«Алтай мұрасы» автоэкспедициясы күнделігінен
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 20 жылдығына орай сапарға шыққан «Алтай мұрасы» автоэкспедициясы Ресейдің Таулы Алтай республикасы Қосағаш ауданындағы сапарын маусымның 19-20-сы күндері осы ауданға қарасты Жазотыр ауылында жалғастырды.
Қосағаш ауылынан қарт Алтайдың ақ қар жамылған Табын Боғда, Үкек және Мұзтау сынды әйгілі шыңдарын бетке алып жолға шыққан экспедиция 20 шақырымдай жүріп тау етегіне жақындай бере, Тархата өзенінің солтүстік-батыс жағында орналасқан біздің заманымыздан екі-үш мың жыл бұрынғы тылсым мегалиттік кешенге атбасын тіреді. Жергілікті халық Қабайтас деп атайтын, төрт босағалығында төрт үлкен петроглифті және ұсақ тастардан қаланған бұл кешен ерте заманда осында мекен еткен белгісіз халықтың тәңірге, табиғатқа, Күн мен Айға тәу етіп, тасаттық беретін киелі кешені болған. Бізді осында бастап келген Таулы Алтай республикасының Мәдени-тарихи мұралар агенттігінің Дәстүрлі аумақтарды пайдалану дирекциясының әдіскері Рашит Сергеевич Матиевтің айтуынша, Ресей ғалымдары тарапынан шартты түрде «Кіші Стоунхендж» деп аталып кеткен бұл кешен бірнешелеген математикалық және астрономиялық межелерге (есептерге) сай құрылған. Бұдан бұрын археолог-тарихшылар біршама зерттеулер жүргізгенімен, осынау тылсым кешеннің тұңғиық сырын әлі күнге толық аша алмапты. Біз де атүсті айналып-үйірілгеніміз болмаса, жөпелдемеде не қорытынды шығара қояйық?
Қазақстан, Ресей, Қытай және Моңғолия сынды төрт елге бірдей тірек болған географиялық Алтай дүние жүзін баяғыдан осындай тылсымдарымен таңғалдырып келеді. Күнгей Алтайдағы Берел, Күршім қорымдары, Шеміршек мәдениеті, Шіңгілдегі Үшкөл үйген тас кешені, Үкек ханшайымы, Пазырық көне қорғандары, т.б. тарихи-мәдени ескерткіштер Алтай тарихының тым ертеден бастау алатынын, әрі оның адамзат өркениеті бесіктерінің бірі екенін дәлелдей түседі. Оның үстіне, ерте және орта ғасырларда әлемге танылған көшпенділердің үш үлкен империясы − Ғұн, Көне Түркі және Моңғол империялары осы Алтайдан жер жүзіне қанат жайған болатын. Алтайдың тау мен тасы, өзен-көлдері, жерасты байлықтары, өсімдігі мен аң-құсы туралы әңгіме тіптен бөлек. Демек, Алтайға әр жолғы сапар − өзінің әуелгі табиғи болмысын, тазалығын сақтаған ғажайып өлкені ашу, түрлі мәдениеттерді, дәстүрлер мен тұрмыс-салттарды ашу. Бірақ бұл осында сапар шеккен әр адам үшін ең әуелі өзін-өзі ашу, жаңаша тыныстау, өзін жаңаша сезіну. Айтып-айтпай, Алтайдың төрт мемлекетті түйістірген биік тау-шыңды аймағы дәл осы тұста орналасқан еді. Әлемге әйгілі Обь, Ертіс секілді ұлы дариялар бастауын осы тұстан алады. Яғни, Алтайдың күнгей бетінен Ертіс, теріскей бетінен Обь құралады. Олар ұзақ ағып мұхитқа құяды. Онда әлемдік мұхит айдынымен табиғи байланыс бар. Бірақ кейін келе адам қолымен жасалған қиянаттар Алтайдың осынау әлемдік экозонамен болған байланысына кедергі келтірді. Соның бір мысалы − мұнда балықтың түрлері күрт азайып кетті. Ұлы мұхиттардан қайтып келіп, өзінің туған бұлағының басына жетіп уылдырық шашатын балықтар бетон бөгендерден өте алмайтын болды.
Сол секілді, Алтайды ата-бабасынан бері мекендеп келе жатқан қазақтар да шекара сызықтарымен төртке бөлініп қалды. Соның бір мысалы, ертеректе мынау біз бағыт алып келе жатқан Жазотыр Қатонқарағай елінің жайлауы болған. Үкекке қыстыгүні жылқышылар жылқы отарлатып, жас жігіттер шаңғымен тұлыптарын сүйретіп қатынап тұрған. Кейін келе, Кеңес өкіметі бұл жақ шалғай әрі қатынасы қолайсыз деген сылтаумен 30-жылдары Жазотырды Ресейге қаратып жіберген.
Қатонқарағай мен Қосағаш қазақтарының тарихи байланысы туралы осы уақытқа дейін ел аузында аңыз болып келе жатқан сан тарау оқиғаның бірі – «Қамар сұлу» хикаясы. Қамар сұлу Сұлтанмахмұт Торайғыровтың осы аттас поэмасының бас кейіпкері. Автор бұл шығармасын 1914-1915 жылдары Қатонқарағайдағы Шыңғыстай болысында бала оқытып жүргенде ғашық болған Бағила сұлуға арнап шығарған. Бағила Шыңғыстайдың болысы Әбдікәрім Ережептің әлпештеп ұстаған қызы болатын, Қосағаштағы Бұқарбай байдың Ақсұлтан деген ұлына бесіктегі кезінде атастырып қойылған еді. Сұлтанмахмұт Бағилаға қанша ғашық болғанымен, екі жас түптің түбінде дәстүрлі қазақ салтынан аттап кете алмайды. Өзін Әбдікәрімнің емес, атасы Ережептің қызымын дейтін Бағила ұзатылып бара жатып: «Әкем айтса көнбес едім, атам айтқан соң көндім», деген екен. Бұл оқиға әрі екі жақтағы қазақтардың бұрыннан тағдырлас, тыныстас болып, бірге өсіп, біте қайнасып келгенін көрсетеді. Бергі Шыңғыстай мен Шабанбайдағы елдің Қосағаш пен Жазотырдағы туыстарымен ара қатынасы туралы П.Мұхтасыровтың «Фолиант» баспасынан шыққан «Бәйтеректің оқшау шыққан бұтағы» атты кітабында жан-жақты баяндалады. Мұзтау мен Үкектің қос қапталын тел емген қазақтар кешегі Кеңес Одағы ыдырағанға дейін арадағы тау жолымен әрі-бері қатынап, бір-бірімен әдеттегідей байланысып тұрыпты. Бүгінде мұндай барыс-келіске қатаң шектеу қойылған. Өйткені, шекараның аты шекара. Сол себепті арғы, бергі беттегі ағайындар бір-біріне жету үшін мыңдаған шақырым жол жүріп кеден айналуға тура келеді. Біздің де аталған шекаралық аймаққа жетуіміз үшін алдын ала рұқсат алуымызға тура келді.
Осы тұста еріксіз бар шындыққа жүгінуге тура келеді. Атап айтқанда, қанша жерден бауырым десек те, қосағаштық ағайындар атамекенімен бірге өзге елдің құзырында. Заңы, тәртібі басқа болғандықтан ағайындар ерікті немесе еріксіз түрде сол елдің қоғамдық жағдайына, менталитетіне және тіліне бейімделе беретіні сөзсіз. Оған Қосағаш ауданындағы ауылдарды аралаған кезімізде көз жеткіздік. Қазақтар басым орналасқан ауылдардың өзінде балалар орыс тілінде оқиды. Осы жайды көңіліне ауыр алды білем, қасымда отырған осы өңірдің тумасы, академик Рахметқажы Берсімбаев ағамыз: «Енді біраз жылдан кейін мұндағы ұрпақтың тағдыры не болар!?» – деп күрсініп жіберді. Мұндайда қол ұшын беретін бір ғана нәрсе − ол еліміздің іші мен сыртындағы әр қазақтың қазақтығы, ар-намысы мен патриоттығы...
