Журналистердің кәсіби мерекесіне орай бильярдтан жазушы, журналист, ғалым, профессор Ақселеу Сейдімбектi еске алуға арналған дәстүрлі республикалық турнир өтті. Оған БАҚ саласының 60-қа жуық өкілі қатысты.
Турнирдің ашылу салтанатында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Журналистика мәселелерін зерттеу» институтының директоры Намазалы Омашев жарыстың маңызы мен ерекшелігін кеңінен айтып берді.
«Ақселеу Сейдімбек атындағы бильярд сайысы осымен алтыншы мәрте ұйымдастырылып отыр. Турнирдің өтуіне аталған білім ордасының кәсіподақ комитеті мұрындық болып, демеушілік көрсетті. Одан бөлек, Ақселеу ағамыздың інісі Асылхан Сейдімбек әулеті атынан арнайы сыйлық тапсырады», – деді ол.
Мұнан кейін университеттің «Журналистика және саясаттану» факультетінің деканы Қайрат Сақ сөз алып, жарысқа қатысушы ақсақалдар тобы – 24, орта буын өкілдері мен жастардан құралған ойыншылар 32 сайыскерден тұратынын жеткізді.
«Бұл турнир ең алғаш 2009 жылы Ақселеу ағамыздың бастамасымен БАҚ өкілдері арасында ұйымдастырылды. Мақсаты – журналистиканың қазанында қайнап жүрген және қолындағы қаламын қару еткен қаламгерлердің басын қосып, кәсіби мерекенің қарсаңында бір сергіп қалу. Осы ретте, ағамыз өзінің атынан турнир жеңімпазына ақшалай жүлдесін беріп, дәстүрлі шараға мұрындық болды. Ал 2010 жылдан бері біз осы сайысты Ахаңның атынан өткізіп келеміз. Жыл сайын бильярдқа қызығушылық танытып, жарысқа қатысуға ниет білдірген ойыншылар қатары артып келеді. Бүгінгі шараға «Қазақстан» ұлттық телеарнасы» мен Ақселеу аға еңбек еткен «Егемен Қазақстан» газеті жарыс жеңімпаздарына арнайы жүлде тағайындады. Жалпы, біз келесі жылы Ақселеу ағамыздың 75 жылдығына орай турнир ауқымын ұлғайтып, дүбірлетіп өткіземіз бе деп отырмыз», – деді Қайрат Сақ өзінің сөзінде.
Сонымен, жеті сағатқа созылған сайыста ақсақалдар тобынан 1-орынды Намазалы Омашев жеңіп алса, 60 жасқа дейінгі ойыншылар ішінен үздік шыққан тележурналист Нұрділдә Ораз топ жарды. Оларға турнирдің бас сыйлығы – кубоктар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді. Турнирде, сондай-ақ, бұдан да басқа аталымдар бойынша үздіктер анықталып, тиісті сый-сияпаттарға ие болды.
Талғат РАЙЫМБЕК,
«Егемен Қазақстан»