* Сайт сөзі
«Келісіп пішкен тон келте болмас» деген дана халқымыз қашанда ымыраласып, келісе отыра бастаған әрбір істе бір қайыр бар дейді. Алайда, қазіргі қоғамда қабырғасымен кеңесіп, жан-жағымен санасып барып іс жасайтындар аз. Әсіресе, басшылық тарапынан «өзім би, өзім қожа» деген сөз көп айтылып, заңға қайшы іс-әрекеттері байқалып қалады. Сонымен қатар, елімізде тіл саясаты әлі де болса ақсап келеді. Ана тілімізге деген бетбұрыс бүгінгі қоғамда анық байқала бермейді.
Бас басылымның тілшісі Сейфолла Шайынғазының «Сөз бен бөз» деген мақаласы газетіміздің 14 маусым күнінде жарық көрген болатын. Онда автор ана тіліміздің шұбарланған тұсын ашына жазған. Нақты мысалдарды негізге ала отырып, қазақ тілін «атала» етіп жүргендерді сынға алады.
Газетіміздің 23 маусым күнгі санында Батыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшіміз Темір Құсайынның «Бет қаратпайтын аппарат басшысы» тақырыбындағы мақаласы жарияланды. Онда Казталов ауданы әкімі аппараты басшысының жұмыс уақытында ішімдік ішіп жүретіні, этиканы сақтамайтыны айтылған. Осы орайда, облыстық тәртіптік кеңес мүшелері аталған басшының іс-әрекеті Әдеп кодексінде көрсетілген ережелерге сай болмаса да, нақты айғақтың жоқтығынан ешқандай жаза қолдана алмағанын алға тартуда.
Біз бүгін оқырман назарын ерекше аударған осы екі мақалаға орай түскен пікірлерді жариялап отырмыз.
«Сөз бен бөз»
Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ.
(14 маусым, 2016 жыл)
Жанашыр оқырман
Керемет мақала. Шынында да ойланатын жайт. Бұл секілді өрескелдіктер өріп жүр. Тіліміз шұбарланып, сөзіміз бұрмаланып бара жатыр. Автордың қарапайым мысалдар арқылы осы келеңсіздіктерді тізбектегені ұнады.
Жансұлтан Ибраимов
Шынымен де кейде көшедегі қазақша жарнамалардың мағынасын түсінбейсің. Осының бəрін тексеріп, қадағалайтын адамдар бар ма екен?
Оразалы Әлімғазин
Қазіргі кезеңде аяқ басқан сайын көшедегі жарнамалардың қате жазылып жататыны, олардың ауызекі ана тілімізге тәжімаланып жатқаны, әңгімелесу барысында орысша сөздерді қыстырып жіберетіні өкінішті. Осы орайда, мақалада көтеріліп отырған мәселе өте орынды деп есептеймін.
Нұрғожаұлы Балға
Мен бұл кісінің әр кезеңде жазып жүрген мақалаларын ықыласпен оқып жүремін. Өзінің мақалаларында тәрбиелік мәні бар мәселелерді көтеріп отырады. Бүгінгі тіл тағдырына қатысты айтып отырғаны да көпшілік оқырман көңілінде жүрген ойлар.
Ақылбек Шаяхмет
Теледидар ауызекі сөйлеу стилін қолданамыз немесе жұлдызсымақтарды жүргізуші қыламыз деген желеумен тілімізді бүлдіріп жатқаны рас. Мысалы, спорт хабарларын жүргізетін комментатор: «Бүгін футбол чемпионатының ақтық ойыны», дейді. Ақтық деген ақырет, соңғы сапар деген ұғым ғой. Немесе әсірелеп сөйлеймін деп «теңбіл доп торда тулап жатты» дейді. Доп торға түскен балық емес қой.
Жазира
«Жұмысшы топ» пен «жұмыс тобының» аражігін әдемі-ақ ажыратыпты автор. Бәрекелді!
Панабек
«Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды» деуші ме еді? Жалпы, тіл мәселесі біздің қоғамда қай кезде де күн тәртібінен түскен емес. Осылайша ол өзінің өзектілігі мен өміршеңдігін де көрсетіп келеді. Қарға тамырлы қалың қазақтың тұқымы бар кезде, қазақ тілі өлмек емес.
«Бет қаратпайтын аппарат басшысы»
Темір ҚҰСАЙЫН.
(23 маусым, 2016 жыл)
Еркін
Басшылар алысты болжай білуі тиіс. Бір шешімге келер алдында жеті өлшеп барып қана ұйғарым жасауы қажет. Ата-бабамыз «үш күндігін ойламаған еркектен без» деп бекерге айтпаса керек. Біз қазір бір күнмен ғана өмір сүріп жатқан сияқтымыз.
Ғабит
Кейбір ауыл басшылары өзін «құдайдай» санайтынын бүгін ғана білдік деп айта алмаймыз. Осындай кезеңде басшыларды орнына қоятын сын да шын мақалалар жиірек жарияланса, «Егемен Қазақстан» да өз беделін халық арасында арттыра берер деп ойлаймын.
Иланшы
Халықтың атқарушы билікке деген сеніміне дақ түсіретін масқара ғой бұл. Қарауындағы мемлекеттік қызметшінің мұндайын Казталов ауданының әкімі білмеуі мүмкін емес. Казталовтық шенеуніктің «сыйынғанынан сүйенгені күшті» деп айтуыма дәлелім жоқ, бірақ қылығы сондайлардан да асып кетті емес пе?
Шыңғысхан, Семей
«Бұл арада біз кінәні аппарат басшысынан емес, аудан әкімінен іздегеніміз жөн. Өйткені, аудан әкімі Нұрланбек Қайыр оған дұрыс талап қойса, Берденов мұндай лас әрекетке бармаған болар еді.
Маңғыстау
Жергілікті билік өкілдерінің мұндай іс-қимылдары тұтастай мемлекеттік басқару ісіне көлеңке түсіруі мүмкін. Үлкенді-кішілі қызметті əкесінен қалған мұрадай көретін өркөкірек басшылар халық пен билік арасын қашықтатпаса, жақындатпайды. Ең дұрысы – ауызы лас, өзімшіл мұндай шенеуніктерді атқару органдары қызметіне жақындатпау.
Болашақ
Мемлекеттік қызметке қабылдау конкурс арқылы жүргізілгенімен, əр лауазымға басшылардың ыңғайлаған өз кандидатуралары болады. Конкурстың тек аты ғана, шартты түрде көз алдау үшін өткізілетіні жасырын емес. Осындай ретпен аппарат басшысын қызметке тағайындаған аудан əкімі де оның тəртібі үшін жауапты.
Жақсылық
Өркениетті елдердің қатарына қосылу үшін барын салып жүргендер бар. Шіркін-ай, өз алдымызға ел болғалы қаншама жылдың көлемі болды. Осындай пасық қылықтарымызды қашан қояр екенбіз?
Жақсылық
Уақыт өте келе мұндай басшылардан да құтылармыз. Ескінің қалдығындай, өсемін деген білімді азаматтарға кедергі келтіретіні өкішті.