы кепілі ретінде тәуелсіз аккредиттеудің, соның ішінде шетелдік аккредиттеудің рөлі ерекше. Сапаны қамтамасыз ету жөніндегі халықаралық ұйымдардың сертификаттауы жетекші қазақстандық университеттер мен нарықтың басқа қатысушылары арасында лезде басты саралау факторына айналды. Себебі, ата-аналар, демеушілер, студенттер де халықаралық сертификаттарға сенеді, мұның өзі Қазақстанда тек таңдаулы университеттер ұсынатын білім сапасының кепілі бола алады.
Баланы қай университетке оқуға түсіру керек немесе Үкіметке қай университетке қаржы бөлу керек деген мәселе қарастырылғанда, халықаралық аккредиттеу «сапа белгісі» болып табылады. Олар Қазақстандағы мүдделі жақтардың инвестициялары (қаржылық, эмоционалды, зияткерлік) зая кетпейтініне сендіреді. Мұндай сенімнің негізі неде?
Біріншіден, халықаралық аккредиттеу көп жылдар бойы эксклюзивті/элиталы болып қала береді және түбегейлі ішкі өзгерістерге ұшырап, енді халықаралық деңгейде сапалы білім ұсынатын аздаған университеттерге ғана беріледі. Бірегейлікті бәріміз де бағалаймыз – егер бір нәрсе барлығына және әрқайсысына беріле берсе, ол құнсызданады. Аккредиттеуші агенттіктер дайын емес, не өздік есебі нашар көптеген университеттерді аккредиттеуден өткізбей қойғанын мақтан тұтады. Мұның өзі көп күш-жігер жұмсап, аккредиттеу алған ЖОО мәртебесін көтереді. Білім әлемінде аса текті үштік аккредиттеу бар (оны «үштік тәж» деп атайды). Оған әлемнің 80 университеті ие. Егер «үштік тәж» әрбір бизнес-мектепке берілсе, мұндай аккредиттеудің құны болмас еді, себебі іс-әрекет саласына байланыссыз бәріне бірдей берілетін «сапа белгісіне», аккредиттеуге немесе сертификаттауға ешкім сенбес еді. Халықаралық аккредиттеу эксклюзивтілік дұрыс таңдауды қамтамасыз етіп, әлсіз, сәйкес келмейтін үміткерлерді алып тастайды.
Екіншіден, халықаралық аккредиттеу халықаралық деңгейде сапалы білімді шынайы ұсынуды талап етеді, бұрын кеңестік бюрократтардың әуестенген статистикалық деректері мен мазмұнсыз кестелерін қазір ешкім тексермейді. Жүйелердің мөрлері мен ұзаққа созылған қол қоюлары емес, ішкі логикасы мен жұмыс тиімділігі тексеріледі. Ұсынылған құжаттарды тексерудің орнына шақырылған аккредиттеуші топтар университеттегі шынайы адамдармен сөйлеседі – жоғары және орта буын басшылығымен, әкімшілікпен, оқытушылармен, студенттермен, түлектермен, жұмыс берушілермен және түрлі мүдделі жақтармен кездесулер өткізеді. Осылай ғана шақырылған аккредиттеушілерде университеттің шынайы бейнесі қалыптасады және кез келген күдікті ақпарат не жағымсыз іс-тәжірибе бүкіл аккредиттеу үдерісін бұзып жіберуі мүмкін. Аккредиттеуі бар университет, бұл халықаралық деңгейде жұмыс істейтін университет, оның іс-әрекеті мен үдерістері жетекші әлемдік академиялық жүйелердің өкілі болып табылатын шетелдіктерге түсінікті.
Үшіншіден, аккредиттеу шеңберіндегі бағдарламалар батыстық тұрғыдан талданады. Мамандық – бұл пәндер мен силлабустардың құр жиынтығы емес, студенттер мен оқытушылардың әр минутын бақылайтын егжей-тегжейлі кестелер емес. Білімнің батыстық жүйесінде әр бағдарлама не мамандық біртұтас дүние, мұнда оқытудың күтілетін нәтижелері мен оларға жету әдістері, оқытудың күрделене түсуі, нақты пәнаралық байланыстар арасында өзара тәуелділік болады. Бағдарлама деңгейіне байланысты пән мазмұны тереңдей түседі, оқыту әдістері, бағалау жүйесі студенттерге неғұрлым практикалық (теориялық емес) білім мен тапсырма береді, оқытушыларға да талаптар арта түседі.
