28 Маусым, 2016

Ар жағында Алтайдың

1111 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
20160620_180800«Алтай мұрасы» автоэкспедициясы Ресейдің Қосағаш ауданында 17 маусым күні ертемен Семей қаласынан солтүстік-шығысқа бет алып, қарағайлы орманды алқапты кесіп өтіп, «Ауыл» кеден бекетіне жеттік. Ол жерде Қазақстан-Ресей шекарасынан қажетті кедендік бақылаудан өткеннен кейін, түс әлетінде Алтай өлкесінің орталығы Барнаул қаласына атбасын тіредік. Айта кетер бір жәйт, Ресейде Алтайға қатысты екі субъект бар. Оның бірі Алтай республикасы, екіншісі Алтай өлкесі деп аталады. Алтай өлкесі Сібір федералдық округіне кіреді. 1937 жылы 28 қыр­­күйекте құрылған. Әкімшілік орта­лығы – Барнаул қаласы. Біздің Шығыс Қазақстан және Павлодар об­лыс­тарымен шектеседі. Осы өлкені ерте орта ғасырда барын, шырын, арғын, қыпшақ қатарлы тай­па­лар мекендегені көптеген дерек­тер­ден белгілі. Оларды біз Қырым мен Қап тауынан да, тіпті, өзіміз­дің Ораз Мұхаммет сұлтан билеген Қасым хандығының ірге-тасынан да көреміз. Солардың бірі – барындар мекендеген жер баяғыдан «Барын ауылы» деп аталса керек. Барнаул қаласынан түстік ішіп, оңтүстік-шығысқа қарай Обь өзенін бойлай жүріп отырып, Бийск қала­сына жеттік. Осы тұста Алтай­дан шыққан екі үлкен артерия −Бие өзені мен Катунь өзені бір-бірімен қосылып, Обь өзе­нін құрайды екен. Ал Обь өзені Ресей­дің ішкі ай­ма­ғы­на қарай сұғынып барып біздің Ер­тіспен қосылып кететіні тағы бар. Осынау ұлы дариялар бастау ала­тын Алтай тауы шынымен де адам­зат өркениетінің бесігі деуге әбден лайық. Бие мен Катунь өзендерінің салаларын құрайтын Таулы Алтай мен Алтай өлкесі бізді өзінің жап-жасыл жазирасымен баурап алды. Жері түгел дерлік қара топырақты, ылғалды, әрі орман-тоғайлы осы­нау өлке шаруашылыққа өте қолай­лы екен. Ауылдар мен қала, қала­шықтардың тұрғындары қара то­пырақты бау-бақшаларын баптап, жайбарақат өмір сүріп жатыпты. Жол-жөнекей күн еңкейіп қалған­да Сростки ауылына аялдап, осын­дағы Василий Шукшиннің мұра­жайына да кіріп шықтық. Мұнда  әйгілі жазушының Алтайға ар­налғ­ан көптеген шығармалары дүние­ге келген болатын. Мұражайдан жайырақ аттанған біз Алтай өлкесі Алтай ауданының Катунь ауылына қонаға келдік. Кешкісін сам жамырағанда буырқана аққан қасиетті Катунь өзенін жағалай келіп, көпір­ден өтіп, жота басындағы «Ай» қона­қ­үйіне орналастық. Бұл Таулы Алтай республикасының орта­лығы Таулы Алтай қаласына тиіп тұрған жер екен. Бір қызығы, Таулы Алтай республикасы мен Алтай өлкесінің арасын Катунь өзені ғана бөліп, біз өзеннің Алтай өлкесі жағындағы туристік базада қонақтаппыз. Өзеннің арғы жағы Таулы Алтай Республикасы. Ор­ман­ды Алтайдың ит тұмсығы өт­пей­тін жыныстарын бүркенген жон таулары да осы тұстан басталады екен. Таулы Алтайға