немесе «Фирма Дәуір и Д» ЖШС бұрынғы директоры неліктен жазаланды?
Мемлекет басшысы кәсіпкерлерді қолдауға пәрмен беріп, елімізде бұл бағытта көптеген бағдарламалар қабылданғаны белгілі. Алайда, үлкен күш-жігер жұмсалып отырғандығына қарамастан бұл салада әлі де проблемалардың бар екені байқалады. Соның жарқын бір дәлелі «Фирма Дәуір и Д» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бұрынғы директоры Дабырқұл Тоғызбаевтың басындағы жағдайды атап айтуға тұрарлық. Оқырманға түсінікті болу үшін алдымен барлығы неден басталғандығына тоқталсақ. 2003 жылы «Фирма Дәуір и Д» ЖШС тіркеуден өтіп, өз жұмысын бастайды. Бұл ретте аталған серіктестіктің 40 пайызы Д.Тоғызбаевқа тиесілі де, ал Е.Атағұлов пен А.Кузнецов әрқайсысы 30 пайыздық үлеске ие болыпты.
Сонымен, аталған серіктестік Астана қаласы Комсомольский кентіндегі ДЭУ-207 №8 үйде (қазіргі «Астана Опера» театрының орны) орналасқан жылу қазандығы мен жер телімін сатып алу тендеріне қатысады. Тозығы әбден жеткен қазандық ғимаратын алғаннан кейін серіктестіктің екі құрылтайшысы ақшаларының жоқтығына байланысты үлестен шығатындарын мәлімдейді. Реті келгенде айта кету керек, Астана қаласының мемлекеттік мүлік және жекешелендіру аумақтық комитетінің бұрынғы төраға орынбасары Ақылбай Нұрмағанбетов «Фирма Дәуір и Д» ЖШС директоры Д.Тоғызбаевтың атына жазған хатында сатып алу шартына сәйкес қазандық Комсомолский кентіндегі тұрғын үйлер мен ұйымдарды тұрақты жылумен қамтамасыз етуі міндетті екендігін, олай болмаған жағдайда сату-сатып алу шарты бұзылатындығын да ескерткен. Содан кәсіпкер несие қаржыға жаңа ғимарат салып, оңтүстіккореялық екі қазандық сатып алып, орнатады. Сол қазандықтар арқылы жақын маңдағы тұрғын үйлер мен ғимараттар қысқы мерзімде жылытылады.
Барлық шығынды кәсіпкер өз қаражаты есебінен жүзеге асырыпты. Д.Тоғызбаев жалғыз құрылтайшы ретінде енді Сарыарқа аудандық әділет басқармасына қайта тіркеу құжаттарын тапсырған. Осы жерде кәсіпкерді жалғыз құрылтайшы ретінде мойнына алған міндеттемені әрі қарай қалай орындайтындығы, ақшаны қайдан алатындығы және серіктестік жұмысын қалай дамыту керектігі қатты мазалағандығын да ескере кеткен орынды. Кәсіпкер зайыбы Сәлима Әбенованың айтуынша, осы бір қиын сәттерде кәсіпкердің «Технопарк» АҚ-та жұмыс істеген кездеріндегі танысы Княжев Дмитрий Николаевич кабинетіне кіріп келіп, қажетті адамдар мен қаржы табамын дегеннен кейін серіктестік директоры оны құрылтайшы ретінде енгізуге келісімін бергендей болады. Дей тұрғанмен, «Фирма Дәуір и Д» ЖШС директоры ретінде Д.Тоғызбаев серіктестіктің барлық құжаттарын Астана қаласы әділет департаментіне 2004 жылдың 10 тамызында өзі өткізеді. Алайда, араға жиырма күн салып, яғни 31 тамызда белгісіз біреулердің құжаттарды қайтарып алуымен түзетілген нұсқасы тапсырылған. Әділет министрлігінің Сот сараптамасы орталығы анықтағандай, «10» деген цифр көк сиямен жазылса, артынан қара сиямен «31» дегенге түзетіліп, үстінен боялып, қайта көк сиямен «31» деп жазылған. Артынан Княжев Дмитрий Николаевич «Фирма Дәуір и Д» ЖШС бүкіл құжаттарын Астана қалалық әділет департаментіне өзі өткізгендігін сотта мойындалған. Оның бұл сөздері жазбаға да жазылып алыныпты. Шаруаға пысық әрі табыстың көзін білетіндей көрінген танысы осындай жолмен өз інісі Княжев Павел Николаевич пен азаматтық зайыбы Княжева (Мадырайымова) Қарлығаш Шаймұратқызын (інісін 34 пайыз, ал азаматтық зайыбын 33 пайыз үлеспен) серіктестікке құрылтайшы ретінде енгізіп жіберіпті. Және де К.Княжева (Мадырайымова) ұйымның жарғылық қорына 6 миллион теңге құйды делінеді. Бұл ретте аталған қаржының серіктестікке құйылғандығы туралы бухгалтерлік кірісте де көрсетілмепті. Олай болса жарғылық капиталға кіруі қаншалықты заңды дей аламыз? Бұл ретте талапкердің адвокаты К.Мушкенованың атап өткеніндей, П.Княжев пен К.Мадырайымованың жарғылық қорға нақты қаржы құйғандығын растайтын нақты құжаттары жоқтығын Астана қаласы қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық алқасы назарға ілмеген.
