24 Маусым, 2016

Ізгілік ізі

386 рет
көрсетілді
26 мин
оқу үшін
балахметов-2Қазақ қай заманда да білімге, білмекке ұмтылған. Бұл оның төрт құбы­ласын түгендей алатын біл­гір­лігін танытады. Мектебі жоқ кезде ауыл ел­дегі ақыл иелерінің қол иіні­не кіріп, түпкі ойды ұғып, сөз қадірін түсінуге ұм­тылған. Үлкеніне ұйып, алдын қиып өтпеген. Кейін Кеңес заманында бүкіл бір ұлтты сауатсыздар қатарына қосты. Оған тұяқ серпи қоймадық. «Е», деген болдық. Сөйтсек, білім мен білік қазақта жатыр екен. Тек тамы­ры­­мыз­ды түгендеп едік: «Таза мінсіз асыл тас» (Асан Қайғы) ғасыр­лар қой­­науы­нан болат топ­шы қыран ұлдар шоғыр-шоғыр бо­­лып қанат қақ­ты. Қазір оларды тү­ген­деу жолындамыз. Ұлт ісінде, білім ісін­де биікте тұр­ған дара Абай: «Мына мен айтқан жол – мал аяр жол емес. Құдайдан қо­рық, пен­де­ден ұят, балаң бала болсын десең – оқыт, мал аяма! Әйт­песе, бір ит қазақ болып қалған соң, саған рақат көрсетер ме, өзі рақат көрер ме, яки жұртқа рақат көрсетер ме?!» десе, Абай­дың ізба­сары, Алаш ары­­сы Ахмет Бай­тұр­сын­­ұлы: «...Әуелі біз елді түзеу­ді бала оқыту ісін түзеу­ден бас­­тауы­мыз керек. Неге десек, болыстық та, би­лік те, халық та оқумен тү­зе­­ле­ді», дей­­­д­і. Осы ұлы қа­ғи­далар ұлт жолына серік бо­лып ке­ліп, Кеңес дәуірінде ортақ қағи­да өріс ал­ды, со­­­ның ая­сында бір­кел­кі бі­лім алуға ден қойдық. Оның же­тіс­тігі де, кемшілігі де болмай қалған жоқ. Ал тәуелсіздік тұсында нағыз ұлт­­­тық оқу жүйесін қалыптастыру жолын­­дағы табанды талпыныстар Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаевтың сара сая­сатымен жасалып келеді. Иә, қазақ қазір де балам оқыса екен дейді. Оқыса ой-санасы биік болатынына сенеді. Оқымай қалса, жуан жұдырықтың бірі болып қала ма деп сескенеді. Қызмет істеп, папка құшақтамаса да, төңірегін танып білсе, адам қадірін ұқса, ел жайынан хабардар болып отырса адас­пайтынын, алжаспайтынын іштей ұғады. Біздің ұлт – осының бәрін көңіл түпкірінде топшылаған жұрт. Соны білген «құлға» көрсетер құрметтен де кенде емес. Жақсы сөзін, ілтипатын танытудай танытады. Жақында сондай ілтипатқа лайық абыз дерлік ақсақалмен дидарлас­қаны­мыз бар. Ол – өткен ғасырдағы ұлт біліміне өзіндік үлесін қосқан, қол­таң­басын қалдырған, 13 жылдан аса уақыт бойы Қазақ КСР Оқу министрі қыз­метін абыройлы атқарған, үстіне шаң жұқ­тырмаған, артына жағымсыз сөз ілес­тірмеген қоғам қайраткері Қажахмет Балахметұлы еді. Ақ шашты, еңсегей бой­лы ағамыз есік алдында күтіп тұр екен. 90 деген жастың биігіне көтеріліп, 100 жастың шыңына қарай көз тіккен ардақты ұлдың кісілігі мен кішілігіне иланғанмен, именшектедік. Ағамыз да оны жазбай түсініп: «Бабалар салты бар емес пе, ыңғайсызданба, інім», деді қалбақтаған бізді сабырға шақырып. Бүкіл саналы өмірін елдің ертеңі, ұлттың болашағы саналатын ұл мен қызға білім беру ісіне арнаған асылдардың сынығы сергек, жады да мықты екен. Үй тірлігі қарапайым, тұнып тұрған түк жоқ. Қилы кезеңдердің күйініші мен сүйінішін жаңылмай