29 Маусым, 2016

Мәртебені айқындайтын Әдеп кодексі

395 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Мемлекеттік қызмет істері вице-министрі Айгүл Шайымова мен Мемлекеттік қызмет саласын бақылау басқармасының басшысы Мақсат Мусиннің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Онда жаңа Әдеп кодексінің мемлекеттік қызметкерлер алдына қойылатын талаптары айтылып, сала мамандарының қоғамдағы рөлі, олардың этикасы мен эстетикасы сөз болды. Айгүл Шайымованың айтуынша, мемлекеттік қызметшілер тәртібінің стандарттары екіге бөліп қарастырылған. Олар базалық және ахуалдық болып аталады. Мұның базалық жүйесі мемлекеттік қызметкерлердің моральдық-этикалық кейпіне қойылатын негізгі талаптарды қалыптастыруға және олардың тәртіп векторын анықтауға бағытталған. – Жаңа Әдеп кодексінде қабылданған шешімдердің заңдылығы, әділдік пен ашықтықтығын қамтамасыз ету, қыз­меттік міндеттерді тиімді орындау және кәсіби деңгейін арттыру, жеке мәселелерді шешу тұрғысында қызметтік лауазымын пайдалануға тыйым салу, іскерлік әдеп пен ресми іс-қимыл ережелерін сақтау секілді жайттар толық қамтылған. Сондықтан да аталған кодекс мемлекеттік қызметкерлерге үнемі көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға нақты талап қояды, – деді вице-министр. Сонымен қатар, ол еліміздегі мемлекеттік қызметтер сапасына 80 пайыз қазақстандықтардың көңілі толатынын жеткізді. – Бұл жүргізілген сауалдама нәтижесі. Жалпы, Әдеп ко­дексінде қызметкерлердің жүріс-тұрысы, мәдениеті, сондай-ақ, қызметтік міндеттерді орындау талаптары көрсетілген, – деді ол. Баспасөз мәслихатында мемлекеттік қызметшілердің қоғамдық орындарда өзін өзі ұстауы, ішімдік ішпеуі, балағат сөздер айтпауы, егер осындай олқылықтарға орын берген жағдайда олардың іс-әрекеті тәртіптік кеңесте қаралатыны айтылды. Жиын соңында Мақсат Мусин жыл сайын ұсынылатын мемлекеттік қызметтер сапасы жақсарып келе жатқанын тілге тиек етті. Талғат РАЙЫМБЕК, «Егемен Қазақстан»