02 Шілде, 2016

Адам құқы мәртебесіне адалдық

543 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Марат СарсембаевҚазақстан осы мәселеге қатысты баяндамасын сәтті қорғады Қазақстан Республикасының делегациясы БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитетінің отырысында адам құқықтары мен бостандықтары мәселесі бойынша мемлекеттің мүддесін қорғап қайтты. Біз осы оқиғаға орай делегация құрамында болған Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Марат СӘРСЕМБАЕВТЫ әңгімеге тартқан едік. – Марат Алдоңғарұлы, Женеваға сапарыңыздан алған әсеріңізбен бөліссеңіз. Сапардағы сіздің мін­дет­теріңіз бен мақсаттарыңыз қандай еді? – 2016 жылғы 23-24 маусымда маған үкіметтік делегация құрамында Женеваға (Швейцария) бару мүмкіндігі туды. Қазақстан Республикасы Әді­лет министрінің орынбасары Э.Әзі­мованың басшылығымен барған біздің делегациямыз БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитетінің отырыстарында адам және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын сақ­тау мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының ұстанымын қорғауға қатысу мақсатын көздеді. Делегация құрамында республикамыздың бірқатар министрліктері мен ведомстволарынан 16 адам болды. Бұл – біздің еліміздің аталған комитет алдында қорғаған екінші мерзімді баяндамасы. Қазақстан Республикасы бірінші мерзімді баяндамасын 2011 жылғы маусымда ұсынған болатын. – Қалай ойлайсыз, екі баяндаманы салыстырғанда елімізде адам құқықтарын сақтау ісі бойын­ша ілгерілеушілік бар ма? Бұл сұ­рақтың біздің оқырмандарымызды қызықтыратыны анық. – Мен екі баяндаманы да салыс­тыра аламын, себебі, маған біздің делегацияның жұмысына қатысуға 2011 жылы да, 2016 жылы да мүмкіндік берілген болатын. Атап айтқанда, екінші баяндаманы дайындау барысында бірінші баяндаманың тәжірибесі ескерілді. Өткен жылдар ішінде еліміз адам құқықтарын сақтау бағытында айтарлықтай оң өзгерістерге қол жеткізді. Басқаны қайдам, менің алған әсерім дәл осындай. – Мемлекетімізде азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау мәселелерін БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитетінде тыңдау рәсімі қалай өткені жайында айта кетсеңіз. – 1966 жылғы 16 желтоқсандағы Азаматтық және саяси құқықтар туралы Халықаралық пактіге қол қойған БҰҰ-ға мүше барлық мемлекеттер өз елдеріндегі адам құқықтарының жағдайы туралы баяндамаларын осы комитетке ұсынады. Бұл комитеттің құрамы барлық құрлықтар мен құ­қықтық топтарды қоса алғанда, адам құқықтары мәселелерімен айналысатын кәсіби 18 адамнан тұрады. Еліміз осы Халықаралық пактіні 2005 жылғы 28 қарашада ратификациялады (Пактіге барлығы 168 мемлекет қатысады). Сонымен бірге, еліміз 2007 жылы 25 қыркүйекте осы Пактінің бірінші Факультативтік хаттамасына қол қойды, оған сәйкес республиканың азаматтары жеке тәртіппен адам құқықтарын бұзған мемлекеттік органдардың іс-әрекеттеріне шағымдану құқығына ие болды. Комитет төрағасы Ф.Сальвиоли баяндама жасау үшін біздің деле­га­цияның басшысы Э.Әзімованы мінберге шақырды. Ол еліміздегі адам құқықтарының жағдайына жалпы сипаттама бере отырып, Президент ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын іске асыру негізінде қабылданған азаматтық және саяси құқықтар бойынша ұлттық заңнамаға енгізілген соңғы өзгерістер туралы жан-жақты ақпарат ұсынды. Одан кейін бірқатар комитет мүшелері (Я.Бен Ашур (Тунис), Ю.Ивасава (Япония), С.Кливленд (США), А.Зайберт-Фор (Германия), К.Вардзелашвили (Грузия) және т.б.) адам құқықтары мен адам және азаматтардың негізгі бостандықтарының тиісті блоктары бойынша сұрақ қойды. Қазақстан делегациясы мүшелерінің берген жауаптары қойылған сұрақтарға орай Конституция мен сот төрелігі салаларындағы, адам және азаматтар құқықтарының жүзеге асырылуы, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің құқықтық мәртебесі, кемсітушілік, әйел құқықтарын іске асыру, өлім жазасын жою мәселелері бойынша, азаптауға қарсы, қамаудағы адам құқықтары туралы, адам саудасына қарсы іс-қимыл, еңбек және әлеуметтік қарым-қатынастар саласындағы адам құқықтары, азаматтығы жоқ адамдардың құқықтарын айқындау, дін саласындағы адам құқықтары, құқық қорғаушылардың құқықтарын қорғау туралы, БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитетінің бұрынғы ұсы­нымдарын орындау мәселелерін қам­тыды. – Енді берілген жауаптардың маз­мұнына тоқталып өтсеңіз. – Комитет мүшелерінің сұрақтарына еліміздің Бас прокуратурасының өкілі Н.Сүйіндіков әлеуметтік экономика саласындағы заңдылық мәселесі бойынша (тиімді тергеу және құқық бұзушыларға жаза қолдану, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, экстремизмге қарсы шараларды күшейту, өлім жазасына мораторийдің жағымды нәтижелеріне байланысты оны жоюға біртіндеп көшу, барлық айыпталушылардың қорғалуын қамтамасыз ету бойынша қажетті шараларды қабылдау, Жаңаөзендегі оқиға барысында өз өкілеттіктерін асыра пайдаланған полиция қызметкерлерінің іс-әрекеттерін талқылау, жазасын өтеген кейбір адамдарды мұнай компанияларына жұмысқа орналастыру, Сиракуз кағидаттары негізінде митингілер мен демонстрациялар өткізуді шектеу заңнамасына сәйкес шаралар қолдану туралы), Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Б.Нұрымбетов (әйелдер және ерлер жалақысы мөлшеріндегі алшақтықты республикалық деңгейде қысқарту, республиканың темекі және мақта өсіру егістіктерінде бала еңбегін пайдалануды барынша шектеу), Мәдениет және спорт вице-министрі М.Әзілханов (жеке өмірге араласуға қарсы құқықтық кепілдіктер туралы, азаматтардың жеке деректерін қорғау туралы), Жоғарғы Сот судьясы Л.Ағыбаева (соттардың адам құқықтары бойынша Халықаралық пактінің нормаларын соттардың қолдануы туралы, азаматтарды тұтқындау және қамауға алу заңдылығының орындалуына соттық бақылауды жүзеге асыру туралы, судья кадрларын ірік­теудің жария жүйесі туралы), Ішкі істер министрлігінің комитеттері мен департаменттері басшыларының орынбасарлары К.Мұхитов, А.Базылбеков, Б.Жақаев (әкімшілік қамауға алуды заң шеңберінде жүзеге асыратын рәсімдер мен мерзімдер туралы, сотталғандардың жағдайларын жақсарту шаралары туралы, республиканың түрмелерінде еңбекті пайдалану туралы, сотталғандарды оңалту және оларды қоғамға қайта кіріктіру шаралары туралы), Білім және ғылым министрлігінің өкілі Г.Қошқарова (мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін инклюзивті білім беру, балалардың құқықтарын жүзеге асыру мәселелері туралы), Бас прокуратураның Женевадағы өкілі А.Ластаев (адамды ұстау кезінде оның құқықтарын түсіндіру туралы, адвокаттарға қолжетімділік туралы, бас бостандығынан айырылумен байланысты емес балама жаза әдістерін қолдану туралы, басқа мемлекетке оның айыпты азаматтарын беру барысында заңдылықты сақтауды дипломатиялық куәландыру туралы), Ақпарат және коммуникация министрлігінің Байланыс және ақпарат комитеті төрағасының орынбасары Д.Голобурда (бұқаралық ақпарат құралдары қызметінің сала­сындағы адам құқықтарының жағ­дайы туралы, адамның сөз сөйлеу бостандығының іске асырылуы туралы) қажетті құжаттарды, статистикалық деректерді, дәлелді дәйектерді келтіре отырып, толық жауап берді. Әділет министрінің орынбасары Э.