Мемлекет басшысының бес институттық реформасын жүзеге асыруға бағытталған 100 нақты қадамда «Эйр Астана халықаралық бағыттарға ыңғайластырылады және әлемнің негізгі қаржы орталықтарына (Нью-Йорк, Токио, Сингапур) жаңа бағыттар ашады. «Эйр Астананың дамуы «ҚТЖ»-ның болашақ маршруттарды дамыту жөніндегі жоспарымен үйлестіріледі, бұл жүктерді жеткізу құнын екі еседен астам төмендетуге мүмкіндік береді», деп атап көрсетілген.
ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне дайындалу мақсатында, сонымен қатар «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде, 2015 жылы жалпы ауданы 47 000 ш.м. жаңа жолаушылар терминалының құрылысы басталды. Құрылыс аяқталғаннан кейін әуежайдың өткізу қабілеттілігі жылына 7 млн. жолаушыдан астам межеге жетеді. Қарбалас сағаттарында рейстерді күту залдарына бір уақытта 2525 жолаушыға дейін сыйғызуға мүмкіндік болады. 2015 жылы перронды ауқымды қайта жаңарту жүргізілді, жаңа Бизнес терминалы қолданысқа енгізілді.
Астана қаласының халықаралық әуежайы өндірістік көрсеткіштер бойынша Қазақстанның екінші басты әуежайы болып табылады. Елорданы Астана қаласына көшірген сәттен бастап, қаламыз Қазақстанның қаржылық және экономикалық тұрғыдан дамыған орталығына айналды. Бұл шетелдік инвесторлардың айтарлықтай қызығушылығын тудырып отыр. Еуразиялық материктің орталығында орналасқан Астана қаласының сәтті географиялық орналасуы Оңтүстік-Шығыс Азия мен Батыс Еуропаны байланыстыра отырып, транзиттік және трансферттік тасымалдаулар саласындағы авиацияны дамытуға септігін тигізеді.
Әуе кемелерінің барлық түрлеріне қызмет көрсетуге арналған жоғары дамытылған техникалық базаның болуы, Астана қаласының қазіргі уақытта бар мәртебесі және бірегей геосаяси орналасқан орны, мемлекеттің саяси тұрақтылығы маңызы зор факторлар болып табылады. Осының бәрі аталған бизнес түрін толыққанды дамытуға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта ірі әлемдік әуекомпаниялары Америка, Таяу Шығыс елдері, Еуропа мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің арасында құрлықаралық тасымалдауларды орындай отырып, Астана қаласының әуежайына ірі ұшақтарды қондыруды жүзеге асырады. Әуежай Air Astana, Etihad, Asiana Airlines, flydubai, Aeroflot, Lufthansa, KLM, Turkish Airlines, Russia, SCAT, Uzbekiston Hava Yollary сияқты және басқа да әуекомпанияларына қызмет көрсетеді. Олар күн сайын Қазақстан бойынша 15 бағытта және таяу және алыс шетелдерге 26 бағытта тұрақты жолаушылар рейсін жүзеге асырады.
Қазақстан әуежайлары өндірістік көрсеткіштерінің жалпы көлемінің статистикалық деректеріне сәйкес, 2015 жылы Астана қаласының әуежайы рейстердің 15 пайызына, жолаушылардың 25 пайызына және жүк ағынының 10 пайызына қызмет көрсетті. Ұшақтардың ұшу саны орташа есеппен тәулігіне 70 рейсті, жолаушылар ағыны 9000 жолаушыны құрады. Сұранысқа ие Анталья, Париж, Тбилиси, Сеул
Дубай сияқты танымал бағыттардың ашылуы 2015 жылы 2014 жылмен салыстырғанда жолаушылар ағынын 13 пайызға ұлғайтуға мүмкіндік берді. Нақтырақ айтқанда, сәйкесінше 3 347 400 және 2 904 287 жолаушы. Нарықта QAZAQ Air қазақстандық тасымалдаушысының пайда болуы еліміздің түрлі өңірінің халқы үшін қолайлы жағдай жасады. Сонымен қатар, «ҚТЖ» ҰК» АҚ бірлесе отырып жүк интермодальді ХАБ-ын дамыту және жүк айналымын ұлғайту мақсатында, жүк тасымалдаушыларын тарту және дамытуға басымдылық берілді.
