29 Маусым, 2016

Боз кілемде жауынгерлік жекпе-жек

421 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
бойКеше, Астанадағы «Marriott» қонақүйінде ІІ Халықаралық жауынгерлік өнер фестиваліне қатысушылардың баспасөз мәслихаты болып өтті. Халықаралық жауынгерлік өнер фестивалі елордада осымен екінші рет өткізілмек. Қала күні мерекесіне орай ұйымдастырылғалы отырған бұл айтулы шараға Италия, Қазақстан, Қытай, Ресей, Филиппин және Жапония шеберлері көрермендер назарына джиу-джитсу, киокушинкай-кан каратэ, қоян-қолтық ұрыс, сумо, таэквандо, муай-тай, вин-чун, қазақ күресі, бразилиялық джиу-джитсу, шаолинь-цюань және пекити-тирсия кали сияқты жауынгерлік жекпе-жектер бойынша өнер көрсетеді. Биыл Халықаралық өнер фестиваліне Вин-Чун Халықаралық федерациясының (IWCO) құрметті президенті Сифу Дональд Мак, Ultimate Fighting Championship қамқорлығымен өнер көрсететін, аралас стильдегі кәсіпқой спортшы Хабиб Нурмагомедов, кәсіпқой ре­сей­лік тайбоксшы және кикбоксшы, тай боксынан және кикбоксингтен кәсіпқойлар мен әуесқойлар арасындағы жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы, тай боксынан Ресейдің еңбек сіңірген спорт шебері Артем Левин сынды әйгілі тұлғалар қатысады. Актер, кәсіпқой спортшы, жауынгерлік жекпе-жек бойынша әскери нұсқаушы Сергея Бадюк спортсүйер қауым үшін тосын сый болмақ. Баспасөз мәслихатында атап көрсетілгендей, маңызды спорттық шарадан қазақстандық спортшылар да тыс қалмайды. Еліміздің танымал боксшысы, 2005 жылғы және 2007 жылғы әлем чемпионы, 2012 жылғы олимпиада чемпионы, «Астана Арланс» кәсіпқой бокс клубының бас директоры Серік Сәпиев, тай боксы мен К-1 кәсіпқой спортшы, әуесқойлар арасындағы әлем чемпионы, кәсіпқойлар арасындағы Таиланд Королі кубогының иегері Дәулет Отар­баев, каратэ мен ММА-дан әлемнің үш дүркін чемпионы, джиу-джитсуден Еуропаның үш дүркін чемпионы Айдар Махметов, сондай-ақ, Қазақстанның джиу-джитсу мен ММА феде­рациясының президенті Анатолий Ким сияқты кеш қонақтары өз шеберліктерін ортаға салады. Еске сала кететін болсақ, өткен жылғы бі­рінші жауынгерлік өнер фестиваліне дүние-жүзінен 150-ге жуық шебер қатысып, шара барысында Стивен Сигал, Сергей Бадюк пен Бату Хасиков көпшілікке түрлі жекпе-жектерден айла-тәсілдер көрсетіп, көрермендерді ұмытылмас әсерге бөлеген. Сонымен бірге, елордалық көрермендер алғаш рет шаолинь монахтарының өнерін тамашалаған болатын. Баспасөз мәслихатында айтылғандай, биылғы жауынгерлік өнер фестивалі де әсерлі әрі тар­тымды болатын түрі бар. ІІ Халықаралық жа­уынгерлік өнер фес­тивалінің шымылдығы кеше, 28 маусымда «Дәулет» ұлттық теннис орталығында ашылды. Ал бүгін ІІ Халықаралық жауынгерлік өнер фестиваліне қатысушылар Астана қаласындағы спорт мектептерінің шәкірттеріне арналған шеберлік дәрістерін өткізеді. Назерке МҰХАМЕДИЯ, №4 мектеп-гимназияның түлегі