– дейді Ресейдегі Қорған облысы қазақтарының ұлттық-мәдени автономиясы қоғамдық ұйымының төрағасы Әсет БЕЙІСОВ
Әсет Бейісовтің кіндік қаны тамған жері Ресей болғанымен, ата-бабалары ежелден Қызылжар өңірін мекендеген. Тәркілеу жылдары «байдың тұқымы» ретінде қудаланып, әке-шешелері амалсыздан көрші елге бас сауғалаған. Петухово селосына тұрақтап, жан сақтаған. Әкесі Шақан Макушино аудандық дайындау кеңсесінде 30 жылға жуық абыройлы қызмет атқарған. Анасы Бөпеш төрт баланы қатарынан кем қылмай өсірген.
– Әке-шешемізді атақонысына (Мамлют ауданындағы Ленин ауылы) жерледік. Иманды болғыр жарықтықтар көздері жұмылғанша «елім, жерім» деп емешектері үзіліп отыратын. Кеңес Одағы тарағаннан кейін «көшсек қайтеді» деп қолқа салғанымда, бірдеңесін ұмытқан жандарша жан-жағына жалтақтап, қарай берген. Қанша дегенмен, жатжұртта өсіп-өніп, ұрпақтарын осында жеткізгендіктен, қимағандары да. «Кәрі қойдың жасындай жасы қалған бізді қинап қайтесіңдер, сүйегімізді апарсаңдар, соған ризамыз», деген аманатын қайта-қайта тапсырып еді дегенде, Әсеттің жанарына мұң ұялап, ащы өксік кеудесін тырнап өткендей болған.
Онымен арагідік кездесіп жүретінбіз. Кейде Наурыз мерекесінде ұшырасып қалатынбыз. Бірде Қорған облысы делегациясының құрамында теріскейге келе қалған. Сол кездегі губернатор Олег Богомоловтың оған үлкен құрмет көрсетіп, көтермелеп отырғанына қарап, сыртта жүрсе де қазақтың намысын жоғары ұстаған болмыс-бітіміне сүйсінгенбіз. Көпке сыйлы азаматты өзіне кеңесші етіп алуы зор беделін танытса керек деген ой түйгенбіз. Сол жолғы жиын-кеңестердегі Ә. Бейісовтің сөздері елдік, ұлттық ұғымдармен астасып, әрлі-берлі тарихты кеңінен толғап, көсіле сөйлегені көз алдымызда. Әңгіме Қазақстандағы өрелі өзгерістер төңірегінде өрбігенде қанатын қомдап, жемтігіне шүйліккен қыран құстай түлеп сала берген.
Ол 2011 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен Дүниежүзі қазақтарының ІV құрылтайына арнайы шақырылғанын басына қонған бақыт құсына балайды екен. Тойласуды емес, ойласуды діттеген алқалы жиынның төрткүл дүниедегі қазақты туған жердің төсінде қауыштырған маңыздылығын мақтан етіп, ішкі сырын былай ақтарған: «Нұрсұлтан Әбішұлы әлемнің 35 елінен құрылтайға ат терлетіп келген қатысушылар алдында «ер қонысынан айырылса, ел ырысынан айырылады» деген халқымыздың дана мақалын алға тарта отырып, елдік, ел болу қамы жайлы айтқан пайымдары жадымда әлі күнге дейін жаңғырып тұр. Ел деген ұғымды құрандай қастерлеп, ұрандай ұстанып келген ата-бабалар арманының орындалғанына әркез іштей шүкіршілік етемін. Әйтпесе, ұлттық мемлекетін құруға қанша талпынса да, туын тігер алақандай жер таба алмай жүрген халықтар аз ба? Осы басқосуда экономикасы қуатты, саясаты тұрақты, елі сәулетті, жері дәулетті Қазақстанның адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған қадамға барып, атом қаруынан өз еркімен бас тартқанын дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашылған қандастарымыз Қазақстан басшысының өз аузынан естіп, «е, бәрекелді!» дескен. Ядросыз әлем құру бастамаларына қолдау көрсетіп, ұлтаралық, дінаралық келісімнің айшықты үлгісінің қанат жая беруіне тілектестік білдірген. Аңдай білген жанға алар ғибрат, түйер тәлім мол, деп шабыттана сөйлегенде жан толқынысын жасыра алмайтын. Сол жылы сәуір айында кезектен тыс президенттік сайлауға байқаушы ретінде қатысқаны, қазақстандықтардың ынтымақтастығы мен бірлігіне тәнті болғаны жайлы да сыр шерткен.