Халықаралық деңгейде білім алу оңай емес, мұнда жай дәрісханада отырғаның не теорияны мазмұндағаның үшін баға қоймайды. Оқу үдерісіне қатысты нәрсенің бәрі нақты құжаттанып, бақыланып отырады, ал сараптау комиссиялары мен топтары университет жұмысының әр бағытындағы талаптардың орындалуын қатаң бақылап отырады. Бұл жүйенің сипаты – студенттер өздігінен көп жұмыс істейді, шаршаған оқытушылардың айтуымен мәнсіз дәрісті жаймен жазып отыру жоқ. Студенттер өз дамуына толықтай өздері жауапты, осылай шынайы өмірге, болашақ мамандыққа деген жауапкершілік қалыптасады. Халықаралық аккредиттеу алған бағдарламаларда оқу қиын, бірақ оқуға тұрарлық, себебі баласын оқуға жіберген ата-ана да, шәкіртақы бөлген Үкімет те оқыту нәтижелерінің сапасына сенімді, ал олардың үміттерін жоғары білімді түлектер растап шығады.
Төртіншіден, халықаралық аккредиттік агенттіктер үшін оқытушылар құрамының сапасы аса маңызды. Оқытушылардың тек ресми біліктілігін тексеріп қана қоймай, олардың кәсіби құзыреттілігін белсенді де толыққанды ғылыми-зерттеу жұмысы, бизнестегі практикалық іс-тәжірибесі, үздіксіз кәсіби дамуы ретінде бақылайды. Пәндер интербелсенді оқытылуы тиіс, оқытушының отырып ақпарат беруі өткенге кеткен. Студент сабақта өз идеяларымен, пікірлерімен белсене бөліседі. Ал пәндер мазмұнына келетін болсақ, олар шынайы өмірмен, бизнес саласымен тығыз байланысты қазіргі халықаралық компоненттерді қамтуы тиіс. Аккредиттеушілер білім «ардагерлерін» ғылымда белсенділігін сақтаса, консалтингке не бизнеске қатысса (бұл аса маңызды!), қазіргі қарқынды дамып жатқан, студенттерді ынталандыратын оқыту әдістемесінен хабардар болса ғана сыйлайды. Аккредиттеушілер, сонымен бірге, оқу үдерісіне бизнес практиктерін: менеджерлерді, ғалымдарды, кәсіпкерлерді, мемлекеттік қызметкерлерді тартуға мүдделі, себебі олар өз тәжірибесімен жастармен бөліседі және мұны бар пейілімен жасайды. Ал бұл практиктер оқу бағдарламаларын дайындауға, университетті басқаруға қатысса, одан да жақсы. Аккредиттелген университеттер әсерлі де сапалы білім бере отырып, өз әрекетіндегі нақты кемшіліктерді түпкілікті жояды.
Бесіншіден, халықаралық аккредиттеу өте қымбат. Әрине, кейбіреулер шетелге ақша шығарылғаннан ұлттық экономика зардап шегеді деп ойлайды, бірақ бұл қате пікір. Шетелдік машина мініп жүргендерден, шетелдік ноутбукті, ұялы телефонды пайдаланып жүргендерден не шетелде оқитындардан сұраңдар. Жақсы, сапалы заттарды біз шетелден аламыз. Қазіргі жаһандық экономикалық жүйе тауарлар мен қызметтер үшін халықаралық қаржы аударымдарына негізделген, ал халықаралық аккредиттеулер шетелдік қызмет болып есептелгендіктен, олар тапсырыс беруші университет үшін аса бағалы. Аккредиттеуден өтуге шешім қабылдаған университеттер бұл қаржыны өздері бөледі. Міне, осылай олар өздерінің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, нарықтағы өз орнын, экономикалық тиімділігін, ұзақ мерзімді тұрақтылығын бекітеді. «Біз дамып жатырмыз, біздің бағытымыз анық, біз алдамыз, біз озықпыз», деп олар айқын жариялайды.
Жоғарыда айтылғандардың қорытындысы: халықаралық академиялық аккредиттеулер тек лайықты ұйымдарға беріледі. Бүкіл аккредиттеу үдерісі тапсырыс беруден бастап өздік есеп беруге, аккредиттеуші топтың келуіне, келгенінен кейін есебінің берілуіне, ақыры, шешіміне дейін – өте тура және әділ үдеріс (тіпті қатаң деуге болады). Бұл көптеген тапсырыс беруші университеттер үшін қиын, бірақ қазақстандық білімде мүдделі жақтарға – ата-аналарға, демеушілерге, Үкіметке, яғни өзінің шектеулі қаржысын дұрыс пайдалануы (инвестициялау!) маңызды барлық тұлғаларға шынайы жоғары сапаға кепілдік береді.
Халықаралық бизнес университеті (UIB) Қазақстанның жоғары білімі саласында халықаралық аккредиттелуі жағынан озығы: қазірде Австрия сапа агенттігінің 11 аккредиттеуіне ие. UIB 2012 жылдан бастап алғаш 4 аккредиттеуді алды, ал 2015 жылы UIB-ге тағы 7 бағдарламаны бағалайтын аккредиттік топ келді. Алғашқы 4 бағдарлама қазір 5 жылдық қайта аккредиттелуге дайындалуда. Аккредиттік топтар UIB оқу бағдарламаларын еуропалық тұрғыдан бағалады, бағдарламалар құрылымын, оқытудың күтілетін нәтижелерін, жеке пәндердің бейін қалыптастыруға әлеуетін, бағалау жүйесін зерделеді. Аккредиттеушілер жоғары және орта буын басшылығымен кездесіп, университетті басқару жүйесін, процедуларды, құжаттаманы бағалап, олардың жоғары (еуропалық) деңгейге сәйкес келетініне көз жеткізді. Аккредиттеушілер оқытушылармен, студенттермен кездесуге қызығушылық танытты, себебі бұл білім берушілер мен алушылардың шынайы академиялық сапасын анықтауға мүмкіндік берді. Түлектермен, жұмыс берушілермен әңгімелесу бағалаушыларға UIB нарық талабына қаншалықты сай келетінін, UIB түлектерінің қажеттілігін, олардың мансап жолын және жұмыс берушілер (біз шығаратын «өнімді» «сатып алушылар» ретінде) Халықаралық бизнес университетін өз келешегінен қалай бағалайтынын көрсетті. Қазір UIB университетінің нарықтық стратегиясының бөлігі ретінде аккредиттеуге тағы бірнеше бағдарламалар дайындауда, сонымен бірге 2016 жылдан әріде ұсынылатын білім сапасының үздіксіз сипатын растау мақсатында қайта аккредиттелуге дайындық жүргізіліп жатыр. Балаларына сапалы білім іздеген ата-аналар халықаралық аккредиттеуге ие Халықаралық бизнес университетін қарастырғаны жөн, себебі бұл кәсіби академиялық білімнің сенімді орталығы, мұнда студенттерге қатал, бірақ әділ қарайды, оқытушылар құзыреттіліктің халықаралық деңгейін көрсетеді, бизнес пен жұмыс берушілер арасында тығыз байланыс орнатылған. Жоғары білімді гранттар мен шәкіртақылар арқылы қолдайтын демеушілер (мемлекеттік не институционалды) білім сапасының халықаралық расталуын өз қаржы шығындарының «Қазақстан-2050»: Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағытына сәйкес, қажетті адами қорларды сапалы құруға тиімді жұмсалуы деп түсінеді.
Халықаралық бизнес университеті өзінің ұйымдастырушылық жігерін және академиялық құзыреттілігін дәлелдеу үшін қосымша аккредиттеулер алу бойынша жұмысын жалғастырады. Университет түрлі салаларда (бизнес, экономика, халықаралық қатынастар, құқық және т.б.), түрлі қырларынан (америкалық, еуропалық, азиялық), түрлі деңгейде (әр бағдарлама/мамандық деңгейінде, факультет деңгейінде, институционалды деңгейде) бағалану үшін түрлі аккредиттік агенттіктерді іздестіруде. Әрбір аккредиттеу UIB іс-әрекетін күшейтіп, ал халықаралық аккредиттік агенттіктермен орнатылған кері байланыс басты мақсатымызға жетуге – 2020 жылға қарай «үштік тәжбен» аккредиттелген әлемдегі 80 университеттің бірі болуға мол мүмкіндік береді.
Марцин ДУШИНСКИ,
UIB университетінің
вице-президенті