05 Шілде, 2016

Қазақы қасиеттің қайнары

458 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Назарбаев мама папаЖиырма бес – халық ақын­­дарының, жырау­ларының аузы­нан түспеген, жас күнін, шат күнін сағынтқан қимас, аңсайтын, көк­сейтін тіпті өкситін жылдар. Жиырма бес – жастықтың символы, жігіттің нағыз толысқан, бұла жасы. Жиырма бес дегенде жалындаған жастық, жарқылдаған өмір, лапылдаған сезім көзіңе елестейді. Сол қасиетті жиырма беске, жігіттің толысқан жасы­на кеше ғана Тәуелсіздігін алған Қазақстан да келіп қал­ды. Алған асуы көп, алары одан да көп жалындаған жас елміз. Тәуелсіздіктің символы болған Астана 25-тегі жігіттей жігерленеді. Қандай бәсеке, күрес болса да түсуге мен дайын деп екі бі­ле­гін сыбанып, ештеңеден беті қайт­­паған, тайынбайтын балуан сияқты. Алайда, кешегіні ұмытпай, үнемі еске алып отырсақ қана бүгінгіні бағалап, алдағыны ардақ тұтарымыз сөзсіз. Осы алаңсыз дүниеге қалай келіп едік дегенде көз алдымызға алдымен 1991 жыл оралады. Қайталау болса да еске сала кетейік, ол кезде Қазақстан экономи­касы іс жүзінде шашылып қалған күйде еді. Бұрынғы кеңестік рес­пуб­­ликалардың ара­сындағы шаруа­шылық байла­ныстардың шорт үзілуі, алыс шетелдермен ешқандай іскерлік қатынастардың болмауы, ал­тын-валюталық резервтердің ша­ғындығы, технологиялық артта қалушылық – міне, осының бәрі Тәуелсіздігін жаңа жариялаған Қазақстанның нарық әлеміне енердегі алдына тартылған ауыртпалықтар еді. Өндіріс барынша құлдырап, күнделікті тұтынатын тауардың өзі тапшы болып, бүкіл ел қиын жағдайда күн кешуде-тін. Келесі жылдар жағдайды тіп­ті күр­делендіре түсті. 1992-1995 жыл­дарда көптеген нәрсені құр­бан­дыққа шалып, елді қайтсе де тығы­рықтан алып шығу үшін күресуге арналды. Сырттан ши­кізат немесе құрастыратын бұ­йымдар ала алма­ған, ал дайын өнімдерін ешқайда өткізе алмаған жүздеген кәсіпорын өз жұмысын тоқтатты. 1990 жылмен салыс­тырғанда өнеркәсіп өндірісі екі есе, ауыл шаруашылығы өн­дірісі үш есе төмендеді. Экономикалық түпсіз дағда­рыс жаппай жұмыссыздықты тудырды және материалдық байлықтың шетсіз-шексіз азаюына әкелді. Халық­тың жартысына жуығы кедей­шіліктің шегіне жетті. 1995 жылғы орташа еңбекақы 1991 жылғы деңгейдің 35 пайызын ғана құрады. Жыл сайынғы инфляция көрсеткіші 2 мың пайызға шықты. Ақшаның құны адамдардың көз алдында құлдырап бара жатты. Халықтың біршама бөлігі күйзе­ліске ұшырап, депрессиялық көңіл күй орнады, көптеген отбасылар ажы­расты, балалар кү­­тіміне көңіл бөлінбей, аналар ала қапшық арқалап кетті. Ал­коголизм мен нашақорлық бұрынғыдан да көбейді. Құқық қор­ғау органдары материалдық-тех­никалық жағынан толық қам­тыл­­мағандықтан қылмыс әлемінің ықпалына түсті. Қоғамдағы онсыз да тайғанап тұр­ған тұрақтылықты радикалды көз­қарастағы қоз­ғалыстар мен кейбір саяси партиялар да шай­қауға тырысып бақты. Жыл сайын жүздеген мың адам жылы қоныс іздеп, сыртқа ағылды. Еңбекақы, зейнетақы, өтем­ақы төлеу сияқты қа­жетті қаржылық тө­лемдердің өзі бол­маған соң ғылым, білім беру, мәдениет салаларының жағдай­лары құлдырап кетті. Мек­тептер, бала­бақшалар, ауруханалар, шипажайлар, кітапханалар мен кинотеатрлар жабылып жатты. Әрине, мұндай жағдайлар пост­кеңестік кеңістікте шаңы­рағын жаңа көтерген тәуелсіз рес­публикалардың бәрінде де болды. Көршілес қыр­ғыз, өзбектер де экономикалық тығы­рық­ты бастан кешіп жатты. Он­дағы жағдайлар да бізге ұқсас еді. Бірақ олардың бізден бір маңызды артық­шылығы болды. 