еске түсіреді. Бір сүйсінерлігі, біреуді айыптап, біреуді асыра мақтамайды. Өмірдің қалыбында, көңілдің қалауында сыр етіп шертеді. Табиғаты келісті Арқа­да өмірге келгенімен, өткен ғасыр тоғысындағы аласапыранда бала­лық дәуірі бал татырлық бола қоймапты. – Қазақ анасын ардақтаған халық қой. Ұлы шешеміз Ұлыш 38 жасында жардан айырылып, жеті баламен жесір қалыпты. Жеті балаға жетімдік көр­се­тіп, көз түрткі етпеймін, өзім жет­кізе­мін деп әмеңгерлік жолды айтып, әлек болғандарды кері сер­піп тастапты. Сөйтіп, үш ұл, төрт қыз­ды ыстық ала­­қа­нында аялапты, – деп әжесінің адам­­гер­шілігі мол, ақыл­ды, қарапайым бол­­ғанын, арабша сауат­тылығының арқа­­сында арғы бабаларынан қалған қара тысты Құранды оқып, ондағы мұ­сыл­­мандық белгілерін ұрпағына же­т­кізіп отырғанын, қызыл империя қан­ша қысса да, бес уақыт намазын, отыз күн оразасын қаза етпей, 1949 жылы өмір­ден озғанын әңгімеледі. Өзі­­н­ің кін­дік қаны тамған, топырағы құ­­нар­лы Көк­ше өңірінің Айыртау ауда­нын­­дағы аты­на қарай заты да керемет Сау­малкөл ауылы жайлы ағынан жарыл­ды. Әкесі әке­­сін көрмегенін, атасы Әбілқайыр дүние салғаннан кейін екі ай өткен соң ту­ға­нын айтты. «Әкелерім мен әпке­лерім неге олай еткеніне қазі­рге дейін көзім жете қой­майды. Тек­терін Әбіл­қайыр демей, Қайыров деп жазған. Қар­ға­­дай болсам да, осы көңіліме қон­бай әкемнің атына, яғни Балахметов бо­лып шыға келдім», дегенде көпті көр­­­ген көнекөздің бала кезінен арғы тегі­не тарт­қан сана­лылы­ғын көргендей болдық. – Апырай десеңші! – дейді Қажах­мет аға, – ана заманда бүкіл қазақ­тың екі пайызы ғана сауатты десе, соған сеніппіз ғой. Әкем қазақ тілін терең білетін еді. Оған қоса орысша да, арабша да өте сауатты болатын. Әжемнің Құран кітабына жүйріктігін алда айттым, – деген ақсақал өзінің мектеп табалдырығын 8 жасында аттағанын, Мырқасым деген мұғалімнің хат та­ныр­лық халі бол­ғанымен, білімі терең емес екен­ді­гін, әйтсе де ұлт ұрпағына деген сергек көңі­лінің бөлектігін, 1937 жы­лы қазақ мек­тебі мүлде жойылып, өзі бір сынып ше­геріліп, үшінші орыс сы­ны­бына қай­та отырғанын еске салып, – менің қазақ­ша оқуым сол үш сы­нып­пен бітті. Бірақ ана тілімізді ұмыт­падым, деді. Әкесі Балахмет сол заманның та­ла­бын орындайтын қызметтер ат­қа­рыпты. Шаңырақ көтерсем деген бо­ла­­шақ жары байдың қызы екен. Оған айдап беретін 47 қара қолбайлау. Ақыры алып қашып алғанымен, арты дауға айналып, соңы түсіністікпен бітіпті. Енді ес жиып келе жатқанда, 37-нің ойраны басталып, Балахметке қарадай жала жабылады. Кәмпескеге тап болған байдың қызына үйленген, алашордашылармен байланысы бар – осылай тізбектелген арыздар өрге қарай жөнелтіледі. – Қайдам, осы арыз жазу деген ала­пат қазақтың соңынан қалмай келе­ді. Жаптым жала, жақтым күйе­нің кесі­рінен әкемнің бауырлары Мырзах­мет Ғабдолла тұтқындалды. Осы­дан қай­мыққан әкем бас сауғалап, Түмен об­лысындағы жамағайындарын жаға­лады. Мұндай сұмдықтардың хал­қы­мыз­ға тигізген кесір-кесапаты орны толмас демографиялық олқы­лық­­қа ұрындырды ғой. Оның үстіне, шаш ал десе, бас алатындар да ұлт жақ­сы­ларын әлсіретуге, не жойып жіберуге өз «үлестерін» қоспай қой­ған жоқ. Сөзім жалаң шықпасын, мен осы­ған бір мысал келтірейін. Сол тұс­та­ғы Сол­түстік Қазақстан обко­мы­­ның және об­латкомының газеті «Ленин туы» «Алашордашыл екіжүзді сұмдардың бет-пердесін жырту керек» деген ма­қа­ла жариялады. Онда: «Айыртау ауда­нындағы «Саумалкөл» колхозында ұя­ла­ған халық жаулары алашордашылар мен ұлтшыл-фашист сұмырайлар көп уақытқа дейін өздерінің зиянкестік әре­кет­терін істеп келген. Өткен кезде Совет үкі­метіне қарсы күрескен ежелгі жау Әбіл­ғазин Фаттах (Балахметтің немере ағасы) деген колхозда өзіне тән адам­дардан контрреволюциялық топ ұйым­дастырған. Дәулетбеков Қаббас, Баймұқанов Шәкір, Молдыбаев Біләл және Қайыров Балахмет деген алаш­ордашыл сұмырайлар 1920-1921 жылдары осы Әбілғазин Фаттахтың бандасы­на қосылып, Совет үкіметіне қар­сы күреске аттанған. ...Қайыров Балахмет деген еңбекшілерді мейлін­ше қана­ған атақты феодал Күшіков­тің тұ­қым­дарымен ауыз жаласып, ым-жымын қосып келген сұмы­рай еді... Ендігі жерде Қайыров, Әбілғазин, Кереевтерді колхоз шаруа­шы­лы­ғының бұл хас жау­ларын, олардың сілімтіктерін жеріне жете әшкерелеп, күл-талқан ету керек. Ол жауыздардың колхозға жүргізген зиянкестік әрекетінің зардабын тез арада жойып, колхоз шаруашылығын дұрыс жолға қою керек», деп қаһарын төгеді. Осыны жазып отырған өз қандасымыз. Міне, біздің алдыңғы толқын осындай адам айтса сенгісіз қилы трагедияны бастан кешті, – деген Қажахмет Балахметұлы сәл ойланып қалды. Артынан: «Олар сол жылдары-ақ атылып кеткен екен. Партияның тарихи ХХ съезінен кейін сұрау сал­ғанымызда Мырзахмет тәтем (біз ол кісіні тәте дейтін едік) 1949 жылы Амур­дегі-Комсомольск қаласында рак ауруынан қайтыс болды деген жауап алғанбыз. Сөйтсек, ол өтірік екен. 1938 жылдың 28 ақпанында Қызыл­жар қаласының түбінде атылыпты. Тәуелсіздіктен кейін бәрі де анық­талды. Әкем Түменнен қу­ғын-сүргін сәл саябыр тапқанда елге қайта оралды. Өзі сұ­ра­нып, 1942 жылдың ақ­­панында майданға ат­тан­­­ды. Айтулы ақы­ны­мыз Сырағаң – Сырбай Мәуленов жыр­ға қос­қан Волхов май­да­нын­да бол­ған. Ле­нин­град тү­бін­дегі шай­қасқа қатыс­қан. Ауыр жара­қаттанған соң елге келді. Аяулы шешем екеуі 17 ұрпақ көрген екен. Мен 1926 жылы өмір­ге келсем, кенжесі Тор­­тай 1953 жылы жарық дү­ние есігін ашыпты. Көбі сәби кезінде о дү­ние­ге ке­тіп, 7-еуіміз ғана қа­лып­пыз. 17-іміз тірі болсақ, 17 рулы елдей бо­лып кетер едік-ау деген ой да жоқ емес. Бұл да қай­сар қаламгер Шерхан Мұртаза жазғандай «бір кем дүние емес пе?» – деп терең күрсінді. Ол заманның балалары болаттай берік, темірдей тегеурінді болғанын Қажағаңның әр сөзінен айқын аңғара­сың. Алғыр жас 9-сыныпта жүргенде өз уақытындағы белді ұйым комсомолға өтуге тілек білдіреді. Бірақ мектеп директоры «халық жауының ұрпағы» деген сөзден секем алып, көлденең тұрып­ты. 9 сыныптан кейін қабырғасы қата­йып қалғандарды әскерге дайындау кезінде ұйымға мүшелікке алады. Өйткені, ол аудандық комсомол коми­тетінің ауылға келіп өткізген көшпелі отырысында топ жарып сөйлейді. Іркіл­мей ойын ортаға салады. Оны сол тұста комсомолға алу былай тұр­сын, мектептегі ұйымға жетекші етіп сай­лайды. Аудандық, облыстық комсомол конференцияларына делегат болып қатысып, төрден орын алады. 