Сондай-ақ, сот «Фирма Дәуір и Д» ЖШС құрылтайшысы Д.Тоғызбаевтың 33 пайыздық үлесі барын қаперге де алмастан, серіктестіктің 45 миллион теңгесін қарыз ретінде оның мойнына арта салған. Ол ол ма, Сот сараптамасы орталығының 11 желтоқсан 2015 жылғы №3750 сараптама қорытындысы серіктестік жарғысында қойылған қол Дабырқұл Тоғызбаевқа тиесілі еместігін анықтаған. Бұдан басқа, 2016 жылғы 15 наурыздағы №404 сараптама қорытындысы серіктестіктің 2004 жылғы 25 тамыздағы жалпы жиналысы хаттамасының көшірмесіндегі «Жиналыс төрағасы» жолағындағы Д.Тоғызбаевтың атынан қойылған қол да өзге біреумен жасалғандығын көрсеткен. Негізінен Д.Тоғызбаев ол жиналысқа қатыспаған, сондықтан қол қоюы да мүмкін емес екен. Сараптама әзірге бұл қолдарды кімдердің қойғандығын анықтай алмай отыр. Себебі, салыстыруға қажетті қолдардың (түпнұсқа емес қолды орындаушы саналы түрде өз қолтаңбасының белгілерін өзгертеді) болмауы. Және де 2016 жылғы 23 сәуірдегі №275 сараптама көрсеткендей, серіктестік жарғысының соңғы бетінде «Д.Тоғызбаев», «К.Мадырайымова», «П.Княжев» жазуларын орындаған қолтаңбаны Д.Княжев жүзеге асырғаны белгілі болып отыр. Сол сияқты аталған серіктестік жарғысының «Құрушылар» бағанында орналастырылған К.Мадырайымованың атына қойылған қол оның өзімен емес, басқа кісінің қолымен орындалғандығын көрсеткен. Бұл сараптамаларды жазып отырғандағы мақсатымыз серіктестік о баста сырттың ықпалына түскендігін көрсету. Оның артында кімдер тұрғаны әзірге белгісіз. Бір анығы «Фирма Дәуір и Д» ЖШС бүкіл құжаттары Әділет департаментіне өткізілгенде өзгеріске ұшырағандығы. Оны жүзеге асырған адамдарды жоғарыда атап кеттік. Тағы бір қызғылықты жайтқа назар аударта кеткенді жөн көріп отырмыз. Астана қаласы Есіл аудандық сотының 2015 жылғы 13 сәуірдегі қаулысына сәйкес Д.Тоғызбаевтан «Фирма Дәуір и Д» ЖШС пайдасына 1000000 теңге өндіріп алу көзделген.
Қаулыға сәйкес Дабырқұл Тоғызбаевтың «Рухаз» ЖШС жарғылық қорындағы 45 пайыздай үлесін Астана қаласы атқарушылық округінің жеке сот орындаушысы Қуатбек Молдабаев тарапынан 9 миллион 358 мың теңгеге сатылады. Жарайды 1 миллион теңгені өндіріп алсын делік, сонда қалған бөлігі қайда кетеді, бұл да бір сұрақ. Не керек, осы үлесті сатып алған Марат Тикшекеевтің құрылтайшы ретіндегі тіркеуді Сарыарқа ауданының әділет басқармасына өзі емес, баяғы комитет төрағасының орынбасары Ақылбай Қыдырғалиұлы Нұрмағанбетов апарып тіркеткен. Жалпы, таласқа түскен ақша қайдан келіп еді? 2010 жылы жылу беру қазандығы орналасқан ғимараттың жер телімі мемлекет меншігіне 45 миллион теңгеге сатып алынады. Осы ақшадан барлық міндетті төлемдер мен несие қарыздары толық өтелгеннен кейін қалған 26 миллион теңге Қарлығаш Княжеваға тиесілі «Азиза» шаруашылық қожалығына картоп егу үшін беріледі. Тіпті, «АСТРА-АГРО» ЖШС Д.Княжевтің «Романо» картофелін сатып алғандығы туралы шығыс жүкқұжаты да бар. Онда картоп ұрығы үшін 3 миллион 800 мың теңге төленгені туралы түбіртекте нақты көрсетілген. Сол жылы картоп өнімі шықпай, шаруашылық қожалығы шығын көреді. Өкінішке қарай, бұл істі тергеу әлі жүргізілмеген және де ешкім оны тексеруге қызығушылық танытып жатқан жоқ. Сонымен, «Фирма Дәуір и Д» ЖШС мен «Азиза» арасындағы жасалған келісімшарт Астана қаласы арнайы ауданаралық экономикалық соты тарапынан жарамсыз деп танылған. Бұдан кейін Д.Тоғызбаевтың қатысуынсыз өткен үлескерлердің жалпы жиналысында оны директорлық қызметінен босатқан. Айта кету керек, кәсіпкер не сотқа да, не серіктестіктің жиналыстарына шақырылмапты. Бірақ соған қарамай, 2012 жылы бұл орынға келген Есов Жанат Елубайұлының атынан қылмыстық іс қозғау туралы арыз түсіп, тергеуші Ғ.Қосмұратов қылмыстық істі сотқа жібереді. Төрт айға созылған сот процесінде Сарыарқа аудандық қылмыстық істерді қарайтын соты қарау мерзімі өтіп кеткеніне байланысты істі қысқартады. Бұл орайда қылмыстық құрам болмағандықтан іс азаматтық заңдылық шеңберінде қаралуы тиіс деген оң шешім шығарылған. Алайда, 2014 жылдың 2 шілдесінде Астана қалалық апелляциялық сотының шешімімен Д.Тоғызбаев бес жыл мерзімге бас бостандығынан айырылады.
Сөйтіп, кәсіпкерлікпен айналысамын деп сотты болған жанның басындағы жағдай осындай ауыртпалыққа ұласады. Бір қызығы, Астана қаласы арнайы ауданаралық экономикалық сотында «Фирма Дәуір и Д» ЖШС өкілі Д.Мұқажановтың талап арызымен «Азиза» шаруа қожалығымен арадағы келісімшартты заңсыз деп табуға қатысты процесте К.Дарбанов соңғысының атынан жауапкер ретінде тіркелген болса, 2016 жылғы «Фирма Дәуір и Д» ЖШС хаттамасында П.Княжев атынан сенімхат бойынша Д.Княжевті директор ретінде тағайындау шешіміне қол қояды. Осылайша К.Дарбановтың екі жақта да жүруі нені білдіреді? Кәсіпкердің зайыбы Сәлима Әбенова өз сөзінде бірқатар құзырлы органдарға шағым жазғанымен, мардымды жауап ала алмаған. Тіпті, Бас прокуратураға дейін шағымданыпты. Алайда, әлі күнге дейін сот процестерінде ескерілмеген фактілерге назар аударту қиынға түсіп отыр. Сондықтан жаңадан пайда болған мән-жайларға байланысты қылмыстық іс қайта қаралса жөн болар ма еді. Өйткені, Әділет министрлігі Сот сараптамасы орталығы анықтағандай, «Фирма Дәуір и Д» ЖШС құжаттарындағы қолтаңбалар мен деректер және қол қою мерзімі бұрмаланған. Бұл өз кезегінде күдікті адамдарды анықтауға мүмкіндік бермей отыр. Соның салдарынан серіктестіктің бұрынғы басшысы Д.Тоғызбаев пен оның отбасы әлі күнге жапа шегіп келе жатқандығын айта кеткен жөн. Істі болған отағасының тағдыры отбасы мүшелерінің денсаулығына, моральдық-психологиялық жағдайларына кері әсер етуде. Кәсіпкер зайыбының өзі осы жағдай орын алғаннан кейін бірнеше рет ауруханаға жатып шыққан.
Қорыта айтқанда, кәсіпкерлікпен айналысу әлі де оңай еместігін көрсетіп отыр. Қазір үй қамағына шыққан «Фирма Дәуір и Д» ЖШС бұрынғы басшысы Д.Тоғызбаев әлі де әділдіктен үмітті. Әлемдік бизнес жасау рейтингінде 42-ші орынға көтерілген Қазақстан кәсіпкерлерге барлық жағдай жасап отырған ел ретінде танылып келеді. Осы тұрғыдан алғанда кәсіпкердің басындағы бұл жағдай құзыретті органдар тарапынан қайта жіті қаралуы тиіс.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»