Жазотырға дейінгі 142 километрлік асфальтсыз тау жолы біздің көліктер үшін тым жайлы болғаны соншалық, қарлы жондар мен орманды шатқалдарды артқа сыдырып, бірқалыпты жылдамдықпен зымырап отырдық. Рахметқажы ағамыз бұл жолдың әрбір ой-шұқырын жатқа біледі екен. «Осы жолдың бойымен ауыл мен ауданның арасында атпен ара қонып жететін кездерім әлі есімде», – дейді ол. Рахметқажы Берсімбай бүгінде әлемдік деңгейдегі ғалымдардың бірі. Өзінің ғылыми ізденістерінің арқасында әлемнің көптеген елдеріне танымал болып, Ұлыбританияның ұлттық медициналық зерттеулер институтында, Ганновер медициналық ғылыми-зерттеу институтында, Еуропа молекулалық биология зертханасында, Астон университетінде, Жапонияның Ұлттық биомедициналық инновациялар институтында ғылыми зерттеулер жүргізді. Ағамыздың негізгі ғылыми еңбектері жануарлар мен өсімдіктер геномының функционалдық құбылыстары заңдылығының молекулалық механизмдерін, гендік реттеуіш жүйелерді жасушалық және тіндік деңгейде зерттеуге арналған. Ол генетикалық тұрақсыздықтың, өсімдіктер генетикасының арнайы мәселелерін зерттеп, ген активтілігінің каскадтық жолмен реттелуін дәлелдеді. Сөйтіп, немістің атақты Гумбольдт стипендиясының, Ұлыбритания Корольдық қоғамының П.Капица атындағы сыйлығының лауреаты атанды. Демек, бұл жолдар оны жастайынан шынықтырған, жігерін жаныған жолдар еді. «Жақсыдан шарапат» демекші, Рахметқажы ағамыздың осы жолы өзі жұмыс істейтін ұжымымен бірге туған ауылына келе жатуының өзінде үлкен тағылымдық мән-мағына жатыр десек болады.
Жазотырға келе жатып ағаның айтуымен жол-жөнекей тағы екі жерде көне дәуірдің тас молаларына, қазақтардың қарағайдан бұраған ескі ағаш бейіттеріне аялдадық. Бірыңғай тас қорымдардан тұратын көне дәуір молалары пошымы жағынан түркі дәуіріне өте жақын. Онда өңделмеген балбал тастарды және бір-бірімен қатарластыра орнатылған қада тастардың тізбесін кездестіруге болады. Бұған қарағанда, осы өңірге кезінде көне түркілердің төмен дәрежелі шаттары, елтабірлері немесе еркіндері, тархандары иелік еткен болуы мүмкін. Ал ағаш бейіттерге келсек, ол ХІХ ғасырға тән жалпы Алтай қазақтарындағы жерлеу дәстүрінің бір көрінісі. Қайтыс болған адамға қарағай бөренелерден қиюластырып қорған немесе кесене тұрғызу Алтайдың күнгей бетіндегі қазақтарда кең тараған. Мұндай зираттардың түрлерін, салыну әдістері мен ауқымын, дәрежесін, таралған жерлерін, санын және олардың тарихын анықтау да зерттеушілер жіті назар аударуға татитын мәселе.
