29 Маусым, 2016

Ең жауапты жердегі керек маман

514 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
IMG-20160621-WA0010Далада боран ұлып тұр. Сарыбай карьерінің тереңдігі 600 метрден асады. Бірақ алып қазан шұңқыр қанша тереңдесе де ықтасын болмайды екен. Қырдың басында ақ түтек боран қалай соқса, 600 метр тереңдікте де сол алай-дүлей жынды мінезінен бір танбайды. «Табиғатта жамандайтын ауа райы жоқ», деп орыс әнінде айтылатындай, Ғұбайдолла Алдабергенұлына туған жердің аптабы мен боранының жақпай қалған жері жоқ десек те Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігінің кеніштеріндегі теміржол төсеу жұмысы кезінде ақпандатқан боранның әлегі оңай емес, әрине. Өйткені, қар үріп тастай береді де, жолды бұзғанда да, салғанда да кедергісі көп болады. Үскірік аяз топырақты әбден қатырып тастағандықтан, экскаватордың тісі тасқа тигендей шақылдайды. Теміржол төсеу жұмысы қыс айларында осындай қиындықпен жүреді. Көктем мен жаздың, күз­дің дайындайтын «сыбағасы» өз алдына. Дегенмен, жаздың толас­с­ыз жауатын жаңбыры мен төбең­­нен шыжғыратын аптап ыс­­ты­ғы, күздің қарасуығы мен өт­кір желі карьердегі теміржол учас­­кесінде 35 жыл үзіліссіз істеп келе жатқан Ғұбайдолла Жанах­метов­ке үйреншікті болып кеткелі қашан?! Кен қазу жұмысын қазір алып тех­никаларсыз елестетудің өзі қиын. Шетелдік алып экскава­тор­лардың шөміші бір салғанда 190 текше метрге дейін жыныс­ты бір-ақ шығарады. Бірақ адам қолы араласпай жұмыс бітпейді. Карьерде теміржол төсеп жүрген жұмысшылардың қолынан қайла­сы мен балғасы, күрегі мен кілті түспейді. Техника теміржол түсе­тін жолдың барлығын қолмен қой­ған­дай тегістемейді, оның да адам қолымен атқарылар тұс­тары жетіп-артылады. Жер тегіс­тел­мей теміржол төселмейді. Боран соғып немесе жаңбыр құйып тұрғанда жұмысты түнде атқа­рудың қиындықтары өз ал­дына, қауіптілігін айтыңыз. Карьер тереңдеген сайын жол да қу­сы­ры­лады. «Етігің тар болса, дүниенің кеңдігінен не пайда» дегенді әр жұ­мысшы сезініп жүреді. Учас­кенің бастығы Ғ.Жанахметов әр қадам жердегі жұмысқа жауап береді, өйткені, оның сызбасын да, жүргізілетін жұмыстың бағыт-бағдарын да, жабдықтар мен құралдардың жұмсалуын да өзі жоспарлап береді және оның басы-қасында болады. Бір учаскеде жұмыс тоқтаса, бүкіл кеніш құлаққа ұрған танадай тып-тыныш күйге енеді. Электр қуатын беріп тұрған желіден ақау шықса да немесе бағаналар желмен құлап, сым үзілсе де бүкіл ке­ніш тоқтайды. Өйткені, электр қуа­­тын­сыз бір учаске жұмыс істе­мей­ді. Кен жынысын тасып жүр­ген машиналар бұзылып қал­са, бүкіл кеніш жұмысы тағы қаң­тары­лады. Себебі, құлатылған жы­ныс­ты сырт­қа шығарып, орын бос­атып тұр­маса, кен қазу мүмкін емес. Ал егер карьерге теміржол төсел­месе, онда тіпті кеніште жұмыс жүреді деген түсінік те бол­мас еді. Себебі, экскаватор қазып берген кен байыту фаб­рика­сына жеткізілмей қалады. Карьер ішіндегі теміржолмен келген вагондар тізбегіне кен артылады. Әрі бұл жұмыс күндіз-түні тоқ­та­май жүреді. Кеніштегі ең жауап­ты, түйінді жұмыс учаскесі де осы. – Кеніштен басқа орында жұ­мыс күндіз ғана жүреді. Тіпті таби­­ғаттың өзі түнде дамыл­даған­­дай болады ғой? Күндіз жорт­қан аң, ұшқан құс түнде ініне кіріп, ұясында қонақтамай ма? Тек кеніштерде ғана күн­діз-түні дамылсыз еңбек қайнай­­ды, – дейді Сарыбай және Соколов кеніштеріндегі карьер темір­жол учаскелерінің бастығы Ғ.