28 Маусым, 2016

Кінәлілер жұмысынан босатылды

282 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков күйдіргі («Сібір жарасы») ауруы шықты деген Шет ауданындағы Еркіндік ауылына арнайы барып, жергілікті халықпен кездесу өткізді. Жиын барысында ветеринария қызметі мен инспекциясының, тұтынушылар құ­қығын қорғау департаментінің өкілдері, жергілікті полиция қызметкерлері төтенше оқиға болған жердегі атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады. Сондай-ақ, кездесу барысында тұрғындардың көптеген сұрақтарына жауап берілді. Жиыннан кейін облыс басшысы жұқпалы аурудан қайтыс болған марқұмдардың отбасына барып, туған-туыстарына көңіл айтты. Осының алдында хабарлағанымыз­дай, күйдіргі ауруы шықты деген күдікпен Шет ауданының Еркіндік ауылында тө­тенше жағдай тәртібі жарияланып, 15 күн мерзімге карантин енгізілген болатын. Қазіргі таңда ауыл тұрғынының дертті малды сойып, етін туыстарына таратып, көршілеріне сатқаны анықталды. Осы төтенше оқиға бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 327-бабы, 1-тармақшасы (Эпи­зооттық немесе басқа да ауыр зардаптарды таратуға әкеп соқтырған ветеринария ережесін бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша, 19-21 маусым аралығында облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына күйдіргі диагнозы күдігімен 8 адам жеткізілген болатын. Олардың екеуі – 49 жастағы ер адам мен 33 жасар әйел көп ұзамай көз жұмды. Бұлардың бәрі де Еркіндік ауылының тұрғындары. Бұдан бұрын облыс әкімі жұқпалы аурулардың ошағын жою және  олардың алдын алу бойынша құрылған штабтың кезекті отырысын өткізіп, бірқатар лауазымды тұлғаларды тәртіптік жауапкершілікке тартқан болатын. Атап айтқанда, сала бо­йынша бақылауды әлсіретіп алған өзінің екі орынбасарына, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысына сөгіс жариялады. Ал Қарағанды облыстық ветеринария басқармасының басшысы қызметінен босатылды. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы мен ветеринария мәселелерін қадағалайтын Шет ауданы әкімінің орынбасары, аудандық ветеринария бөлімінің басшысы, «Шет ауданының ветеринарлық стансасы» КМК директоры, Шет ауданындағы Өспен ауыл­дық округінің ветеринар дәрігері қызметінен босатылған болатын. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан» Қарағанды облысы