Маратты алғаш рет Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінде оқып жүрген кезімде, яғни 80-жылдары көрдім. Ол кезде университет қабырғасында, күн демей-ақ қояйын, апта сайын дерлік ақын-жазушылармен, әнші-күйшілермен кездесулер өтіп жатады. Өз арамызда да талантты жігіттер мен қыздар жетерлік. Осындай түрлі басқосулардың арасынан оқуды бітіріп жатқан бесінші курс пен алғашқы курс студенттерінің дәстүрлі кездесуі есімде жақсы сақталып қалыпты.
...Сөз алып жатқандар негізінен жоғары курстың студенттері. Университет табалдырығын жаңа аттаған жастарға ақ жол тілеп, «жақсы оқып, тәртіпті болыңдар» деген сияқты ақыл бірінен кейін бірі қайталанып, таптаурын бола бастаған кезде сөз кезегі бет әлпеті сопақтау келген сом денелі жігітке тиген. «Бірінші курстағы іні-қарындастарыма айтарым – өздеріңе күнделікті дәріс беріп жүрген ұстаздарыңды бағалай біліңдер. Олардың арасында шын мәніндегі білімді де білікті, зиялы адамдар бар. Қожакеевтен де қорықпаңдар, қаншама қатал болып көрінгенімен ағайларың әділдікті, азаматтық пен шынайылықты жақсы көреді», деген сөздер айтыла бастағанда елең ете қалдық. «Деканның көзін бақырайтып қойып «Қожакеевтен де қорықпаңдар...» деп тұрған бұл қандай мықты? Осы сөзінен кейін оқудан шығып кетпесе игі еді...» деген қауіппен Темірбек ағайымыз жаққа қарап қоямыз. Қаһарланған кезінде кінәлі болып қалған студенттің екі аяғын бір етікке тығып, қазық қып қағып жібере жаздайтын деканымыздың бұл сөздерді жайбарақат қалыппен жымия тыңдап отырғанын көргендегі таңданысымызды көрсеңіз. Дәл сол сәтте өзіндік пікірі барлығы да, өткірлігі де танылып тұрған осы бір жігіттің факультеттегі беделді азаматтардың бірі екендігін айқын аңғарған едік.
Арада біраз уақыт өте келе сол жігітпен, өз пікірін қай кезде де батыл айта алатын принципшіл азамат Марат Қашқынбаевпен аудандық газеттің редакциясында бірге қызмет істейміз, бір кабинетте отырып, дос-жолдас болып араласып кетеміз-ау, өмірдің сан тарам жолдары басымызды Бақанас ауылында тағы бір қосады-ау деген ой ол кезде түсіме де кіріп шыққан жоқ.
Сол кезде Алматы облысындағы ең жас аудан саналған Күрті жері туралы ерекше айтып өтуге болады. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен келген білікті кадрлар топтасты. Жақын маңдағы аудандардан ғана емес, Қазақстанның батыс өңірінен келген, одан басқа Түрікменстан мен Қарақалпақстаннан қоныс аударған азаматтар осы өңірде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып дегендей, ұйымшылдықпен еңбек етті. Жамбыл облысындағы Шу ауданы, Киров ауылының тумасы Марат Қашқынбаев та университетті бітіргеннен кейін осы аудандық газетке орналасқан.
Ол кезде Өтесін Құбиев ағамыз басқарған аудандық «Шұғыла» газетінде де марғасқа жігіттер жұмыс істеді. Талантты журналист, тәлімгер ағамыз марқұм Сәдуақас Бигелдиевтен бастап кейін «Егемен Қазақстан» газетінің Алматы облысындағы меншікті тілшісі болған Күмісжан Байжан, Қажымұқан Мырзабеков пен Марат Қашқынбаев, Жолболды Ысқақ пен Исатай Қамбаров, белгілі айтыс ақыны Айтуған Шәйімов пен Болат Елеусін, фототілші Бақтығали Садықтың қай-қайсысы болса да өз мамандығын жете меңгерген нағыз майталмандар болатын. Солардың арасынан Марат әріптесіміз өзінің өзгеше еңбекқорлығымен, әділетсіздікке төзбейтін мінезімен ерекшеленіп тұратын еді. Аптасына үш рет шығатын аудандық газеттің әр нөмірінде дерлік Мараттың көлемді очерктері мен суреттемелері, репортаждары мен сын мақала, фельетондары жарық көріп жататын.
Қолымыз жұмыстан қалт ете қалған кезде ала тақтаның айналасына топтасып, дойбыны ермек қыламыз. Біздің осы ойынға деген құмарлығымызды оятқан да осы Мәкең болатын. Қаншама ұтылып жатсақ та қоймай ойнап, дойбыдағы ұстазымыздың шеберлігін де жайлап меңгере бастадық. Соған орай Маратпен кейде тең ойнап, кейде тіпті оны жеңетін де дәрежеге жеттік. Күн сайынғы осындай жаттығулардың нәтижесінде дойбыға жаттыққанымыз сондай, бір жолы аудандық деңгейдегі жарысқа қатысқан спорт шеберлерінің өзін тас-талқан етіп ұтқанымыз бар. Ақшимен жапсарлас жатқан геологтар партиясынан келген маман ойыншылар бізді алғашында менсінбей ойнағандарымен жарыс нәтижесінде күйрей жеңілгендерін мойындауға мәжбүр болды. Сөз орайы келгенде Марат екеуміздің 2011 жылы Шымкент қаласында журналистер арасында өткен республикалық жарыста Алматы облысының намысын қорғап бірінші орынға ие болғанымызды айта кеткеннің де артықтығы жоқ шығар.
