Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Гүлнәр Ықсановадан апатты оқиғалардан зардап шегіп, мүгедек болып қалған жандардың зәру мәселелеріне депутаттар тарапынан қандай көмектер жасалып жатқаны туралы сұраған едік.
– Апатты жағдайлардан алған соққылардан кембағал болып қалған жандардың проблемасы қазір бүкіл әлемнің әлеуметтік мәселесіне айналып отыр. Біздің елімізде осындай оқиғалардың салдарынан көз жұмған адамдардың саны қан айналымы, миокард инфаркты және қатерлі ісік дерттерінен кейінгі төртінші орынды алып отыр. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдердің 100 мың адамға шаққандағы орташа көрсеткішінен біздегі өлім-жітім саны екі есе артық.
Мүгедектердің жалпы санының 12,7%-ы апатты жағдайлардағы түрлі соққылар алудың кесірінен болады. Нақты айтар болсақ, жыл сайын бізде 600 мың адам осындай қайғылы жағдайларға ұшырап қалып жатады екен. Соның – 22%-ы балалар, 78%-ы – жасөспірімдер мен ересектер.
Үстіміздегі жылдың 9 маусымында халықтың өлім-жітімін көп тудыратын дерттерге қарсы мемлекеттің жүйелі шараларына арналған «Нұр Отан» партиясының Мәжілістегі фракциясының отырысында жыл сайын елімізде бақытсыз жағдайдан 16 мың адамның өмірмен ерте қоштасатындығы айтылды.
– Бұл өте көп қой...
– Әрине. Халқы онсыз да аз Отанымызда жыл сайын осынша адамның көз жұматыны алаңдатпай қоймайды. Бұл проблеманың екінші жағы да бар. Қаза болғандардың дені тұрғындардың экономикалық тұрғыдан белсенді бөлігі екен. Мәселенің экономикалық жағына көңіл аударатын болсақ, қаза болғандар мен зардап шегіп, мүгедек болып қалғандардың себебінен бюджетке түсетін салық көлемі 44,8 млрд. теңгеге азайып қалған. Ал егер көз жұмғандар мен мүгедектік алғандар санын 10 пайызға ғана азайтсақ, бюджеттің кіріс бөлігі 2,1 млрд. теңгеге артатын көрінеді.
– Сонда қандай шаралар қолға алынуы керек деп ойлайсыз?
– Бұл тұрғыда денсаулық сақтау нысандарының ғылыми-емдеу бағыттарын дамыту барынша өзекті болып отыр. Олар травматизммен байланысты дерттерді зерттеу және санитарлық бақылаумен айналысады. 2001 жылы Астанада 1972 жылы салынған екінші қалалық аурухананың негізінде Травматология мен ортопедия ғылыми-зерттеу институты (ТОҒЗИ) ашылған.
2009-2011 жылдары ТОҒЗИ мемлекеттік тапсырыс бойынша Қазақстан тұрғындарына тегін консультативтік-диагностикалық жоғары білікті медициналық көмек көрсетті. Алайда, қазір салынғанына 43 жыл болған бұл ғимараттың мүмкіндігі бүгінгі стандарттарға сәйкес функционалды қызмет көрсету орындарына жетпей отыр. Сондықтан да ТОҒЗИ-дің жаңа ғимаратын салу мәселесі аса зәру проблемалардың біріне айналды.
– Сіздердің тараптарыңыздан бұл мәселені шешу үшін қандай қадамдар жасалуда?
– Мен осы мәселелердің бәрін айтып, Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің атына депутаттық сауал жолдадым. Онда бұл құрылыстың халық зәрулігін өтеумен қатар, денсаулық сақтау саласына жоғары инновациялық технологияларды енгізудің бір жолы екендігі айтылды. Егер травматология мен ортопедияның жаңа зерттеу институты салынса, онда Қазақстанның осы сала бойынша халықаралық стандарттарға жақындай түсуіне де бір нақты қадам болар еді. Түрлі апатты соққылардан зардап шеккен адамдарымызды емдеудің жолдары табылып, оларды қоғамымызға дені сау етіп қайтарып жатсақ, ТОҒЗИ-ді салуға кеткен қаражаттың артығымен қайтарылғандығы емес пе?
Ықтимал экономикалық тиімділігі де орасан болар еді, өйткені, дені сау адамдарымыздың саны көбейіп, олар еңбекке араласып, бюджеттің түсім бөлігін арттыра түседі ғой.
Әңгімелескен
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»