Осының арқасында Астана қаласы халықаралық әуежайының одан әрі дамуға және жаңаруға, ал компаниялардың қаржыны және техникалық құралдарды үнемдей, одан да көп жолаушылар мен жүктерді тасымалдай отырып, ұшу тиімділігін арттыруға мүмкіндігі мол. Әуежай Орталық Азия өңірінің ХАБ-ы ретінде дами отырып, өзінің алға қойған мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізуге талпынуда.
Соңғы жылдары Астана әуежайы көптеген оң өзгерістерге қол жеткізді. Жыл сайын жолаушылар ағынының көбеюін ескере отырып, борт мәзірі кешенін кеңейту және азық-түлік өнім түрлерін көбейту қажеттілігі туындап отыр. Осыған байланысты 2015 жылы жаңа борт тамағы цехы пайдалануға енгізілді. Тамақтану сапасын және әлемдік стандарттарға сәйкестігін арттыру үшін борт тамағын өндіру саласында әлемдік провайдер – Gate Gourmet компаниясын тарту туралы шешім қабылданды. Gate Gourmet компаниясы Цюрих қаласында (Швейцария) өз қызметін толық үйлестіре отырып, 28 елде және әлем бойынша 120 әуежайда қызмет көрсетеді.
2015 жылғы қазаннан бастап Астана әуежайында борт тамағы мәзірін жақсарту және қамтамасыз етуге қатысты жасасқан келісім негізінде Gate Gourmet компаниясы өндірістік процесті арттыру үшін бірқатар іс-шаралар өткізді: тәулігіне борт тамағын өндіру 6000 жиынтыққа дейін артты, НАССР және Gate Opex сапа стандартының сертификаты алынды. Әуекомпаниясы Астана әуежайының клиенті бола отырып, Gate Gourmet компаниясының жоғары білікті мамандарымен бірлесе отырып, ас мәзірін әзірлеу мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, бұрын борт тамағы цехында қызметін жүзеге асырған қызметкерлер, кәсіби деңгейін арттыруда, сондай-ақ халықаралық компанияда жұмыс тәжірибесін жинақтаудың таптырмас мүмкіндігіне ие болып отыр.
Әуежай серіктесін таңдаған кездегі ең маңызды талаптардың бірі авиациялық қауіпсіздіктің жоғары деңгейін қамтамасыз ету болатын. Қазіргі уақытта Астана халықаралық әуежайында ИКАО халықаралық стандарттарға сәйкес қауіпсіздікті көп сатылы бақылау қағидаты қолданылады. Әуежайдың жалпы аумағы бойынша бейнебақылаудың компьютерлік жүйесі қосылған. Барлық бақылау-өткізу пункті, жолаушылар терминалы қол жүгін, жолаушыларды, жүкті, поштаны, сондай-ақ борт тамағын тексеруге арналған жаңа жоғары технологиямен жасалған тексеру қондырғыларымен жабдықталған.
Жолаушыларға қызмет көрсету, перронда қызмет көрсету, жүкті өңдеу сапасын арттыру және Астана халықаралық әуежайына халықаралық стандарттарды енгізу, бірлескен қызметті жүзеге асыру үшін швейцариялық Swissport International компаниясы тартылған болатын. Әлемдік провайдер Swissport өз қызметін 5 құрлықтағы 45 елде жүзеге асырады және әлемнің 265 үздік әуежайларында енгізген.
Жылқыбай Жағыпарұлы,
«Егемен Қазақстан»