05 Ақпан, 2011

Қуатты ақыл-ойдың орталығы

419 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ ЖӘНЕ САУДА МИНИСТРЛІГІ ОСЫНДАЙ ҚҰРЫЛЫМҒА АЙНАЛЫП КЕЛЕДІ Кеше Экономикалық даму және сауда министрлігінде Премьер-Министр Кәрім Мә­сі­мовтің қатысуымен кеңейтілген алқа мәжілісі болып өтті. Оған Парламент депу­таттары, Президент Әкімшілігі мен Үкіметтің жауапты қызметкерлері, бірқатар министрліктер мен агенттіктердің басшылары, облыс әкімдерінің орынбасарлары, аталған ми­нистрліктің жетекші қызметкерлері қатысты. Кеңейтілген алқа мәжілісінде негізгі баян­даманы жасаған Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова өткен жылы Қазақ­стан экономикасының алдындағы жыл­мен са­лыс­тырғанда жоғары даму деңге­йі­не көтеріл­гендігін атап көрсетті. Жыл ішінде ішкі жалпы өнімнің өсімі 7 пайызды құрады. Эко­номиканың мұндай өсімге жетуіне еліміздің негізгі экспорт­тық өнімдеріне деген әлемдік бағаның көтерілуі, мемлекеттің әлемдік дағда­рыс әсерін еңсеру жөнінде дер кезінде тиісті шараларды қабылдап, отандық кәсіпорындар мен халыққа қолдау көр­сетуі, индустриялық-инновациялық дамудың қол­ға алынуы секілді басты факторлар әсер еткен. Мемлекет қолдаған жоғарыдағыдай шара­лар­дың нәтижесінде өңдеу секторының өсімі 18,4 пайызды құрап отыр. Бұл көрсеткіш тау-кен өнеркәсібіндегі өсім деңгейінен 3,5 есе ар­тық. Алдын-ала есептеулерге қарағанда өң­деу өнеркәсібінің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 2009 жылғы 10,9 пайыздан 2010 жылы 11,7 пайызға артып отырғандығы байқалады. Міне, осының барлығы Қазақстан экономи­ка­сындағы өсудің Елбасы алға қойған мақсатқа сәйкес сапалы деңгейге көтерілгендігін көрсетеді. Экономика құрылымындағы бұл өзгеріс­терді, ең алдымен, үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағ­дарламаның алғашқы нәтижесі ретінде қарастырамыз. Өткен жылы жиыны 800 миллиард теңгеге бағаланып отырған 152 индус­триялық жоба іске қосылды. Оларды жүзеге асыру ең алдымен экономиканың инвестиция­лық белсенділігін көтеруге мүмкіндік берді. Жалпылай айтқанда, есепті жыл ішінде ел экономикасына 4,8 триллион теңгенің ин­вести­циясы салынды. Мұның 45,9 пайызы –  кәсіпорындардың өз қаржылары. Әлемдік шикізат рыногында қалыптасқан қолайлы баға, Кеден одағы нәтижесінде  өт­кізу рыногының айтарлықтай кеңеюі және өнер­кәсіп секторындағы өндірістің өсуі елі­міздің сыртқы сауда айналымының өсуіне ай­тар­лықтай ықпал еткен. 2010 жылы тауарлар экспорты 2009 жылмен салыстырғанда 32,5 пайызға өсіп, 57,2 миллиард долларды құ­раған. Ал импорт 24 миллиард долларды құ­рап, 15,4 пайызға азая түскен. Сауда тең­герімінің саль­досы 33,2 миллиард теңге бол­ды. Бұл 2009 жылғы деңгейден 2,2 есе жоғары. 2010 жылдың басында Қазақстанның 2020 жылға дейін дамуының стратегиялық жоспа­ры қабылданған болатын. Онда дамудың стратегиялық бағыттары мен басымдықтары нақты айқындалды. Бұл алдағы он жылдың ішінде барлық мемлекеттік органдардың даму бағытындағы жұмыстарын үйлесімді етуге мүмкіндік берді. Осы құжатты жүзеге асыру үшін Экономикалық даму және сауда министрлігі барлық орталық және жергілікті мемлекеттік органдарының бағдарламалары мен негізгі құжаттарын бір ізге салу ішін үлкен жұмыс­тар жүргізді. Бүгінгі күні 2020 жылға дейінгі стратегиялық жоспарды орындаудың нақты мерзімі, оның әрбір бағыттары бойынша жауапты мемлекеттік органдар айқындалған. Нәтижеге бағытталған бюджеттік жоспарлау осы құжат негізінде әзірленетін болып жүр. Министрлік өткен жылғы өзінің жұмысын 7 бағыт бойынша жүзеге асырды. Олар ин­дустриялық саясатты жүзеге асыру мен кәсіп­керлерге қолдау көрсету, бизнестің алдындағы әкімшілік кедергілерді азайту, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асыру, әкімшілік реформаны жүргізу, экономикалық интеграциялану мәселелерінің, соның ішінде, Кеден одағының, Бүкіләлемдік сауда ұйы­мына қосылудың қажетті құжаттарын әзірлеу, өңірлік дамудың құжаттарын әзірлеу және оларды жүзге асыруды үйлестіру және басқа бағыттар. Жанар Айтжанова өз баянда­ма­сын­да осы бағыттар бойынша атқарылған жұ­мыс­тарға жеке-жеке тоқталды.  Мәселен, биз­нес­­тің жолындағы әкімшілік кедергілерді азайту бойынша осыған дейін рұқсат алу тиісті болып саналатын 1015 үрдістің 311-і қыс­қар­тыл­ды. Осы жөнінде әзірленген заң жоба­сында 140 заң актілеріне, 130 заң мен 10 кодекс­ке өзгерістер мен түзетулер енгізу көз­дел­ген. Бұл жұмыстардың нәтижесі жоқ емес. 2010 жылы Бүкіләлемдік банктің бизнес жүр­гізу жөніндегі рейтингі бойынша Қазақстан өзінің бұрынғы орнынан 15 орынға алға жылжыды. Соның ішінде еліміз кәсіпкерлік қызмет үшін неғұрлым қолайлы жағдайлар қалыптастырып отырған әлемдегі алдыңғы қатарлы 10 елдің ішінен орын алды. Алқа мәжілісінде сөз алған  «Экономи­ка­лық зерттеулер институты» АҚ президен­тінің міндетін атқарушы Жамиля Бопиева еліміздің аумақтық-кеңістіктік дамуының бол­жамды кестесі туралы баяндады. Бұл құжатта өңірлердің әлеуетін ашу, олардағы кәсіпкерлік қозғалысты одан әрі дамыту мәселелері қа­растырылған. Ішкі көші-қон мәселелерін реттеу, елдегі агломерациялық қалаларды айқын­дау ісіне көп көңіл бөлінген. Астана, Алматы, Ақтөбе және Шымкент қалаларының одан әрі дамуы жөнінде бағдарламалар әзірленді. Мәжіліс депутаты Кенжеғали Сағадиев өз сөзінде Экономикалық даму және сауда ми­нис­трлігінің қызметінде бұрынғы құрылым­мен салыстырғанда көптеген өзгерістер бар екендігін, министрлік өз қызметін неғұрлым стратегиялық мақсаттарға бағыттай, аса ірі мемлекеттік бағдарламалар мен жоспарларды дайындау ісіне үлес қоса отырып, мемлекеттік органдар қызметін үйлестіруші рөліне ие бола түскендігін атап көрсетті. Елбасы бізге алдағы уақытта дұрыс дамуымыз үшін қуатты ақыл-ой орталығы қажет деп еді. Қазіргі Эко­номикалық  даму және  сауда министр­лігінің қызметінен осы бағытта өзіндік бір ұмты­лысты байқаймыз. Ендігі кезекте министрлік экономиканы теңгермелі дамытудың түбегейлі мәселелерімен неғұрлым тереңірек шұғыл­дана түскені жөн бе дейміз. Соның ішінде елімізді сумен қамтудың үлкен проблемасы бар. Орта және шағын бизнеске де серпіліс қажет. Кадрлармен қамту ісі экономиканың алға басуына байланысты барған сайын өткір қойылмақ деген пікірлерін білдірді. Бүкіләлемдік банктің Қазақстандағы тұ­рақ­ты өкілі Шебн Аккай ханым бизнес жүр­гізудегі аталған банк зерттеулеріне сүйене отырып, осы бағытта Қазақстанның жедел алға баса түскендігін айтты. Кеңейтілген отырысты Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов қорытындылады. Кәрім Қа­жым­қанұлы еліміздің ішкі жалпы өнімнің жан басына шаққандағы көлемі жөнінен 9 мың долларлық белеске көтерілгендігін, мұндай көрсеткішке бізге дейін әлемнің 40 елі жете алғандығын, бірақ солардың көпшілігі бұл белесті ұстап тұра алмай артынан қайта құл­дырағандарын айта келе, ендігі кезекте ел дамуы өзінің неғұрлым күрделі кезеңіне келіп кіргендігін, мұндай жағдайда негізгі мәселені адам факторының дамуы шешетіндігіне тоқ­талды. Елімізде білім, денсаулық мәселе­лерінің алдыға қойылуының бір себебі осы­дан. Оған енді инфрақұрылымдық, инсти­туттық даму мәселелерін қосып, бәрін де үйле­сімді, жан-жақты жүргізуіміз керек. Даму­дың қазіргі деңгейін сонда ғана жүйелі ұстап тұра аламыз. Міне осы мәселеде, Үкі­мет басшысы Экономикалық даму және сауда министрлігіне үлкен жүк артылатындығын атап көрсетті. Министрлік жұмысында белгілі бір деңгейде тоқтап қалу болмауы тиіс. Осы бағытта Үкімет басшысы министрліктің ал­дына еліміздегі құрылымдық-институттық реформаны, әкімшілік реформаны одан әрі тереңдетуді, өңірлік даму мәселесіне барынша мән беруді тапсырды. Үкімет басшысы өз сөзінде өткен жылы бұл министрліктің Кеден одағын құрып, дамыту мәселесінде үлкен жұмыстар жүр­гізгендігін айтып, осы бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғасатындығын жеткізді. Сұңғат ӘЛІПБАЙ.