Жанахметов. Жол салушылар кен қазатын экскаваторды бағыт етіп ұстайды. Экс­каватор қалай жылжыса, кен ар­татын вагон тізбегі де солай жыл­­жи береді. Сондықтан Ғұбай­долла Алдабергенұлы басқаратын теміржол учаскесі жыл тәулігінде 80 шақырымнан аса теміржолды төсеп, оны қайта бұзып отырады. Мысалы, экскаваторға дейінгі 500 метр жолды екі тәулікте бітіруге тапсырма келеді. Жұмысшылар дамылсыз қимылдап, теміржолды экскаватор шөміші жететіндей жерге дейін төсейді. Сонда ғана вагонға кен артылады. – Мұндай кездерде карьерде жұмыс қызады. Халық­ара­лық нарықта темір жентегі баға­сының арзандауына байланысты кейінгі жылдары өндіріс көле­мі ықшамдалды. Соған орай жұмыс ауқымы да азайды. Әйт­песе, бұрын карьер ішінде жылына 160 ша­қырымға дейін теміржол төсей­тінбіз, – дейді Ғұбекең. Ол бүкіл ғұмырын кеніш­т­е өт­кізіп келеді. Ғ.Жанах­­­метовтің ең­бек кітапша­сында Еуразиялық топқа кіре­тін «Соколов-Сарыбай кен өн­діру бірлестігі» акционерлік қоға­мынан басқа кәсіпорын көрсе­тіл­меген. 1981 жылы Қарағанды политехникалық институтының «Өнеркәсіп көліктері» факуль­тетін бітіріп, Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігіне жұмысқа келді. Мамандығы бойынша өндірістегі ірі көліктер инженері болып саналатын бұған кадр меңгерушісі өтініш айтты. «Бізде карьерлерге теміржол төсеу ісі өте маңызды, ол жерде мамандар тапшылығы білініп тұр, сені сонда жібере тұрсақ, қалай қарай­сың?» деген. Бұл келісті. Жұмыс ауқымы өте көп, күрделі цех екен. Кеніштерде әр жұмыс учас­кесі цех деп аталады. Теміржол төсеу цехының бастығы Вик­тор Иванович Кайда білікті, тәжі­рибелі және әкесіндей қамқор, адамгершілігі мол кісі екен. Жас маман мен учаске бастығы тез түсіністі, елгезек жігіт Виктор Ивановичке ұнап қалды. Ұстазы алдымен техникалық қауіпсіздікті барынша мұқият сақтауды, тіпті жұмыстың өзі содан басталатынын үйретті. «Ұлым, ең алдымен аман болғаның дұрыс, сосын жұмыс. Байқамасаң, мына техникалар, сонша қуатпен жұмыс істейтін электр энергиясы, мың­даған текше метр топырақ, кен жынысы сені құмырсқа құрлы көрмейді, адамның ақыл-ойымен жасалып жатса да, оның құрбаны болып кету түк емес», дейтін. Кен, жыныс таситын вагондар теміржолмен ғана жүреді. Сондық­тан рельстерді қалай тез арада төсесе, солай жылдам бұзып тастауы тиіс, күндіз-түні шөміші ты­ным таппайтын экскаватор соңы­нан бұлар да жылжып отырады. Кеніште топырақтың түсіне қарап кенін танитын, техниканың тілін, іс тетігін білетін мамандар ең қажет адамдар. Жас маман Ғұбайдолла Алдабергенұлы жылдар бойы жинаған тәжірибесі арқасында білікті маманға – ең қажет адамға айналды. 1998 жы­лы Виктор Иванович осындай дәрежеге жеткен Ғұбайдолланы өзінің орынбасары етіп алды. 2005 жылы ол ұстазының орнына карьердегі теміржол төсеу учаскесінің бастығы болып таға­йындалды. Ғ.