1991 жылдың қарсаңында Өзбек-с­тан­дағы жергілікті ұлттың үле­сі барлық халықтың – 72 пайызы, тіпті өздері де аз деп есептелген қыр­ғыз­дардың үлесі де өз елінде – 53 пайыз еді. Бұл ел экономикасының тұтқасын ұстап отырғандардың басым көпшілігі жергілікті халық екенін көрсетеді. Өзгелер көшсе де жер­гілікті ха­лық ешқайда қозғалған жоқ, ке­рісінше тәуелсіздік алған соң басқа республикалар мен басқа елдердегі қандастары бұларда да біз­дегідей орала бастады. Сон­дықтан ең басты қиындық – кадрлық тапшылық дегенді бұлар көре қойған жоқ. Ал Қазақстанның жағдайы мүлде басқаша еді. 1989 жылғы санақ бойынша елдегі барлық 16,5 млн. халықтың 6,5 млн.-ы ғана қазақ болды. Бұл 39,7 пайыз деген сөз. 1991 жылы бұл үлес сәл ғана артып, 40 пайыздың үстіне шықты. Қазақстан бойынша қала тұр­ғын­дарының 27 пайызы ғана қазақ­тар болды. Жергілікті халық­тың негізгі бөлігі, яғни 73 пайызы ауыл­да тұрды. Онда да біркелкі емес, мысалы Қызылорда облысы қа­зағының қаладағы үлесі 63,2 пайы­з болса, өндіріс ошақтары көп ор­наласқан Қарағанды облысында 18,2., Павлодар облысында 17,4., Солтүстік Қазақстан облысында 12,3 пайызы ғана болды. Демек, елдегі ең үлкен индус­трия ошақтарының, ірі өнеркәсіп орындарының басында отырған қазақтардың саны саусақпен са­нар­лық болатыны өзінен өзі түсінікті еді. Тіпті, орта дәрежедегі ма­мандар ара­сында да білікті қазақтар сирек болатын. Сондықтан, 90-шы жылдардың басынан қазақтан басқа халық­тардың бәрі өздерінің тарихи отандарына ағыла бастағанда Қазақстан өнеркәсібінің тұра­лап қалуы заңды болатын. Көш­кендердің 70 пайызға жуығы қа­лалықтар болды, соның ішінде білікті мамандар қатары көп шыққан неміс, орыс, украин ха­­лықтары өкілдері алды-артына қарамай республикадан тыс жерлерге ағылып жатты. 1989-1999 жылдар арасында Қазақстан немістерінің үлесі 63,1%, украиндар 38,9%, орыс­тар 28,6 пайызға азайды. Егер жақын болашақта КСРО құлап, Қазақстан тәуелсіздігін ала­ды деген болжам жасалса бәлки Қазақстан басшылығы индус­­трия саласының кадрларын қаза­қы­лан­дыру саясатын жүр­гізген болар ма еді, қайтер еді. Бірақ ешкім де, ешқашан да таяу ара­да КСРО ыдырап, Қазақстан өз алдына тәуелсіз мемлекет болып кетеді дегенді ойламағаны, тіпті болжамағаны хақ. Ол тек асүйде ең сенімді деген адамдарға ғана айтылатын арман, әйтпесе тіпті ешкімге сездірмейтін қиял ғана болатын. Керісінше, КСРО жылдан-жылға осы қарқынмен өсе береді, халықтардың бір-бірімен жа­қындасу тенденциясы арта түседі деп ойлайтын. Экономика мен халық құра­мының, адам капиталының сапасы осындай болып тұрғанда сепа­ратистік пиғылдағы арандатушылар да көп көрініп, Қа­зақ­станның дербес мемлекет болғанына қарсы белсенді әрекеттер жасай бас­тады. Жер­гілікті жерлер түгіл аста­наның өзінде, Жоғары Кеңестің төрінде ондайлар үндеулер таратып отырғанын сол кезде депутат болған Шерхан Мұртазаның жазғаны жуырда «Егеменде» басылды. («ЕҚ»., «Тәуелсіздік текті сөз»., 01.07.2016 ж.) Солтүстік, Батыс пен Шығыс Қазақстандағы сепаратис­тер көшелерге мыңдаған адамдарды алып шығудың аз-ақ алдында болғанын да халық жақсы біледі. Міне, Қазақстанның жеке мемлекет болып, дербес туын көтерер алдында тағдырдың тартқан сыйы осындай болатын. Оның тәуелсіз мемлекет болу мүмкіндігі жоқ деп шешілмейтін проблемаларын санамалап беріп жатқан сәуегей сарапшылар шетелдерден де, өз ішімізден де жүздеп табылды. Алдымен қазақстандықтардың бастарын біріктірмейтін ең үл­кен проблема ретінде оның этностық құрамының әртүрлілігі айтылды. «Жергілікті халықтың үлесі халық санының жартысына да жетпейтіндігі былай тұрсын, қоғамның әлеуметтік, экономикалық салаларындағы позициясы әлсіз, белсенділігі төмен. Бұл республиканы ұс­тап, экономикалық кілтіне ие болып тұрған, әлеуметтік түйін­дерінің бәрін шешіп отырған орыстілділер болатын. Енді олар­дың белсенді бөлігі ауып кеткенде қалған жұрттың қауқары осынша алып жерді игеріп, өз алдына бөлек мемлекет бола алмайды» деген сәуе­гейліктің бет қаратпай тұрған кезі болды. Сәуегейліктің бір сарыны Қазақ­стан­ның көп конфес­сиялығын қамтыды. Онда ислам мен христиан діні ағым­дарының арасындағы қайшы­лықтарды реттеуге, ортақ тіл табуға республиканың қауқа­ры жетпейтіні айтылды. Эконо­миканың сарыуайымға салынған сарапшылары тауарлар мен қызметтерге деген сұранысты арттырып, бәсекелестік орта қалыптастыратын мүмкіндік жоқ, нарықтық қатынастардың сы­рын меңгеретін кадрлар қалып­таспаған, әлемдік мұхит жолынан алыс жатқандықтан сауданың тиімді жолмен дамуына мүмкіндік жоқ деген сарындағы сараптамаларын қарша боратып, басшылар мен мамандарды әрі-сәрі күйге түсірді. Тағы бір сәуегейлер Қазақстанның террористік және экстремистік ошақ­­тарға жақын орналасқан ұлан-бай­тақ жерге ие болып отырғанын айтып, солардың әсерімен республика есірткі тарату ошағына, одан әрі ұлтаралық кикілжің мен кон­фес­сияаралық қақтығыстардың қазанына айналатынын сарнап, ауыз жаппады. Осындай қиындықтың құр­сауынан біз қандай құдіреттің күші­мен құтылып, аман шығып кеттік дегенді саналы деген адам­ның бәрі де бүгін естен шығармай ойлануы керек. Сонда ғана оның қадірін білетін боламыз. Сарнаған сәуегейліктің бірі де орындалмай, Қазақстан аяғынан аман-есен тік тұрып, бүгінгі күні әлем таныған еңселі елге айналды. Осыдан асқан ерлік бар ма? Біздіңше, елді осындай күйге жеткізген әуелі Алла, сосын қазақ хал­қының даналығы. Қандай қиын­шылық болса да қазақ халқы төзім­ділікпен көтере білді, саналарында өздері сезіне қоймаған: «бұдан да қиын шақта өмір сүргенбіз, ал енді тәуелсіздік үшін бәріне де шыдаймыз, тәніміз түгіл жанымыз керек болса да оны да салдық осы жолдың мұраты үшін» деген ұлттық идея қалыптасты. Сол дана жұрттың арасынан шыққан сара басшы да халықтың ең тұнық, қайнаған ортасынан өсіп шыққан жан еді. Елбасының өзі сол қысылтаяң шақ­тарда: «Қанша қиындық көрсе де, абзалдығы мен сабырлылығын, басқа халықтарға деген сый-құрметін сақтай білген халықты, қазіргідей қиыр-шиыр тарихи сын кезеңде өзім ажырамас бөлшегіне айналып отырған асыл жұртымды, ХХІ ғасыр табалдырығынан аттап, өз талайы­н тағы бір сынап көргелі отырған тәуекелшіл ұлтымды қалай ғана мақтаныш етпеспін?! Қалайша бас имеспін?!» деп тебірене жазды.   (Н.Назарбаев., «Жылдар мен ойлар»,  «Алматыкітап», 2013 ж.) Нұрсұлтан Назарбаевтың іс­керлі­гін, көрегендігін, дипло­матиялық шеберлігін, праг­матизмін және т.б. қасиеттерін емес, осы мақалада тек қазақы қалпын ғана айтқымыз келіп отыр. Жоғарыда аталған бір емес, бірнеше ұрпақтың алдына тар­тылған ауыр сыбағаны аз жылдарда еңсеруінің басты сырының бірі осы қасиетінен дегіміз келеді. Сондықтан осы мәселеге тоқталып көрелік. Ол халықпен оңай тіл табыс­ты, оның сөздерінің бәрі түсінікті, талабының бәрі орынды екенін қазақ қапысыз мойындады. Қазақпен бірге өсіп, біте қайнасқан, оның асыл қасиеттерін бойына сіңірген өзге ұлт өкілдері де солай жасады. Президент барлық ішкі амалдары мен сырт­қы қатынастарында қазақтың кең­пейілдігін, мол мейірімін ұстанды, «таспен ұрғанды аспен ұр» дейтін даналығын басшылыққа алды. Ерегескендерге де есесін жібермей, кісілігінен жаңылмай, кішілігімен жеңіп алды. Халық арасында телі мен тентек болмай қоймайды, әне бір жылдары жанға тиетін сепаратистік сөздер естілгенде де биіктен табылып, туысқан халықтардың туын жығатын сөздерге құрық бермеді. Әсіресе, осы этносаралық төзімділікті сақтауда Н.Назарбаевтың қазақы үлгісі бүкіл әлем үйренетін үрдіске айналды. Оны осы саланың талай сыралғы, білікті мамандары да мойындап жүр. Біздің Елбасы Посткеңестік кеңістікте азуын айға білеген Ресей­дің Горбачев пен Ельцин сияқты екі басшысынан кейінгі танымал лидер болғанын білеміз. Бір кезде мәскеулік журналистердің бәрі оның айтқан сөзін, таратқан лебізін жазып алуға жанталасатын. Сондай сұңғыла журналистің бірі ердің бойындағы елдіктің бәрі ұлттық ұстанымынан екенін жаңылмай танып, түсінбесе де қазақша бір сөздер айтыңызшы деп жата келіп жабысқан еді. Ұлт дегенде ұйымайтын жан бар ма, Нұрекең де еміреніп кетіп, ата-бабадан қалған жерімізді аман сақтап, елімізді көркейту міндетім деген сөздер айтқан. Осы сөзді түсінбесе де артынан мәскеулік журналист маған берген сұхбатының өзегі осы лебіз болды деп бағалаған. Қолында шексіз билігі бар адамның ұстамдылық пен шыдам­дылықты сақтай білгенінің өзі ғажап даналық қой. Алысқа бар­май-ақ бүгінгі күннің өзінде талай мемлекет басшысының ісі мен сөздері ұстамсыздыққа ұры­нып, соның кесірінен өз елі ғана емес, бүкіл аймақ­қа, әлемге кесірін тигізіп жат­қан мысалдарды да көріп, біліп жүрміз. Мемлекет басшысы да пенде, оның бойында да эмоция бар, оның бойында да қаны қызып, жүгіріп тұрады. Солардың әсеріне елтімей, жоға­рыдан табыла білу – халық даналығының, нақты айтқанда қазақы есті төзімділіктің, асыл сабырдың бойға берік сіңгендігі. Басқа түскен қиындықтың бәрін баспақшылдықпен жеңетін Әбіш ақсақал мен Әлжан анадай халық өкілдерінің ортасынан шыққан жан­ның төзімді болмауы мүмкін де емес сияқты. Олардың даналығы: халықпен бірге болып, қандай қиындықты да қайыспай, сабырмен көтеруге үндеу еді ғой. Бойына соны сіңірген бала дана болған жасында да сол жолдан таймай келеді. Сондықтан оның барлық қасиетінің қай­нар көзі қазақы қалып болып, «тұғырымыз – тыныштық, тірегіміз – тұрақ­тылық, тілегіміз – татулық» болып келеді. Осыдан биік мақсат бар ма? Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»