Бүгінде өзге ағымдардың жетегінде кетіп жатқандардың 80 пайызы жұмыссыз жастар
Дін – рухани өміріміздің құбыласы іспетті. Алайда: «Біз шынайы құлшылық қылудың мәнісін білеміз деп айта аламыз ба?», «Иман ұғымын ғибадат түсінігінен, Құдай ісін дін ісінен айыра алып жүрміз бе?», «Неге тура жолдан адасқан, ақыр аяғында басын қай жарға соғарын білмей «дағдарған» жандардың көптеп кездесуі бізге таңсық болудан, я таңданыс тудырудан қалды?», «Ондайларға не жетпейді?» деген сауалдардың көп туындайтыны заңды. Әрине, бұған иманымыз бен рухани тініміздің әлсіреуінен деп жауап беруге де болар еді. Бірақ, бұл мәселенің «күрделену бағытына» қарай бет алып бара жатқанына қарап, әсіредіншілдік көріністерге үрке қарауымызға түрткі болған жайттар тамырының тым тереңде жатқанын аңғарамыз...
Жалпы, діни сананы қауіптің түр-түрінен қорғау мен оның алдын алудың жолдары көп жағдайда қазақы дүниетанымға, ұлы ойшылдардың ілімдерімен сусындауға да келіп тірелетінін уақыт көрсете бастады. Мәселен, нағыз асылдың жасық дүниемен алмастырылуы, діни әрі рухани ілім мен танымда қандай да бір ауытқулар мен адасулардың орын алуы, шын дін мен шатақ діннің аражігін айыру турасында Шәкәрім қажының «Тура жолда қайғы тұрмас» деген өлеңінде былай суреттеледі. Онда:
«Таза ақылмен таппаған дін
Шын дін емес – жындылық.
Қармалаған бір соқырсың,
Өлген ой мен көз, құлақ», – делінсе, тағы бірде:
«Таза діннің шын негізін,
Ұстаған бір пенде жоқ,
Дүние толған көп шатақ дін,
Бәрі бірдей шатпырақ», – дейді Шәкәрім.
Осындайда, Құран Кәрімнің бір аяты еске түседі. Онда: «Біз сендерді орта жолды ұстанатын қауым қылдық...», – деген жолдар бар. Орта жол немесе байсалды ислам ұстанымы – қазақ қауымы үшін жаңалық емес. Қазақ халқы мың жылдан бері мұсылман ел, демек, бұл – қазақ қауымының мың жылдық толеранттылық тәжірибесі бар деген сөз. Ендеше, орта жолды ұстану – Пайғамбар сүннетінен.
Ал «алтын орта» деп аталатын дәстүрлі діндерге ортақ құндылық осы орта жолды ұстану немесе байсалды ислам ұстанымын қастерлеуден басталып, оның тереңінен тамыр тартатындай көрінеді. Себебі, біздің мың жылдық мұсылмандық-толеранттылық тәжірибеміз қазақ дүниетанымын, болмысын нағыз шектен шықпайтын, байсалды, орта жолды ұстанған болмыс ретінде қалыптастыра білді. Дін істері агенттігінің Діни оқу орындарымен байланыс және дінтану сараптамасы басқармасының бастығы Айнұр Әбдірәсілқызының пікірінше, бұл айтылғандарға дәлел бола алатын екі қайнаркөз бар. Олардың біріншісі – ислам ілімін жетік меңгеріп, қазақы дүниетаныммен астастыра білген, қазақы мұсылмандыққа негіз болған бірегей ілімдер қалыптастырған ұлтымыздың көрнекті тұлғаларының еңбектері болса, екіншісі – халқымыздың діни танымын, рухани құндылықтары мен ұстанымдарын танытатын шығармашылық мұралары екен.
«Исламдағы «орта жол» ұстанымына біз халқымыздың дүниетанымында бұрыннан негізі қаланған, ғасырлар бойы қолданыста болған қалыпты исламға сәйкес қағидалар мен ілімдер негізінде ұлттық діни таным тұрғысынан келуіміз керек. Қазақта дін мәселесінде ешқашан шектен шығушылық көзқарастар, іс-әрекеттер орын алмаған, Алланың парызын, Пайғамбардың сүннетін тәрк етіп, күпірлікке салыну фактілері де болмаған, қазақы ислам ғасырлар бойы өзінің орнықты арнасымен дамыған. Әрине, «бес саусақ бірдей емес», адасушылықтар мен сауатсыздықтар жекелеген адамдар мысалында орын алған болуы мүмкін, бірақ мұндай келеңсіздік ешқашан топтық деңгейге көтеріліп көрген емес»,– дейді Айнұр Әбдірәсілқызы.
Белгілі саясаттанушы Айдос Сарымның бұл мәселеге қатысты көзқарасы өзгеше көрінеді. Ол «алтын орта» тек исламның ғана тұжырымдамасы емес, кез келген діннің өзегінде болатын, негізі, дінге де көп қатысы жоқ нәрсе деген ойын алға тартады. «Менің ойымша, бұл – әрбір қоғамның, әрбір ортаның, мемлекеттің өзіндік ұстанымы. Қай қоғамды алсақ та, олардың өз ішінде қарама-қайшылықтар кездеседі. Бір-біріне мүлдем сәйкес келмейтін азаматтар, партиялар, топтар, ойлар, көзқарастар, идеялардың болары анық. Солардың барлығын біріктіріп отыратын мемлекеттің мәдениеті болуы керек. Яғни, біздің өзіміздің мәдениетіміз дұрыс қалыптаса алса, оны дұрыс орнықтыра білсек, бұл, шын мәнінде, көп қайшылықты азайтар еді. Себебі, өзіміз көріп отырғандай, әсіресе, бүгінгі қоғамда кейбір кезде тым шектен шығатын пікірлер бар. Кейде ашық, үлкен әңгіме болмай жатады, кей кездері өзіміздің басымызда, қоғамымызда бар мәселелерді ашық айтпауымыз, талқыламауымыз мүмкін. Бірақ, шын мәнінде, мұның екінші де астары бар. Қазақ «әңгіме сыртқа шықпасын, жаманатты болмайық» дегенді ұстанатын ырымшыл халық қой. Кейде өзіміздің ішімізде болып жатқан әңгімелерді, шынайы проблемаларды жасырып та жатамыз, мойындамай да жатамыз. Ал негізінен, кез келген мәселені шешудің ең бірінші жолы – сол нәрсенің дұрыс мойындалуы, оған дұрыс диагноз қоя білу»,– дейді Айдос Сарым.
Яғни, сарапшы «алтын орта» құндылығы дегенде, оны өз мәдениетімізбен, қоғамның ішіндегі ашық талқылармен, үлкен демократияның басқа да үрдістерімен байланыстыра қарау қажет деп санайтынын жеткізеді. «Біз, ең алдымен, осы «алтын ортаның» қандай болуы тиіс екенін белгілеп алуымыз керек. Ол сырттан таңылып, я болмаса, төбеден түсетін нәрсе емес. Жалпы, адамның табиғатында «орта жолмен жүру» деген бар ғой. Сондықтан, бүгінгі қоғамда болып жатқан түрлі дау-дамайдың өзін – осы «алтын ортаны іздеу» деп түсінемін»,– дейді саясаттанушы өзінің сөзінде.
Осындайда, «Пайғамбардың: «Еш нәрсеге, тіпті, дінге де шектен тыс берілмеңіздер. Сіздерден бұрын өткен көп қауым дінге шектен тыс берілгендіктен, өкініште қалған», деген хадисі де ойға оралады. Оны Құранды «теріс оқитын», діни фанатизмге берілген жастардың санасына қалай құюға болады? Мәселен, бүгінде өзге ағымдардың жетегінде кетіп жатқандардың 80 пайызы – жұмыссыз жүрген жастар екен. Мұндай азаматтардан бөлек, діни көзқарасы толық қалыптаспаған, алғашқы теологиялық білім алмаған жігіттердің шетелдерде оқып, сол жақтың діни көзқарасы бойынша пікір таратып, бүлік тудырып жүргені де жасырын емес. Яғни, адам санасы түрлі білімді, танымды, психологияны, дәстүрді, құндылықты сіңіріп алғаннан кейін, өз еліне табиғи тұрғыдан «бөтен» болып қалады. Соның әсерінен оның бұл қоғамға жоғарыдан қарамайтынына ешкім кепілдік бере алмайды. Міне, белгілі бір шек пен шеңбер сызығынан асу осындайдан басталса керек.
Жастық – діни танымды өзіне сіңіріп, ұлттың тарихындағы негізгі эстафетаны алып өтетін, жалауды ұстап жүретін феномен. Демек, уахабизммен қаруланып келген немесе теологиялық тұрғыда басқа да ағымдарды «басшылыққа алған» жастарымыз өз еліне оралғанда қоғамдағы кейбір жайттарға шекесінен, я болмаса агрессиялық тұрғыда қарауы, бұл жердегі көзқарастар мен діни таным дұрыс емес деп ой түюі – заңдылық. Бұл – діни сауатсыздық «дертіне шалдығып», адасушылыққа бой алдырған жастарға тән қасиет. Яғни, діни танымның қуаты жастардың психологиясынан анық көрінетіні, я болмаса аңғарылатыны дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Ал ондай жастарға: «Дінге шектен тыс берілмеңдер. Орта жолды ұстаныңдар!» – деп кеңес берудің нәтижесі бола қояр ма екен?
Әрине, Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы бұл мәселені қолға алып, өзге ағымның жетегінде кеткен жастар туралы мәселені назарда ұстап, екіжақты келісім бойынша оқуға түскен шәкірттердің білімін, тәрбиесін қадағалап, бақылау бағытында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеді. Алайда, бүгінде қоғамда көбіне «орта жолды ұстанатын» байсалды, ұлтжанды, зиялы, елге жанашыр, ең бастысы, иманды ортаны қалыптастыру – тек Діни басқарманың ғана жұмысы емес екенін, бұл барлық зиялы қауым өкілдеріне, өзге де мекеме жетекшілеріне, қолына қалам ұстаған жандарға, жалпы алғанда, ұрпақ болашағы мен тағдырына алаңдай білетін, бейжай қарай алмайтын әрбір азаматқа ортақ міндет екенін жете түсіне бермейтіндейміз.
Сондықтан, бабалар салған жолды жаңғыртып, «қазақы орта жолды», мәмілегер ислам түсінігін қоғам болып қайта қалпына келтірсе, бүгінгі қазақ руханияты үшін осыдан үлкен олжа болмас еді. Бұл орайда, халықтың ғасырлар бойы жинаған рухани-діни құндылықтарын қайта жаңғыртып, бүгінгі қоғам игілігіне жаратудың да маңызы зор болмақ. Себебі, кез келген шектен шыққан көзқарастарды ұстанатын идеологиялық ағымдардың қандай да бір көрінісі – өз соңынан азшылықты емес, көпшілікті ілестіруді мақсат тұтатын теріс бағыттағы ұйымдар ұяшығының ұлғаюы десек, мұның ұлтаралық, дінаралық қатынастарға жік түсіріп, ұлт пен мемлекет тұтастығына, дәстүрлі діни құндылықтарға қауіп төндірері хақ.
Ал: «Өзгелерден нені үйренгеніміз жөн?», «Тағы не жетіспейді?» – деген секілді сауалдарға жауапты кейін де іздеуге болатыны күмәнсіз.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»