Жанахметов те осы іске берілген жастарды жанына үйір етті. Қазір Виктор Бабенко, Владимир Старков, Александр Трубецкой деген іске мығым жігіттер бар. Қарап отырса, ке­ніш­­тегі тірлік те уақыт ағы­ны­на бағынып, ғаламмен бірге да­мып бара жатқандай. Өзінің зейнет­кер­лікке шығатын уақыты да жа­қын­дап қалыпты. Әйтеуір кеніш­тердегі теміржол төсеу ісі ешқан­дай төтенше жағдайсыз, жақсы жалғасатынына сенімді, өйткені, әлгі өзінің айналасындағы маман жігіттер істі іліп әкетері сөзсіз. – Қазір қарамағыңызда 160 адам жұмыс істейді. Мынандай ауыр жұмысқа тұрақтамаушылық бар ма? – дейміз біз Ғұбайдолла Алдабергенұлын әңгімеге тартып. – Жоқ, жұмыстан кету сирек. Біздегі жұмыс жеңіл емес. Рельстерді крандар көтергенімен, бәрібір, қол жұмысы да жеткілікті ғой. Бірақ жұмысшылар да, өзіміз де тапсырманы орындап болғанша жұмыстың ауыр-жеңілі, кету-кетпеу туралы ойлап бас қатырып жатпаймыз. Оған шамамыз келмейді. Экскаватор тоқтап тұрып қалмауы тиіс. Жолды тез бұзып, тез төсеп отырамыз. Межелеген уақытта вагондар тізбегі келіп, кен артылғанда иығымыздан жүк түскендей, жеңілденіп қаламыз. Аязда тоңғанымыз, жаңбырда су бол­ғанымыз, шаң қапқанымыз ұмы­тыл­ғандай болады. Ал жұмыс біт­кен соң кімнің кеткісі келеді? – дейді Ғұбекең күліп. – Екеуміз де осы Рудный қаласына жас маман болып келдік. Содан бері Ғұбайдолла Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігінде істейді. Мен мұға­ліммін. Кеніштегі қай жұмыс та оңай емес. Ғұбекең жұмыстан өте шаршап келеді. Ас-суын ішіп тыныққаннан кейін ғана бала-шағасын ойлайды, – деп зайыбы Гауһар әңгімеге араласты. Үйінде Гауһар апай секілді арқасүйері болмаса, ер азаматтың қайсысы да кеніште жақсы жұмысшы бола алмайды. Өзі айтқандай, жұмыстан кейін адам үйіне келіп, алаңсыз тынығуы тиіс. Ал отбасының берекесі жоқ адам кеніштің ауыр жұмысына төтеп бере алмайды. Ғұбайдолла мен Гауһар бір ұл, екі қыз өсірді. Балалары жақсы оқы­ды, Астанадағы Л.Н.Гумилев аты­н­дағы Еуразия универси­тетінде білім алды, бір-бір маман­дық иесі атанды. Әкесінің еңбек­қор­лығына, өзгенің ала жібін ат­та­маған адалдығы мен адамгер­ші­лігіне қарап өскен балалары да өмірден өз орындарын тапты, оның мақтанышына айналды. Ғұбайдолла Жанахметов бас­­қаратын карьер теміржолы учаскесі кен алыбының Соколов және Сарыбай кеніштерін темір­жол­мен қамтамасыз етіп келе­ді. Жұмыстың жартысынан көбі күндіз, қалғаны түнде ат­қа­ры­лады. Жарылыспен кен қопарған кездерде жұмыс та қайнайды, әр минут есепке алынады. Жарылыс кейде жол салатын топырақты аударып кетеді, оны кран грейдерден шығып кетпестей етіп жөн­деу де оңай шаруа емес. Учас­ке бастығы алаңсыз телефонда отырып, бүкіл жұмысты ұйым­дастырады, есептейді, нысана­лы жерді барып көреді. Оған да, бірге істейтін мамандар мен жұмыс­шыларға да дамыл жоқ. Кеніштердегі жұмыстардың бір күн тоқтауы тек кен алыбына емес, бүкіл еліміз экономикасы­на дабыл қоңырауындай әсер етеді. Жеріміздің байлығын елі­міз­дің ырысына айналдыруға Ғұбай­долла Жанахметов пен оның учаскесіндегі теміржол төсеп жүрген құрыш қолды жұмыс­шы­лардың да үлесі аз емес. Жауап­кершілік жүгін сезінген­діктен, олар жылы жер іздеп, учас­кені тастап кетпеді. Бірақ Ғұбайдолла Алдабергенұлы мен кеншілерде мақ­тану, міндетсу деген түсінік жоқ. Өзімен ұжымда қатар жүр­ген­дердің бәрі де табан ет, маңдай терімен отбасын асырап, бала өсіруде. Учаскеге жаңа техника алынса, жұмыстың өнетінін ойлап, барлығы бірге қуанады. Кен алыбының басшы­лығы­нан алған «Алғыс хаттар» Ғ.Жанахметовтің үйінде бір альбом болған, «ССКӨБ» акционерлік қоғамының Құрмет тақтасында суреті ілулі тұр. Оны ұжымы, кеншілер қаласы құрметтейді. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан» РУДНЫЙ