Міне, біз емен-жарқын әңгімелесіп отырмыз. Челябі ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру институтын, Қазақ мемлекеттік заң университетін бітірген ол еңбек жолын қатардағы инженерден бастап, Петухов ауданы әкімшілігі басшысының орынбасарына дейін көтерілген. Әр жылдардағы еселі еңбегі ІІ дәрежелі «Отан алдындағы қызметі үшін» медалімен, облыс губернаторының құрмет грамотасымен, тағы басқа марапаттармен атап өтілген. Орал тауы сыртындағы ағайындарымыз үшін атқарған жұмыстары да ұлан-ғайыр. «Шаңырақ» қазақ қоғамдық-мәдени орталығының құрылуына, «Бірлік» газетінің жарық көруіне, Ресей күні мерекесімен орайластырып жыл сайын қазақ мәдениетіне қатысты шаралар өткізуге, бауырларымыздың кіші құрылтайын ұйымдастыруға тікелей ұйытқы болған. Қазір «Энергоуголь» бірлескен кәсіпорнына жетекшілік етеді.
– Әсеке, сөз саптауыңызға қарағанда, төрткүл дүниедегі, оның ішінде Қазақстандағы ішкі-сыртқы жағдайлардан жақсы хабардар екеніңіз сезіліп тұр. Қазіргідей алмағайып заманда адамзат соғыс өртін тұтандыруға құмар өктем пиғылдар мен содыр күштер алдында дәрменсіз күй кешіп отырғанын өзіңіз де жақсы білесіз. Уақыт алға жылжыған сайын бейбітқатар өмір сүру күрделеніп, жаппай ядролық қарулану өршіп барады. Осы орайда Қазақстан Республикасының Президенті жариялаған «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифест жайлы ойыңызды білгіміз келеді», – дегенімізде ол алыстан орағыта тіл қатты.
«Саммит жайлы ресейлік басылымдар да аз жазған жоқ. Оған тоқталмас бұрын тарихқа аз-кем шегініс жасайық. Қазақстан БҰҰ-ға мүшелікке 1992 жылы қабылданғаны белгілі. Содан бергі кезеңге көз жүгіртсек, Нұрсұлтан Әбішұлы ішкі-сыртқы саясаттағы байсалды қадамдары мен парасатты шешімдері арқылы үлкен саясаткерлерді де, алып державаларды да, халықаралық қоғамдастықтарды да мойындатты. Бүгінде ядролық қарулануға тоқтау салу, аймақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, лаңкестік әрекеттерді болдырмау, діни қақтығыстардың алдын алу шешілместей көрінетін қиын түйінге айналғаны жасырын емес. Осындайда қара бұлтты қақ жарып, жарқырап шыға келген күннің көзіндей жұртшылық талқысына ұсынылған манифесті саяси батылдықтың жоғары үлгісі ретінде қабылдауға болады. Онда айтылған ұсыныс-пікірлерді адамзат алдындағы терең жауапкершілік пен орасан міндетті қапысыз түсінушілік деп бағалаған абзал», – деді ол.
«Демек, манифест жылдар бойы жинақталған қазақстандық сыртқы саясаттың бай тәжірибелерінің маңызды бір қорытындысы, бағалау өлшемі іспеттес дейсіз ғой?», деген сауалымызға: «Азуын айға білеген елдер алдында үлкен мәртебеге, зор құрметке бөлену оңай емес. Президенттеріңіздің ешкімге жалтақтамай, жеке-дара қабылдайтын батыл бастамалары халықаралық қоғамдастық назарына Семей ядролық сынақ полигонын жабу кезінде іліккенін біреу білер, біреу білмес. Абай жеріндегі қасіретті тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. 40 жыл ішінде 500-ден астам сынақ, оның 117-сі жер бетінде жүргізілген. Олардың жалпы жиынтығы Хиросима қаласына тасталған атом бомбасынан 25 мың есе артық ядролық қуатқа тең. Сұмдық емес пе?! Ол уақытта мұндай батыл шешімге қарсылық білдірушілер іштен де, сырттан да аз болмаған. Осыдан-ақ Қазақстанның қарусыздану жөніндегі жауапкершілік ұстанымының әріден басталып, тұрақты жүйеге айналғанын бағамдай беріңіз. Енді адамзатқа төнген ядролық қатерді сейілтуде өркениетті елдер бір мәмілеге келеді деген сенімдемін», – деп байыппен жауап берді.
«Сізбен сұхбаттасар алдында 2010 жылы Вашингтонда өткен жаһандық қауіпсіздік мәселесіне арналған тұңғыш саммит құжаттарын тағы бір рет ой елегінен өткізіп шықтым. Онда АҚШ президенті Барак Обама Қазақстанды ядролық қарусыздану жөніндегі әлемдік көшбасшы ел қатарына жатқызған екен. Қандай биік бағалау! Мен Нұрсұлтан Әбішұлының сыртқы саясаттағы тағы бір сұңғылалығына мемлекеттік шекараны айқындаудағы бастамашылдығын жатқызар едім. Әзербайжан мен Армения арасындағы қарулы қақтығыстар неге тыйылмай отыр? Өйткені, аумақтық тұтастық, шекара мәселелері шешілмеген өткір күйінде қалып тұр. Мұндай проблемаларды кейбір басқа елдер де бастан кешіріп отыр. Қазақстанның ТМД елдерінің арасында бірінші болып көрші мемлекеттермен шекараны ресми түрде тиянақтап, шегендеп алуы – нағыз көрегендік, келешекті ойлағандық! Қазақстан мен Қытай арасында 1748 шақырым, Қазақстан мен Ресей арасында 7500 шақырым шекара ратификацияланып, даулы мәселелерге біржола нүкте қойылды. Қаруға емес, ақыл-парасатқа жүгінген бұл келісімдердің тарихи маңызы өте зор», – дей келіп, Әсет Шақанұлы ендігі бір назарды кез келген қоғамның мызғымас іргетасы, мемлекеттің құрылысы этностардың өзара бірлігінен, толеранттылығы мен достығынан бастау алатынына аударды. Екі мемлекеттің шекаралас аймағында тұрған Солтүстік Қазақстан мен Қорған облыстарының экономикалық, сауда-саттық, мәдениет, білім салаларындағы тығыз байланыстарына нақты мысалдар келтірді.
«Сіз білесіз бе, – деді бір кезде менің жүзіме барлай қарап, – Ресей, АҚШ, Қытай, Франция, Ұлыбритания секілді ядролық державаларда он мыңға жауық оқтұмсықтың сақталып отырғанын. Ажал себетін қарулардың бірі алда-жалда терроршылардың қолына түссе, мына дүние не болмақ? Ойлаудың өзі қорқынышты. Кеңес заманында 1,5 миллион адамның ядролық сынақтардан зардап шеккенін ұмытпауға тиіспіз. Атақты физик Альберт Эйнштейн «үшінші дүниежүзілік соғыста адамзаттың қандай қару қолданатынын білмеймін, менің білетінім – төртінші дүниежүзілік соғыста адамдардың қолына тас ұстап соғысатыны» деген екен. 1955 жылы Лондонда қабылданған Рассел Эйнштейн манифесінде адамзатқа төнген соғыс қаупін шешу мүмкіндіктері қарастырылғанмен, арада 60 жыл өтсе де, қарулану үрдісі тыйылмай отырғанын бәріміз жақсы білеміз. Ал Н.Назарбаев бейбітқатар өмір сүрудің саяси шешімдерін нақты ұсына білуімен ерекшеленді. Жанталаса қарулану жақсылыққа соқтырмайтынын, жұқпалы соғыс вирусы жеке елдердің бақылауынан шығып, аймақтарға таралғанын, ғаламдық түйткілді мәселеге айналғанын ескертті. Қазақстан басшысының Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі ІV жаһандық саммиттегі манифесі әлем жұртшылығының назарын аударып қана оймай, зор қолдауына ие болуы сондықтан. Барлық елдің лидерлері мен ықпалды саясатшылары одан үлгі алуы тиіс. Басқа балама жоқ!».
Шетте жүрсе де, атамекен үшін ет-бауыры езіліп тұратын бауырымыз барша жұртқа амандық тілеп, жақсы көңілмен қоштасты.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы