Ақкөл өңірінде 2006 жылдан бері ғана жарық көре бастаған еді
Ақкөл ауданы тарихы мол, көне аудандардың біріне жатады. Еліміз егемендік алғаннан кейін басқа ұлттың өкілдері тарихи отандарына бет бұрды да, шетелдегі өз ағайындарымыз, алыс аудандарда тұратын қазақтар астанаға жақындау мақсатында күре жолдың үстінде тұрған, табиғаты әсем Ақкөл ауданына қоныстана бастады. Аудан орталығында қазақша оқытудың қажеттілігі туды. 1990 жылы бәріміз жабылып жүріп, зорға ашқан бірінші қазақ сыныбы қазақ мектебінің іргетасы болды деп толық айта аламыз. Онымен қоса, қазақтар басым тұратын ауылдардағы мектептерді ана тіліне көшірдік. Қазақша тәрбиелейтін балабақшалар мен топтар жұмыс істей бастады. Мәдениет ошақтары да ұлттық салт-дәстүрлерімізді дамыту жолында болды.
Енді түйіні шешілмей тұрған мәселенің бірі – ана тілінде газет шығару еді. Алғашқыда сол кездегі газет редакторы Бәтима Қамыспаева «Знамя Родины» газетіне қазақ тілінде қосымша шығарып жүрді. Ол өте аз, мазмұны жағынан да талапқа сай болмайтын. Осы мәселенің түйіні егемендік алғанымызға 15 жыл болғанда ғана шешілді. 2006 жылдың мамыр айында «Ақкөл өмірі» атты қазақша газеттің бірінші саны шықты. Алғашқы редакторы Қуаныш Дәулетханұлы Нұрсадықов. Қуаныш інімізге біраз қиындықтарды жеңуге тура келді. Қазақ тілінде жазатын кадр жоқ.Редакцияның ғимараты бірнеше жыл жөндеу көрмеген. Бүгінгі күн талабына сәйкес келетін баспа техникалары болмады. Алғашқыда өзі тілші, өзі редактор. Бірте-бірте қоғамдық тілшілерді тарта бастады. Газетті тарату мәселесі де қиындықтар туғызды. Осы қиындықтарды жеңуге өмір тәжірибесі, өткен жолдары үлкен көмек берді.
Қуаныш Шығыс Қазақстан облысының табиғаты әсем Алтай тауларының бөктерінде дүниеге келген. Ауылда өсіп, орта мектепті бітіріп, жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін қызметке жолдама алады. Осы кезеңнен бастап Қуаныш Дәулетханұлы өз қызметінен басқа қоғамдық өмірге белсене араласады. Қатардағы ұстаздан аудандық білім бөлімінің меңгерушісіне дейін көтерілген. Бұл жауапты жұмысы Кеңес Одағы ыдырап, еліміз егемендік алған кезге сай келді. Сол кезеңде біздің кейіпкеріміз Қатонқарағай ауданының білім саласын басқарған.
Одан кейін аудан басшыларының ұйғарымымен газетке редакторлық қызметке ауыстырылған. Мұнда да мол тәжірибе жинақтаған. Сол тәжірибесі Ақкөл ауданына келіп, қазақ тілді «Ақкөл өмірі» газетін шығару кезінде көп септігін тигізді. Міне, ақкөлдіктердің ана тілінде өз ауданының газетін оқи бастағандарына 10 жыл толды. Газеттің шығару сапасы, мазмұны жылдан жылға жақсарып келеді. Сонда да шешілмеген проблемалар шаш-етектен. Олардың негізгілері – қаржы, кадр мәселелері.
Соған қарамастан, газет ауданымыздың мол тарихын оқырмандарға жеткізуде. Ауданымыздан шыққан тұлғалы азаматтарымыз Жайық Бектұров, Сағадат Нұрмағамбетов, бірнеше Кеңес Одағының батырлары мен Социалистік Еңбек Ерлері, т.б. туралы мақалалар жүйелі беріліп тұрады. Ауданның белгілі азаматтары туралы «Ақкөл – азаматымен ажарлы» деген айдармен естелік кітаптар сериясын шығара бастады.
Қуаныш Ақкөл ауданының тарихында көрнекті із қалдырып келеді. Ол орыс тілді ауданда бірінші болып газетті мемлекеттік тілде шығарды. Әрі алғашқы редактор, Ақкөл аудандық мәслихатының депутаты.
Өр Алтайда өсіп, Сарыарқа төсіне ер жасы 50-інде келіп, 10 жыл баспа жұмысының қиыншылықтарын жеңе отырып алпыстың асқарына абыроймен шыққан Қуаныш Дәулетханұлы адал да әділ мінезімен, қайсарлығымен ауданымызда мемлекеттік тілдің өз дәрежесіне көтерілуі жолында әлі талай белестерді бағындыратынына зор сеніммен қараймын.
Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,
Ақкөл ауданының құрметті азаматы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Ақмола облысы