Еліміздің ішкі істер органдарына жоғары кәсіби мамандар дайындап келе жатқан іргелі оқу орындарының бірі Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясы. 1971 жылы құрылған осы кіші және орта басшылық құрамды даярлайтын облысаралық мектептен академияға айналған оқу орны биыл мерейлі 45 жылдығын атап өтпек. Қостанай академиясының бастығы, полиция полковнигі Мирлан Қызылов тілшімен болған әңгімесінде осы оқу орны жетістіктерімен бірге құқық қорғау саласы мамандарын дайындауды жетілдіре түсу жайындағы пікірлерімен де бөлісті.
– Мирлан Ахмедияұлы, құқық қорғау органдары үшін жоғары кәсіби мамандар дайындап жатқан білім ордасы 45 жыл ішінде бірнеше қайта құруларды бастан кешіп, колледж, жоғары мектеп, заң институты болып, одан 2008 жылы Үкімет қаулысымен академия мәртебесін алды. Білім ордасының еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бергі уақыттағы жұмысының өзі бір тарих секілді. Әңгімені осыдан бастасақ.
– 45 жылдық тарихы бар оқу орны қандай мәртебеде де ішкі істер органдары үшін сапалы мамандар дайындайды. 1993 жылдан бастап оның мәртебесі де жиі өзгерді. Ол еліміздің Тәуелсіздігін алуымен тікелей байланысты. Жас тәуелсіз мемлекет үшін оның мүддесін, азаматтарының құқын қорғайтын құқық қорғау органдары саласына жоғары білімді, кәсіби мамандар дайындау міндеті тұрды. Оқу орны мәртебесінің өзгеруін құқық қорғау саласының жетілдірілуі, білім ордасының тәуелсіз елмен бірге өсуі деп түсінгеніміз абзал. Ол солай да еді. Мысалы, 90-жылдардың ортасында экономикалық қиындықтарға байланысты Ішкі істер министрлігінің құзырынан мамандар дайындауда бұрыннан дәстүрі қалыптасқан оқу орындары шығарылды, басқа да өзгерістер болып жатты. Алматы және Қарағанды жоғары мектептері Мемлекеттік тергеу комитетінің құзырына берілді. Біріне тартса, біріне жетпейтін уақытта Ішкі істер министрлігінде еліміздің құқық қорғау органдары үшін жоғары кәсіби мамандар дайындау проблемасы туды. Міне, осы кезде саланы жақсы білетін бұрынғы Ішкі істер министрі – Ішкі істер әскерінің қолбасшысы, генерал-полковник Қайырбек Сүлейменов табандылық танытып, тағы бір жоғары оқу орны керектігі жөніндегі мәселені Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алдына алып шықты. Қостанай жоғары мектебі осылай құрылған болатын. Сәл кейінірек Үкімет қаулысымен Қостанай заң институты болып өзгерді. 2004 жылы Қостанай заң институты мәртебесіндегі бұл оқу орны Үкімет қаулысымен Ішкі істер министрлігінен еліміздің Әділет министрлігінің құзырына берілді. Өйткені, қылмыстық-атқару жүйесінде кәсіби мамандар тапшылығы білінді. Айтпақшы, сол жылдары Қостанай заң институты Орталық Азия аумағында қылмыстық-атқару жүйесіне жоғары білімді кәсіби мамандар даярлайтын бірден бір оқу орны болды. Үкімет қаулысымен 2008 жылы оқу орны Әділет министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің академиясына айналды. Академия мәртебесі оқу орны үшін білім беру қызметіндегі табыстардың кепілі болды. Ол профессорлық-оқытушылық құрамның өсуіне, еңбектің бағалануына, беделінің артуына ықпал жасады. Білім ордасының ғылыми-педагогикалық әлеуеті өсті, білім мен ғылым саласында халықаралық әріптестіктерге, тәжірибе алмасуға тікелей мүмкіндіктер туды. Сонымен, оқу орны 2012 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Қостанай академиясы деп аталады.
