Әдетте, бұқаралық ақпарат құралдарында еңбек етемін деген жастың көбі мектепте, кейін жоғары оқу орнында оқып жүргенінде-ақ тележурналистикаға таңдау жасайды. Неге? Осы сауал төңірегінде әріптестерімізбен аз-кем пікірлескен едік.
Өңірдегі БАҚ мамандарын даярлайтын бірден-бір оқу орны – С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің журналистика және әлеуметтік гуманитарлық ғылымдар кафедрасының меңгерушісі Ермек Сейтембековтің айтуынша, биыл 27 студент журналистика мамандығы бойынша диплом алды. Олардың 70 пайызы жұмысқа орналасып үлгерген екен. Әрине, басым бөлігі тележурналистиканың ауылына атбасын бұрған.
– Журналистика – жастарымыздың оқушы күнінен бастап армандаған мамандығы ғой. Оның себебін мамандыққа деген құштарлықтан іздеген жөн шығар. Мерзімді баспасөз – жоғары оқу орнын бітірген жас үшін бірден біте қайнасып кете алмайтын жауапкершілігі мол шығармашылық орта. Әрине, телеарналардың жүгі жеңіл дей алмаймын. Дегенмен, тележурналистикада журналистің сөзі мен ойы жеткізе алмағанды видео, яғни бейнематериал, жақсы монтаждалған ұжымдық еңбек жеткізеді. Сондықтан да жастар тележурналистикаға бет бұрып жатады, – дейді кафедра меңгерушісі Ермек Жәкенұлы.
Ал «Қазақстан-Өскемен» телеарнасы директорының орынбасары Аида Жабағиева «журналистика мамандығының түлектері тележурналистикаға жүгіреді» деген пікірмен келіспейді. Сала маманы журналистикадан азды-көпті хабардар жанның бəрі телевизияның қиындығынан да хабардар екенін айтады.
– Мысалы, газетте материалдың сауаттылығы тікелей авторға, қалам тарту шеберлігіне, сөз саптауына байланысты. Сауатты журналистен сауатты мақала шығады. Ал, тележурналистикада сауатты жаза білу аз. Яғни, мұнда тілшінің сауаттылығымен қатар, шығармашылық ортада жұмыс істей білуі, адамдармен тіл табысу қабілеті және өмірдегі болмысы өте маңызды. Тілші тақырып тапты делік. Дегенмен, əріптестерімен байланыста жұмыс істемесе, режиссерге, операторға, бейнемонтаждаушыға сюжетінің бағыт-бағдары мен оны жүзеге асыру барысындағы көздегенін түсіндіре алмаса, телетуындының да сапасы төмен болады. Яғни, тележурналистика – командалық, шындығына келгенде үлкен жауапкершілік жүктейтін жұмыс. Оның ерекшелігі – эмоцияны жеткізу және оны көрерменімен бөлісу мүмкіндігі. Жалпы, журналистиканың қай саласында болмасын, тек шынайы жан-тəнімен берілгендер ғана жұмыс істей алады, – деді Аида Тілеубайқызы.
Осы орайда келешегін баспасөзбен байланыстырған жастардың ойын да білдік.
– Меніңше, қазіргі кезде жас журналистердің телеарналарға бет бұруы туған-туыс, дос-жаранның ықпалынан болып тұр. Өйткені, журналистика мамандығында оқитыныңды естіген кез келген жанның алғашқы айтары: «Сені теледидардан көріп отырайық», деген бата-тілек. Себебі, көк жәшік көрермендерінің саны газет оқырмандарынан әлдеқайда артық. Сондықтан жастар тасада қалып бара жатқан кәсіп иесі емес, танымал тележүргізуші болуға құштар, – дейді С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті тарих, халықаралық қатынастар және филология факультетінде журналистика мамандығы бойынша 2-курсты тәмамдаған Баян Мұратқызы.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН