Таяуда әр тоқсан сайын шығып тұруды үрдіске айналдыра бастаған «The Astana times» (www.astanatimes.kz) басылымының кезекті нөмірі жарық көрді. Бастамашысы – Сыртқы істер министрлігі, ал шығарушылары – «Казахстанская правда» және «Егемен Қазақстан» газеттерінің журналистері болып табылатын апталық ағылшын тілінде әзірленген. Көлемі 16 беттік, түрлі-түсті суреттермен әсем безендірілген оның алғашқы нөмірі былтырғы жылғы 1-2 желтоқсанда жарық көрген-тін. Ол Астанада өткен ЕҚЫҰ Саммитіне арналып еді. Ал мына нөмір елімізде тұңғыш рет өтіп жатқан ҮІІ Қысқы Азия ойындарына арналып отыр.
Мұнда Халықаралық Олимпиада комитетінің президенті Жак Роггемен сұхбат бар. Содан кейін Астана және Алматы қалаларының әкімдері Иманғали Тасмағамбетов пен Ахметжан Есімовтің газет тілшілерімен әңгімелері берілген. Азиадаға келген шетелдік қонақтар мен туристер сондай-ақ осы апталықтан халқымыздың салт-дәстүрінен хабар беретін этнограф С.Кенжеахметұлының «Дала дастарқаны» мақаласымен, республикамыздың әсем табиғаты туралы айтылған тілшілердің «Әнші құм», «Шарын шатқалы», «Байқоңыр» және «Кендірлі» сияқты көптеген қызықты материалдарымен таныса алады.
Дастан КЕНЖАЛИН.