Бұрнағы күні Шымбұлаққа қар қалың түсті. Алғашқыда шыршалардың ақ ұлпаға оранған қылқан жапырақтары өзінің қысқы бейнесін жаңа тапқанына қызыққанымызбен, қардың толастар түрі жоқ екеніне көзіміз жеткенде қауіптене бастадық. Күдіктенгеніміздей болды, Табиғат-ананың жапалақтаған қар мен буалдыр тұманнан тұратын тосын тартуы суперкомбинация жарысын ә дегенде бақандай үш сағатқа (10:00-13:00) кешеуілдетсе, ал уақыт өте келе бәсекенің кейінге шегерілгені хабарланды.
«Ештен, кеш жақсы», аспалы арқан жолымен кеше Шымбұлаққа тағы көтерілдік. Аспан шайдай ашық екен. Абай шыңының алтын тәжге ұқсас үш биігі анық көрінеді. Тау шаңғысының суперкомбинация түрі бойынша әйелдер арасынан алғашқы болып жарыс жолына алматылық Людмила Федотова шығып, 1 км. 640 м. қашықтықты 1 минөт 8,67 секөнтте құлдилап өтті. Ал Оңтүстік Кореялық Ким Сун Жу бұл қашықтықты 1 минөт 8,31 секөнтте сырғанап, біздің шеберден сәл де болса жылдам екенін дәлелдеді. Ирандық шаңғышы Калхор Зида атты қыздың жылдамдығы 1 минөт 13,52 секөнтке қарай ауытқыды. Өзбек, Моңғол, Палестина елдерінен келген тау шаңғышылары да соңғы шоғырдан табылды. Қорқып, құлап, жарыс жолынан тыс қалып жатқандар да жоқ емес араларында. Тек қана қазақстандық Ксения Строилова ғана олардан 1 минөт 12. 22 секөнт нәтижесімен ерекшелене түсті.
Суперкомбинация - супергигант және слалом жарыстарын біріктіретін спорт түрі. Мысалы, супергигант аса қатты жылдамдықты қажет етсе, слалом – жиі-жиі бұрылыстан тұратын техникалық жағымен ерекшеленеді. Жарыс соңында осы екі спорт түрінің нәтижесі бірге есептеледі. Сөйтіп, суперкомбинация бәсекесінің алғашқы сыны – супергигант нәтижесі бойынша Ким Сон Джу – бірінші, Людмила Федотова мен Ксения Строилова екінші және үшінші орынға табан тіреді. Ал бұдан кейін болатын слалом бәсекесі бұл нәтижені қалай қарай өзгертпек? Арада бір жарым сағат өткенде ол да анықталып, слалом бойынша жарыстың қорытындысында Людмила Федотова Азиаданың алтын медаліне ие болса, күміс – Оңтүстік Корей шаңғышысы Жеонг Сораға, қола – Ксения Строиловаға бұйырды. Оңтүстік Кореяның алтын медалдан үміткер үздік шаңғышысы Ким Сун Жу жиі бұрылыстардан тұратын қарлы жолда өте жоғарғы жылдамдықты игере алмай, жарыс жолынан шығып қалды.
Ал тау шаңғысының суперкомбинация түрі бойынша жарыс жолына 13 елден келген 24 сайыпқыран шықты. Қазақстан тарапы бұл бәсекеге Шығыс Қазақстан облысының түлегі Игорь Закурдаев пен алматылық Дмитрий Кошкинді үкілеп қосыпты. Бұл екі саңлақ мұның алдындағы бәсекелерде бір-бір алтын, бір-бір күміс медальға ие болып, жанкүйерлер сенімін ақтаған болатын.
Игорьдің жасы биыл жиырма төртке, ал Дмитрийдің жасы жиырма беске толады. Бұл - спортшылар үшін нағыз кемел жас. Бір қызығы, олардың қарсыластары арасында «шау тартқан» шаңғышылар да бар болып шықты. Бірақ олар, соған қарамастан, шаңғыдайын «тұлпарларынан» әлі түспеген. Мысалы, үндістандық спортшы Чанд Лудхар 1972 жылы, ал Моңғол елінен келген Аранзалзул Чагнаа 1973 жылы дүние есігін ашыпты.
