Ол – қолдана білсе, мықты құрылыс материалы
Сырдың бойында отырған аудандардың іскер жігіттері дарияны бойлап өсетін қалың қамысты кәдеге жаратып жатыр.
Қалың қорыстан ең алғаш құрылыс материалдар жасаған шардаралық кәсіпкердің өнімдері арзан және бәсекеге қабілетті болғандықтан тұтынушылардың қызығушылығын арттырған еді. Енді Отырар ауданы Қарғалы ауылындағы «Ақмерген» серіктестігі жергілікті жерде көп өсетін табиғат өнімдерінен құрылыс материалдарын шығару жобасын іске асыруда.
Қазақта «шешінген судан тайынбас» деген мәтел бар. «Ақмерген» жігіттерінің жобасы мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының аясында индустриялық картаға енген.
Жобаның жалпы құны 622,3 млн. теңге болса, бизнесті қолдау бағдарламасы бойынша 320 млн. теңге жеңілдетілген несие берілген. Қазір цехтың қажетті қондырғылары орнатылып, қамыс оратын, жинайтын, кептіретін және өзге мақсаттарға керекті техникалар алынған. Келер жылы толық іске қосылады деп күтіліп отырған кәсіпорын 30 адамға жаңа жұмыс орнын ашып береді. Жылына 720 мың шаршы метр өнім шығаруға қабілетті цехтың нығыздалған қамыс тақтайшалары құрылыстың ішкі, сыртқы әрлеу және қаптау жұмыстарына пайдаланылады. Сонымен қатар, түрлі жиһаздар жасауға да қолайлы материал.
Еліміздің қай түкпіріне барсаңыз осы бағыттағы құрылыс материалдары Қытай және Ресейден тасымалданатынын көресіз.
Жоба жетекшілері көрші мемлекеттерден әкелінетін құрылыс материалынан анағұрлым арзан әрі сапалы екендігін айтады. Лайым, солай болғай. Өйткені, қазірдің өзінде кәсіпорын өнімдеріне алдын-ала тапсырыс бергендер көп.
«Ақмерген» ЖШС-інде болған аудан әкімі Ерлан Айтаханов кәсіпорын жұмысындағы кейбір түйткілді мәселелерді шешуге жәрдемдесетіндігін айтты.
Мақтаарал ауданында болғанымызда кәдімгі мақтаның қозапаясынан құрылыс материалдарын жасап жатқан кәсіпорын жұмысымен танысқанбыз. Енді қау қамыс кәдеге жарап жатыр. «Өзімдікі дегенде өгіз қара күшім бар» деген осы. Отандық өнімдер өзге елдің осындай құрылыс материалдарымен бәсекеде қабілетті болса, еліміздің әлеуеті арта береді.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы