08 Шілде, 2016

«Елдестірген Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа шексіз алғыс!»

401 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Түркия мен РесейТүркия Президенті Реджеп Тайып Ердоған Ресей басшысы Владимир Путинге ресейлік ұшқыштың қаза табуына байланысты өкініш білдіріп, оның отбасынан кешірім сұрайтыны жазылған хат жолдағаннан кейін Мәскеу көп күттірмей жауап берді. Сегіз айлық үнсіздіктен соң екі елдің басшысы телефон арқылы сөйлесті. Түрік сарапшылары мен БАҚ өкілдері Түркия мен Ресейдің 2015 жылы қараша айында ресейлік әскери ұшақ төңірегінде туындаған оқиғадан кейін осы өзекті мәселені шешетін бітімгерді іздейтіндігін мәлімдеген еді. Көп күттірмей жауабы табылды. Алдымен Түркияның Премьер-министрі Бинали Йылдырым, кейін Түркия Президенті Реджеп Тайып Ердоған Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркия мен Ресей арасындағы қатынасты қалыпқа келтіруге мол үлес қосқанын мәлімдеді. Осыған байланысты Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің баспасөз қызметі Қазақстан Президентінің ықпалдасуымен Анкара мен Мәскеу арасындағы қарым-қатынастың реттелуіне арналған түркиялық басылымдар мен электрондық БАҚ материалдарын ұсынып отыр. Осылайша, Түркиядағы тиражы 140 мың дананы құрайтын «Milliyet» газеті «Бұл тұлға іске араласты: Ердоған мен Путин әңгімелесті» атты материалын жариялады. Мұнда Қазақстан Президентінің Түркия мен Ресейдің ымыраға келуіне қосқан рөлін жоғары бағалайды. Сонымен қатар, «Önce Vatan» газетінің тілшісі Кемал Саллының қаламынан туған «Сізге шексіз алғыс, құрметті Н.Назарбаев» атты мақаласы жарық көрді. Аталған мақалада Анадолу жерін мекендеген 78 миллион «қазақ жұрты» атынан Елбасы Н.Назарбаевтың ұстанған саясаты мен еларалық дәнекерлігіне ризашылық білдіріп, Қазақстанның қарқынды дамуы туралы сөз етіледі. Түркияның рейтингі жоғары «sondakika.com» және «haber7.com» ақпараттық порталдары болса, «Ол Ердоған мен Путинді татулас­тырды», «Түркия мен Ресей арасындағы сеңді бұзған», сондай-ақ, «Құттықтау және алғыс айту үшін Назарбаевқа соғылған қоңырау» атты мақалаларын жариялады. Аталған материалдарда «Түркі әлемінің Ақсақалы» ретінде танылған Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Ресей мен Түркия арасындағы дағдарыстың басынан-ақ оны өткеру жолдарын қабылдағаны туралы жазылған. Оның түрік-орыс қатынасын қалпына келтіру үшін қолынан келгенін жасағаны атап өтіледі. «2016 жылдың 6 ақ­панында Түркия Премьер-министрі А.Дәуіт­оғлыны Астанада қабылдаған Елбасы Н.Назар­баев бұл жағдайдың Қазақстанға да зардабын тигізіп жатқандығын жеткізді», – делінген. Әрі қарай Қазақстан Көшбасшысының тек сөзбен ғана айтып қоймай, іске кіріскені жайлы жазылады. «Қазақстан Президенті Т.Өзал және С.Демирел басқарған кезде де Түркия-Ресей қатынасын жақсарту үшін, сонымен қатар, Ердоған мен Путин арасында байланыс орнату үшін дағдарыс кезеңдерінде де зор үлес қосқан. Қарым-қатынас ушыққан кездері ол тараптарды сабырлылыққа шақырды. Дипломатиялық тәсілдерді қолданды», – деп атап өтеді басылым. Кейбір түрік сарапшылары Түркия мен Ресей арасындағы қарым-қатынасты реттеу Қазақстан Президентінің қолынан ғана келе­тіні жайлы болжап айтқан. «Ankara politikalar merkezi» атты сараптамалық орталығының директоры Хасан Қанболат «Cihan» агенттігінің сайтында 2016 жылдың 22 қаңтарында ағылшын тілінде жариялаған өзі­нің авторлық «Түркия мен Ресей арасындағы шиел­еніс Назарбаев басшылығымен тарқатыла алады» атты мақаласында халықаралық қаты­настар жүйесіндегі Қазақстанның орны мен рөлін атайды. Сонымен қатар, ол Қазақстан Президентінің әлемдік аренадағы беделі жауласқан тараптар арасында, әсіресе, Түркия мен Ресей арасындағы шиеленіске байланысты дәнекер болуға мүмкіндік беретіні айтылды. «Karar» газеті «Ақсақал ықпал етіп, Ресеймен қарым-қатынасты жақсартты» атты ақпараттық материалын жариялады. «Түрік-орыс қарым-қатынасын қалпына келтіруде сахнадан тыс жағдайлар белгілі болды. «Түрік әлемінің Ақсақалы» ретінде танылған Н.Назарбаев Түркия мен Ресей арасындағы қатынастың одан әрі ушығуына жол бермеді. Ол аталған хатты жазуды ұсынып, кеңес берді», – деп жазады басылым. Осылайша, Түркия бұқаралық ақпарат құралдарының беттерінде жарияланған осындай материалдарда Қазақстанның Президенті түрік-орыс қарым-қатынасын қалпына келтіру бастамасын көтергені туралы жазылған. Жалпы, Түркия-Ресей қарым-қатынасының реттелу мәселесі Түркияда қызу талқылануда. Түркия Президенті Р.Ердоған Қазақстан Президенті Н.Назарбаевқа қоңырау шалып, ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, Елбасын жақын арада ресми сапармен Анкараға шақырды. Соңғы күндері Қазақстанның Түркиядағы елшілігіне Түркияның түкпір-түкпірінен туризм және ауыл шаруашылығы салаларындағы сарапшылар мен іскер топтардың өкілдері телефон шалып, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевқа алғыс айтуда. Бұл Қазақстанның және Қазақ елі Көшбасшысының жеңісі деп бағалануда. Мәлік ОТАРБАЕВ