01 Шілде, 2016

Дүбірге толы дүние

286 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Бөлінген Ұлыбританияның өзі бөлінуі мүмкін дубир-1Қазір әлемді дүрліктірген ең үлкен оқиға Ұлыбританияның Еуроодақтан бөлінуі екені даусыз. Ол жайында әңгіме көп және әлі ұзаққа созылады. Біреу Еуропаның ынтымағына селкеу түсуіне өкінсе, екіншілері оған қуанады. Әркімнің өз есебі бар. Бөлінгенде, Ұлыбританияның өз есебі болды. Жалпылама айт­қанда, осынау кәрі құрлықтағы алып та, бай елдің бар табысы өзінде қалады. Сол табыстарын Еуропаның басқа елдерімен, кембағалдау елдерімен бөліскісі жоқ. Оны да өзінше түсіндіруге болар. Біреулерге бар табыстың өз қалтасына түскені ұнайды, біреулер белгілі қайырымдылық дәрежеде оны басқалармен бөліскенді қалайды. Осылайша Британия қоғамы екіге жарылды. Өз қамдарын көбірек ойлайтындар бұл елде көп екен. Бұдан Британияның ұтатыны салыстырмалы түрде. Негізгісін жоғарыда айттық. Бөлінген соң Еуроодақтық рыноктан шектеледі. Оның Лондонның экономикасына ықпалы болатыны анық. Оның өзінде, сол Еуроодақ бас­шылығы, анық бөліндің бе, енді іргеңді мықтап бөл, біздің шекарамызға кірме деп, қатаң талап та қоймас. Ондай жағдайда, Құрама корольдіктің жағдайы мүшкіл болар еді. Сөйтсе де, біраз шектеудің болары даусыз. Басқасын былай қойғанда, Брюссель әлемдегі бірінші тіл – ағыл­шын тілін Еуроодақтың іс­керлік тілі қатарынан шығаратын ниетін білдірді. Бөлінген Британияның алдынан шығатын ең үлкен қиындық – мұны елдің төрт аймағының екеуі құптамай отыр. Нақты айтқанда, Шотландия мен Солтүстік Ирландия. Ең алдымен, олардың Ұлыбританияның Еуроодақтан шығуына қарсы вето құқын пайдалану қақысы бар. Сондықтан Лондонның бөлінуі жөніндегі қуанышы сәл ертелеу де болуы мүмкін. Англия мен Уэльс қалай-да Шотландия мен Солтүстік Ирландияның қарсылығын айналып өткендей жол тапқан күн­нің өзінде, Ұлыбритания өзінің тең жартысына жуығынан айы­ры­луы мүмкін. Ең алдымен Шот­ландиядан. Шотландия көптен бері Лон­доннан бөліну жөнінде күресіп келеді. Осыдан екі жыл бұрынғы референдумда бөлінуге шамалы ғана дауыс жетпей қалған. Сонда қарсылар: бөлінер болса, Шотландия Еуроодақтан сырт қалуы мүмкін деген уәж айтқан. Ал енді референдум қазір өтер болса, бұл аймақтың бөлінуін құптайтындар саны көп болатыны даусыздай. Бұған Шотландия жөніндегі бірінші министр Никола Стерджон ханымның пікірі дәлел. Ол 2014 жылғы референдумда шотландықтар қалғысы келген ел қазір жоқ, деді. Осы «брекситтен» кейін жүргізілген сауалнамаға қарағанда, мұнда халықтың 59 пайызы Ұлыбританиядан бөлінуді жақтайтынын білдіріпті. Шотландиядан айырылар болса, Лондон көп нәрседен айырылады. Онда бұрынғы алып Ұлыбритания жоқ. Жерінің жартысына жуығын ғана емес, талай стратегиялық нысандарынан айырылады. Ал бөліне қалған жағдайда, Еуроодақ Шотландияға құшағын айқара ашатыны және анық. Жұрт Ұлыбританияның Еуро­одақтан бөлінетініне сенбеген, ал Шотландияның Ұлыбританиядан бөлінуі оған қарағанда әлдеқайда ықтимал. Даумен іс оңбайтынын аңғарғандай дубир-2Тағы да Түрік елінің басшысы Режеп