2010 жылғы 30 желтоқсан, Астана, Үкімет Үйі
Жер қойнауын пайдаланушылардың жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзу туралы есептер беру қағидасын бекiту туралы
«Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 24 маусымдағы Заңының 16-бабының 33) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса берiлiп отырған Жер қойнауын пайдаланушылардың жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзу туралы есептер беру қағидасы бекітілсін.
2. «Жер қойнауын пайдаланушылардың жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзу туралы есептердi беру ережесiн бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 17 шілдедегі № 690 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2008 ж., № 32, 339-құжат) күші жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi К.МӘСIМОВ.
* * *
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 30 желтоқсандағы №1455 қаулысымен бекітілген
Жер қойнауын пайдаланушылардың жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзу туралы есептер беру қағидасы
1. Жалпы ережелер
1. Осы Жер қойнауын пайдаланушылардың жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзу туралы есептер беру қағидасы (бұдан әрi – Қағида) «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 24 маусымдағы Заңының 16-бабының 33) тармақшасына сәйкес әзірленген.
Қағида жер қойнауын пайдаланушылардың жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi органға (бұдан әрi – уәкiлеттi орган) жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзу туралы есептер беру тәртібін айқындайды.
2. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар – жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуге, пайдалы қазбаларды барлауға және (немесе) өндіруге қатысты, оның ішінде жерасты суларын, емдік балшықты барлаумен және өндірумен, жер қойнауын сарқынды суларды ағызу үшін барлаумен байланысты, сондай-ақ барлаумен және (немесе) өндірумен байланысты емес, жерасты құрылыстарын салу және (немесе) пайдалану жөніндегі жұмыстар.
2. Жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзу туралы
есептер беру тәртібі
3. Жер қойнауын пайдаланушылар үшiн уәкiлеттi органға жер қойнауын пайдалану жөнiнде операцияларды жүргiзу туралы есептіліктің (бұдан әрi – есептер) мынадай түрлері белгіленеді:
1) алты айдың қорытындысы бойынша ақпараттық геологиялық есеп (жартыжылдық есеп);
2) жылдың қорытындысы бойынша ақпараттық геологиялық есеп (жылдық есеп).
4. Ағымдағы жылдың бірінші жарты жылдығы үшін келiсiмшарттық аумақта жер қойнауын пайдалану жөнiнде жүргiзiлген операциялардың нәтижелері туралы жартыжылдық есептердi жер қойнауын пайдаланушы ағымдағы жылғы 15 шілдеден кешiктiрмей уәкiлеттi органның өңіраралық департаментіне (бұдан әрі – өңіраралық департамент) жiбередi.
Жер қойнауын пайдаланушылар есептерде толық немесе дұрыс мәлімет бермеген жағдайда өңіраралық департамент олар түскен сәттен бастап күнтiзбелiк он күн iшiнде есептi пысықтауға қайтарады. Жер қойнауын пайдаланушы күнтізбелік отыз күн ішінде пысықталған есептерді өңіраралық департаментке ұсынады.
Өңіраралық департамент жер қойнауын пайдаланушылардың деректерi бойынша ағымдағы жылдың бiрiншi жартыжылдығы үшін өзіне ведомстволық бағыныстағы аумақта жер қойнауын пайдалану жөнінде жүргiзiлген операциялардың нәтижелерi туралы жиынтық есептер жасайды. Өңіраралық департаменттер жер қойнауын пайдалану жөнiнде жүргiзiлген операциялардың нәтижелерi туралы жиынтық есептердi ағымдағы жылғы бірінші қыркүйекке уәкiлеттi органға жiбередi.
Уәкiлеттi орган жиынтық жартыжылдық есеп өңіраралық департаменттен түскен сәттен бастап оны күнтiзбелiк он бес күн iшiнде қарайды және уәкiлеттi органның Республикалық геологиялық ақпарат қорына (бұдан әрі – геологиялық қор) сақтауға жібереді.
5. Жер қойнауын пайдаланушылар келiсiм-шарттық аумақта жер қойнауын пайдалану жөнiнде жүргiзiлген операциялардың нәтижелерi туралы жылдық есептi өңіраралық департаментке есептi жылдан кейiнгi жылдың 10 қаңтарынан кешiктiрмей жiбередi.
Жер қойнауын пайдаланушы есептерде толық немесе дұрыс мәліметтер бермеген жағдайда өңіраралық департамент жылдық есеп түскен сәттен бастап күнтiзбелiк он күн iшiнде оны пысықтауға қайтарады. Жер қойнауын пайдаланушы күнтізбелік отыз күн ішінде пысықталған есептерді өңіраралық департаментке ұсынады.
Өңіраралық департамент жер қойнауын пайдаланушылардың деректерi бойынша өзіне ведомстволық бағыныстағы аумақта есепті жыл үшін жер қойнауын пайдалану жөнінде жүргiзiлген операциялардың нәтижелерi туралы жылдық жиынтық есептерді жасайды.
Өңіраралық департаменттер жер қойнауын пайдалану жөнiнде жүргiзiлген операциялардың нәтижелерi туралы жиынтық есептердi есепті жылдан кейінгі жылдың жиырма бесінші ақпанына уәкiлеттi органға жiбередi.
Уәкiлеттi орган өңіраралық департаменттен жылдық жиынтық есеп түскен сәттен бастап оны күнтiзбелiк он бес күн iшiнде қарайды және геологиялық қорға сақтауға жібереді.
6. Жер қойнауын пайдаланушы келiсiм-шарттық аумақтың қайтарылатын (босатылатын) бөлiгi бойынша жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар аяқталғаннан кейiн бiр айдан кешiктiрмей өңіраралық департаментке босатылатын келісімшарттық аумақтың учаскелерінде жүргiзiлген геологиялық зерттеулер туралы есептi тапсырады.
Өңіраралық департаменттер келiсiмшарттық аумақтың қайтарылатын (босатылатын) бөлiгi жөніндегі есептердi оларды түскен сәттен бастап күнтiзбелiк он күн iшiнде келіседі және уәкiлеттi органға жiбередi не жер қойнауын пайдаланушылар есептерде толық немесе дұрыс мәліметтер бермеген жағдайда пысықтауға қайтарады. Жер қойнауын пайдаланушы күнтізбелік отыз күн ішінде пысықталған есептерді өңіраралық департаментке ұсынады.
Уәкiлеттi орган өңіраралық департаменттен есепті алған сәттен бастап оны күнтiзбелiк он бес күн iшiнде бекітіп, геологиялық қорға сақтауға жібереді.
7. Жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалану объектілері жойылғаннан және/немесе консервациялағаннан соң бүкіл келісім-шарттық аумақта жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар аяқталғаннан кейін жүргізілген геологиялық барлау жұмыстары туралы түпкілікті есеп береді.
Түпкілікті есептердi өңіраралық департамент олар жер қойнауын пайдаланушылардан түскен сәттен бастап күнтiзбелiк он күн iшiнде келіседі және уәкiлеттi органға жiбередi не жер қойнауын пайдаланушылар есептерде толық немесе дұрыс мәліметтер бермеген жағдайда пысықтауға қайтарады. Жер қойнауын пайдаланушы күнтізбелік отыз күн ішінде пысықталған есептерді өңіраралық департаментке ұсынады.
Уәкiлеттi орган өңіраралық департаменттен есеп түскен сәттен бастап оны күнтiзбелiк он бес күн iшiнде бекітіп, геологиялық қорға сақтауға жібереді.
8. Жер қойнауын мемлекеттiк геологиялық зерттеу жөнiндегi жұмысты жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушылар есептi тоқсаннан кейiнгi айдың 15-күнiнен кешiктiрмей өңіраралық департаментке тоқсандық есептердi ұсынады.
Жер қойнауын пайдаланушы есепте толық немесе дұрыс мәліметтер бермеген жағдайда өңіраралық департамент түскен сәттен бастап күнтiзбелiк он күн iшiнде есепті пысықтауға қайтарады. Жер қойнауын пайдаланушы күнтізбелік отыз күн ішінде пысықталған есептерді өніраралық департаментке ұсынады.
Өңіраралық департаменттер жер қойнауын пайдаланушылардың деректерi бойынша есептi тоқсан үшін өзіне ведомстволық бағыныстағы аумақта жер қойнауын мемлекеттiк геологиялық зерттеу жөнiнде жүргiзiлген операциялардың нәтижелерi туралы жиынтық есепті жасайды.
Өңіраралық департаменттер жер қойнауын мемлекеттiк геологиялық зерттеу жөнiнде жүргiзiлген операциялардың нәтижелерi туралы жиынтық есептерді тоқсан сайын екі ай ішінде уәкілетті органға жібереді.
Уәкілетті орган өңіраралық департаменттен жиынтық есеп түскен сәттен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде қарағаннан кейін геологиялық қорға сақтауға жібереді.
Өңіраралық департаментке және уәкілетті органға жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу нәтижелері туралы жер қойнауын пайдаланушылардың жылдық есептерінің келіп түсуі тоқсандық есептерге ұқсас тәртіппен жүзеге асырылады.
9. Жер қойнауын пайдаланушылар ұсынатын есептер құрамындағы пайдалы қазбалары бар жер қойнауының геологиялық құрылымы, кен орындарының геологиялық параметрлері, қорлардың көлемі, игеру шарттары, сондай-ақ осы Қағидаға қосымшаға сәйкес жер қойнауының кез-келген ерекшеліктері туралы мәліметтерді қамтуы тиіс.
Жер қойнауын пайдаланушылардың жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзу туралы есептер беру қағидасына қосымша
Жер қойнауын пайдаланушылар есептерінің мазмұны
1. Жер қойнауын пайдаланушының жартыжылдық есебi қысқаша ақпараттық жазбаны және қажет болған жағдайда, ақпараттық жазбаның мәтiнiн безендіретін графикалық қосымшаларды (немесе суреттердi) қамтиды.
Жартыжылдық есептi ақпараттық толтыру геологиялық зерттеу сатысына байланысты:
1) өңiрлiк геологиялық зерттеулерде мынадай деректер келтiрiледi: келiсiмшарттық аумақтың әкiмшiлiк жағдайы;
есептi кезеңде келісімшарттық аумақта орындалған жұмыстардың түрлерi мен көлемi;
пайдалы қазбаның көрініс-белгісі орнының географиялық координаттары;
табылған пайдалы қазбаның көрініс-белгісінің жоспардағы және тереңдiктегi мөлшерi;
пайдалы қазба көрініс-белгілерінің сипаттамасы;
табылған жерүстi және ұңғымалық мұнай-газ көрініс-белгілерінің, табиғи резервуарлардың сипаттамасы;
пайдалы қазба ресурстарын болжамды бағалау;
2) табылған перспективалы объектiлер шегiндегi iздестiру жұмыстары кезiнде есепте 1) тармақшада көрсетiлген мәлiметтерден басқа мынадай деректер келтіріледі:
табылған кенге айналудың топографиялық және минералогиялық сипаттамасы;
кен денесінің параметрлері;
перспективалы құрылымның тереңдегі түзілуінің ерекшеліктері;
көмірсутек кен шоғырының параметрлері;
іздестіру немесе параметрлік ұңғымалардың ағынын байқап көрудің нәтижесі жөніндегі деректер;
пайдалы қазбаның қорларын бағалау, пайдалы қазбаның коммерциялық құндылығы туралы қорытынды;
3) іздестіру – бағалау жұмыстары кезінде 2) тармақшада көрсетілген мәліметтермен қатар мынадай деректер келтіріледі:
кен орындары кендерінің негізгі типтері мен сорттары;
байытудың оңтайлы сызбасын көрсетумен бірге, кенді қайта өңдеудің жоспарланған технологиялары жөніндегі деректер;
өнеркәсіптік қорлар мен болжамды ресурстар, кен орындарын игерудің рентабельділігі туралы мәліметтер;
4) барлау кезеңіндегі обьектілер бойынша 3) тармақшада көрсетілген мәліметтермен қатар, мынадай деректер келтіріледі:
кен денелерінің мөлшері, пішіні және параметрлері;
пайдалы қазбалардың қорларын есептеу үшін қолданылған кондицияның негізгі параметрлері;
кен орындарын игерудің гидрогеологиялық шарттары, кен орындарының су басу дәрежесі;
негізгі су тұтқыш көкжиектердің және жерасты сулары кешендерінің гидрогеологиялық параметрлерін бағалау деректері.