Сонымен, Оңтүстік Корея, Моңғолия, Үндістан, Иордания, Иран, Непал, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан сияқты тағы басқа Азия елдерінен келген шаңғышылардың «шеберліктеріне» бірнеше күннен бері сыралғы болып қалған біздің барыстардың қауіптенуіне ешқандай негіз жоқ сияқты еді. Бірақ, суперкомбинациядан үкілі үмітіміз, Азия чемпионы атанып үлгерген Д. Кошкин...
Жә, ол туралы сәл кейінірек. Көп күттірген жарыста Шығыс Қазақстандық Игорь Закурдаев жақсы нәтижеге қол жеткізіп, құлдилау қашықтығын 1 минөт 3,52 секөнтте жүйткіп өтті. Ал Оңтүстік Кореялық Ким Воосунг бұл межені 1 минөт 4,4 секөнт уақытпен ұтып, екінші орынға табан тіреді. Сөйтіп, бұл бәсекедегі алғашқы сынның нәтижесі бойынша Игорь Закурдаев – бірінші, Джунг Донгхенг – екінші, кореялық тағы бір тарлан Ким Восунг (1 минөт 5,13 секөнт) – үшінші орынға табан тіреді. Ал, өкінішке қарай, Дмитрий Кошкиннің көңілі әлденеге қобалжыды ма, әйтеуір, жақсы-ақ жүйткіп келе жатып жарыс жолынан оқыс шығып қалды. Біз осы сәтсіздіктің себебін сұрағанымызда еліміздің тау шаңғысы спорты командасының бас бапкері Сергей Чаадаев:
– Дмитрий жарыс жолын өте жылдам бастады. Ештеңеден аянған жоқ. Мұндай тәуекелмен бірінші орын алуға да болар еді, бірақ қателік жіберіп алды. Бәсекенің аты бәсеке ғой, – деген.
Дмитрий Кошкиннің өзі болса, жанкүйерлер көңілін бейжай қылған сәтсіздігі жайлы:
– Уақыттан ұту үшін 100%-дық тәуекелге бел будым. Бұл өте жоғары жылдамдық болатын. Ал бір жалаушадан екінші жалаушаға дейінгі аралықтағы шұғыл бұрылыста радиус бойынша қақпаға дәл келе алмай қапы қалдым, – деген.
– Мүмкін кешегі жауған қардың кері әсері болған шығар?
–Жоқ, жарыс жолы керемет! Кешегі қардан кейін бәрі жақсы дайындалыпты.
Команданың бас бапкері Сергей Чаадаев тау шаңғысының шебері Игорь Закурдаевтің өнеріне разы екен.
– Игорьдың құлдилай жүйткіген өнеріне көңілім толды. Ол шектен тыс күш жұмсамай-ақ жақсы нәтижеге қол жеткізді. Енді алда слалом бәсекесі күтіп тұр. Корея елінің спортшысы алдымызды орап кетпесе болды, – деген ол.
Бапкер қаупі дұрыс екен. Алғашқы бәсекеде Дмитрий Кошкиннің жолы болмағандықтан, ерлер арасындағы слаломда Игорь Закурдав алтын медальға қол жеткізе алмады. Сөйтіп, суперкомбинация бойынша Оңтүстік Кореялық Джунг Донгхенг – алтын, Игорь Закурдаев – күміс, тағы бір корейлік Ким Воосунг қола медаль алды.
Сонымен, суперкомбинация бойынша сарапқа салынған екі алтынның біреуі Қазақстан шаңғышысы Людмила Федотоваға, екіншісі Оңтүстік Кореяның мақтанышы Джунг Донгхенгке бұйырды. Сондай-ақ, күміске – Игорь Закурдаев, қолаға – Ксения Строилова ие болды.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.
Шымбұлақ шатқалы.