Тайип Ердоған жұрт күтпеген қадамға барды – күні кеше райынан қайтпайтындай көрінген ол Ресей президенті Владимир Путинге хат жолдап, осыдан жеті ай бұрын олардың Су-24 ұшағын атып түсіргені үшін кешірім сұрайтынын мәлімдеді. Сірә, бұл хабар жұрттың бәрін таңдандырған шығар. Беріліп жатқан баға да әртүрлі. Біреу саяси тұрғыда баға берсе, біреу адами тұрғыда баға береді. Ел мен елдің арасының жақсаруын құп көретіндер бар, әлемнің жетекші бір елі басшысының екі сөйлегенін, өзіне өзі қарсы шыққанын айыптайтындар да жеткілікті. Осынша төменшіктегенін айып санайды. Бұл оқиғаның барысы жұрттың бәріне белгілі – өткен жылы 24 қарашада түріктер шекарамызды бұзды деген айыппен Ресейдің ұшағын атып түсірді. Бұдан кейін екі ел арасындағы жағдай мықтап шиеленісті. Саяси қарым-қатынас ғана емес, экономикалық, қоғамдық қарым-қатынас үзілді. Бір-біріне қатқыл айыптаулар айтылды. Әрине, алдымен Мәскеу айыптады, ал Анкара оны қабылдамады. Осы жерде Путиннің сөзі ойға оралады: «Алла тағала түркі басшылығын ақыл-есінен айырып, қатты жазалады», деді. Қатқыл, қорлағандай сөз. Бірақ айтылды. Бұл кетісу екі жаққа да қат­ты тиді. Бүкіл Еуропаның санкциялық кәріне ұшыраған Ресейге Түркиядай үлкен елдің эко­номикасы керек-ақ еді. Бірақ қатты бет тырнасқан соң, эко­номикалық байланыс тоқтаған. Сірә, бұл өзінің айтарлықтай ішкі қоры бар Ресейден гөрі Түркияға қатты тигендей, өндірген өнімін шығаратын рыногынан, ағылып келіп жатқан туристерінен айрылды. Сонда Анкара жақтан Мәскеуді татуласуға шақырған сөздер естіле бастаған. Кірдің тасы өз жағын басқан соң, Мәскеу де кергіді – кешірім сұра, шығынды өте деді. Бұл талапты президент Ердоған ауырсынды. Біраз өз дегені болып, көкірегі көтеріліп қалған ол басқадан кешірім сұрауды ар көрді. Кешірім сұрамайтынын өзі де, оның адамдары да айтты. Жоқ, президент Ердоған кешірім сұрауға мәжбүр болды. Ең алдымен оған елдің экономикасы мәжбүрледі. Путинге жазған хатында қателесіппін, сезімге беріліппім дегенді айтты. Ұшқыштың қазасына көңі­лін айтты, қайғырған сезімін біл­дірді. Түркия Ресеймен қарым-қатынасын бұзғысы келмейді, Мәскеу Анкараның стратегиялық серіктесі, деді. Түрі басқа бол­ғанмен, бұл кешірім сұраудың мазмұны аяққа жығылғанға жақын еді. Рас, Ердоған өзінің сол хатына түсіндірмесінде екі ел арасындағы алауыздықтан арылғым келді деп ақталған болды. Осыдан кейін екі ел ара­сындағы жағдай жақсара қала ма? Түрік жағы қарым-қатынасты бірден жөндеуге келістік дегенді айтып жатыр. Мәскеу жақ­тан мұндай мәлімдеме жоқ. Сарапшылары, ресми қай­раткерлері әліптің артын бағу керек, кешірім сұрау істің тек басы ғана дейді. Осындай реті келіп тұрғанда Мәскеу Анкараны біраз тізерлетуді көздейтіні анық. Анкара соңғы біраз жылда көрші елдерімен, жақын болған елдерімен түгел дерлік қырғи-қабақ жағдайда. Еуроодақ, АҚШ-қа өкпелері қара қазандай. Тіпті, жақын көрші Израильмен де қақтығысқан. Енді сол Израильмен де тіл табысудың жолын іздестіріп жатыр. Сірә, Анкара даумен іс оңалмайтынын аңғарғандай-ау дейсің. Мамадияр ЖАҚЫП, журналист.