Жыл сайын Қостанай академиясын «Құқық қорғау қызметі», «Педагогика және психология», «Әлеуметтік жұмыс» мамандықтары бойынша бітірген 300-ден аса түлек еліміздің ішкі істер және қылмыстық-атқару жүйесі департаменттеріне қызметке барады. Жалпы, 1995-2015 жылдар арасында бұл оқу орны ішкі істер органдары үшін 7 мыңнан астам маман дайындады. Академияда білім беру қызметі үш институт негізінде жүзеге асырылады. Бірінші, заң институтына күндізгі және сырттай оқытатын екі факультет және 11 кафедра кіреді. Жоғары оқу орнынан кейінгі және қосымша білім беруге «Құқық қорғау қызметі» мамандығы бойынша ғылыми-педагогикалық және бейіндік бағыттағы магистратура кіреді. Ол ашылғалы 60-тан аса ішкі істер органдарының қызметкерлері бітірді. Үшінші, біліктілік арттыру және қайта даярлау институты. Қазір академия курсанттарының саны мыңнан асып жығылады.
– Академия болған соң халықаралық әріптестіктерге, тәжірибе алмасуға тікелей мүмкіндік туғанын айтып отырсыз. Осыны кеңірек білсек және ол оқу орнына не береді?
– Бүгінгі таңда Қостанай академиясы ТМД аясындағы Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Украина ведомстволық жоғары оқу орындарымен ынтымақтаса жұмыс істейді. Жалпы, Ішкі істер министрлігінің оқу орындарында құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қызметтік міндеттерін сапалы орындау, кәсіби білімін шыңдау, іскерлікке дағдылану мақсатында халықаралық ынтымақтасудың маңызы зор. Томаға тұйықтықта қалмай, үздік тәжірибелерді өзімізге тартудың, жақсыдан үйренудің артықтығы болмайды. 2015 жылы академия Полициялық академияларының халықаралық ассоциациясының құқық мүшесі болды. (INTERPA). Бұл шешім Бірлескен араб әмірліктерінің Абу-Даби қаласында өткен INTERPA 4-ші халықаралық конференциясында қабылданды. Оған әлемнің 54 елінің 58 полициялық оқу орындары енеді. Қауымдастықтық ұлттық оқу орындарының осы салада өткізілген ғылыми-зерттеулер мен қолдағы бар әдістемелерді, үздік бағдарламаларды алмасуын ұйымдастыруды көздейді. Полиция қызметінің міндеті барлық елдерде бірдей, сондықтан олардың үздік тәжірибелер мен жаңалықтарды алмасуы, бір бірінен үйренуі өте маңызды. Мысалы, қай елде қандай үздік техникалар мен технологиялар бар болса, оны біз де алуымыз қажет. ХХІ ғасырда өмір сүріп отырмыз, қолда заманауи құрал, материалдық-техникалық база дұрыс болмаса не істей аламыз? Осы үшін шетелдік оқу орындарымен араласуға мүмкіндігіміз жетіп отыр.
Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде жасалған келісімдерге сәйкес 2009 жылдан бастап біздің академияда Тәжікстан мен Қырғызстан республикаларынан жастар келіп оқиды. 2013 жылы Тәжікстаннан келген 8 курсант академияның тұңғыш түлектері атанды. Қазір білім ордасында Тәжікстан мен Қырғызстаннан 30-дан аса азаматтар білім алып жүр.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Бес институттық реформасын жүзеге асыру бойынша «100 нақты қадамның» ішіндегі пробация қызметіне байланысты Еуропалық одақтың көмегімен академияда оқу орталығын ашу жұмыстары жүргізілуде.
Материалдық-техникалық база қуатты болуы тиіс. Бұл әсіресе, құқық қорғау органдарына мамандар даярлайтын біздің академия үшін өте маңызды екенін айтар едім. Ертеңгі полицейлер өмірмен бетбе-бет келгенде бүгінгі қолданыстағы қаруды да, құралдарды да оқу орыны қабырғасында көруі тиіс. Оқу үдерісіне инновациялық технологияларды енгізуде де, курсанттардың шынығуына, спортпен шұғылдануына, тәрбие жұмыстары үшін де бай материалдық-техникалық база керек. Дегенмен, ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин атамыздың «Мұғалім – мектептің жүрегі» деген сөзі қандай мәртебесі болса да білім беретін оқу орындарының барлығына ортақ нұсқа дер едім. Қандай оқулық та, қандай үздік бағдарлама да оқытушыны алмастыра алмайды. Біз, алдымен, білікті оқытушыны дайындап алмасақ, білім сапасы көтерілмейді. Жоғары талап қойып, әр оқытушыны ұстаз биігіне көтеруіміз қажет. Ол үшін әр оқытушы дәріскер, тәлімгер, тәрбиеші, өз мамандығын жетік білетін адам болуы тиіс. Оқытушы мен ұстаз тұлғасының ара жігін айыру дұрыс шығар.