1945 жылы орта мектепті бітіреді. Бір жыл бұрын Үкіметтің арнайы қау­лысы шығып, оныншы сыныпты өте жақсы бітіретіндер уақытша әс­кер­ден қалдырылған екен. Ондағы мақ­сат, елдің ертеңгі тірлігіне тірек бола­тын қарымды жас­ты ел ісіне қалып­тастыру көрінеді. Солардың қатарынан Қажахмет Балахметұлы да табылыпты. Жоғары оқу орнына түседі. Екі жылдан кейін денсаулығына байланысты туған ауылына келіп, мұғалімдік қыз­мет атқарады. Әр жақтан, балалар үйі­нен келген оқушылармен жұмыс істеу жас маманға оңай соқпайды. Сон­дық­­тан Қ.Балахметұлы күндіз-түні ізде­­ніп, атақты педагогтардың еңбек­тері­не зейін қояды. Әсіресе, тәртібі нашар бал­а­лармен жұмыс істеген А.Мака­рен­­коның құндылықтарына құлақ қо­йып, араларындағы білімге құш­тар­л­арын өзгелеріне үлгі ете оты­рып, бар бала­ның көңілін табады. Еңбек ете жүріп та­рих мамандығы бойынша жоғары оқу орындарын бітіріп шығады. – «Халық жауының құйыршығы» деген «атақ» көпке дейін қыр-соңым­нан қалмады. Партияға өтетін кезде де аяққа тұсау болды. «Менің әкем­нің ағасы Қайыров Мырзахмет 1938 жылы 58-статьямен сотталған» деп өтінішіме жазып қойсам да «жазалы» бола беретінмін. Бала кезімде де «жау­дың тұқымы» деп шолақ бел­сен­ділер қамшымен жон арқамнан талай осқан. Талмай іздену, көп оқу соңы­ма шам алып түскендерге берік тосқауыл болды. Саттар Ерубаев­тың «Менің құрдастарым», Сәбит Мұқановтың «Жұмбақ жалау» атты романдары жастығымның астында жататын еді. Мектепте мұғалім болып жүргенде облыстан бір топ өкіл­дер келіп, жиналыс өткізді, дәріс оқыды. Мен партия саясаты туралы, жастарға білім беру жайы, әсіресе, қазақ балаларына жете көңіл аударуды көсіле айтқаным бар. Содан бір күні аудандағылар облыс шақырып жатыр деген соң бардым. Обкомға қыз­метке алмақ болыпты. Оның реті келмеді білем. Облыстық білім бөлі­мі басшысының орынбасары деген қыз­метке тағайындады. Ол кезде Көкше­тау шағын қала еді. Баспана жағы қиын. Бірер жылдан кейін ауылға кете­йін дедім. Басшылар онда бір мектепке директор бол деген тілек айтты. Егер бос орын болмаса, біреудің орнына бармаймын. Маған жай мұғалімдік те жететінін жеткіздім. Мен өмірімде нәсілімнің тазалығын сақтадым. Ешкімге қиянат жасамадым. 15 жыл Жоғары Кеңеске депутат, 13 жылдан аса министр бол­ған уақытта – көк­те бір құдіреттің барын көкейімде ұста­дым, Меккеге бармадым, әйтсе де ойым­ды, бойымды таза ұстадым. Көп жаса­у­дың сыры осында жатқан болар, – де­ген ақсақал селдіреген ақселеу шашын салалы саусақтарымен сипап қойды. Ол біраз жыл мектептерде директор болып, одан соң Көкшетау облысында талай лауазымды қыз­меттер атқарады. 