06 Шілде, 2016

Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелік – Елбасымыздың ерен еңбегі

388 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
сауытбек– дейді Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек АБДРАХМАНОВ Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың ширек ғасырлық тәуелсіздік тарихында талай рет абыройымызды асырып, айбынымызды тасытқан кемелдігі бізді тағы бір биікке – әлемнің ең беделді ұйымының асқар шыңына алып шығып отыр. Президенттің сындарлы сыртқы саясатының салтанатына бүгінде бүкіл әлем куә болуда. Қазақстан Республикасының Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелігіне сайлануы бұл күндерде барлық бұқаралық ақпарат құралдарындағы әңгіменің алтын арқауына айналуда. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды деп күні кеше бөркімізді көкке аттық, бәріміз қуандық. Бұл – біз үшін үлкен мәртебе, үлкен жетістік. Ал осы аталған кеңеске мүше болуымыз біз үшін қаншалықты маңызды? Оның мән-мағынасы неде? Бұл істе Елбасымыздың үлкен үлесі неден көрінеді? Осы тақырыптардағы сұрақтарға Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты, Мәжілістегі Қазақстан халқы Ассамблеясы депутаттық тобының жетекшісі Сауытбек АБДРАХМАНОВ  журналист Жасын Біркенов 24 kz телеарнасының «Сұхбат» бағдарламасында жүргізген сұхбатта жауап берді. – Сауытбек Абдрахманұлы, сонымен, біз Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңе­сін­деміз. Біз үшін бұл қанша­лықты маңызды? Әңгімемізді осыдан бастасаңыз. – Әңгімені жалпы Біріккен Ұлттар Ұйымының адамзат үшін маңызынан бастауға да болады. Әлемдегі ең биік мәртебелі ұйым – Біріккен Ұлттар Ұйымы. Оның ең мәртебелі органы – Қауіпсіздік Кеңесі. БҰҰ-да алты жұмысшы орган бар. Осы органнан қалғандарының шешімдері ұсыныс деңгейінде, ұсыныс сипатында болады. Қауіпсіздік Кеңесінің шешімі міндетті болып саналады. Қауіпсіздік Кеңесінің ерекше бағалылығы сонда. Қауіпсіздік Кеңесі осы 70 жыл­дық тарихында талай рет әлем­нің тағдырына қатысты мәсе­лелерді кесіп шешті. Тіпті, көн­беген кезде қарулы қақтығыс болып жатқан елдерге біріккен әс­керлер жіберіп, соғысты тоқтаттырған жағдайлары бар. Аса қиын жағдайларда түрліше жол­мен тоқтам салған, қажет жер­інде санкциялар қабылдаған, сөй­тіп, әлемдегі бейбітшілікті қор­ғауға нақты үлес қосқан орган. Қауіпсіздік Кеңесінің 15 мүшесі болады. Оның бесеуі – тұрақты мүше. Атап айтсақ, Ұлыбритания, Франция, Қытай, АҚШ, Ресей – бұлардың бәрі де ядролық қаруға көптен ие әрі экономикалық қуаты өте күшті мемлекеттер. Бұл мемлекеттердің сыртында 10 мүше ел бар. Тұрақты емес мүше елдер деп аталады. Ол 10 мүше әр құрлықтан екі орыннан, үш орыннан, төрт орыннан деп бөлінеді. Біз сол он орынның біреуін алып отырмыз. 2017, 2018 жылдарға. «Тұрақты емес» деген тір­кеске байланысты жеке өз атымнан айтарым бар. Жалпы, қазақ саясаткерлері, журналистері осы мәселені бір ойланып көрсе болады. Шын мәнінде, оған сай­ланған ел өзінің мәр­те­бесі, яғ­ни статусы бойынша Қа­уіп­сіздік Кеңесінің толыққанды мүшесі. Ол елдерді Қауіпсіздік Кеңе­сінің мүшесі деп сөйлесек, онда қате жоқ. Ал жаңағы  бес елдің Қауіп­сіздік Кеңесінің  тұрақты мүшесі екенін қосып айтқанда, олардың салмағын бадырайтып көрсетеміз. Тұрақты мүше елдердің өзінің салмағы, әрине, бөлекше. Оларда вето қою мүмкіндігі бар. Кез келген шешімге бір ел вето қойса, ол шешім қабылданбайды. Ал қалған 10 елдің статусы дауыс беру деңгейінде сол елдермен бірдей. 15 ел бір деңгейде дауыс береді. Бір ел – бір дауыс. Қауіпсіздік Кеңесінің мү­шелері әр ай сайын төраға ретінде алмасып отырады. Екі жылдың ішінде 24 ай бар десек, 24 айдың ішінде Қазақстан кемінде бір рет, бір ай бойы Қауіпсіздік Кеңе­сіне төрағалық етеді. Күнтізбелік ретте басқаша келіп, екі ай төра­ғалық етуі де мүмкін. Өзіміз теле­дидардан көріп жүр­міз, Қауіп­сіздік Кеңесінің мәжіліс­терін­де қандай айтыс-тартыстар болып жататынын, қандай мәсе­лелер талқыланып жататынын, қандай дау-шарлар болып жататынын. Солардың барлығын үй­лестіретін, күн тәртібін айқын­дайтын он бес елдің біреуі Қа­зақстан болғалы отыр. Бұл, расында да, елдің үлкен мәртебесі. Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына біздің лайықты келгеніміздің келісті көрінісі. Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелік – Елбасымыздың ерен еңбегі. Тәуелсіздік сарайында Қа­зақ­стан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен АӨСШК елдері­нің ұлттық мәдени орталық­тарының кеңесі болды. Сонда Қытай өкілі айтты: «Қазақстан осы жылдар ішінде сыртқы сая­сат­та екі рет үлкен серпіліс жа­сады. Біріншісі – Еуропадағы қауіп­сіз­дік және ынтымақтастық ұйы­мы­на төрағалық еткендігі, екін­шісі – Қауіпсіздік Кеңесінің мүше­лігіне сайланғандығы», – деді. Бұл, расында да, бүкіл ел болып, халық болып қуанатын жағдай. – Сауытбек Абдрахманұлы, енді сонда «тұрақты емес мүше» деген сөзді қолданбау керек пе, жоқ әлде оның орнына басқа сөз қолдану керек пе? – Жоқ, негізінде «тұрақты емес мүше» деген, орысша ұғымға құрылған, жасанды тіркес болғанымен, заңдық тұрғыдан дәл анықтама. Ресми атау. Бірақ біз Қазақстан Республикасы Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі десек, солай сөйлесек, солай жазсақ онда да қате болмайды. Мүше ел емес деп ешкім де айта алмайды ғой. Екеуін де қатар пайдалана беруге болады. – Қауіпсіздік Кеңесінің мү­шелігіне сайлануымыздың бізге, қазақстандықтарға берер пайдасы қандай? – Біріншіден, бұл Қазақстан­ның әлемдік аренадағы орнын үлкейтеді, салмағын көтереді. Алдымен біз мына жағдайды айқындап алуымыз керек. БҰҰ-ға мүше 193 елдің ішінде осы 70 жылдың ішінде бірде-бір рет Қауіпсіздік Кеңесіне сайланбаған 60 ел бар. 60 ел бірде-бір рет сайланбаған. Ал Қазақстан осыған ширек ғасыр­лық тарихының ішінде қол жет­кізіп отыр және Орталық Азия өңірінен бірінші болып қол жеткізіп отыр. Мұның салмағы сонда. Екіншіден, Қазақстан осы арқылы өзінің геосаяси үлкен ойыншы ретіндегі орнын бадырайтып көрсетеді. Елдің геосаяси мүдделеріне байланысты, жалпы күн тәртібіне қатысты мәселелерде нақты дауыс береді. Оның сыртында төраға болатын айларында Қауіпсіздік Кеңесінің күн тәртібін айқындайды. Бұл елдік беделімізді қатты көтереді. – Біз бұл жеңісті Таиландтан суырып алдық емес пе? – Дұрыс, оған да жақсы назар аудардыңыз. Ең алдымен, Таиланд, орысша айтқанда, «раскрученный» ел. Әбден танылған, туризмі кеңінен дамыған, тарихы көпке белгілі ерекше ел. Сонан да Таиланд – бренд. Кәдімгі жұрттың бәрі білетін ел. Сол тұрғыдан қа­рағанда, ол елден жеңісті, жа­ңа сіз айтқандай, суырып алғанымыздың салмағы арта түседі. Түптеп келгенде, Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше 193 елдің 138-і мемлекеттің туризм тұрғысынан тартымдылығына, экзотикасына, басқасына қарап дауыс берген жоқ, түптеп келгенде, Қазақстанның ядролық қарусыздану үдерісіне қосқан үлесін ескере отырып, еліміздегі ахуалға, саяси тұрақтылыққа, ішкі келісімге, этносаралық бірлікке қарап дауыс берді. Сонан кейін Қазақстанның бейбітшілікті қорғау саласындағы жаһандық бастамаларына қарап дауыс берді. Осы орайда біздің бұл сай­лаудағы үлкен жеңісімізге Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Біріккен Ұлттар Ұйымының ресми құжаты ретінде қабылданған «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесі де үлкен үлес қосты деп айтуға болады. – Біздің ядролық қару­сыз­дануға бағытталған бастамаларымыз, жалпы тұрақтандыруға, Азия өңіріндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған ұсыныстарымыз осы жеңіске септігін тигізіп отыр ма? Міндетті түрде. Жалпы, біз мынаны есте ұстауымыз керек. Адамзат адамзат болғалы,  мемлекеттер құрылғалы бері ел атау­лы, елді басқарушы халиф бола ма, хан бола ма, патша бола ма, король бола ма, император бола ма, бас хатшы бола ма, премьер-министр бола ма, бәрі де өзінің елінің қырып-жоятын қаруға қол жеткізуіне ұмтылған. Соны жасауға ұмтылған. Солардың жаңа түрлерін табуға ұмтылған. Тек бір ел ғана, сол елді басқарған бір ер ғана өзінің қолына түсіп тұрған қарудан үлкен кемең­гер­лікпен бас тартты. Өзінің қолын­дағы қарудың өңешіне өзінің қолымен құм құйды. Сөйтіп, бүкіл әлемге бейбітшілік сүйгіш ел, жасампаздықпен айналысуға ниетті ел екендігін дәлелдеді. Сөйтіп, тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап жүзі жарқын болып жаңа жолын бастады. Осыны да әлем ерекше бағалайды. АСТАНА