Мәскеуде ТАСС агенттігінде Семей ядролық сынақ полигоны жабылуының 25 жылдығына арналған кітаптың тұсаукесері болып өтті
«Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылдың тамызында қабылдаған Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы шешім айтарлықтай күрделі, өте жауапкершілікті және батыл шешім еді. Ол жаңа дәуір – ядросыз әлемге қарай ілгерілеу дәуірін ашты. Бұл батыл бастама бүкіл әлем бойынша қалған төрт сынақ полигонының қызметі тоқтатылуына алғышарт жасады. Сол кезден бері бүкіл әлемдегі көптеген ірі саясаткерлер жаппай қырып-жоятын қару түрлерін сынауға тыйым салудың аса маңызды екенін жақсы сезінді», – деді тұсаукесерде сөйлеген сөзінде осы шараның модераторы, ТАСС бас директорының бірінші орынбасары Михаил Гусман.
Ол жиналған журналистерге «Дүниені өзгерткен сөз» («Слова, которые изменили мир») сериясымен шыққан жаңа кітапты таныстырды. Оны Мәскеудегі «Манн, Иванов және Фербер» баспасы басып шығарған. Еңбек Семей полигонының жабылуына арналған арнайы мақаламен, сондай-ақ, Президент Н.Назарбаевтың осыдан бес жыл бұрын, аталған датаның 20 жылдығына байланысты сөйлеген сөзімен ашылған.
Қазақстанның Ресей Істеріндегі уақытша сенімді өкілі Марат Сыздықов кітаптың шығуына түсініктеме бере келіп, Қазақстан Президентінің Семей ядролық полигонын жабу туралы қабылдаған шешімінің тарихи маңызы туралы сөз қозғады: «Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы 1991 жылдың 29 тамызындағы Жарлығы оны әлемдік ауқымдағы саясаткер еткен басты шешімдерінің бірі болып табылады. Жаһандық ядролық қарусыздану тарихындағы жаңа дәуір тура осы күннен басталған болатын. Бүгінде дүние жүзі Президент Назарбаевтың бастамаларының арқасында Қазақстанды ядросыз әлем құрудағы көшбасшы деп таниды».
Дипломат келесі кезекте Қазақстан Республикасының ядролық сынақтарға толықтай тыйым салуды, ядролық қаруды таратпау режімін нығайтуды, сондай-ақ, Президент Н.Назарбаевтың өткен жылдың қыркүйек айында БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-ші сессиясында айтылған және үстіміздегі жылдың көктемінде Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитте жария етіліп, таратылған «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесіндегі еліміздің дәйектілікті көздейтін жаңа антиядролық бастамалары туралы егжей-тегжейлі әңгімелеп берді.
«Қазақстан Президентінің бастамасы бойынша 2006 жылы Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы келісімге қол қойылса, 2015 жылдың 7 желтоқсанында өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының мәжілісінде Қазақстанның бастамашылығымен Ядросыз әлем үшін жалпыға ортақ декларациясына да қол қойылды. Сондай-ақ, ел басшылығы тарапынан ядросыз әлем құру жөніндегі «АТОМ» халықаралық жобасы жүзеге асырылуда. Үстіміздегі жылдың наурыз айындағы Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитте Қазақстан Президенті дүниежүзіне соғыстар мен ядролық қарудан азат әлем құру жолында нақты қадамдар ұсынатын «Әлем.ХХІ ғасыр» деп аталатын монументалды жобаны жария етті», – деп атап көрсетті М.Сыздықов.
Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетінің президенті Ефим Пивовардың пікірінше, Қазақстан Көшбасшысы өзінің жеке жігерлі шешімімен Семей полигонын жаба отырып, осы аса күрделі мәселеге нүкте қоя білді.
«Тарихшы ретінде айтатын болсам, Нұрсұлтан Назарбаевты тарихи ауқымдағы тұлға деп қабылдауға болатыны талассыз. Ол сөзімен ғана емес, сондай-ақ, ісімен де өз халқына және бүкіл адамзатқа үлкен пайдасын тигізіп келе жатыр. Және бүгінде ол өзінің сындарлы қызметін жаһандық деңгейде, сонымен бірге, біздің өңіріміздің аясында да жалғастыруда. Қазіргі таңда сенімді жүзеге асырылып отырған оның Еуразиялық интеграция идеясының да маңызы зор екенін ерекше атап өткім келеді», – деді Е.Пивовар.
Өзінің сөзінде осы кітапты басып шығарушы Игорь Манн «Манн, Иванов және Фербер» баспасы осы жобаны қолға ала отырып, бүгінде ядролық қатер туралы ұмытуға болмайтынын, ол туралы қуатты үн көтерудің керектігін қаперге алғанын атап көрсетті. Осыған орай ол Аристотельдің «Сөз соғыс шақырып қана қоймай, сондай-ақ, оны тоқтата да алады», деген сөзін мысалға келтірді.
«Кітап арнауға болатын маңызды даталар соншалықты көп те емес. Полигон жабылуының 25 жылдығы – нақ осындай дата. Және де мен үшін бұл түбегейлі жеке басымның датасы, өйткені, бала кезімде-ақ мен ядролық соғыс туралы көз алдыма елестетіп, адам шошырлық сәттерді басымнан өткеретінмін. Осы орайда мен Семей полигонының аузына құм құйылғаннан кейін планетамыздағы басқа да полигондардың үнсіз қалғанын аса жоғары бағалаймын», – деді баспагер.
Баспасөз мәслихатын аяқтай келе, Михаил Гусман кітаптың келесі бір маңызды дата қарсаңында шығып отырғанының нышандық мәні бар екенін айтып өтті:
«Біз өте құрмет тұтатын өте маңызды тағы бір дата бар. Бұл жерде әңгіме Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың туған күні туралы болып отыр. Бұл адам аса көрнекті мемлекет және саяси қайраткер ретінде Ресейде өте үлкен құрметке ие. Менің көзқарасымша, кітаптың шығуы мен туған күннің тұспа-тұс келуінде өзіндік бір нышандық мән бар».
«Дүниені өзгерткен сөз» сериясымен шыққан жаңа кітап көне дәуірдегі және бертіндегі Конфуций мен Бисмарк, Наполеон мен Черчилль, Джавахарлал Неру мен Бернард Шоу, Юлий Цезарь мен Мао Цзедун, Мартин Лютер Кинг пен Нельсон Мандела, Андрей Сахаров пен Стив Джобс секілді басқа да көптеген 45 танымал тұлғаның сөздері мен пікірлерінен жинақталған.
Сәулебек БІРЖАН