Бірге қызмет істеген жылдары Мараттың адамгершілік асыл қасиеттерінің де молдығына көзімізді жеткіздік. Арамыздағы бір әріптесіміздің әлдебір жағдаймен қиналып жүргендігін біле қалса, қолынан келгенінше сол мәселені шешіп беруге жанын салатын. Көпшілік хаттарымен жұмыс істейтін бөлімді басқарғандықтан редакцияға келіп түскен арыз-шағымдардың аяқсыз қалмауына да жете көңіл аударатын. Сондай қасиеттерінің ескерілгендігі шығар, ол көп ұзамай аудандық кеңес атқару комитетіне нұсқаушы болып орналасты. Жоғарыдан коммунистік партияға мүше емес азаматтардан да басшы сайлау жөніндегі нұсқау келген кезде алғашқы таңдау Марат бауырымызға түсіп, Күрті аудандық мәдениет бөліміне меңгеруші болып тағайындалды.
Небәрі ширек ғасыр тіршілік етсе де облыс тарихында өзіндік ізін қалдырған Күрті ауданы тарағаннан кейін мамандығы бойынша жұмысын жалғастырғысы келгендер тіршілік қамымен әр өңірге қоныс аударды. Олардың бір бөлігі Балқаш ауданының орталығы Бақанас ауылына көшіп барған. Бұрындары Күрті ауданына қосылған әлденеше ауылдық округ елді мекендерінің Балқашқа қайтарылғандығын ескерсек, олардың жаңа қоныста өздерін бұрыннан таныс-біліс, тілектес азаматтардың ортасына барғандай сезінгендіктерін шамалауға болады. Солардың арасында Балқаш аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалған Марат Қашқынбаев та бар еді.
Бірден айтып өту керек, осы жылдары ауданда осы Балқаш өңірінің тумасы Әмір Құлмахановтың басшылығымен үлкен жұмыстар атқарылды. Нәтижесінде шаруашылықтың қай саласында болсын жұмыс жандана түсті. Бұл жұмыстардың ортасында жүрген Мараттың еңбегін де атап өтпей болмайды. Сол еңбегінің, қандай іске кіріссе де жан-тәнін салып атқаратын ізденімпаздығының, жоғарыда айтып өткен принципшілдігінің нәтижесі болар, 2005 жылы Марат Қашқынбаев Балқаш аудандық мәслихаты аппаратының басшысы болып тағайындалды. «Азаматты атқарып отырған қызметі көркейтпейді, сол орынды азаматтың өзі көркейтеді» деген сөздің жаны бар. Сол айтқандай, Марат та отырған орнын көркейтіп, аудандық мәслихат қызметкерлерінің беделді, жұмысының ықпалды болуына үлкен үлесін қосып отыр десек, ешбір асырып айтқандық бола қоймайды. Өз құзыреті аясында Марат жергілікті бюджеттің мақсатты жұмсалып, өндірілген өнімнің игілігін ең алдымен аудан халқының көруіне, жоғары оқу орнын бітіріп келген жас мамандарға тиісті жағдайдың жасалып, Бақанас ауылының абаттануына мүмкіндігінше ықпал етуге күш салып келеді. Оның бастамасымен жұртшылықты толғандырып жүрген өзекті мәселелер де аудандық мәслихатта, оның тұрақты комиссияларында жиі қаралып отырады.
Бұрынғы журналист деген түсініктің болмайтыны дәлелденген ақиқат. Олай дейтініміз, ел қамын ойлайтын белсенді тілші уақыт өте келе мамандығын ауыстырған күннің өзінде қаламын қару еткен журналист күйінде қала береді. Сол айтқандай, Марат та әлі күнге дейін қаламын қолынан түсірген емес. Ол жайында айтқанда, ең алдымен ойымызға қыстың қақаған шағында 12 балдырғанды мұзды судан құтқарып қалған батыр ағамыз Бейсетай Дәуренбековтің ерлігінің еленбей келе жатқандығы жайында жазған мақалалары оралады. Санап отырса «Егемен Қазақстан» сияқты республикалық басылымдарға осы мәселе жөніндегі алты бірдей мақаласы шығыпты. «Алтын қандауырдың» иегері белгілі нейрохирург Меймантай Көжеков жайында жазған көлемді мақаласы мен мемлекеттік қызмет пен оның проблемалары, басқа да өзекті мәселелер жөніндегі ой-толғамдары да осы қатарда.
Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ
Алматы облысы,
Бақанас ауылы