28 Маусым, 2016

Тәттімбетті Түркия құрметтейді

394 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
imgyerel.hurriyet.com.trӨткен аптада Анкараның Кечи­­өрен ауданындағы Сүйінбай сая­бағына ақиық ақынның мүсіні орна­тылғанын хабарлаған едік. Енді, міне, Түркияның астанасы – Анкара қаласында қазақ­тың күйші-ком­позиторы, домбырашы, шертпе күй орындаушылық мектебінің негі­зін қалаушылардың бірі, халық күй өнерінің классигі Тәт­тімбет Қазан­ғапұлы атындағы саябақ ашылды. Саябаққа дәулескер күйшінің аты халықаралық ТҮРКСОЙ ұйы­­мының ұйымдастыруымен, Қа­зақстанның Түркиядағы елшілі­гінің қолдауымен және Қарағанды облысының әкімдігінің атса­лысуы­мен берілді. Бұл демалыс орны Анкара қаласының орта­лы­ғындағы Етимесгут ауда­нын­да о­рналасқан. Саябақтың ашылу салтанатына Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Жансейіт Түймебаев, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Анкара қаласы Етимесгут муниципалитетінің мэрі Әнуар Демирель, ақын Серік Ақсұңқарұлы, Тәттімбеттің тікелей ұрпағы Мүслім Жақпаров пен түрік зиялылары қатысты. Шарада алдымен Тәттімбет атын­дағы академиялық ұлт аспаптар оркестрінің орындауында күйші-композитордың «Сарыжайлау», «Сылқылдақ» күйлері тарту етілді. Одан кейін Қазақстанның Түр­кия­дағы Төтенше және өкілетті елшісі Жансейіт Түймебаев сөз сөйлеп, қазақ күйшісінің атындағы саябақтың ашылуы екі елдің ара­сындағы мәдени және достық қарым-қатынастың жыл өткен сайын дамып, нығайып келе жатқанын көрсететінін, қазіргі кезде түбі бір түркі елдерін жақындастыратын, екі елдің рухани байлығын арттыратын жұмыстардың қолға алынып жатқанын айтты. –Түрік елінде қазақтың тарихы мен мәдениеті жақсы насихатталып келеді. Осы жерде 2011 жылы халық әртісі, күйші-композитор Дина Нұрпейісованың 150 жылдығына байланысты саябақ ашылған болатын. Былтыр Кечиөрен ауданында Сүйінбай Аронұлының 200 жылдығына орай саябақ ашылды. Сондықтан, түрік жерінде халқымыздың мәдениетінің дамуына зор үлес қосқан тұлғаларға құрмет көрсетіліп жатқаны біз үшін зор қуаныш, үлкен абырой. Осындай маңызды шаралар түркі халықтарының арасын жақын­дастыра түседі, – деді ол. Аталған шарада ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов те түркі елде­рінің ынтымақтастығының маңыз­ды­лығын атап өтті. Ол халық күй өнерінің классигі Тәттім­бет Қазанғапұлына арналған саябақтың қаланың дәл орталы­ғында орналасқанын, осының өзі түркі халқының Қазақ еліне деген ыстық ықыласын білдіретінін айтты. Сонымен бірге, ол ТҮРКСОЙ ұйымы былтырғы жылды хакас дастаншысы Семен Кадышевқа, түрік жазушысы Халдун Танерге арнағанын, ал биыл атақты ойшыл Жүсіп Баласағұниге құрмет көрсетіліп, халықаралық конференциялар ұйымдастыруды қолға алып жат­қанын жеткізді. Альбина ӘШІМ, «Егемен Қазақстан» – Анкарадан