25 Маусым, 2016

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің бұйрығы  №544

305 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
  2015 жылғы 30 маусым, Астана қаласы Қазақстан Республикасының азаматтарын бюджет қаражаты есебінен шетелге емделуге жіберу қағидаларын бекіту туралы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексінің 7-бабының 1-тармағының 80-тармақшасына сәйкес бұйырамын: 1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының азаматтарын бюджет қаражаты есебінен шетелге емделуге жіберу қағидалары бекітілсін. 2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен: 1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді; 2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он күннің ішінде мерзімдік баспасөз басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жолдауды; 3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды; 4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1), 2), 3) тармақшаларымен көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін. 3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі А.В. Цойға жүктелсін. 4. Осы бұйрық оны алғашқы ресми жариялаған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Т. ДҮЙСЕНОВА Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 30 маусымдағы №544 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасының азаматтарын бюджет қаражаты есебінен шетелге емделуге жіберу қағидалары 1. Жалпы ережелер 1. Осы Қазақстан Республикасының азаматтарын бюджет қаражаты есебінен шетелге емделуге жіберу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексінің 7-бабының 1-тармағының 80-тармақшасына (бұдан әрі - Кодекс) сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының азаматтарын бюджет қаражаты есебінен шетелде емделуге жіберу тәртібін айқындайды. 2. Осы Қағидалар Қазақстан Республикасының азаматтарын бюджет қаражаты есебінен шетелдік медициналық ұйымдарға емделуге жіберу тәртібін реттейді. 3. Қазақстан Республикасының азаматтарын шетелдік медициналық ұйымдарға емделуге жіберуді Қазақстан Рес­публикасының денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі - Уәкілетті орган) бюджет қаражаты есебінен: 1) осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтары бюджет қаражаты есебінен шетелге емделуге жіберілетін аурулардың тізбесіне сәйкес; 2) осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес бюджет қаражаты есебінен шетелге емделуге жіберілетін Қазақстан Республикасы азаматтарының жекелеген санаттарының тізбесіне сәйкес жүзеге асырады. 4. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар: 1) Қазақстан Республикасының азаматтарын шетелдік медициналық ұйымдарға емделуге жіберу жөніндегі тұрақты жұмыс істейтін комиссия (бұдан әрі - Комиссия) - уәкілетті орган жанындағы Қазақстан Республикасының азаматтарын шетелдік медициналық ұйымдарға Денсаулық туралы кодекстің 7-бабының 80-тармақшасының негізінде айқындалған тәртіппен жіберу жөніндегі консультациялық-кеңестік орган; 2) жұмыс органы - Қазақстан Республикасының азаматтарын бюджет қаражаты есебінен шетелге емделуге жіберу мәселелері бойынша Денсаулық туралы кодекстің 7-бабының 80) тармақшасына сәйкес уәкілетті органмен айқындайтын консультациялық орган; 3) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – азаматтардың денсаулығын сақтау, медициналық және фармацевтикалық ғылым, медициналық және фармацевтикалық білім беру, дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың айналысы, медициналық қызметтердің сапасын бақылау саласындағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган; 4) денсаулық сақтау басқармасы – облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың денсаулық сақтауды басқарудың жергілікті органы. 