– дейді «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма
төрағасының орынбасары Рүстем Жүрсінов
«Атамекен» Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінен жалған кәсіпкерлік туралы бапты алып тастауды ұсынды.
Ұлттық палатаға жыл басынан бері жалған кәсіпкерлік жөнінде 150-ден астам шағым түскен.
Бас прокуратурада өткен кеңесте «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Рүстем Жүрсінов, көп бизнес субъектілеріне жағымсыз әсерін тигізіп, аса өзекті мәселе ретінде Палата басшылығының айрықша назарында тұрған жалған кәсіпкерлік жайын саралады.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта күн тәртібінде өткір тұрған түйткіл, жалған кәсіпкерлікке байланысты жауапкершілік болып отыр. Себебі, өз ісіне адал кәсіпорын иелерінің жалған «әріптестерімен» қазыналық (фискалдық) қарым-қатынасы сын көтермейтін жағдайға жеткен.
Мысалға жыл басынан ҰКП тарапына Қазақстанның барлық дерлік аймағынан 150-ден астам шағым түскен. Бұл жердегі келеңсіздік мынадай сипатта өрбіген. Жалған кәсіпкерлік бойынша қылмыстық процесс барысында әділдік пен тергеудің толықтығы тұрғысында заң талаптарын орындау ақсауда. Сонымен қатар, заңды тұлғаларды тіркеудің күшін жоюдың теріс тәжірибесі қолданылып, контрагенттермен барлық мәмілелер іске жарамсыз деп танылуда және де тиісінше контрагенттерге қосымша сомалар есептелуде.
«Мәселен, Қылмыстық-процессуалдық кодекс, Салық кодексі, Жоғарғы соттың «Жалған кәсіпкерлік жайлы заңнаманы қолданудың кейбір мәселелері» нормативтік қаулысы аясында, қылмыстық процесс кезінде жалған кәсіпорынның контрагенттермен жалған мәміленің заңсыздығын дәлелдеп, сот үкімінде көрсету талап етілуде. Дегенмен, тәжірибе жүзінде бұл шарт сақталмайды. Келісімдердің жалғандығы немесе жарамсыздығы мұқият зерделенбеуі салдарынан бизнесін адал жүргізіп отырған кәсіпкерлер бірден сот үкіміне енгізіліп, салық пен айыппұл төлеу сынды дәйексіз шығындардан зардап шегеді. Сондай-ақ, салық органдарының бастамасымен істі қарауға артық уақытын жұмсағысы келмеген прокурорлар, айыптау үкімін тоспастан күдікке ілінген компанияның тіркелуін жарамсыз деп тану жайлы қуыным талап береді. Тіркеудің күші жойылғаннан кейін салық мекемелері жарамсыз мәмілелерге қатысты бұл кәсіпорынның барлық контрагенттеріне үстемелете салық салу жайлы ескерту жібереді. Адал кәсіп иелері азаматтық процеске қатысуға шақырылмайтындықтан, сотта өз құқығын қорғау мүмкіндігінен айырылған. Қосымша қаржы төлеу керектігі жайлы тек кейінірек мемлекеттік кіріс орындарының құлақтандыруынан біледі», – деп мән-жайды жан-жақты түсіндірді ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары.
Кеңеске қатысушыларға Алматы қаласы Алмалы аудандық соты жаза ретінде 5000 айлық есептік көрсеткіш, яғни 10 млн. теңгенің маңайында айыппұл тағайындаған Е.С.Минаков ісі таныстырылды. Оның қарамағындағы компания контрагенттері еліміздің төрт аймағын мұнай өнімдерімен қамтамасыз ете отырып, барлық салықтар мен акциздерді төлеген. Әр өнім партиясы заң талабына сай рәсімделген. Дегенмен, сотқа дейінгі тергеуде куәгерлер толыққанды сұралмаған, тергеу шаралары да салғырт жүргізілген. Сот отырыстарында адал қызметтегі контрагенттердің жалған кәсіпорындармен мәмілелері құқықтық тұрғыда бағаланбаған.
«Атамекен» ҰКП атынан Басқарма төрағасының орынбасары Рүстем Жүрсінов бірқатар нақты ұсыныстарды ортаға салды:
Қылмыстық кодекстен 215-бапты (жалған кәсіпкерлік) алып тастау, оның орнына Ресейдегі сияқты, заңды тұлғаны заңсыз құру және заңды тұлғаны құру үшін құжаттарды заңсыз пайдалану, яғни жалған тұлғалардың құжаттарын пайдалану деген құрамдар енгізу;
Прокуратура органдары заңды күшіне енген үкімдер бойынша (жалған кәсіпкерлік деректер бойынша) оларға контрагенттермен жасалған мәмілелердің шынайылығын не шынайы еместігін белгілеу бойынша тергеулерді әділдігі тұрғысынан талдау жүргізу;
Прокуратура органдарына жалған кәсіпкерлік көріністері аңғарылғанда, заңды тұлғаны тіркеуді жоққа шығару бойынша қуыным өтінімдерін беруден бас тартуы;
Мемлекеттік кірістер комитетінің түпкілікті сот шешімін шығарғанға дейін адал кәсіпкерлерге қатысты шектеу шараларын қолданбауы;
Адал контрагенттердің құқықтарын қорғау тәжірибесін әзірлеу үшін ШҚО және Қызылорда облысы прокуратура органдарының жұмысын мысал ретінде алып, облыстық прокуратуралар жанынан мемлекеттік кірістер органдары, ӨКП өкілдерінің қатысуымен ведомствоаралық штабтар құру;
Жоғары соттың кейбір нормативтік актілеріне түзетулер жасау.
«Нұр Отан» партиясы жанындағы Кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мейрам Пішембаев заңнаманың кейбір нормаларын мемлекеттік органдардың орындағаны туралы хабарлады. Ол Кеңестің жұмысы кәсіпкерлікті дамытуда кедергілерді жою тетіктерін құруға, жүйелі проблемалар мен әкімшілік кедергілерді анықтап, жоюға және оларды шешу жолдарын әзірлеуге, кәсіпкерлердің құқықтарын бұзу себептерін, жағдайларын талдауға олардың алдын алу және болдырмау бойынша шаралар қабылдауға бағытталғанын атап өтті.
Алдаберген КЕМПІРБАЕВ