Мен өзімді оқытқан, ғылымға тартқан ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясы ұстаздарының көшбасшысы болған, полиция полковнигі, профессор Роза Құлжақаеваның ұстаздық ғұмырын біздің саланың оқытушыларына үлгі етер едім. Жарты ғасырлық ғұмырын құқық қорғау саласына арнаған кісі қылмыстық құқық және кримонология бойынша көптеген ғылыми-әдістемелік құралдарын жазды. Шәкірт баулыды, өзі жетекші болып, ғылымның қыр-сырын үйретуден жалыққан емес. Мен 1991 жылы Қарағанды жоғары милиция мектебіне түстім. Алғашқы қазақ тобында оқыдым. Ол кезде біздің сала бойынша қазақ тілінде оқулық болмайтын. Оқытушылар алдымызға орыс тіліндегі оқулықтарды тастайды, соларды қазақ тіліне аударып оқимыз. Мен аударма дәптерлерімді жинай берген едім, оны кейінірек ұстазым Роза Балбатырқызының ықпалымен оқулық етіп жарыққа шығардым. Ол кісі жастармен жұмыс істеуге ешқашан ерінбейтін.
– Қазір қай салаға болсын маман дайындайтын жоғары оқу орындарының сапалы білім берумен қатар ғылыми әлеуетінің болуы уақыт талабына айналды. Академия бұл үдеден қалай шығып отыр? Оқу үдерісіне заманауи технологиялар енгізіле ме?
– Әлбетте. Біз қазір білім берудің үш тұғырын басты назарға аламыз. Алдымен теориялық білім беріп, оны тәжірибемен ұштастырамыз және ғылымды дамытуымыз қажет. Сонда ғана білім сапасы жақсарады. Бұл үшін материалдық-техникалық база жақсаруы керек. Ол бізде біртіндеп жүзеге асып келеді. Академияда компьютерлік сыныптар, спорт кешені, мергендік тирі, автоайлақ, оқу-жаттығу алаңы бар. Тәжірибе сабақтар өткізуде Қостанай облыстық ішкі істер және қылмыстық-атқару жүйесі (ҚАЖ) департаментімен тығыз байланыстамыз. Оларға қарасты полигондар, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелері сабаққа кеңінен пайдаланылады. Оқу үдерісіне инновациялық-педагогикалық технологияларды енгізу жұмыстары жүргізілуде. Мұнда негізінен курсанттар тез қабылдайтын және аудиторияның ақпараттануы деңгейі бірден байқалатын іскер ойындар, тренингтер өткізуді, нормативтік-құқықтық актілер туралы баяндауды және сараптауды, оқиғалы тапсырмаларды шешуді, аудио-бейне материалдарды, мультимедиялық бағдарламаларды пайдалануды қамтамасыз ететін оқытудың интерактивтік әдістемесіне маңыз беріледі.
Бүгінде академияның ғылыми әлеуеті ауқымды деуге негіз бар. Профессорлық-оқытушылар құрамы оқытудың мазмұнын арттыру мақсатында 2015-2017 жылдарға арналған ІІМ ғылыми-зерттеу және тәжірибелік конструкторлық жұмыс (ҒЗТКЖ) жоспарына сәйкес ҚР ІІМ ҚАЖ комитетінің, 2015-2017 жылдарға арналған ІІМ ҒЗТКЖ жоспарына сәйкес ҚР ІІМ Ұлттық ұланының сұранысымен зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Жуырда шетел сарапшыларының қатысуымен пробация қызметі туралы жоба жан-жақты талқыланды. Қазір академияда 1 ғылым докторы, 28 ғылым кандидаттары бар. Оқу үдерісінің 60 пайызы мемлекеттік тілде жүргізіледі.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елімізді әлемдегі озық 30 елдің қатарынан көрінуді міндет етіп қойды. Қазақстанның қарышты дамуына полицияның білікті мамандарын дайындау ісі де өзіндік үлесін қосады. Қостанай академиясы сол саптан көрінетін болады.
Әңгімелескен
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