2. Қазақстан Республикасының азаматтарын бюджет қаражаты есебінен шетелге емделуге жіберу тәртібі 5. Қазақстан Республикасының азаматтарын бюджет қаражаты есебінен шетелге емделуге жібері мәселесін денсаулық сақтау басқармасы Комиссияның қарауына мынадай құжаттарды енгізеді: 1) денсаулық сақтау басқармасының пациентті шетелдік медициналық ұйымдарға емделуге жіберу туралы қолдаухаты; 2) пациентттің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі; 3) жұмыс органының пациентті бюджет қаражаты есебінен дәлелді медицинаның негізінде осы пациентті емдеудің жоғары технологиялық әдісі неғұрлым тиімді жүргізілетін шетелдік медициналық ұйымдарға емделуге жіберудің орындылығы туралы қорытындысы (бұдан әрі - қорытынды). 6. Қорытындыны алу үшін денсаулық сақтау басқармасы жұмыс органына республикалық медициналық ұйым ұсынған, жүргізілген барлық зерттеулердің, консультациялардың, емдеудің нәтижелерін және пациентті шетелдік медициналық ұйымдарда емдеу қажеттілігі туралы қорытындыны қамтитын ауру тарихынан егжей-тегжейлі үзіндінің көшірмесін жібереді. Емдеуші дәрігер қол қойған және бірінші басшы (оны алмастыратын тұлға) растаған әрі мөр соғылған ауру тарихынан үзінді жұмыс органына жіберілгенге дейін бір айдан кешіктірілмей берілуі тиіс. 7. Денсаулық сақтау басқармасы пациенттің медициналық құжаттарын жұмыс органына қолма-қол немесе интернет-байланысы арқылы оларды тіркеген сәттен бастап 3 жұмыс күні ішінде жеткізеді. 8. Жұмыс органы қорытындыны ұсынуы үшін: 1) денсаулық сақтау басқармасы ұсынған пациенттің медициналық құжаттарын қарайды; 2) Уәкілетті органның штаттан тыс бас мамандарын тартады; 3) Қазақстан Республикасының медициналық ұйымдарының жағдайында жүргізілген барлық зерттеулерді ұсына отырып, пациентті шетелге емделуге жіберу мәніне шетелдік медициналық ұйымдармен міндетті түрде алдын ала телемедициналық консультациялар өткізеді. Қажет болған кезде шетелдік медициналық ұйым телемедициналық консультацияны пациенттің қатысуымен өткізеді; 4) шетелдік медициналық ұйым пациентті емдеу туралы келіскен және растаған кезде емдеу бағдарламасы мен оны көрсетуге арналған шығыстар калькуляциясын сұратады; 5) ұсынылған емдеу бағдарламасына сәйкес шетелдік медициналық ұйымның келісімі бойынша жұмыс органы немесе Қазақстан Республикасының өзге бейінді медициналық ұйымдардың жағдайында қосымша тексеруді, мамандардың консультациясын өткізеді, ал оларды өткізу мүмкін болмағанда оларды шетелдік медициналық ұйымдарда өткізуге келіседі; 6) өткізілген телеконсультацияның, баға саясатының маркетингтік зерттеулер нәтижелерінің және емдеуді жүргізу талаптарының негізінде шетелдік медициналық ұйымды іріктеуді жүргізеді және кемінде 2 шетелдік медициналық ұйымда емдеу құнының талдауы бар осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қорытынды береді. 7) шетелге емделуге жіберілетін пациенттердің аурулары туралы деректер базасын құрады; 8) шетелдік медициналық ұйымдарға емделуге жіберілген пациенттерді емдеу нәтижелеріне мониторинг жүргізеді; 9) пациентті шетелдік медициналық ұйымдарға емделуге жіберудің орындылығын анықтайтын отандық медициналық ұйымдарда қолданылмайтын диагностикалау мен емдеудің жоғары технологиялық әдістерінің базасын қалыптастырады; 10) уәкілетті органға жартыжылдықта 1 рет Қазақстан Республикасы азаматтарының шетелдік медициналық ұйымдарда емделуі бойынша келесі есепті айдың 15-күніне талдамалық ақпаратты ұсынады. Қорытындыны науқасты емдеуге жатқызуға немесе қосымша зертханалық-диагностикалық зерттеулерді жүргізуге көрсетілімдері болмаған жағдайда жұмыс органы денсаулық сақтау басқармасына құжаттар келіп түскен күнінен бастап 7 жұмыс күнінің ішінде және пациентке Қазақстан Республикасының медициналық ұйымдарында қосымша тексеру немесе емдеу жүргізілген жағдайда 20 күннің ішінде ұсынады. 9. Пациентті шетелдік медициналық ұйымдарда емделуге жіберу (жіберуден бас тарту) туралы шешімді Комиссия осы Қағидалардың 5-тармағында көрсетілген ұсынылған құжаттардың негізінде, олар Уәкілетті органға түскен күнінен бастап 10 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде қабылдайды. 10. Шетелдік медициналық ұйымды таңдауды Комиссия осы шетелдік медициналық ұйымда медициналық көмек көрсетудің сапасын, күту ұзақтығын және баға саясатын есепке ала отырып, жұмыс органы берген ұсынымдарды ескере отырып жүзеге асырады. 11. Комиссияның пациентті кезектілік немесе басым тәртіппен шетелдік медициналық ұйымдарда емделуге жіберу (жіберуден бас тарту) туралы шешімі Комиссия отырысының хаттамасымен ресімделеді. Басым тәртіппен балалар, жүкті әйелдер, пациенттер аурудың бір бейіні бөлігіндегі қалыптасқан кезектілікке сәйкес туыстық донор болған жағдайда ағзаларды, тіндерді транспланттау жүргізуді қажет ететін пациенттер, сондай-ақ денсаулық жағдайы өміріне қауіп төндіретін пациентер жіберіледі. 12. Комиссияның пациентті шетелдік медициналық ұйымдарға емделуге жіберу (жіберуден бас тарту) туралы шешімі 5 жұмыс күнінің ішінде жазбаша нысанда пациентке (оның заңды өкіліне) жіберіледі. Комиссия пациентті шетелдік медициналық ұйымдарға емделуге жіберуден бас тарту туралы шешім қабыл­даған жағдайда Уәкілетті орган 5 жұмыс күнінің ішінде пациентке (оның заңды өкіліне) Қазақстан Респуб­ликасының заңнамасына сәйкес республиканың аумағында медициналық көмек көрсету туралы ұсыным береді. 13. Балалар, сондай-ақ бөгде күтімді қажет ететін адамдар шетелдік медициналық ұйымдарға жол жүру шығыстарын бюджет қаражаты есебінен Уәкілетті орган төлейтін алып жүретін адаммен жіберіледі. 14. Уәкілетті орган жұмыс органның ұсынымдарын ескере отырып, Комиссия шешімінің негізінде шетелдік меди­циналық ұйыммен Қазақстан Республикасының азаматтарына медициналық қызмет көрсету туралы шарт жасасады. 15. Уәкілетті орган пациенттердің емдеу және жол жүру шығыстарын төлеуді жүргізеді. 16. Шетелдік клиникаларға емделуге өз бетінше шыққан пациенттердің материалдарын Комиссия қарамайды және шығыстары төлеуге жатпайды. 17. Шарт емдеу әдістеріне және ұзақтығына қарай ұзақ мерзімді сипатқа ие болуы және емдеуге кезең-кезеңімен ақы төлеуді көздеуі мүмкін. Кезең-кезеңімен емдеу пациентті шетелдік медициналық ұйымға ағзаларды (ағзалардың бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін) транспланттауға жіберген жағдайда көзделеді. Бұл ретте емдеудің бірінші кезеңі шетелдік медициналық ұйымда донорды таңдау, сондай-ақ тікелей донорды іздестіру үшін пациентті қажетті зерттеулер жүргізуді көздейді. Шетелде ағзалар және (немесе) тіндерді транспланттау кезегінде тұрған пациенттерге HLA – типтеу жүргізу қажет болған жағдайда оларға донор іздеуді жалғастыру үшін, Комиссияның шешімі бойынша, уәкілетті орган айқындаған медициналық ұйым тоқсан сайын ағзалар (ағзалардың бөлігін) және (немесе) тіндердің (тіннің бөлігін) транспланттауын қажет ететін пациенттердің қан сарысуын алып, шетелдік медициналық ұйымға бюджет қаражатының есебінен жеткізеді. Донорды таңдаған жағдайда пациент емдеудің екінші кезеңіне - ағзалар (ағзалардың бөлігін) мен тіндерді (тіннің бөлігін) транспланттауға жіберіледі. Пациенттің бірінші және екінші кезеңдегі, сондай-ақ алып жүретін адамның жол жүруіне ақы төлеуді Комиссияның шешімі бойынша уәкілетті орган жүзеге асырады. Ағзалар (ағзалардың бөлігін) мен тіндерді (тіннің бөлігін) транспланттау кезінде емдеудің әрбір кезеңіне Уәкілетті орган шетелдік медициналық ұйыммен жеке шарт жасасады. 18. Уәкілетті орган шетелдік медициналық ұйымға пациентті шетелде емдеу бойынша шарттың жалпы сомасынан 70%-ға дейінгі мөлшерде аванс төлейді. Ұзақ мерзімді емдеу кезінде уәкілетті орган атқарылған жұмыстардың аралық актілері бойынша шетелдік клиникаға ай сайынғы төлемді жүргізеді. Түпкілікті төлем шетелдік медициналық ұйым атқарылған жұмыстардың қорытынды актісін ұсынғаннан кейін жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасының азаматтарын бюджет қаражаты есебінен шетелге емделуге жіберу қағидаларына 1-қосымша Қазақстан Республикасының азаматтарын бюджет қаражаты есебінен шетелге емделуге жіберілетін аурулардың тізбесі (балалардан басқа) 1. Мидың хирургиялық қолжетімсіз және функциялық елеулі аумағындағы радиохирургиялық емдеу әдісін (гамма-пышақ) талап ететін артерия-веналық мальформациялары мен ісіктері. 2. Эндоваскулярлық емдеу үшін ми діңі, жұлын тамырларының артерия-веналық мальформациялары және артериялық аневризмдер. 3. Трансоралдық алып тастау үшін бассүйек негізінің ісіктері. 4. Радиохирургиялық емдеуді (гамма-пышақ, радио белсенді аппликаторлар) талап ететін көздің қатерлі ісіктері. 5. Кератопротездеу. 6. Жүректі, бүйректі, бауырды, өкпені, жұлынды транспланттауды талап ететін аурулар. 7. Өңеш стеноздары. 8. Трахея стеноздары. Қазақстан Республикасының азаматтарын бюджет қаражаты есебінен шетелге емделуге жіберу қағидаларына 2-қосымша Қазақстан Республикасы азаматтарын бюджет қаражаты есебінен шетелге емделуге жіберілетін жекелеген санаттарының тізбесі 1. Көрсетілімдері болған және Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ұйымдарында диагностика мен емдеудің қолдануға рұқсат етілген барлық әдістері пайдаланылған, бірақ емнің оң нәтижесі болмаған 0-ден 18 жасқа дейінгі балалар. 2. Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің тапсырмасы бойынша ерекше жағдайларда қызметтік міндеттерді атқару кезінде ауыр жарақат алған және мертіккен Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ұйымдарында диагностика мен емдеудің қолдануға рұқсат етілген барлық әдістері пайдаланылған, бірақ емнің оң нәтижесі болмаған құқық қорғау органдарының қызметкерлері, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері. Қазақстан Республикасының азаматтарын бюджет қаражаты есебінен шетелге емделуге жіберу қағидаларға 3-қосымша Пациентті бюджет қаражаты есебінен шетелдік медициналық ұйымдарға емделуге жіберудің орындылығы туралы қорытынды 1 Тегі, аты, әкесінің аты 2 Туған жылы 3 Мекен-жайы 4 Клиникалық диагнозы 5 Қосалқы диагнозы 6 Жүргізілген ем 7 Жүргізілген зертханалық-диагностикалық зерттеулер 8 Консилиум қорытындысы және шетелдік клиника ұсыныстары­ның не­гізінде емделушіні шетелге емделуге жіберу қажеттілігі туралы шешім 1. Қажет етеді 2. Қажет етпейді (керегінің асты сызылсын) 9 Ұсынылатын шетелдік медициналық орталықтар (ел) 1. 2. 3. 10 Шетелдік медициналық орталықтарда емдеудің құны 1. 2. 3. 11 Калькуляция мен емдеу бағдарламасы (қоса беріліп отыр) 12 Алып жүретін адамның қажеттілігі (себебін көрсету) 13 Жіберу басымдылығы 14 Емдеуге жатқызуға жіберу мерзімі 15 Ескертпе Медициналық ұйымның басшысы / / / (қолы) (Т.А.Ә.) МО Бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылғы 30 шілдеде Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне №11795 болып енгізілді.
Соңғы жаңалықтар

Терраса тақтасы

Ғылым • Кеше