келсек, бүгін­де ол Ресей Федерациясының құ­ра­­мындағы ұлттық-мемлекеттік құр­ы­лым. Онда алтайлықтар (телең­гіттер), орыстар, қазақтар, украин­дар мен немістер тұрады. Орта­лығы – Таулы Алтай қаласы. Республика солтүстік-батыста Алтай өлкесімен, оңтүстік-батыста – Қазақстанмен, оңтүстікте – Қытай және Моңғолиямен, шы­ғыста – Тыва және Хакасия рес­пуб­­­ли­­­ка­­лары­мен, солтүстік-шы­ғыс­та Кемеров облысымен шека­ра­ла­сады. Ертемен біздің автокеруен «Ай» көпірі арқылы Катунь өзені­нен қайта өтіп, Таулы-Алтай қаласына құладық. Қала Ал­тай тауының солтүстік-батыс мүйі­сіндегі аласа таулы орманды адырлар мен Ұлал-ұшки мен Май­ма өзендерінің өзара қосылып, Қатун өзеніне құя­тын сағасына орна­ласқан. 2014 жылғы мәлімет бойынша қала тұр­ғындарының саны 64,4 мың болып, бүгінде ұдайы өсу үр­дісі байқалуда. Орыс­тар қала тұр­ғындарының 60%-ын,алтайлықтар тұрғылық­ты тұр­ғын бола тұра 30-35 %-ын, ал қазақ­тар 5% -ды құрайды екен. Осында біздің экспедицияны Таулы Алтай республикасының бас­ш­ылары күтіп алды. Әңгіме бары­сында тараптар мәдени-руха­ни байланыстарды тереңдетіп, ал­тай­тану бағытындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын бірлесе жүргізу, Алтайдың түркі-моңғол халықтары тарихындағы орны мен рөлін дүниежүзіне наси­хаттау бойынша пікір алмас­ты. Қаладағы «Эл музейі» Таулы Ал­тай халықтарының, әсіре­се, осын­­дағы телеңгіттердің ерте заман­нан қазірге дейінгі тари­хы мен м­әде­ниетінен сыр шертеді. Онда қола, темір дәуірі ескерткіш­тер­і­нен бастап, ғұн, түркі дәуірінің жәді­герлері, Ресейдің Қытай­мен ше­карасындағы биік таулы алқап­тан табылған Үкек ханшайы­мы­ның мумияланған мүрдесі сақталған. Түске қарай біздің автокеруен теп-тегіс Шүй трассасымен Алтай тауының ен қойнауларына қарай сүңгіп кетті. 1935 жылдан бастап неше мәрте жөндеуден өткен Шүй трассасы Таулы Алтай мен Бар­наул, Новосібір қалаларын Моң­ғолиямен тұтастыратын бірден-бір халықаралық қатынас дәлізі болып келеді. Оны жасап шығу үшін де қаншама күш-қуат кеткені көрініп тұр. Таулы, орманды, өзен-сулы алқапқа қызыға көз салып келе жатып, Алла тағаланың өз кезінде Ресей империясының уысына осыншама бай өлкені қалай сыйлай салғанына қайран қаласың. Сыйлай салды деген айтарға ғана. XVI ғасырдан бастап бас көтерген Ресей империясы Сібір халықтарын ығыстыра, шы­ғысқа қарай жылжи кеңейіп отырды. Әйтпесе, бұл өлке алтай­лық ареалға кең тараған түркі халық­тарының мекені болған. 2010 жылғы бүкілресейлік санақ нәтижесі бойынша аталған елде 647 мың 732 қазақ тұрған екен. Солардың ішінде 13 мыңға жуық қандасымыз Алтай респуб­ли­ка­сын, 8 мың қандасымыз Алтай өлкесін мекендеген. Жиыны – 20 мыңнан астам қазақ. Және олар­дың негізгі бөлігі тарихи ата­қоныс­­тарын­да отыр деуге болады. Таулы Алтай қаласынан Қатун өзенін бойлап 200 шақырымдай жүргеннен кейін Оңғұдай елді ме­кеніне жақындап келіп, орман ара­сында түстендік. Су жағасында қа­зан асып, тамақ пісіріп, түтін иі­сі­не жырғап қалдық. Балалық шақ­та үлкендердің көшіп келе жатып далада дамылдап, көлік бе­лін көтеретін кездері есімізге түсті. Ал­т­ай­дың найзағайлы жаң­бы­ры төбе­­мізге таяп келгенше, біз де та­мақ­­танып үлгеріп атқа қондық. Алдымызда – қазақтар шо­ғыр­лы қоныстанған Қосағаш ауданы. Бұл атау «қатар өскен екі ағаш», «жұп ағаш» деген ұғым­ға байланысты шықса керек. Жер атының осы мағынасын 1979 жылы О.Т.Молчанова өзінің «Таулы Алтайдың топономикалық сөздігінде» В.Л.Поповтың жол­жаз­басына сүйеніп, нақтылап көр­сетеді. Дегенмен, оның басқа да мағынасы бар деушілер табылады. Себебі, Алтай республикасы аума­ғына кіретін Орманды Алтайдан ары асып, Моңғолия жеріне, Таулы Алтайға қарай жүрген сайын орман азайып, Қосағаш ауданына кіргенде сап тыйылады. Сондықтан, жолау­шылардың енді ары қарай ағаш жоқ, «қош бол, ағаш», «қош, ағаш» деген сөзіне байланысты жер атауы қалыптасқан деседі. Катунь өзенінің бойымен келіп, оның бір саласы болып табы­­ла­тын Шүй өзенін өрлеп 180 км жүр­геннен кейін көптен арман­даған сол Қосағаш ауданына да келіп қалдық. Теңіз деңгейінен 1 800 метр биікте орналасқан аудан орталығына кіре берісте әкім Әуелхан Жатқанбаев өзінің серік­терімен дәм-тұзын ала шығып күтіп тұр екен. Емен-жар­қын қауышып, амандық-сау­лық сұрасқаннан кейін, ол бізді орта­лық­тағы «Расул» қонақүйіне әке­ліп түсірді. Бәрі де ойдағыдай. Әсіресе, Астанадан шыққалы мені­мен бір машинада келе жатқан осы өңірдің тумасы, академик Рах­мет­қажы Берсімбаевтың көңілі көтеріңкі еді. Ағамыз өзінің туған ауы­лының бұрынғы жылдарға қарағанда едәуір жаңарып, өсіп қалғанына мәз. Аудандағы экономикалық өсім туралы кешкі басқосуда аудан әкімі Ә.Жатқанбаев жан-жақты айтып өтті. Бұрын­дары аудан негізінен тек мал шаруа­шы­лығы­мен ғана айналысса, бүгін­де өзі­нің жағрапиялық орна­ласуына байланысты транзиттік әлеуетін арттырып келеді екен. Ауданда қонақүйлер мен жанармай құю бекеттерінің саны артып, қосым­ша кәсіп түрлері көбейіпті. Оның үстіне, аудан табиғаты қатал ше­каралық аймақта орналас­қан­дық­­тан, тұрғындардың еңбек ақы­сы Солтүстік Сібір аймағымен теңес­­тіріліп, жалақыға 90% үсте­ме қосылатын болыпты. Біз аудан қалашығының солтүстік-шы­ғыс жағында 2014 жылы Ресей пре­зи­денті В.Путин телекөпір ар­қылы тұсауын кескен Балахан күн энергия электр стансасының бү­гінде толық қуатында жұмыс істеп, ауданды ғана емес көрші Ұлаған, Оңғұдай аудандарын да электр энергиясымен қамтамасыз етіп, әрі артық энергияны сауда­лау­дан түскен қаржы Қосағаш ауда­ны­ның бюджетіне қомақты пайда әкеліп отырғанына куә болдық. Басқосуда Л.Н. Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық универ­си­­тетінің ректоры, акаде­мик Е.Сыдықов Қазақстан тәуел­сіз­­­дігінің 25 жылдығы мен Еура­зия ұл­ттық университетінің 20 жы­л­­дығына, сондай-ақ, ЭКСПО-2017 көрмесіне арнал­ған бұл экс­педи­цияның мақ­сат-мін­­дет­­теріне жан-жақты тоқ­тала ке­ліп, сапардың басты миссия­сы­ның бірі алыста жатқан ағайын­ға тарихи Отанның сәле­мін, ықы­ласын жеткізу, әрі ұр­пақ­тар сабақ­тастығын қамтама­сыз ету екенін атап өтті. Аудан әкі­міне Қазақстан Республикасы Ел­таң­басының сый-кәделік нұсқа­сын және көптеген кітаптарды, Семей студенттерінің Қосағаш жас­тары­на жазған үндеу хатын табыстады. Бүгінде Қосағаш ауданы мен Моңғолияның Баян-өлгей аймағы, Қытайдың Алтай аймақтары бір-бірімен шекаралас болғандықтан, Қосағаштағы қандастар қазақ тіліндегі радио, теледидар хабар­ларын тікелей тыңдап, көре ала­тын жағдайға жетіпті. Тұр­ғын­­дардың көбі Қазақстанның «Отау-ТВ» құрылғысын орнатып алған. Бұл өз кезегінде олардың мәде­ни-рухани байланысын күшей­тіп, тіл, дін, салт-дәстүрін жоғалт­пай, жаңғыртып, байытып отыру­ларына мол мүмкіндік береді. Қоса­ғашта қазақ тілінде «Шүйдің нұры» атты газет шығады. Бір қуанарлығы, Алтай республикасы мен Алтай өлке­сі қазақтарының тіл, дін, салт-дәс­түрді сақтауы, 96%-ның ислам дінін ұстануы көңілге қуаныш ұяла­тады. Қазақтар шоғырлы отыра­тын ауылдардың көбінде мешіт бар. Соған қарамастан, қан­дас­тарымыздың көпшілігін, әсі­ресе, үлкендерді ана тілдің бүгіні мен болашағы қатты алаңдататын көрінеді. Жалпы, Ресейге қарасты Алтайдағы қазақтардың 90%-ы отбасында, басқа да өзара қа­ты­наста қазақ тілін қолданады. Енді олардың ұрпағы ана тілдерін ұмыт­п­ауы үшін Қазақстан өз тара­пы­нан мәдениет, баспасөз, оқу құрал­дары бойынша қолдауларды көбейте түссе, деген тілектерін біл­дірді. Бірақ, ауданда қазақ тілі­нің мәр­тебесі жоғары екені байқа­ла­ды. Мәселен, Жаңаауыл мен Төбе­лер толық қазақ ауылдары болса, аудан орталығы Қосағаш тұрғын­дарының 70%-ы қазақтар. Ел-жұртпен болған кездесуден түйгеніміз, осындағы қазақтардың өз ана тілі мен ұлттық дәстүрлерін сақтап қалуда ата-бабаларымыз мың жылдан астам ұстанып келе жатқан ислам діні айрықша рөл атқарған. Соңғы жылдары отбасын құрған жастардың шариғат жолымен некесін қию және дүниеге келген нәрестеге азан шақырып ат қою дәстүрі қайта жандана бастапты. Жастар қазір көбіне-көп өз балаларына мұсыл­манша есімдерді қояды екен. Біздің қаныққан мәліметіміз бойынша, бүгінде Таулы Алтай өңірінде жалпы 8 мешіт болса, Қосағаш, Жаңаауыл, Төбелер, Қошанты, Жазотыр ауылдарында соның 5-і және 1 намазхана жұмыс істейді. Қазір мешітке жастар көп барады. Жұма намазда Қосағашта 200-ден астам, ал өзге ауылдарда 50 шақты адам жиналады екен. Жал­пы, бұл өңірде діни сенім жағы­нан мұсылман мен христиан дін­дері­нен бөлек иегова куәгерлері мен тәңіршілдікті ұстанатын ал­тай­­­лық­­­тар өмір сүреді. Жол бойы­­нан үйіл­ген тастарды және жыр­­тыл­­ған мата байланған ағаш­тар­ды көптеп кез­дестіруге болады. Бұл ал­тай­лық­тарға және жалпы түр­кі-моң­ғол ха­лық­тарына ортақ салт-ғұрып­тың бір түрі болып табылады. Көші-қон жайына келсек, қан­дас­тардың көбі өз атамекен­дерін­де отыра бергенді қалай­ты­ны бай­қа­лады. Тарихи Отан­ға оралу бүгінде әркімнің өз құқы. Дегенмен, осы арада бір қай­­шы­лықты ұғым­ның шекесі қы­лаң береді. Қосағаш қазақ­­тары ешқашан бөгде елдің жерін­­де отыр­мыз деп қысылып-қым­­­ты­­рыл­­­майды. Керісінше, бұл да өз жері­міз, ата-бабамыздың қара қоны­сы дейді. Олардың тек 20%-ы ғана Қазақстанға қо­ныс аудару­ды жоспарлайтын көрі­неді. Сон­дық­тан, көшкендерін құшақ жая қабылдап, көшпей қал­ған­дары­на мәдени-рухани қол­дау беру, олардың өз ана тілін сақ­тап қалуы­на көмектесу – біздің бас­ты пары­­зы­мыз. Арда Алтайдың төрт құбы­­ласы түгел қазақ болып тұр­ғаны жақсы емес пе. Қосағаш ауданындағы кездесу­де Дәулеткерей Кәпұлы, Серікзат Дүйсенғазы сынды ақындар ата­мекен Алтай, түркі төрі және тәуел­­­сіз еліміз туралы жырдан шашу шашса, дарынды әнші Ерлан Рыс­қали қазақтың дәстүрлі ән­­дерін жүремелете орындап, алыс­­тағы ағайынның ықыласына бөленді. Одан әрі Жаңаауылдағы қазақ­тардың және Көгеру ауылындағы телеңгіттердің тарихи-этно­гра­фиялық мұражайларын, Балахан күн энергиясы стансасын аралап көрдік. Бір байқағанымыз – осын­дағы қазақ бауырларымыздың өз­дерінің салт-дәстүрін, ұлттық болмы­сын таза сақтап келе жат­қаны. Оған біз бас сұққан мұра­жай­дағы көптеген жәдігерлер куә. Жаңаауылдағы мұражай қыз­мет­кері Тілеубек Көшерхан бауыры­мыздың айтуынша, олар мұны өз күштерімен жасақтап, жоқтан бар ғып ұстап отырыпты. Ал бюд­жет­тен қаржыланатын көрші Көге­ру ауылындағы телеңгіттердің мұ­ра­жайының жағдайы бұлардан әл­деқайда жақсы екені байқалады. Аудан әкімі Әуелхан Жәзит­ұлының айтуынша, жетіспейтін жағдайлар баршылық. Соған қара­мастан, осындағы аз ғана елдің қам-қаракетін жатпай-тұрмай ойлап, мұрнына су жетпей жүргені сезілгендей. Ол бізді аудан орта­лы­ғынан Жазотырға баратын жол үстіндегі Белтір ауылына да бастап барды. 2003 жылғы қыр­күйек­тегі жер сілкінісі кезінде Ресей­дің Төтенше жағдайлар ми­нистрі С.Шойгу осында арнайы келіп, қираған ауылды толығымен бас­қа жаққа көшіріп, жаңадан ауыл салып беріпті. Кемеров облы­сы­­­ның губернаторы А.Төлеев те ауыл­­ға көмірмен көмектескен екен. Қосағаш ауданындағы сапары­мыз бұдан соң осы ауданға қарасты шекаралық ауыл − Жазотырда жалғасты. Тұрсынхан ЗӘКЕН, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ресей Федерациясы Таулы Алтай өлкесі