28 Маусым, 2016

Автобустар газбен жүреді

313 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
ЕҚДБАқтөбеде болашақта Еуропа­лық қайта құру және даму бан­кінің (ЕҚДБ) ықпал етуімен сұйытылған газ пайдалана­тын автобустар паркі пайда болады. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Еуропалық қайта құру және даму банкінің Қазақстандағы өкілі­нің директоры Джанет Хекман­мен болған кездесуінде осындай келісімге қол жеткізді. Өңір басшысы Хекман ханымды қарсы ала отырып, Қазақстан мен ЕҚДБ ынтымақтастығы елдің экономикалық жағдайын дамы­тудағы басым бағыттардың брі екенін атап өтті. Қазақстанда жұмыс істеген 20 жылдан астам уа­қыт аралығында еліміздің түрлі сек­торында жалпы құны 6,5 миллиард еуро болатын 210 жоба жүзе­ге асырылды. –  Облыс әкімдігінің Еуразия­лық қайта құру және даму банкімен Ақтөбе қаласының коммуналдық шаруашылығы жүйесін дамыту бойынша екіжақты ынтымақтасып жұмыс атқаруда тәжірибесі бар. Аймақта Еуразиялық банктің қолдауымен бірнеше жоба жүзеге асырылуда. 2015 жылдың қазан айында Ақтөбе қаласының жылу және су жүйелерін жаңғырту және қайта салынуы бойынша жобаны жүзеге асыруға шамамен 7 миллиард теңге инвестиция тартылды, – деді аймақ басшысы. Ақтөбеде шағын және орта биз­неске қолдау көрсететін ЕҚДБ кеңсесі жұмыс істейді, ол кәсіп­керлерге консультациялық қыз­меттер көрсетеді. Бұл кеңсенің ерек­шелігі Ақтөбе облысымен қатар Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан өңірлерінің бизнес өкілдеріне де қолдау көрсетеді. Қа­зіргі таңда аймақта 32 кеңесші жұмыс істейді, олардың көмегімен 105 жоба жүзеге асырылуда. – Біз сұйытылған газбен қаты­найтын автопарк құру жөнінде бірлескен жаңа жобаны жүзеге асыру үшін шамамен 4,3 миллиард теңге инвестиция салғымыз келіп отыр. Бұл қаражат коммуналдық автобус паркінің инфрақұрылымын дамытуға жұмсалады, табиғи газ пайдаланатын 100 заманауи автобус сатып алады, газ құю стансасы салынады, автобус депосы ашылып, электронды билет жүйесі енгізілмек, – деді аймақ басшысы. Бүгінгі таңда біздің қалада 50 бағытта сыйымдылығы үл­кен, орташа және шағын 433 автобус қатынайды. Жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасы мен көліктегі апаттылық деңгейіне көлік құралдарының техникалық жағдайы мен тозығы әсер етеді. Заманауи автобустар сатып алын­ғанда көліктердің қатынау жиі­лігі артады, ауа қабатына бөлі­нетін зиянды қалдықтар көлемі азаяды, жолаушылар тасымалының ың­ғайлылық деңгейі артады. Сонымен бірге, ЕДҚБ суармалы алқап көлемін 9 мың гек­тарға арттыру жөніндегі жобаны жүзеге асыруды қолдауға дайын. Бұл мақсаттарға шамамен 5,8 мил­лиард теңге қажет. Өз кезе­гінде Еуропалық банк тарапынан барлық жобаның қолдау табатынын жеткізген Джанет Хекман суармалы алқап көлемін кеңейту туралы мәселенің таяуда ҚР Үкі­метінде талқыланғанын атап өтті. Кездесу соңында тараптар алдын ала келісімдерге қол қойды. Джанет Хекман ханым сондай-ақ, ЕҚДБ-ның шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау бойынша жаңа кеңсесінің ашылу салтанатына қатысып, индустриялық аймақ пен бірқатар өнеркәсіптік кәсіпорындарды аралап көрді. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан» АҚТӨБЕ