Жазотыр ауылында бізді ауыл басшысы, қазақ жігіті Александр Зеленок қарсы ала шықты. Ұлттық киімдер киген қыз-келіншектер орыс, алтай және қазақ тілдерінде құттықтау сөздер айтып, Жазотыр жерінің дәм-тұзын ұсынды. Сол жерде қарсы алу дастарқаны жайылып, аудан өнерпаздары, «Керуен» тобының әншілері ән мен күйден шашу шашты. Экспедицияның өзге мүшелері қонақ үйге жайғасып, жасы үлкендер академик Р.Берсімбайдың туып-өскен қара шаңырағына – осы ауылды 30 жылға жақын басқарған ағасы Мұхаметқажы Берсімбаевтың үйіне түстік. Осында Аянбек, Ермұхан, Қанжарбай және Иіс қатарлы ақсақалдармен болған әңгіме-дүкен ауылдың өткен-кеткен тарихы мен қазіргі жағдайы, Қазақстанмен қарым-қатынасы, ұлттық дәстүр, тіл мен діл, рухани құндылықтар жайында өрбіді. Қариялар Қазақ елінің 25 жылда жеткен жетістіктерін тілге тиек етіп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатына, сырттағы ағайындарға деген көңіліне дән риза екендіктерін айтып өтті. Кішкентайынан осы өңірдің тау-тасымен бірге жасасқан, туған жерге ту тігіп, бауыр басқан Иіс ақсақал өз көңіл-күйін өлеңмен әуендете, тақпақтата жеткізді.
Ертеңіне Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, академик Ерлан Сыдықов бастаған автоэкспедиция мүшелері алдымен Жазотыр ауылындағы М.Берсімбаев атындағы мектепте болып, мектеп кітапханасына кітаптар мен түрлі кәдесыйлар тарту етті. Ұстаздар мен оқушылар алдында сөз сөйлеген Е.Сыдықов жас жеткіншектерге Қазақ елін жан-жақты таныстыра келіп, оларды келешекте Рахметқажы аталарының жолын қуып, ел үмітін арқалаған білімді де білікті азамат болуға шақырды. Ауылдағы тарихи-этнографиялық мұражайды тамашалау барысында Жазотыр қазақтарының тарихымен танысып, олардың ата-бабасынан кәсіп етіп келе жатқан ат әбзелдері мен ыдыс-аяқтарын, жасау-жабдықтарын көріп көзайым болдық.
Мәдениет үйінде ауыл тұрғындарымен болған кездесуде Қосағаш ауданының әкімі Әуелхан Жатқанбаев автоэкспедицияның келуін қосағаштықтар үшін игі іске балап, алдағы уақытта Қазақ елімен қарым-қатынастың жиілеп, дәстүрге айналуынан үміт етті, сондай-ақ келешекте Алтайды айнала қоныстанған Ресей, Қытай, Моңғолия қазақтары өнерпаздарының Астанаға біріккен гастрольдік сапарын ұйымдастыруды жоспарлап отырғандарын айтты. Сөз кезегі экспедиция жетекшісі Е.Сыдықовқа келгенде, ол ең әуелі қиыр жайлап, шет қонған ағайынға атамекеннің, ел ордасы Астананың ыстық ықыласқа толы сәлемін жеткізе келіп, олардың бөгде елдің құзырында отырып-ақ өздерінің ана тілі мен дәстүрін көзінің қарашығындай сақтап, ұрпақтарын қазақы рухта тәрбиелеп жатқанына ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, алдағы уақытта Еуразия университетінің Жазотырдағы М.Берсімбаев атындағы орта мектеппен ұдайы байланыста болып, осындағы жеткіншектердің заманауи әрі ұлттық үлгіде тәлім-тәрбие алуына қолдан келгенше көмек қолын созатынын жеткізді.
Бұдан соң экспедиция мүшелері Алтай республикасы «Сайлюгем» ұлттық паркінің Жазотырдағы кеңсесінде болып, Таулы Алтай өңірінен Ресейдің «Қызыл кітабына» кіретін жануарлар мен өсімдіктерді қорғап қалуға арналған парк қызметімен танысты. Парк қызметкерлері өз қызметінің басты бағыты Жазотырды жарып аққан Орғыты өзені аңғарындағы таулы, орманды алқапты мекендейтін қар барысы мен осындағы тау арқарының «арғалы» деп аталатын түрін айрықша қорғауға алу, өңірдің өсімдіктері мен жануарларын ұдайы қадағалап отыру екенін атап өтті. Бұл ғана емес, Ресей үкіметі, тіпті, өздеріне қарасты тұтас Алтай өңірін айрықша қорғауға алған. Олардың Алтайға біртұтас тарихи-мәдени, табиғи экоаймақ ретінде қарап, соған орай іс-қимыл жасай бастағаны көрініп тұр. Бүгінде өн бойы қазынаға толы Алтайдың біздің қазақстандық бөлігіне де мемлекет тарапынан осындай қамқорлық қажет-ақ. Себебі, елімізде Алтайдың біздің төл тарихымыз бен бүгінгі өміріміздегі орны мен рөлі, мән-маңызы әлі де болса толық ескерілмей келеді. Ендеше, Алтайға жақындау ол біздің түп-тегімізге, рухани құндылықтарымызға жақындау болып табылады. Сонда ғана біз өз-өзімізді қайта тауып, тарих алдындағы өз миссиямызды қайта қолға алатын боламыз. Президенттің дамыған 30 елдің қатарына кіру бастамасы да осындай үлкен пассионарлық идеядан туындаған.
