Қазақстанның Азия тобы мемлекеттерінің атынан Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдарға уақытша мүшесі болып сайлануына байланысты саяси ғылымдар докторы, профессор Әміржан ШАЛТЫҚОВПЕН сұхбаттасып, пікірін білген едік.
– Әміржан Есләмұлы, БҰҰ-дағы дауыс беруге қатысқандардың арасынан 138 мемлекет Қазақстанның кандидатурасын қолдады. Еліміз әлемдік ең маңызды саяси органның құрамына кірді. Бұл саяси оқиғаның Қазақстан үшін ең басты сипаты немесе маңызы неде деп ойлайсыз?
– Ең бірінші, бұл саяси оқиға Қазақстанның әлемдік қауымдастық алдында беделінің зор екенін көрсетеді. Екіншіден, Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне уақытша мүше елдер жыл сайын сайланып тұрады ғой. Біздің республикамыз тарихта бірінші болып сайланған Орталық Азияның мемлекеті деген атақ алды. Біле білсеңіз, мұның да маңызы өте үлкен. Қазақстан неге бұл аумақта бірінші болып Қауіпсіздік Кеңесіне кіріп отыр? Себебі, еліміз егемендік алғалы бері – ширек ғасыр бойы әлемдегі бейбітшілікті нығайту, қорғау, соғыс болдырмау саясатын берік ұстанып келеді, әрі ол саясатты батыл да жан-жақты жүргізді. ТМД мемлекеттері арасында бірінші болып ядролық қарудан бас тартуының өзі еліміздің көпвекторлы сыртқы саясатының нәтижесі деп түсінуге тиістіміз.
– Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Америкаға барған сапары ел аузынан әлі де түсер емес. Сол саммит шеңберінде Елбасының «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі жария етілді. Қазақстанның бүгінгі жеңісіне сол оқиғаның қаншалықты қосқан үлесі бар немесе белгілі бір дәрежеде қаншалықты өзінің оңтайлы септігін тигізді?
– Қазақстанның әлем алдындағы саяси белсенді іс-қимылы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сондағы Нью-Йорк мінберлеріндегі сөйлеген уытты сөздері әлем халқының назарынан тыс қалған жоқ. Президентіміздің халықаралық терроризмге қарсы бірлесе күресу туралы нақты талаптары мен ядролық қаруды жер бетінде мүлдем ауыздықтап тастау туралы ұсыныстары мен «Әлем. ХХІ ғасыр» бейбітшілік манифесі Халықаралық құжат болып тіркелуі, бәрі-бәрі сөз жоқ, бүгінгі саяси қадамның лайықты орнығуына алып келді.
– Әлем ендігі жерде Қазақстан тарапынан қандай саяси іс-қимыл күтеді деп ойлайсыз?
– Қазақстанның әлемдік ұйымға уақытша мүше болып кіруі оның осы күнге дейінгі халықаралық дәрежеде көтеріп жүрген барлық көкейкесті мәселелерінің баянды түрде жүзеге асуына кеңінен жол ашады. Қолымыз жете алмай жүрген саяси бағыттағы шараларға қатысты батылырақ әрекет жасауға қолайлы жағдай туғызады. Бұрыннан көздеп жүрген саяси жобалардың біртіндеп іске асуына мүмкіндік береді.
– Қуанышты оқиғаның саяси мәніне тоқталдық. Ал оның халықаралық тәрбиелік мәні туралы не айтуға болады?
– Бұл саяси оқиғаның Қазақстан халқын бір мақсат, бір мүдде үшін бұрынғыдан да жұмылдыра түсері ақиқат. Республикамызда мекендейтін барлық ұлт пен ұлыстың бойындағы патриоттық сезімін бұрынғыдан күшейтеді. «Қазақ» деген ұлт атауы әлемдегі ұлы мемлекеттер халықтарының атауымен қатар аталатын болады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Көшбасшылық рөлі мен жеке саяси тұлға ретіндегі халықаралық беделі бұрынғыдан да биіктей түсері хақ. Әрбір қазақстандық осы үшін де қуана білуі керек деп ойлаймын.
Әңгімелескен
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