Бұл лаңкестік оқиға қатыгездіктің шегі болмайтынын көрсетті
Түрік жұртын тағы бір оқиға дүрбелеңге түсірді. Кеше түнде Ыстанбұл əуежайында болған жарылыстар Рамазан айын ұлықтап, алаңсыз Оразасын ұстап жатқан бейбіт халықтың дегбірін қашырды. Бірақ түріктер қашанғы əдетінше сабырлылық танытты. Жедел қимылдап, жараланғандарды емдеу орындарына жеткізіп, бүлінген жерлерді қалпына келтіре бастады. Ататүрік əуежайы аз ғана уақыт тоқтап қалған жұмысын қайта жалғастырды. Қазіргі ахуал қалыпты. Ел-жұрттың ептеп көңілі алаңдаулы болғанмен, абыржығаны байқалмайды.
Жарылыс болған соң аз ғана уақыт өткенде түріктің біраз телеарнасы тікелей эфирді іске қосты. Анадолы халқы түн ортасына дейін бірер сағат теледидарға телміріп, жаңалық күтті. Алғашында он адам қаза болды деп хабарланған-ды. Сəт сайын деректер жаңарып, қазіргі уақытта құрбан болғандардың саны 41-ге, жараланғандардың саны 239 делініп отыр. Жарылысты жасағандардың жай-жапсары жан-жақты зерттелуде.
Қасиетті Рамазан айы кезінде жантүршігерлік қылмыс жасаған қаскүнемдердің əрекеті ақылға сыймайды.
Қаза болған 41 адамның 37-сінің кім екені анықталды. Олардың 10-ы шетелдік. Екеуінің қос азаматтығы бар екен. 19 адамның мүрдесі жақындарына берілді. Жараланған 239 адамның 109-ы ауруханадан шығарылды. 130 адам əлі де ем қабылдап жатыр. Қаза болғандардың 13-і əуежай күзетінің қызметкерлері, 3-еуі таксист.
Қызыл Жарты Ай ұйымының бастамасымен Ыстанбұлдың бірқатар аймақтарында жаралыларға арнап ерікті түрде қан тапсыру үдерісі белсенді түрде қолға алынды.
Түркия президенті Режеп Ердоған шұғыл жиын өткізіп, Рамазан айында лаңкестік жасағандарды қатаң айыптады. Терроризмге қарсы əлем болып күресуге шақырды.
Түркия билігі қауіпсіздік шараларын жан-жақты ойластыруда. Елдің премьер-министрі Бинали Йылдырым түн ішінде Ататүрік əуежайына келіп, мəн-жайды өз көзімен көрді. Кейбір бұқаралық ақпарат құралдары теракт болған сəтте əуежайға Албания премьер-министрі мінген ұшақ келіп қонғанын айтуда. Бүгін елде аза тұту күні жарияланды.
Түркияның əр аймағында демалып жатқан қазақстандық таныстарымызбен хабарластық. Əзірге ешқайсысының абыржығанын байқамадық. Бəрі де демалысын соңына дейін жеткізуге бекінгенін айтады. Мұндай жайсыз оқиғалар екі елдің арасындағы қарым-қатынас пен аралас-құраластықты бəсеңдете алмайды. Түрік жеріндегі жарылыстардың зардабын өз қайғысындай қабылдайтын қазақстандықтар осы ойға бекінген.
Түріктің бұқаралық ақпарат құралдары Ататүрік əуежайындағы жарылыстың жайын халыққа баяндауды басты назарда ұстап отыр.
Альбина ƏШІМ,
«Егемен Қазақстан» –
Ыстанбұлдан
Түрік Республикасы