Әзімова заңнаманы және практиканы қоса алғанда, Қазақстанның құқықтық саясатындағы өзгерістер туралы баяндама жасады, сондай-ақ, саяси партияларды тіркеу, гендерлік теңдік пен бала құқықтары, жеке өмірдің дербестігі, тегін заңгерлік көмек көрсетуді ұсыну және адвокаттардың құқықтық мәртебесі туралы әңгіме қозғады. Адам саудасына қатысты адам құ­қықтарын жүзеге асыру, баспаналарды мемлекеттік қаржыландыру, адам саудасының құрбандарын оңалтуды қамтамасыз ету, кемсітушілік мәселесіне орай азаматтардың тең құқықтылығын бұзуға жол бермеу, Қылмыстық кодекстің 145-бабына сәйкес азаптауға қарсы алуан түрлі тәсілдермен іс-қимыл жасау, оның ішінде осы мақсатта Ұлттық алдын алу тетiгiн қолдану, Париж қағидаттарына сәйкес Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесін күшейту мәселелері бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы Қазақстан Республикасы Президентiнің жанындағы Адам құ­қықтары комиссиясының хатшысы Т.Әбішев пен Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың басшысы В.Калюжный жан-жақты ақпарат берді. Басқаша айтқанда, делегация мүшелері әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси салада, қыл­мыстық сот ісін жүргізу ұйым­дарында, сот және құқық қорғау жүйе­лері мен адам құқықтарын қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдардың қызметінде жүзеге асы­рылған басты өзгерістерді комитет мүшелерінің назарына жинақы, маз­мұнды негізде толыққанды жеткізе білді. – Делегация құрамына сіздің қосылуыңыздың себебі неде? – Мен адам құқықтары жөніндегі заңнамалық актілерді жетілдіруге қатысты өтінішхат бойынша соттың Конституциялық Кеңеске жүгінуі ар­қылы адам құқықтарының қорғалуы, саяси партияларды құруға қойылатын талаптар негізінде адамның осы сая­си партиялардың қызметіне қатысу құқығы, еліміздің Парламентіне 3 сая­си партияны сайлаған қазақстандық электорат құрамындағы адамның сайлау құқықтары туралы сұрақтарға жауап бердім. – БҰҰ-ның аталған комитетінің жұмысындағы қандай ерекшеліктерді атап айтар едіңіз? – Комитет жұмысындағы ерек­шеліктердің бірі – үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен алдын ала сөйлесу. Оның барысында комитет мүшелері белгілі бір мемлекеттің ресми үкіметтік делегациясы мүшелеріне сұрақтар қою арқылы сол елде адам құқықтарын іске асыру саласындағы күрделі, өзекті мәселелерді барынша толық білгісі келеді екен. Тағы бір ерекшелігі – комитет мүшелерінің Қазақстанда адам құқықтарының жүзеге асырылу барысын барынша терең пысықтауы, осы мәселелерді талқылау кезіндегі табандылығы, іскерлігі дер едім. – Қазақстандағы адам құқық­тарының сақталуы жағдайына алдын ала берілген баға бар ма? – Иә, бар. Комитет мүшесі А.Зай­берт-Фор комитеттің 2011 жылғы ұсынымдарын орындауға Қазақстан тарапының үлкен жауапкершілікпен қарағанын атап өтті. Сондай-ақ, комитет төрағасы Ф.Сальвиоли Қазақстан Республикасының баяндамасын тыңдай келе, өзінің бірінші баяндамасын ұсын­ған 2011 жылмен салыстырғанда, елі­­мізде адам құқықтары бойынша жағдайдың айтарлықтай жақсарғанын көлденең тартты. Бұл – жалаң сөз емес, себебі, Ф.Сальвиоли мырза Қазақ­станның бірінші баяндамасы комитет отырыстарында тыңдалған кезде оның жұмысына қатысқан болатын. Комитеттің тағы бір мүшесі Я.Бен Ашур Қазақстанның өз ішінде және тысқары жерлерде ұлтаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуға бағытталған халықаралық бастама­ларына ерекше назар аудар­ды. Жал­пы, комитеттің барлық мүшесі Қазақ­станда өзіне қабылдаған міндет­те­мелерін орындауда жыл өткен сайын ілгерілеушіліктер анық байқалып отырғанын атап көрсетті. Мұның өзі Конституция кепілдік берген адам құқықтарын одан әрі тиімді қорғау бойынша еліміздің саяси, экономикалық және әлеуметтік мүмкіндіктері зор екенін байқататын жайт болса керек. – Қазақстан Республикасының адам құқықтары жөніндегі баяндамасын қараудың қорытындысы туралы не айтасыз? – 11-12 шілдеде комитет Қазақ­стан Республикасының баяндамасы бо­йынша соңғы қорытындыны қабылдайды, онда пактіні орындауды жалғастыру жөнінде, атап айтқанда, заңнама мен практиканы жетілдіруге қатысты ұсынымдар бе­ріледі. Ал сол ұсынымдарды орындау бо­йынша келесі баяндаманы қорғау 4 жыл­­дан кейін өткізіледі.  Әңгімелескен Самат Мұса, «Егемен Қазақстан»