1974 жылы Қазақ КСР Оқу министрі болып, отандық білімнің дамуына кең ойлап, алыстан болжайтын қадірлі қасиеттерімен өзіндік үлесін қосады. «Біреуге ақыл айту үшін жан сарайыңда білім көзі мол, білігің мықты, көргенің көп, түйге­нің жетіп артылуы тиіс. Әңгіме қозғай­тын саланы ойлылықпен талдап, сауаттылықпен саралай алуың қажет. Болжаммен, тұспалмен қарсы алдың­дағы адамды ықтырып алсам деп бос кеудемен сөз айтсаң – үл­кенді қойып, бала да иланбайды», деген кезіндегі ұстаздардың ұстазы. «Менің мамандығым тарихшы. Бірақ мектеп басқарып жүргенде барлық пәндерден хабарым болды. Мұғалімдердің саба­ғына қатысып, тақырыпты бірге отырып талқылайтын едім. Методика деген бар, оған жетік ұстаздың шәкір­ті қырандай шарықтайды. Білім көгінде өзін танытып, өмір көші­нен орнын нық алады. Бала бір та­қы­рыпты толық меңгермей, екіншісін бастап жіберу – оқушыны шатыс­тырады. Қазір тақырыпты бала меңгерді ме, меңгермеді ме ол жағына ешкім мән бере қоймайтын секілді. Төпелеп балаға тапсырма бере береді. Үйге келген соң олар «анау қалай, мынау не» деп ата-анасын мазалайды. Ата-ана зерек болса, әңгіме басқа. Олай болмаса, баланың оқуға деген ынтасы жоғалады. Мектеп десе, мұғалім десе төбе шашы тік тұрады. Біздің заманымызда бірінші сынып­қа тапсырма берілмейтін. Екінші сыныптағы тапсырма бір сағаттан аспайтын. Мен мұны неге айтып отыр­мын? Себебі, бүгінгі ата-аналар ұл мен қыз ес білген күннен бастап, неше түрлі өнер салаларына, оқу түр­леріне апарып жатады. (Әрине, талант­тылардың жөні бөлек). Сөйтіп, оларды балалық дәу­ренінен айырады. Бірте-бірте ондай балалар қажиды, шаршайды, бәрін меңгере алмаса, жаттауға тырысады. Жаттанды нәрсе мида тұра ма? Бұл қазір қала баласын «жаулап» алды. Тағы бір айтайын дегенім, ре­пе­ти­тор жалдау деген шықты. Ме­нің топшылауымша, бұл мүлде дұрыс емес. Оны жою керек. Қойшы көп болса, қой арам өледі. Мұғалім беделі түседі. Бар жауапкершілікті ата-ана мен мұғалімге жүктеу керек. Кім білсін, менің бұл ойым қате де шығар. Дегенмен, әр нәрсе өз дәре­жесінде болса екен. Ең басты­сы баланы балалық кезеңінен айырмағанымыз жөн секілді», деп жақсы мұғалім қайдан шығады деген сұраққа да өз ойын білдірді. «Бұрын елімізде 19 педагогикалық жоғары оқу орындары болатын еді. Біразының ашылуына себепкер болғаным бар. Қазір 6-уы ғана қалды. Университет жалпы білімді оқытады ғой. Оны көрмей отырғаным жоқ. Педагогикалық оқу орындары нақты пәнге ден қояды. Әр курстың студент­тері атқаратын міндет-мақсат­тар тайға таңба басқандай айқын­дала­ды. Соны мүлтіксіз орындаған жас­тан мықты мұғалім шығады. Біз осы үрдістен айырылып қалған секілдіміз. Содан да шығар, мұғалімдердің атына кейде сын айтыла беретіні». Қажахмет Балахметұлы министр кезінде қағазбастылыққа қарсы тұрып­ты. 50-60 беттен тұратын көпір­ме есептерді 5-6 бетке дейін «құл­дыра­тыпты». «Жақсы нұсқаушы алдымен өз ісіне өзі сенетін болсын, одан соң өзгені иландырсын», деген идеяны қалыптастырыпты. Мұғалімдердің Одақ көлеміндегі алқалы жиындарға қатысып, тәжірибе алмасуына, ондай басқосуларды өз Отанымызда өткізуге де мүмкіндік жасапты. Атақты академик Ю. Бабанский елімізге келіп, ұстаздар қауымымен дидарласқанда олардың ізденісіне тәнті болып: «Не деген ақылды жандар еді», деп осындай ынталы болуына жағдай жасаған Балахметов секілді министрге ерекше ілтипат танытыпты. Әр саланың өз саясаты болады, соны мүлтіксіз жүргізу парыз. Білім сапасын арттыру жолындағы ізденістерді жетілдіру кезінде ол сол саясатты басшылыққа алыпты. Оқу­лық жазудың оңай еместігін қадап айт­қан атақты математик, академик А.Колмогоров пен физика пәнін оқыту әдістемесін жетік білетін академик И.Кикоинмен берік қарым-қатынаста болғанын айта кетуге тиістіміз. 11 жылдық білім беруге көшу, 6 жасар балаларды мек­тепалды дайындықтан өткізу – мұның бәрі кадрдың қолынан келетін жұмыс екенін алдын ала зерделе­ген Балахметов 4 педаго­гика­лық инс­титутта білім жетілдіру факул­ьтеттерін ашады. Мұнымен қатар, мектептер мен мектептен тыс мекемелердегі, жоғары оқу орын­дарындағы оқу-методикалық базаны заманға қарай жабдықтау ісін де бір сәт назардан тыс қалдырмапты. Кітап пен мето­дикалық құралдар мұғалім үшін ауадай қажет екенін ескерген ол, әр жыл сайын, «Мектеп» баспасынан 100-ден аса кітаптар мен кітапшалар шығаруға ұйытқы болған. Совхоздар мен колхоздардың орталығынан интер­наты бар мектептер салуды да негізг­і нысанаға қойған. Себебі, мал­шы­­ның балалары мен шағын елді-ме­кен­дерде тұратын азаматтардың ұл-қызы ағайын-туыстың отбасында емес, жан-жақты жарақталған мектеп-интер­натта жатып оқыса, білім деңгейі биік болады деген қағиданы өзінен де, өзгеден де талап етіп отырған. Ол: бала – мек­теп – мұғалім қағидасын қатаң ұстан­ған. Ұрпақтың білімді де білікті бо­лып өсуі үшін мұғалімге жағдай жа­сау­ды, ең бастысы жас мұғалімді бас­­па­на­мен қамтамасыз етуді, оларды тәжі­рибелі ұстаздардың үлгісінде баулу секілді жұмыстарды тиісті бас­шы­ларға міндеттеген. Әсіресе, жетім бала­лар мен ауру балаларға арнал­ған ме­ке­мелердің жұмысын ерекше бақылауға алған. Еліміз бойынша мектептердегі оқушылардың 67 пайызы ыстық тамақпен қамтамасыз етіліп, мектеп жасына дейінгі бүлдір­шін­дердің 50 пайыздан астамы бала­бақ­шаға орна­лас­тырылған екен. Бар­лық аудандар­да әдістемелік кабинет­тер жұмыс іс­теп, онда қызмет ететін аза­мат­тар­дың саны артқан. Мұғал­ім­дер­дің іс-тәжірибесін көрсе­тетін, методика­сын таныстыратын басылымдарға ерек­­ше мән берілгенін де айта кетуіміз ке­рек. Мұның бәрі Қажағаңның тек идея­­ның адамы ғана емес, оны іске асыра­тын қажырлы азамат екенін де аңғартады. – 1980 жылы еліміздегі 10 мектепке араб тілі пәнін енгіздім. Оның себебі, ата-бабаларымыздан қалған қазына сол тілде болатын. Ол жас буын тілді меңгеру арқылы тарихымыздың шаң басқан беттерін ашып, түп тамырымызды түгендесін деген ниеттен туған еді. Тәуелсіздіктен кейін сол ойдың ақталғанына көз жеткіздім. Тәубе келтіремін. Бірақ 1986 жылғы сүргіннен соң сол «ісіме» жауап бердім. «Неге араб тілін мектепте оқыту­ға мүмкіндік жасадың?» деген сауал­ға, бүгежектемей тарихымыз сол тілге қатысты екенін, көптеген еңбек­тердің архивте жатқанын айттым. Осы үшін қуғындалдым. Басымдағы бес бөлме пәтерді қайтарып алып, үш бөлмеге кіргізген кездер болды. Оған жасымадым. Ешкімге бұл қалай демедім. 60 жасқа толғанда Дінмұхам­мед Ахметұлына зейнетке кетейін деге­німде: «Мен де жүрмін ғой, елге адал қызмет еткен адамның қуаты болса, жасы кедергі етпеуі тиіс», деген болатын. 1987 жылы мұғалім­дердің съезі болып, сол күні зейнетке шық­тым. Жоғары оқу орындарында дәріс оқыдым, бірнеше кітап жаздым, – деді Қажахмет Балахметұлы. Осы арада ардақты азаматтың беде­лі өз елімізде ғана емес, одақ көле­­мін­де де биік болғанына бір дәйек кел­тіре кетсек дейміз. 1978 жы­­лы бол­ған Одақ мұғалімдерінің құ­рыл­­­тай қо­рытындысында 50-ге таяу ұс­таз­ға Социалистік Еңбек Ері ата­ғы бе­ріліпті. Соның арасында Қазақ елі­нен төрт мұғалім, атап айтсақ, Құдыс Әбсәметов, Зоя Жукова, Нина Пол­та­вец, Маржан Тасова бар еді. Бұ­дан өзге ұлт ұстазына айналған көзі тірі Қ.Айталиев пен өмірден озған Қ.Біті­баева да сол тұста танылған болатын. балахметҚажахмет Балахметұлы құрметті зейнетке шыққаннан кейін Отаны­мыз­дағы Балалар қорын басқарды. Бұл істе ол жетім балалардың денсаулығы мен өмірін қорғау, экологиялық, эконо­микалық жағынан нашар өңірлердегі азаматтардың ұл-қызын, көп балалы отбасылар жағдайын жан-жақты зерттеп, зердеден өткізіп, оларға әркез көмектесіп отырды. Қ.Балахметұлы – мемлекеттік қызметпен қатар, отба­сының да ұйытқысы бола білген азамат. Жары медицина ғылымдарының кандидаты Сараш Байгенжина екеуі 6 бала өсіріп, олардың бәрі әр саланың білікті маманы ретінде әке мен ана үлгісін ұштастыруда. Олардан өрбіген ұл мен қыз ардақты аталары мен аяу­лы әжелерінің сүйіктісі екені сөзсіз. Ағадан ақыл, ініден ізет деп әңгіме түйінін түйер тұста Отанымыздың «Парасат», Ресейдің «Қайырымды­лық істері үшін» атты тақуа ханзада Дмитрий ордендерінің иегері Қажах­мет Балахметұлы: «Білім жоқ жерде ізденіс те, алға даму да жоқ», дейді. «Адам­ның сыйлы, құрметті болуы – оның адамгершілігіне, адал­дығына тікелей тәуелді. Әке-шешесін сыйлаған бала – Отанын құрметтей алады. Жақсы бала – бақ, бақыт. Бір кемістігі болмаса, бала жаман болып тумайды. Бала өне­гесіз­дігі білім беру тәсілінен, тәрбие­нің кемдігінен болады. Бүкіл саналы өмірімді ұстаздыққа арнаған адам ретінде менің көкейге түйгенім осы», – деді де данышпан Абайдың Алтын­шы қара сөзіндегі: «Кеселді жал­қау, қылжақбас, Әзір тамақ, әзір ас, Сыртың – пысық, ішің – нас, Артын ой­лап – ұялмас», деген төрт жол өлеңді еске түсіріп: «Ұрпақты осыдан аулақ ұс­та­сақ, елдігіміз еңселі болып, арман-мақ­сат орындалып, береке-бірліктің алтын діңгегі нығая береді. Ұтылмаймыз, ұта­мыз!» деген байламын жеткізді. Біз мұны ізгіліктің ізі деп ұқтық. Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан» АСТАНА