2. Жер қойнауын пайдаланушының жылдық есебi өткен жылғы геологиялық зерттеулердiң нәтижелерi туралы қорытылған ақпаратты қамтиды. Жылдық есеп ақпараттық жазбахаттың мәтiнiн көркемдейтiн ақпараттық жазбахат және графикалық қосымшалар түрiнде берiледi. Жылдық есептi ақпараттық толтыру келісімшарттық аумақтың зерттеу кезеңіне байланысты:
1) пайдалы қазбаларға өңірлік геологиялық зерттеулер кезінде есепке келісімшарттық аумақ бойынша мынадай мәліметтер енгізіледі:
әкімшілік жағдайы;
келiсiмшарттық аумақтың қысқаша геологиялық сипаттамасы;
өңiрлiк зерттеулердiң әдiстемесi, орындалған жұмыстардың түрлерi мен көлемдерi;
жер қойнауын пайдаланушылар тапқан кен көрініс-белгілері мен минералдау нүктелерiнiң сипаттамасы:
географиялық координаттары, жоспардағы мөлшері, геологиялық сипаттамасы, табылған кенге айналуының сипаттамасы (пайдалы құрамдастар және олардың құрамы, одан әрi зерделеу перспективалары);
айқындалған перспективалы құрылымдардың сипаттамасы:
географиялық байланыстыру, геометриялық параметрлерi, перспективалы көкжиектердiң орналасу тереңдiгi, олардың стратиграфиялық байланысуы, ресурстарды болжамды бағалау.
Өңiрлiк зерттеулер бойынша жылдық есептiң мәтiнiне мынадай графикалық қосымшалар қоса беріледі:
өңiрлiк масштабтағы келiсiмшарттық аумақтың геологиялық картасы;
карталарда геофизикалық және геохимиялық ауытқулар көрсетiлген перспективалы құрылымдар, учаскелер, көрініс-белгілерi бойынша егжей-тегжейлі масштабтағы геологиялық карта-қималар;
негiзгi реперлiк бетiнiң құрылымдық карталары;
айқындалған перспективалы құрылымдар бойынша қималар; ерекше қиылыстар бойынша уақытша және тереңдік тіліктер.
2) перспективалы учаскелердегі, көрініс-белгілердегі, құрылымдардағы iздестіру-бағалау жұмыстарының нәтижелерi жөнiнде мынадай ақпарат келтiрiледi:
перспективалы учаскелердің, кен көрініс-белгілерін, құрылымдардың географиялық-экономикалық жағдайы;
айқындалған кен объектiсiнiң геологиялық түзілуінің сипаттамасы, кенге айналудың заттық құрамы;
кендi дене параметрлерi, пайдалы құрамдастарының құрамы, болжамды ресурстарды бағалау, олардың геологиялық-экологиялық сипаттамалары;
мұнай мен газдың болуында жұмыс істеу кезінде мыналар көрсетiледi:
айқындалған және терең бұрғылауға дайындалған өнiмдi құрылымдардың, белгiленген мұнай-газ көрініс-белгілерiнiң және битум мен кирлердi қоса алғанда, көмiрсутек белгiлерiнiң атауы;
негiзгi көрсету көкжиектері бойынша құрылымдық карталар, коллектордың қасиеттері бойынша деректер, iздестіру және параметрлiк ұңғымаларды ағынға бұрғылау және сынау нәтижелерi, А+В+С1 және С2 санаттары бойынша қорларды бағалау;
iздестіру және параметрлiк ұңғымаларды ағынға сынау нәтижелерi, ұңғымамен ашылған литологостратиграфиялық қима, ұңғыманың құрылымы, коллектордағы мұнайдың, газдың, судың мөлшерi, ұңғыманың қысқаша өткізгіші, кедергілер және келісімшартта ескерілген басқа да мәліметтер.
3) келiсiмшарттық аумақты зерттеудiң iздестіру-барлау кезеңiне мыналар қоса берiледi:
спектрлiк талдау деректерiн таратумен бiрге кендi аймақтарды сынау жоспарлары;
спектрлiк, сандық, оның iшiнде технологиялық талдаулардың нәтижелерiн шығара отырып iздестіру бұрғылау деректерi бойынша геологиялық қималар, керн материалы нәтижелерiн талдау;
iздестіру ұңғымаларының геологиялық бағаналары;
мұнай-газ аудандары бойынша:
негiзгi көрсету көкжиектері бойынша толық құрылымдық карталар, ерекше бағыттар бойынша уақытша және тереңдiк қималар, каротажды диаграммалардың қосымшасымен бiрге бұрғыланған ұңғымалардың геологиялық қималары, ағынға сынау нәтижелері қоса берiледi.
4) келiсiмшарттық аумақтағы барлау жұмыстарының нәтижелерi бойынша мынадай ақпарат келтiрiледi:
табылған кен орнындағы кеннiң негiзгi типтері мен сорттары;
кен өңдеудiң әзірленген оңтайлы технологиясы;
кен орнын өңдеудiң гидрогеологиялық және кен-технологиялық шарттары;
кен орындарының өнеркәсiптiк қорлары және болжамды ресурстары, пайдалы құрамдастарының құрамы;
кен орнын өңдеудiң рентабельдiлiгi;
Жылдық есептiң мәтiнiне мынадай графикалық материалдар қоса берiледi:
жекелеген (типті) барлау сызықтары бойынша қорларды есептеуге арналған геологиялық қималар;
С1 және С2 санаттарының ең маңызды блоктары мен болжамды ресурстардың қорларын бұғаттау.
5) өнеркәсiптiк игеру үшiн кен орнын барлау және дайындау жұмыстары бойынша мынадай ақпарат келтiрiледi:
кен орнының географиялық координаттары;
барлау әдiстемесi, жұмыстардың түрлерi мен көлемi;
кен орнының геологиялық сипаттамасы;
тау-кен аудандары бойынша:
кен денелерiнiң саны, пішімі, параметрлерi, кеннiң минералогиялық құрамы, минералдық ассоциациясы, пайдалы құрамдастардың көрініс-белгілерінің нысаны туралы деректер;
пайдалы құрамдастың негiзгi минералдары-тасымалдаушылары;
қорларды есептеуге арналған кондицияның параметрлерi, пайдалы қазбалар қорларын есептеудiң нәтижелерi;
кеннiң заттық құрамы және технологиялық қасиетi, кен шикiзатын өңдеудiң оңтайлы технологиялық схемасы;
кен орнын игерудiң техникалық-экономикалық көрсеткiштерi;
мұнай және газ кен орындарын барлау кезiнде:
өнiмдi көкжиектер мен коллекторлардың сыналану аймағының геологиялық түзілуі, таужыныс-коллекторлардың параметрлерi;
ұңғымаларды ағынға зерттеу нәтижелерi;
өнiмдiлiк коэффициенттерi;
газ-су, су-мұнай байланыстарының сипаты;
жойылған ұңғымалар мен консервациядағы ұңғымалар туралы ақпарат.
Өнеркәсiптiк игеру үшiн кен орнын барлау және дайындау бойынша графикалық қосымшадан басқа мыналар қоса берiледi:
рудалы кен орындары бойынша:
бойлық геологиялық қималар;
кен орнын бiркелкi сипаттайтын геологиялық қималар, екi және үш деңгейдегi көкжиектi жоспарлар;
негiзгi кендiк шоғырлардың қорларын бұғаттау;
мұнай-газ кен орындары бойынша:
әрбiр өнiмдi көкжиек бойынша толық құрылымдық карталар, литологиялық-геологиялық қималар, ұңғымаларды сынау нәтижелері;
3. Келiсiмшарттық аумақта коммерциялық табу және пайдалы қазбалардың пайдалану қорларын бекiту кезiнде жер қойнауын пайдаланушы табылған кен орнының паспортын уәкiлеттi органға беруге міндетті.
4. Осы Қағиданың 7 және 8-тармақтарында көрсетiлген геологиялық есептердi ресiмдеу Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрінің бұйрығымен бекiтілетін Қазақстан Республикасының жер қойнауын геологиялық зерттеу туралы есептердi ресiмдеу жөнiндегi нұсқаулыққа сәйкес жүзеге асырылады.