Жазотырдан кері қайтқанда 650 километрден астам жол жүріп, кешкісін әлемге әйгілі Алтынкөл бойындағы «Эдем» қонақ үйіне келіп жайғастық. Алтынкөл таулы Алтайдан шыққан Обь өзенінің екінші бір бастау саласы болып табылатын Бие өзенінің жоғарғы жағында орналасқан. Оған құятын өзендердің аңғары алтын кеніне бай болғандықтан көл аты да солай аталған деседі. Ұзындығы 78 км, енінің кеңдігі 0,6-5,2 км, орташа тереңдігі 174 метр болып келетін ақша бұлттар астындағы осынау әдемі айдын ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мәдени және жаратылыстық ескерткіштері тізіміне кіреді. Оған келмей кету Таулы Алтайды көрмей кеткенмен бірдей. Сол себепті біз де «Пионер» атты кемемен көлді ұзына бойына бір шолып қайттық. Бір қызығы, көлге құйып жатқан ұлылы-кішілі өзендердің, сарқырамалардың бірсыпырасының атауы құлаққа жағымды естіледі, мысалы: Аюкешпес (Аю кечмес), Аққорым (Аккурум), Шилі (Чили), Жайлау (Яйлю), т.б.
Осылайша біздің Таулы Алтайға жасаған автоэкспедициямыз Алтайдың алтын алқасындай табиғаттың осынау ғажайып жаратылысын көріп таң қалумен, әсерленумен және ой түюмен аяқталды. Шынымен солай болуға тиіс те еді. Өйткені, құдіреті күшті Жаратушы осының бәрін адам үшін, адамның игілігі үшін, оның саналы әрекеті үшін жаратқан. Егер қадірін білсек, ата-бабамыз биік шыңдарына тәу етіп, Көк Тәңірмен тілдесіп, мың жылдар бойы жарасымды тірлік еткен қарт Алтайдың бізге әлі де бергенінен берері көп.
Маусымның 25-і күні экспедиция Алтай өлкесінің орталығы Барнаул қаласында аялдап, осында Азия университеттері қауымдастығының жалпы жиынына қатысты. Аймақтағы елдердің жоғары оқу орындарындағы білім беру ісінің сапасын жақсарту, бірыңғай стандарттар мен тәжірибелерді бірлікте пайдалану, жаңа интеграциялық үдерістерге сай басым бағыттарды айқындау мақсатында 2012 жылы Қазақстан, Ресей, Қытай, Армения, Моңғолия, Тайланд, Қырғызстан, Тәжікстан қатарлы елдердің бастамасымен құрылған бұл ұйымға Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті 2014 жылдан бастап мүше. Алтай мемлекеттік университетінде өткен Қауымдастықтың бұл жолғы жалпы отырысында Еуразия ұлттық университетінің ректоры, академик Ерлан Сыдықов оның президенті болып сайланды. Бұл біздің тәуелсіз елімізбен бірге есейген Еуразиялық университеттің 20 жылдық белесінде қол жеткен табыстары мен әлемдік аренадағы бет-беделін мойындау болып табылары да сөзсіз.
Тұрсынхан ЗӘКЕН,
тарих ғылымдарының докторы,
профессор, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі