Ол сөйлеп отыр. Біржан Морякұлы Қожақовтың асықпай сырын тарқатқан қоңыр үнінде ешқандай өкініш, сарыуайым немесе өміріне мұңын шаққандық, жасығандық табы байқалмайды. Ал, шындығына келгенде, отыздардағы жасында тағдырын 180 градусқа бұрып жіберген кеселге басқа біреу болса, тап осы Біржандай қарсы тұра алар ма еді, алмас па еді?..
Ол 1971 жылы Ақжайық ауданының Первомай ауылында дүние есігін ашыпты. Әкесі байланыс бөлімшесінде жұмыс істеген. Істеген деп отырғанымыз ол кісі 1978 жылы қайтыс болған еді. Анасы төрт баламен қалды. Балалардың алды Біржан 1-сыныпта оқиды, інілерінің екеуі балабақшада, кенже қарындасы – сегіз айлық қана. Сол кезде балабақшада кір жуушы болып істеп, азын-шоғын айлық табатын анасының иығына қанша салмақ түскенін өзіңіз біле беріңіз. «Сол ақшамен анамыз бізді жадатпай-жүдетпей, аш-жалаңаш қылмай өсірді-ау» деп риза болып отырады сол перзенттері бүгінде. Әкеге деген сағыныштары жүректеріне беріш болып қатып, жылап жүрмесе де, іштей мұңданып ержетті ғой... Орта мектепті бітірді. Бала күнінен сурет салуға құмар еді. Сол икемділігі оны ауылдағы Мәдениет үйінде, әскерге дейін суретші-безендіруші болып жұмыс істеуді бұйыртты. Челябинск жағында екі жыл әскери борышын өтеп келгеннен кейін мұның сурет салуға бейімділігін бұрыннан білетін Өскенбаев дейтін азамат Орал облыстық астық өнімдері комбинатына суретшілік жұмысқа шақырды. Ол 1989 жыл болатын. Басында баспана береміз деген. Ол кезде үйленген, бір сәбиі бар. Бірақ үй мәселесі шешілмеді. Содан ішкі істер органына, күзет бөліміне жұмысқа тұрды.
– Мұнда бес жылдай еңбек еткеннен кейін жол полициясына ауыстым. 2000 жылдардың басында ұрлық, әсіресе, электр сымдарын ұрлау күшейіп тұрды, – дейді Біржан. – Қысқы мезгіл. Подстепный ауылына қарай шығатын жол бойында кезекшілікте тұрдық. Кішкентай будкамыз бар, әлгінің электр желісі сол маңайдағы саяжайлардан келетін. Түнде аяз күшейіп тұрған еді, жарық өшіп қалды, онымен бірге будканы жылытқыш та сөнді. Кезекшілікті жалғастыра бердім. Аяз қысып барады. Аяғымның башпайлары шымырлап, қатты тоңа бастады.
Кезекшілікті тастап кетуге болмайды. Аяғымның қатты тоңғанына қарамастан, кезекшілігімді тастамадым. Бір мезгілде башпайларым өзінен-өзі ысып, қыза бастады. Оған да мән бермеппін, Сұмдықтың көкесі кейін болды. Бір-екі күн өткесін, башпайларымның басы күреңіте бастады. Қарайды. Сөйтсе, үсіп кеткен, тамырлары қатты зақымданған. Емделдім, болмады. Ауруханаға жаттым, болмады. Отыздан жаңа ғана асқан шағым, жанып жүретін кезім ғой, аяқтан айырылғым келмей, талай дәрігерге көріндім. Қазақстан өз алдына, Ресейге де бардым. Бәрін басынан аяғына дейін тәптіштеп қайтейін, аға, аяқтарымды тізеден төмен кестіруге тура келді. Орда бұзар кезім емес пе, жаспын, аяқтан айырылғым келе ме?.. Ең болмаса, балдаққа сүйеніп қалсам да, тікемнен жүремін ғой деп үміттенгенмін. Бірақ онымен де тоқтамады, тізеден жоғары тағы кесті... Сосын тағы бір ота жасалып, ақыры аяқтарымнан толық айырылдым... Сол кезде облыстың жол полициясын Қайсар Сұлтанбаев деген азамат басқаратын. Обалы қайсы, алғашқы ота жасатып, таяққа сүйеніп қалған кезімде мені жұмыстан шығарып тастамады, барынша көмектесті. Аяқтарымнан айырылып, алғашқыда қайғыдан қаусап жатқанымда, өзі келіп: «Біржан, бекем бол!.. Протез салып, жүріп кеткен соң жұмысқа шық. Біз сені далаға тастамаймыз...» дегені әлі құлағымда тұр. Содан үш айдай ауруханада жатып, кейін Алматыға барып, сондағы республикалық бейімдеу орталығында Германияның протезін салып, Оралыма қайттым... Қайсар Әбелекұлы айтқан сөзінде тұрып, маған офицерлік дәрежедегі жұмыс, яғни автокөліктерді техникалық байқаудан өткізетін орталықтың басшысы етіп бекітті. Ауыр кеселге тап болып, опырылып түсердей болып жатқанда, Сұлтанбаев мықтап сүйеді мені. Техникалық орталықта өзімнің кабинетім болды, бастықпын. Өмірге қайта келгендей болдым. Сұлтанбаевтың сол жақсылығын қалай ұмытайын. «Алғадай азаматқа Алла жар болсын!» деп жүремін осы күнде. Ол кезде өзімнің тетелес інім – Ержан Ақсайда жұмыс істейтін. Сол бір күні шетелдіктердің далаға шығарып тастаған жиһаздарының тақтайларын маған әкеліп тұр. «Кабинетіңізге бірдеңелер жасап аларсыз», дейді. Сурет салуға бала күнімнен ебім бар екенін бағана айттым ғой. Содан әлгі тақтайлардан кабинетімдегі теледидарға тумбочка жасап қойдым. Ол кез қазіргідей неше алуан жиһаздардың шыға қоймаған кезі. Әлгіні көргендер қызығып, «Мынаны қайдан алдың?» деп сұрайды.
«Өзім жасадым» деймін. Қатты қызыққан біреу әлгіні қоярда-қоймай сатып алды ақыры. Тағы біреуін жасап қойып едім, ол да алдыңғысының аяғын «құшты». Күндердің күнінде ойланайын: «Қайсар Әбелекұлы бір күндері жоғарылап, қызметін ауыстырып кетсе, менің күйім не болады? Оның орнына бір жас жігіт келіп, «Мына мүгедек неғып отыр, офицерлерімізге жұмыс таба алмай жүргенде?..» десе, қайда барамын деп уайымға берілейін. Ақыры жеке кәсіпкерлігімді аштым. Тағы да сол, мың болғыр, Қайсар Әбелекұлы көмек қолын созып, Атырау жақтағы мұнай компанияларының жұмысшыларына 30 керует, 30 тумбочка, 15 шкаф жасауға тапсырыс алып берді. Бұл 2002 жыл болатын. Әлгіні күні-түні жасап, айтқан уақыттарында тап-тұйнақтай етіп бітіріп бердік. Тапсырыс беруші ақшаларын төлеп, жиһаздарын алып кетті.
* * *
Бұл Біржанның осы салаға түпкілікті бет бұруына сенім ұялатты.
Ақсайдағы інісі Ержанмен ақылдасты, егер қарсы болмаса, ол қасына келіп, жиһаз жасаумен шұғылдануға қолғанат болуға қолқа салды. Інісі азамат екен, Ақсайдағы қомақты жалақы алып жүрген жұмысын тастап, қасынан табылды. Онысына рақмет, содан бері ол Біржанның қасында, фирмада орынбасары болып істейді. Жалға шағын цех алып, жұмысты бастап кетті. Ол кезде қазіргідей шетелдік құрал-жабдықтар жоқ, қарапайым, баяғыдан келе жатқан құралдар еді. Сонау 2000 жылдардың басында бүгінгідей жұтынып тұрған жиһаздар да жоқ еді. Халық көбіне тумбочкаларға тапсырыс беретін. Қарауында үш-төрт кісі болды. Біржан өзі де сағат төрт-беске дейін «директор» болады да, әрі қарай ақ көйлек пен галстугін шешіп, халат киіп, жігіттермен бірге жұмысқа кіріседі. Сол жерден өнімдерін сатуға дүкен болсын деп шағын бөлмені тағы жалға алды. Әрине, халық сенің күнделікті жасаған өніміңді сол бойда алып кетпейді, тұрып қалады. Бұлай отыра берсе, жұмыстарының жүрмейтінін білді. Аудандарға, ауылдарға шығу керек, мемлекеттік мекемелермен жұмыс істеу керек екенін түйсінді жігіттер.
– Сол тұста өзімнің туған ауданым Ақжайықта Шавхат Өтемісов әкім болатын. Күндердің күнінде сол азаматқа бардым «Аудан көлеміндегі мектеп, денсаулық сақтау мекемесінен, басқа да мекемелерден жиһаздарға тапсырыс бола ма?» деп. Ол кезде мектептердің жиһаздары әбден ескірген, сонау Кеңес заманынан келе жатқан ғой. Осылайша тапсырыстар ала бастадық. Оны айтқан уақытында бітіріп, тапсырып отырдық. Жұмысымыздың сапасы ұнады. Сөйтіп, мемлекеттік мекемелермен байланысымыз жақсарып, олардың жұмысымызға сенімі нығайды. Соның арқасында жұмысшылар ала бастадық, 2010 жылы «Ғибадат» деп ашқан жауапкершілігі шектеулі серіктестігімде 23 адам еңбек етіп жатты. Бұл кезде жиһаз жасауға қажетті құрал-жабдықтарымыздың біршамасын жаңалап алған едік. Бірақ қаржы жағынан бұрынғысынша қиналып жүрдік. Банктерден несие алғымыз келгенмен, олар бермеді. Ол жылдарда «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы да талпынып көріп едік, банкілер маңайлатпады. Біздер мүгедектер әлеуметтік жағынан қорғалған тұлғалар болғандықтан, алда-жалда банкімен несие жөнінде дау туып кетсе, сот біздің мүддемізді қорғайды екен де, банк біздің алдымызда қауқарсыз болып қалады екен. Енді не істейміз деп тығырыққа тірелдік. Жетпістен асқан анамызды қалаға көшіріп алған едік, екі бөлмелі жайлы пәтері бар. Анаммен ақылдастым, «Үйді сатайық» деп. Анам келісіп, үйді 47 мың долларға саттық 2012 жылы. Інімнің жеңіл көлігі бар еді, оны да саттық. Сөйтіп, сол ақшаларды інімнің қалтасына салып, Қытайдың Үрімжісіне жіберіп, жиһаз жасауға қажетті қолымыз жетпей жүрген 10 түрлі су жаңа станоктар алдырдық. Сол құралдарымыздың арқасында қазақтың сандықтарын жасауға кірістік. Бұрын сандық жасайтындар оған ылғи да қос аққудың суретін салмайтын ба еді, біз оны қайталамай, қазақтың ұлттық ою-өрнектерін түсірдік. Сұраныс көбейіп жүре берді. Өнімімізді түрлендіріп отырдық, соның арқасында сандықтың 50-ге жуық түрін шығаратын жағдайға жеттік. Бара-бара өнімімізді бірнеше данасымен көтере сатып алатындар пайда болды. Қазақы ою-өрнектермен безендірілген үстел, жер үстел, орындықтарымыз бүгінде облысымыздан тыс жерлерге де белгілі. Бесік, оның жиналмалы түрін шығарып жатырмыз. Үйге, мейрамханаларға, кеңсеге қажетті жиһаздардың түрлерін шығарамыз. Ақжайық ауданындағы жылқышы Болат Аткеевтің «Құлагер», Оралдағы Құрманғазы көшесіндегі «Ақбота» мейрамханаларының ішкі безендіруін, жиһаздарын жасап бердік. Бес облыста сауда нүктелеріміз бар, енді оларға Алматы мен Қызылорда қосылуда. Бізге тапсырысты ғаламтор арқылы да беруге болады. Әрине, үнемі бір үлгімен, бір түр, бір бедермен шығара берсек, күндердің күнінде ол ескіруі мүмкін. Сондықтан ұлттық нақыштарымыз бен ою-өрнектерімізді еуропалық мәнер, түр, бедер, үлгімен құрастыра, кіріктіре отырып шығаруды ойластырудамыз.
* * *
Бүгінде Біржан Қожақовтың фирмасында 40-қа жуық адам еңбек етеді. Мұның 20 шақтысы – мүмкіндігі шектеулі жандар. Біржанның ендігі арманы – тігін цехын ашу. Оны ашса, «Үйлерінде отырған мүгедек қыз-келіншектерге жұмыс тауып берер едім», дейді. Ол үшін «Демеу» қоғамдық бірлестігін арнайы құрды. Біржанды қинайтыны – өз алдарына ғимараттары жоқ. Қазірде айына 470 мың теңге төлеп, өндірістік цехты жалдап отыр. Қарызы 5 млн. теңгеге жуықтаса да, әлгі ғимараттың Құдайға қараған иесі «Ақшаңды төле» деп қыстап жатқан жоқ.
Біржанмен әңгіме үстінде мына бір жайт бізді бейжай қалдырмады.
Науқас балалардың Көшімдегі арнайы интернатына барады бір күні. Көмегім болсын деп құр қол бармай, орындықтар апарады. ДЦП-мен ауыратын, төсек тартып жатқан балаларды көрді. Өне бойы, сарыжамбас болып, төсекте жататын балаларды бір мезет тұрғызып қоятын арнайы қондырғылар (вертикализатор) бар екенін естіген. Ресей шығарады. Оның біреуі 1 млн. 200 мың теңге тұратын көрінеді. Интернаттың оны алатын мүмкіндігі жоқ.
Балаларға жаны ашығаннан интернаттан қиналып қайтты. Ержан екеуі ақылдаса келе, әлгі қондырғыны өздері жасауды ұйғарды.
Жобасын жасады. Қаржы болса, әрі кеткенде 100 мың теңгенің маңайынан асырмауға бекініп отыр.
Балалардың интернатына және одан басқа «Шапағат», «Бәйтерек» сияқты мүгедек, төсек тартып жатқан жеткіншектерді бағып-күтетін арнайы интернаттарға да әлгі қондырғының екі-үшеуін тегін жасап берді.
Бұған қоса сол ауыр науқасты балаларға ортопедиялық үстел мен орындықтар шығаруды қолға алмақшы. Егер бұл жоба алдағы уақытта тиісті орындардан қолдау тауып жатса, ол қазынаға да арзан түсер еді. Мүгедек балалардың да қиын халін жеңілдете түскен болар еді...
Қазақ мұндай жандарды алғадай азамат дейді. Десе, дегендей ғой... Алдыңнан ақ күн тусын, Біржан!
Есенжол ҚЫСТАУБАЕВ,
журналист
Батыс Қазақстан облысы
Суреттерді түсірген автор